– Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Конституциямызға сай ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергені баршамызға белгілі. Қазақ халқы әр уақытта да табандылығымен, байыптылығымен, шешім қабылдаудағы көрегенділігімен бұл тарихи оқиғаны дұрыс қабылдай білген болатын. Мемлекет басшысы еліміздің ішкі-сыртқы саяси тұрақтылығын сақтау мақсатында мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме еліміздегі барлық саяси билік тармақтарының уағдаластығымен, келісуімен жасалды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген бар. Президент халықтың қолдауын алуға тиіс, халық сайлаған Президент халық атынан сөйлей алады. Сондықтан бұл шешімді Қазақстан азаматы ретінде, елімнің патриоты ретінде мен саналы түрде қабылдадым және қош көрдім. Президент айтқандай, алдағы сайлау әділ, ашық, айқын өтетініне сенемін және атсалысамын. Бұл сайлаудың қорытындысы бізді саяси деңгейде де, ұйымдастырушылық деңгейде де жаңа бір кезеңге көтереді және Қазақстанның саяси сахнасына жаңа күштердің келуіне жол ашады деп ойлаймын. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, барлық жағының дамуында жаңа бір кезеңі басталады деп үміттенемін», дейді «Азамат дауысы» жеке меншік мекемесінің директоры Ғалия Жалғасбай.
Ал «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастама» бірлестігінің төрайымы Райхан Дәрібаева кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Үндеуді қолдайтындығын айтып, «өйткені бұл сайлау еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың кепілі болады деп білемін. Ел тізгінін қолға алатын тұлғаны дауыс беру арқылы халықтың сайлағаны дұрыс. Кезектен тыс өтетін бұл сайлау еліміздің өсіп-өркендеуіне жаңа серпін әкеледі деген үміт бар», деді.
– Тікелей эфир арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтетінін мәлімдеді. Бұл бастаманы толық құптаймын. Президентті сайлап алсақ, алдағы уақытта саяси тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз етуге болады. Жалпы, 2019 жыл барша қазақстандықтар үшін саяси өзгерістерге толы жыл болғалы тұр. Кезектен тыс сайлау біз үшін күтпеген оқиға болғанымен, берері көп деп ойлаймын. Бүгінде елімізде саяси тұрақтылық бар, ұлтаралық татулықтың үлгісін басқа елдер бізден алсын деймін. Сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» бағдарламалары арқылы елде көптеген оңды өзгеріс орын алды. Бүгінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту арқылы еліміздің одан әрі дамуына жол ашылды. Алдағы сайлауда халық сайлайтын Қазақстанның кезекті Президенті үшін ел басқару қиынға соқпайды деп ойлаймын. Өйткені Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды дамытудың дара жолын көрсетіп кетті, деп қорытты басқосуды «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Кирилл Осин.
Үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері кезектен тыс президенттік сайлауға атсалысып, мемлекетіміздің білікті басшысын таңдауға өз үлестерін қосатындығын жеткізді.
Маңғыстау облысы