The Event Horizon Telescope жобасының мамандары бес құрлыққа орналастырылған 8 радиотелескопты екі жыл бұрын тұтас бір құрылғы тәрізді жұмыс істетіп, 2017 жылдың сәуір айында Құс жолы галактикасындағы Мерген А және Messier 87 галактикасындағы Қара құрдымды бақылаған. Нәтижесінде адамзат тарихында алғаш рет Қара құрдымның фотосы түсірілді. Әрине, жұртшылыққа таныстырылған фото біздің ұғымымыздағы сурет емес. Бұл радиотелескоптар арқылы жиналған деректер негізінде жасалған дүние. Өйткені, Жерден 500 квинтиллион шақырым немесе 53 млн жарық жылындай алыста орналасқан Қара құрдымның стандартты фотосын түсіру мүмкін емес. Сондықтан, The Event Horizon Telescope командасы бірнеше телескопты пайдалануға бекінген. Жобаның авторы Шеп Доулман Қара құрдымды бақылауға қажет телескоптың көлемі тым үлкен болуы тиіс екенін ескеріп, бес құрлықтағы 8 телескопты атом сағаттары арқылы бір мезгілде жұмыс істету бастамасын ортаға тастады. Осылайша Messier 87 галактикасындағы Қара құрдымды көру үшін диаметрі 12 мың шақырымды құрайтын виртуалды телескоп пайда болды. Яғни, 8 телескоп бір ғана нысан тәрізді жұмыс істеген. Бұл телескоптардың әрқайсысы 500 террабайт ақпарат жинағандықтан, оны интернет арқылы обсерваторияларға жіберу мүмкін болмады. Сондықтан, деректер 1024 хард-дискге көшіріліп, АҚШ-тағы Хайстак обсерваториясы мен Германиядағы Макс Планк институтына жіберілді.
Сәуірдің 10-ы күні жарияланған жаңалықтың адамзат баласы үшін ең құнды тұсы – Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясын дәлелдеуге ықпал етуінде. Әрі тартылыс күші теориясын жетілдіруге де жол ашады. Өйткені, Қара құрдымдардағы тартылыс күші орасан зор болады.
Messier 87 галактикасындағы Қара құрдымның массасы Күннен кем дегенде 6,5 млрд есе ауыр, біз Қара құрдымның жиегі ретінде баға беріп отырған шеңбердің диаметрі 100 млрд шақырымды құрайды. Сонымен қатар бұл фото астрономия оқулықтарындағы бұрынғы суреттерді алмастыратыны айтылуда. Өйткені бүгінге дейін Қара құрдым ретінде көрсетіліп келген фотолардың көбі иллюстрациялар еді. Ал Қара құрдым дегеннің өзі ғарышта «отыны таусылған» жұлдыздардың жойқын тартылыс күшінің әсерінен материяны да, жарықты да «жұтып қоятын» аса ауыр дене. Кез келген жұлдыз Қара құрдымға айнала алмайды. Массасы Күннен үш есе ауыр болатын жұлдыз ғана Қара құрдымға айналуы мүмкін.