• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Сәуір, 2019

Жазира Жапарқұл мен Илья Ильин Қытайдағы Азия чемпионатына қатысатын болды

1076 рет
көрсетілді

20-28 сәуір аралығына Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан лицензиялық Азия чемпионаты өтеді. Құрлық біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасына ұпай беретін маңызды алты турнирдің қатарына кіреді. Қытайдағы сары құрлық додасында кімдерге сенім артамыз? Команданың қазіргі дайындығы қалай? Olympic.kz сауалына ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников жауап берді.

 - Азия чемпионатының басталуына санаулы күн қалды. Зілтеміршілердің дайындық кезеңі қалай өтуде?

 - Команда мүшелері Азия чемпионатына дайындық барысында Ресейдің Сочи қаласында бір бойы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Арасында Ресейдің бас командасымен бірлесіп дайындалдық. Бұл жаттығу кезеңінің бізге берген пайдасы көп. Енді елге оралып, Шымкенттегі «БИІК» спорттық базасында жаттығудамыз. Ауыр атлетикада көп нәрсе өзгеріске ұшырады. Әсіресе, Олимпиада ойындарына іріктеу сайыстарының саны көбейіп, олимпиадалық салмақ дәрежелері жасақталды. Токио ойындарына ұпай беретін жарыстар қатарында 2020 жылы Нұр-Сұлтанда өтетін Азия чемпионаты мен қыркүйек айында Тайландта өтетін әлем біріншілігі де бар. Дәл қазір біздің алдымызда мейілінше көбірек ұпай жинау міндеті тұр. 

 - Қытай төрінде сынға түсетін спортшылар құрамы толық анықталды ма?

 - Иә, команданы түгелдей жасақтадық. Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар арасында Олимпиада чемпионы Рахим Нижатов, Олимпиада жүлдегері Денис Уланов пен Жазира Жапарқұл бар. Сондай-ақ, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло да қатарға қосылды.

Егер толықтырып айтар болсам, ерлер арасында төмендегі спортшыларға сенім артамыз: 

Арлей Чонтей (55 келі), Фархад Харки (67 келі), Денис Уланов, Нұржан Сәменов (81 келі), Нижат Рахимов (89 келі), Илья Ильин, Рустам Сыбай (96 келі), Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов, Селімхан Абубакиров (109 келі). 

Қыздар арасында сынға түсетін спортшылар: 

Зүлфия Чиншанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі), Екатерина Столяренко, Екатерина Быкова (71 келі), Жазира Жапарқұл (76 келі), Раушан Мешітханова (81 келі), Лариса Кобелева (87 келі), Айзада Мүфтілда (+87 келі).

 - Илья Ильиннің салмақ ауыстырғанын байқап отырмыз. Одан бөлек, Жазира Жапарқұл да қатарға қосылыпты...

 - Иә, Ильин 96 келіге қайта оралды. Өйткені, басқа таңдау жоқ. Олимпиадалық салмақ дәрежесіне 96 және 109 келі енеді. Ильин 96 келіде бақ сынауды жөн көрді. Ал Жазира Жапарқұл Рио Олимпиадасынан кейін ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. Жақында ғана құрамаға оралып, Сочидегі жаттығу жиынына қатысты. Әзірге, Жазираға қатысты ештеңе айта алмаймын. Оның құрлық додасында жүлдеге таласпайтыны анық. Бірақ осы турнирден қалып қойса, келесі Олимпиадаға жолдама алу туралы ұмытуға болады. Сол себепті, оған Азия чемпионатына міндетті түрде қатысып, ұпай жинау керек. Бұл Ильинге де қатысты. Егер Токио ойындарына қатысатын болса, Азия чемпионатында міндетті түрде сынға түсуі тиіс. 

 - Демек, спортшылардың алдында медальдан гөрі, ұпай алу міндеті тұр. Солай ма?

 - Әзірге солай айтқым келеді. Команда тұрақты нәтиже көрсетіп, қандай да бір жарақаттың кесірі тимесе дейміз. Оның үстіне, құрлық сынына қатысатын бірнеше спортшымыздың аздаған жарақаты бар. Алдымыздағы басты мақсат – рейтингілік ұпай жинау. Бәрі де спортшының өз қолында. Қазір Олимпиадаға іріктеу жүйесі өзгерді. Бұрын екі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензия берілетін. Енді төртжылдық ойындарына жолдама алу үшін алты бірдей турнирде ұпай жинау қажет. Сондай-ақ, енді Олимпиада ойындарына лицензияны кім ұтып алса, сол ғана қатысады. Бапкерлердің орнына басқа спортшыны жіберуге құқығы жоқ.