• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2019

Үкіметтік емес ұйымдар сайлауды қолдайды

1017 рет
көрсетілді

Қазақстан үлкен саяси науқанның қарсаңында тұр. Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы 10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітті. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде ҮЕҰ өкілдері де өз пікірін білдіруде.

Осындай жиынның бірі Батыс Қазақстан облысының Азаматтық орталығында өтті. Басқосуға қатысушылар Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс Президент сайлауы туралы пікір білдіріп, азаматтық орталықтың 2019 жылғы жұмыс жоспарын талқыға салды.

- Сайлау қарсаңында ел болашағына алаңдайтын әрбір адам ерекше жауапкершілікті жан-тәнімен түсінеді. Осындай сындарлы сәтті үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің белсенділігі өте қажет. Өйткені мемлекет басшысын таңдау, Республика Президентін сайлау – біздің баршамыздың тағдырымызға тікелей қатысы маңызды оқиға. Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы үнемі алға жылжып, бүгінгі дәрежесіне жетті. Өзіндік даму жолын тауып, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алды. Отанымыз одан әрі көркеюі үшін, даму жолынан жаңылмауы үшін 9 маусым күні әр азамат өзінің таңдау құқығын, сайлау құқығын жүзеге асыруы тиіс, - деді «БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Санкаева.  

«Қызыл ай» қоғамы БҚО филиалының жетекшісі Светлана Тенишева, «Диабет» қоғамдық қозғалысының төрағасы Тамара Истомина және басқалары сөз алып, Қазақстанның болашақ Президенті ел алдында абыройы биік, өзінің бағдарламасымен қазақстандықтардың көңілінен шыққан адам болатынына сенім білдірді.

- Біз, Батыс Қазақстан облысының азаматтық қоғам өкілдері, елімізде өткізілетін кезектен тыс Президент сайлауын қолдаймыз. Халқымыз соңынан жұртты ерте алатын, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанды лайықты таныстыра алатын тұлғаны өркениетті жолмен таңдауы тиіс. Заңды сайлау – ел болашағының тұрақтылығының кепілі. Сондықтан Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бұл науқанды заң аясында өткізуге барынша атсалысады, - дейді  «Ғылыми зерттеулерді қолдау» қорының директоры Айболат Құрымбаев.

Батыс Қазақстан