Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, биылғы егіс алқабының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға немесе 4,9%-ға артық екен. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабы 18,2%-ға, картоп 2,4%-ға және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптары 7,5%-ға ұлғаяды.
Жоба бойынша өңірдегі дәнді дақылдардың алқабы 265,0 мың гектарды құрауы тиіс. Оның ішінде 76,6 мың гектар алқап күздік дақылды құрайды. Егілетін дәнді дақылдың басым бөлігін құрайтыны – бидай мен арпа, бұлар барлық дақыл түрінің 90 пайызы. Одан бөлек 4,4 мың гектары да бар. Майлы дақылдар алқабы да 2018 жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға көбейіп, 64,8 мың гектар болмақ. Оның басым бөлігі күнбағыс 51,0 мың гектарға егіледі. Бұдан бөлек 10 мың гектар алқапқа картоп және көкөніс-бақша дақылдарын егу жоспарланған.
«Қазгидромет» қызметінің мамандары биыл облыста топырақтың жоғарғы қабатының ылғалы мол деп отыр. Оның үстіне егістік иелері де қарап жатпай, қыс бойы 35 мың гектар жерде қар тоқтату жұмыстарын жүргізген. Осының бәрі биылғы егін шығымы жақсы болады деген үмітті оятып отыр.Өңірде көктемгі егісті жүргізуге қажетті тұқым қоры жеткілікті. Мысалы, дәнді дақылдар үшін тұқым қоры – 105%, майлы дақылдар үшін – 102%, картоп тұқымы 100% дайын. Бұл тұқымдық қордың сапасын «Қазагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС зертханалары тексеріп, «егуге жарамды» деген шешім шығарған.
Биылғы көктемгі далалық жұмыстарға Батыс Қазақстан облысында 4215 трактор, 4081 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 жоғары өнімді егіс кешендері қатысады. Бүгінде тракторлардың 97%, дәнсепкіштердің 96%, қопсытқыштардың 97% жұмысқа дайын.
Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге – 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Бұл көлем бөлінді, жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды.
– Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы арқылы 291,5 млн теңге қарастырылған, бұл 7%-дық мөлшерлемемен беріледі. Қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы ауылшаруашылық тауар өндіруші 15 ұйымға берілді. Бұдан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 16%-дық мөлшерлемесі бар 559 млн теңге қарастырылған, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Амангелді Иманов өңірде техника лизингісіне 2900 млн теңге қаралғанын, қазіргі уақытта шаруашылықтар 1050 млн теңгеге 80 бірлік техника сатып алғанын айтып отыр. Батыс Қазақстан облысы