• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Сәуір, 2019

«Zhas Project» жобасы көптеген кәсіп көзін ашты

1041 рет
көрсетілді

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жыл­дан бері жүзеге асып келеді. Жұмыссыз жас­тардың үздік әлеуметтік жобаларын сынға салатын гранттық конкурсқа қазірге дейін 5508 жас қатысып, 1616 бірлескен жоба жеңімпаз болған. Яғни, осыншама жұмыссыз жас өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр. «Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға алты ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы беріледі.

Аталған жобаға 2017 жылы 2000 жас қатысып, 589 әлеу­мет­тік жоба іріктеуден өткен. Былтыр қа­тысу­шылар­дың саны 3508-ке жетіп, 1027 әлеуметтік жоба ақ­ша­­лай грант ұтып алған. Биыл қа­­тысу­­шылардың санын 3 мың­ға, әлеуметтік жобаның санын 1100-ге жеткізуді көздеген ұйым­­­­дас­­­­тырушылар 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында zhasproject.kz сайты арқылы өтінім қа­был­­дай­тындарын хабарлады.

«Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылы Қараған­ды, Алматы, Түркістан және Павло­дар облыстарынан басталған еді. Өткен жылы жоба Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзе­ге асы­рылды. Биыл Ақмола, Аты­рау, Маңғыстау, Батыс Қазақ­стан облыстарын және Нұр-Сұл­тан мен Алматы қалаларын қам­­ти­­тын боламыз. Мақсатымыз – жас­­тардың қоғамдағы орнын табуы­­на көмектесу, белсен­ділі­гін арттыру, оларды пайдалы қыз­­меттерге тарту арқылы жұ­мыс­­сыз жастардың санын азай­­ту. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жас­­тар қатыса алады. Басым­дық жұ­­мыс істемейтін, оқу оқы­май­­тын және жұмыс істейтін та­бы­­сы төмен адамдарға бері­ле­ді. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына бола­ды. Үш кезеңнен тұратын ірік­­теу­ден сүрінбей өткен­дер 1 мил­­лион теңгеге ие болады да, алты ай бойы өз жобала­рын жү­зе­ге асырады. Осы уа­қыт ішін­де жоғары оқу орнын бі­тір­­ген әр қатысушыға ай сайын 60 мың, басқаларына 40 мың­нан шәкіртақы төленеді. Же­ңім­паздар 1 миллион теңгеге керек­ті құрал-жабдықтар сатып ала­­ды да, өз жобасы бойынша халық­қа жарты жыл тегін қыз­мет көр­сетеді. Алты айдан кейін қатысу­шылар құрал-жаб­дық­тарды тегін өз иелігіне алып, кәсібін жал­ғас­тыра бере­ді», дейді Білім және ғылым ми­нистр­лігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Жастар корпусын дамыту жобасы басқару тобының жетек­шісі Гүлмира Ескендірова жоба аясында қаржылық қолдаудан бөлек, «Менторлық қолдау» атты жастарды оқыту бағдарламасы да бар екенін айтады. «Менторлар алты ай бойы жастарға жоба­ларын қалай жүзеге асыру, құ­жат жұ­мыс­тарын қалай жүр­гізу керек­тігін үйретеді. Яғни, қаты­сушы­лар жобаларды басқару бойын­ша тренингтерден өтеді. Кон­курс талабы бойынша өті­нім­дер жер­гілікті халыққа көме­гін тигі­зе­тін әлеуметтік жоба болуы шарт. Бізде тігін ше­бер­­ха­­насын, тіл курс­тарын, спорт залдары мен жылы­жайлар аш­қан, мал шаруа­шы­лығымен ай­на­лыс­қан жас­тар әлі күнге кәсі­бін табы­сты жал­ғастырып отыр. Қатысу­шы­лар­дың арасында мер­тігіп, ұзақ жыл төсек тартып жатқан Нұр­болат Қарабасов есім­ді азамат­тың мүмкіндігі шек­теулі жан­дар­ға арналған жобасы болды. Ақ­төбе­лік бір азамат (атын айта ал­май­мын) істі бол­ғаны үшін еш жерге жұмысқа орналаса алмаған. Былтыр жобаға қатыс­қан ол бүгінде аяқ киім өнді­ретін цех ашып, басқаларды да жұмыс­пен қамтып отыр», дейді Г.Ескендірова

9 жыл төсекке таңылған Нұр­болат Қарабасов мүмкіндігі шек­теулі Алмас Мұхажанов, Айнұр Әміралинова есімді дос­тарымен бірге «Zhas Project»-ке 2017 жылы қатысады. Бүгінде жұ­ба­йы­­­мен бірге кәсібін жүргі­зіп отыр­­ған ол айлық табысын 300 мың теңгеге дейін жеткізген. «Жо­­­­баға өзімнің көптен қолым жет­­­­пей жүрген, шетелде қол­да­ныс­та бар қоларбаға арнал­ған электр­­лі жетекті ұсындым. Ұтып а­л­ған грантқа Қытайдан 4 құ­рыл­­ғы алдық. Жай қоларбамен күні­не 5-6 шақырым жүрсек, электр­­­­­лі жетек орнатқан соң саға­­т­­­ы­на 22 шақырым жылдам­дық­­­­пен, ешкімнің көмегінсіз 30-35 ша­қ­ырым жолды өтуге бо­ла­­­ды. Алты айға созылған жоба кезінде құрылғы 33 адам­ға жал­ға беріліп, 2000 шақы­рым­­­ға жуық жол жүрілді. Қазір  элект­р­лі жетектердің саны 40-қа жет­ті. Талдықорған қала­сы мен Сарыағаш ауданын­да орта­лы­ғы­мыз жұмыс істейді. Сұра­­ныс әр өңірден бар. Құрыл­ғы қым­бат болғандықтан сатып алу­ға әр­кім­нің қалтасы көтер­мей­ді. Сон­дық­т­ан айына 12 мың тең­геге жалға береміз. Қазақ­стан­да 700 мыңға жуық мүм­кінд­ігі шектеулі жан болса, 30-40 мы­ңы қоларбада отырады екен. Қала­­лар­да енді жақсарып келе жат­қ­аны­мен аймақтарда қо­лар­­ба­да отырған адамдарға әлі мү­сір­кеп қарайды. Менің мақ­са­тым – біз де қоғамның бір мү­шесі екенімізді дәлелдеу бол­ды. «Zhas Project» арқылы қар­жы­лай қол­дау көріп қана қой­май, кәсіп­­кер­­лікті жүргізудің қыр-сы­рын біл­дім», дейді жас кәсіп­кер Нұр­болат Қарабасов. 

«Жетісу 360» жобасымен Елбасы көзіне түскен Ме­йір­хат Толқынов та Zhas Project жеңім­пазы. Жобаға қатыс­қан­ға дейін шағын фото-видео студиясы бар ол бүгінде Алматы  облыстық Ішкі саясат басқармасының Тех­н­ик­алық бөлімінде жұмыс істей­ді. «Менің жобам 360 градус­тық цифрлы түсіру, яғни «3D тур» деп аталады. Жаңа бастаманы қолға алуда қаржылық жағы­нан кедергілер болған. Грант­ты ұтқан соң қажетті техника­ларды алдым.  Оны әлі қол­данып жүрмін. Жобаларыма қызық­қан облыстық ішкі саясат бас­қармасы тұрақты жұмысқа алды. Қазірге дейін 19 музейді, екі табиғи қорықты түсірдім, zhetysu360.kz сайтын аштым», дейді М.Толқынов.