• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2019

Мырзатай Жолдасбеков: Бұл сайлаудың жөні бөлек

927 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстанды іргелі мем­лекет етудегі рөлін бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Біз сол ең қиын кезде, абыр-сабыр заманда, тәуел­сіз­діктің алдындағы елең-алаңда, еге­мендіктің қым-қиғаш алғаш­қы жылдарында Елбасы­ның жанында болған адамдар­дың біріміз.
Бәрін көзімізбен көрдік, бізде аты бар, заты жоқ қирандыға айналған ҚазКСР дейтін респуб­ликаны ол кезде ешкім бі­лмеді, ешкім танымады. Не жұрт­тың алатын айлығы жоқ, жалақысы қат, жалаң аяқ, жалаң бас қалған кезеңде осы елді мемлекет етемін, деп тәуекелге бел буған адам ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Құдайға шүкір, Қазақстанды іргелі ел етіп, мемлекет қатары­на қос­ты. Экономикасын қалып­тас­ты­рып, ұлтымыздың жақсы атын әлемге мәшһүр ете білді. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың есіктегі басын төрге оздырды.  Сөйтіп тәуелсіз мемлекет орнатқан күннен бастап, Нұр­сұлтан Әбішұлы елдің туы­ның тұғырлы болуына, ынты­мағының ыдырамауына ықпал етуге бар күшін салды. Егемен елде бірлік пен ынтымақ болмаса, біз бүгінгідей мемлекет құра алмайтын едік. Бұл үл­кен сарабдал саясатты қажет етеді. Тәубе, қазір Қазақстан ір­гелі мемлекет болды, әлем сана­сатын жағдайға жеттік. Әр елден елордамызға келіп ақыл-кеңес сұрайтын, дәрежеге көтеріл­дік. Осындай бір жақсы кең жолға түскенімізді сеземіз. Қазақ­станның бұл дамуындағы Елба­сының рөлі орасан зор.  Осы ретте ерекше айта кететін тағы бір таңғаларлық нәрсе ол – Елбасының ат ауыстырғаны болды. Билік алмасты, өз еркімен Конституциямызға сәйкес би­лік­ті Сенат Төрағасына берді. Және ол дана шешім өте дұрыс бағыт алды.  Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты көптен білеміз. Елбасының біраз уақыттан бері жанында келе жатқан, ішкі, сыртқы сая­сат­ты орнықтыруға үлкен еңбек еткен, кейінгі уақытта Сенат­тың Төрағасы ретінде де Қазақ­станның маңызды қадамдарына ыңғайлы ықпал етіп, еңбегі сіңіп келе жатқан азамат. Бұл қазақтың көшелі, өресі биік парасат пайымы терең тұлға­сы. Бірнеше шет тілді білуі­мен қатар, адамгершілігі, кісілігі жо­ғары жан. Мен ол кісі­нің бар­­лық шешімін жан-тәнім­мен қол­даймын. Тектінің ұрпағы, әкесі жақсы жазушы, үлкен азамат болды. Ал, енді бүгінде сол тектіден қал­ған тұяқ өресі биік өнегелі жан екенін көрсетіп отыр.  Президентті халық сайламайынша, оның өкілеттігі де толық жүре қояды деп ойламаймын. Сондықтан, енді не де болса тәуекелге бел буып, уақы­ты келген тұста Президент Қ.Тоқаев сайлауды мерзімінен бұрын тағайындады. Және бүкіл әлемге аталған сайлаудың ашық, заңға сәйкес дұрыс өтетініне кепілдік беретінін жеткізді.  Бұл сайлау біздің ішкі эконо­микамызға да, сыртқы саясаты­мызға да ықпал етеді. Сайлау нәтижесінде лайықты азамат ел тізгінін алады деп сенемін.  Құдай қаласа, елі­міз­дің Президентін сайлап алсақ, бұдан да биік белестерді бағын­дыратынымыз сөзсіз.  Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері