• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2019

Атаулы әлеуметтік көмектің жәрдемі айқын сезіле бастады

1170 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған, Елбасының «Әлеуметтік қамсыздандыру» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша үкіметтік жұмыс тобы әуелі Түркістан облысында болды.
Жұмыс тобы алдымен Қ.А.Ясауи атындағы Ха­лық­ара­лық Қазақ-Түрік универ­си­те­ті­нің Мә­дениет сарайында жұрт­шы­лық­пен кездесті. Көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылар, еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, білім және денсаулық сақтау саласының қыз­меткерлерімен болған басқосуда негізінен әлеуметтік мәселелер сөз болды. 

«Бүгінде мемлекеттік сая­сат­тың негізгі басымдығы халықтың ла­йықты тұрмыс деңгейін қамта­масыз ету. Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға барлық шығындардың 45% бағытталды. Түрлі бағдарламалар аясында ау­қымды әлеуметтік инвестициялар іске асырылуда. Ең бастысы, әлеуметтік саясат теңдестірілген және әлеуметтік асырауда болуға итермелемеуі керек», деді Г.Әбдіқалықова кездесуде. 

Түркістан облысында 86 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Бұл республикалық көр­сеткіштің 25,4 пайызын құрайды. Олардың 19 мыңы аз қамтылған көп балалы отбасылардың қа­тар­ында. 4832 отбасы баспана ке­зегінде тұр. Бұл орайда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев биыл көп балалы 2957 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Ол үшін республикалық бюд­жеттен 3,5 млрд теңге, ал об­лыстық қазынадан 7,3 млрд теңге қаралып отыр. «Облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасына әлеуметтік карта жасалды. Үй­лер­ді аралау жұмыстарының нәти­жесінде 67,7 мың көп балалы отбасы әлеуметтік картаға енгі­зілді», деді облыс әкімі. 

Халықпен кездесу аяқ­тал­ғаннан кейін Г.Әбдіқалықова аз қамтылған азаматтарға әлеу­меттік қолдау көрсету, мемлекеттік шараларды түсіндіру бойынша жеке қабылдау өткізді. Күлтөбе қалашығындағы ғылыми-рес­тав­ра­циялық жұмыстармен та­ныс­ты. Мемлекеттік органдар­дың, ведомствоға бағыныс­ты мекемелердің және ЮНЕСКО-ның халықаралық сарап­шы­ларының өкілдерімен кездесуде Қазақстанның тарихи мұрасы – Қ.А.Ясауи кесенесін сақтау мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметін тексеріп, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету процесімен танысты. Бүгінгі таңда облыста АӘК алушылар саны 207 мыңнан 283 мың адамға дейін артқан, осы мақсаттарға қаржы қажеттілігі 14 млрд-тан 45 млрд теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ жұмыс тобы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ базасында аудандар, қалалар әкімдерімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың бас­шыларымен, бизнес-құры­лымдар, кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кеңес өткізді. Г.Әбдіқалықова өнеркәсіптік кә­сіп­орындардың, бизнес-құры­лымдардың басшыларын өздерінің табысы төмен қызмет­керлерін қолдауға, тұрғын үй сатып алуға көмектесуге, оларды жөндеуге қаражат бөлуге, баспана несиелері бойынша бастапқы жарналарды төлеп беруге шақырды. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүрген кәсіпкерлер де баршылық. Бүгінде өңір кәсіпкерлері 11 көп балалы отбасын тұрғын үймен қам­тамасыз еткен. Мысалы, Қазығұрт ауданының кәсіпкері С.Ер­таев көп балалы Ержановтар отбасына үй сатып алып берді және Түркияда науқас баланың отбасына операция жасауға 4 млн теңге бөлді.

Денсаулық сақтау, білім беру саласының қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізіп, азаматтарды қабылдаған жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ әлеуметтік нысандармен, Түр­кістанда қызу қарқын алған құ­рылыс жұмыстарымен танысты.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Жамбыл облысында жалғасты. Вице-премьер әуелі ай­мақ­тағы әлеуметтік аз қамтылған от­ба­сы­лардың ша­ңы­рағына ат басын бұрды.

Атап айтар болсақ, тараздық көп балалы ана Ұлдана Қозиева жұ­байы екеуі 6 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары 2003 жылы ту­ған, Жамбыл политехникалық кол­леджінің 1-курс студенті. Ал үш баласы мектеп оқушылары де­сек, екеуі балабақша тәр­бие­ле­нушілері. «Алтын алқа» ие­гері Ұлдана Берікқызы бала тәр­бие­сімен үйде болса, жұбайы – кү­зетші. Жалақысы – 43 мың теңге. 

Бұл отбасының балалары мек­тепте ыстық тамақпен және қыс­қы киіммен қамтылған. Бұған дейін отбасының айлық жиынтық табысы 75 919 теңгені құраса, 

1 сәуірден бастап ол 231 481 тең­ге­ні құрамақ. Оған мем­лекет­тік атаулы әлеуметтік көмек жүйе­сін­дегі оң өзгерістер себеп болып отыр. 

Сондай-ақ Гүлшара Нау­ша­қызы тараздық көп балалы ана Айнұр Науатованың және көмек­ке мұқтаж Зухра Кари­мо­ва­ның шаңырақтарында болып, жағ­дайларымен таныс­ты. Г.Әбдіқа­лы­қова мұқтаж жан­дарға қандай кө­мек қажет екенін біліп, тілек-ниет­тері назарға алынатынын жеткізді.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29 650 отбасы алуда. Жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29 650 отбасының әлеуметтік картасы түзіліп, онда барлығы 150 400 адам қамтылған. 

Премьер-Министр орын­басарының аймақтағы сапары халыққа қызмет көрсету ор­та­лы­ғында жалғасты. Орталық жұ­мы­сымен жан-жақты та­ныс­қан Гүл­шара Наушақызы әлеу­меттік әлсіз топ өкілдерін жұ­мыспен қамту деңгейін назарда ұстауды тапсырды.

Халыққа қызмет көрсету ор­талығы 2006 жылғы 11 қара­ша­­да пайдалануға берілген. Жал­­пы аумағы 805,9 шаршы метр­ді құрайды. Барлық қажет­ті тех­ни­калық құрал-жабдық­пен қам­тамасыз етілген орта­лық 2018 жылы 91 100 адамға қызмет көр­сеткен. Ал үстіміздегі жылдың І тоқ­санында 20 700 адам орталық ар­қылы мемлекеттік көрсетілетін қыз­метке жүгінген. Орталықта 89 қыз­меткер жұмыс істесе, барлығы 621 қызмет түрі көрсетіледі.

Келесі кезекте Вице-пре­мьер Та­раз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына барды. Орталық ғи­маратының жал­пы аумағы 1 246,7 шаршы метрді құрайды. Мұн­да өт­кен жылы 

12 375 адамға қыз­мет көрсетілген. Нысан бар­лық қажетті техникамен жабдық­тал­ған. Мекемеде  52 адам қыз­мет етеді.

Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықованың аймаққа жұмыс сапары ертең жалғасады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, Хамит ЕСАМАН,