• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2019

Виртуалды сот: жаңа жобаның тиімді тұсы көп

1167 рет
көрсетілді

Алыс ауылда тұратындар енді бұрынғыдай сот ісіне қатысуға облыс орталығына келіп жүрмейді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Кез келген адам үйінен немесе тіпті шетелден сот отырысына қатыса алады. ІТ-технологияның бұл жаңашылдығы өткен жылдың маусым айынан бері Атырауда да жүзеге асып келеді.

«Виртуалды сот» деп аталатын қанатқақты жоба арқылы істерді онлайн тәртіпте қарауға болады. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтың айтуынша, қатысушыларға сот отырысы болатын уақыт көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған адам мобильді бейнеконференцияға қосылады. Ол үшін ұялы телефонына «TrueConf» бағдарламасын орнатуы керек.

Жоба іске қосылған уақыттан бері мұнайлы аймақта 982 іс виртуалды тәртіпте қаралған. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Көміршинов екі мекеме арасындағы берешекті өндіру туралы азаматтық істі жауапкердің жеке шағымы негізінде онлайн байланыс арқылы өткен сот отырысында қарағанын айтады. Заң талаптарына сәйкес судья қаулы шығарды. «Жаңа технологияның арқасында сот төрелігінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Жоба цифрлық сауаттылықты арттыруға, уақыт пен қаржыны үнемдеуге, сот өндірісінде инновациялық технологияларды қолдануды дамытуға және ең бастысы азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді», дейді Манат Көміршинов.

Сот жүйесінде инновациялық технологияларды және сот жүйесін цифрландыруды қолдануды насихаттау аясында аймақта жыл басынан бері  43 азаматтық, 9 әкімшілік, 59 қылмыстық іс онлайн тәртіпте қаралды. IT- технологияның жаңа мүмкіндіктерін пайдалану арқылы судьяларды қағазбастылықтан арылту да көзделген. Қазір өңірдегі 47 сот кеңсесі жаңа жүйе негізінде жұмыс істеп тұр.

Атырау