• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2019

Қостанайда азаматтық қоғам өкілдері кезектен тыс президент сайлауын қолдайтындарын білдірді

820 рет
көрсетілді

Қостанайдағы үкіметтік емес ұйымдардың облыстық ресурсы орталығында азаматтық қоғам өкілдерінің еліміздегі кезектен тыс президент сайлауын қолдау жөніндегі басқосуы өтті. Онда облыстағы «Азаматтық альянс «ГрИн» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаева елдегі саяси өзгерістердің маңызы зор екендігін айтты.

«Мемлекеттің бүгінгі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үстіміздегі жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімі, яғни президент сайлауының өтуі елеміздегі демократия мен тыныш, берекелі өмірдің кепілі болады. Президентті халық сайлайды, халық таңдайды. Сондықтан сайлауға барлық тұрғындар бір кісідей қатысуы тиіс» деді Динара Өтебаева.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстанда азаматтық қоғам белсенділігі арта түсті. Үкіметтік емес сектор жетекшілері түрлі қоғамдық кеңестерге, мәжілістерге шақырыла бастады. Үкіметтік емес ұйымдар осылай тұрғындар ойландыратын әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына өз үлесін қосатын деңгейге жетті. Олар өздері де әлеуметтік жобаларды жүзеге асыра бастады.

Қазір олар өздерін мемлекет пен халықтың арасындағы көпір сезінеді. Осы басқосуда да елімізде өтетін бұл сайлау жөнінде өз пікірлерін айтты.

«Біздің азаматтық қоғам белсенділері қоғамды біріктіру, игі іске жұмылдыру басты мақсатымыз екенін түсінеміз. Сол үшін 9 маусымда елімізде өтетін кезектен тыс сайлауға тұрғындардың барлығы келіп өз дауысын беріп, таңдауын жасауы тиіс. Ондай белсенділік біздің еліміздің, балаларымыздың болашағы үшін керек екенін түсінуі тиіс. Айтпақшы, қазір сайлауда демократия болмайды, бәрі алдын ала дайындалған деген сияқты ұшқары әңгімелер айтатындар бар. Олар қателеседі, сондай адамдар алдымен келіп, дауысын берсін, белсенділік көрсетсін, сонда әлгіндей кержақ пікірлерден де қоғам ада болады» дейді «Денсаулыққа жол» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Томиловская.