– Барзу Хабибуллаұлы, «Ләйлі-Мәжнүн» әдеби шығарма ретінде классика болғанымен, драматургия заңдылықтары бойынша дастанға есе жіберіп алатындығы белгілі...
– Ойыңызды түсіндім. Парсы елінің классигі Гәнжауи Низами поэмасын сахна тілінде сөйлету көптен бері ойымда жүрген еді. Себебі «Ләйлі-Мәжнүн» – парсы ғана емес, жалпы әлем әдебиетіндегі ұлы шығарма. Ал ондай киесі бар дүниелерге жақындай түсудің өзі құдды бір ғибадат іспеттес, адам жанын тазарта түседі. «Ләйлі – Мәжнүн» арқылы мен махаббаттың тылсым сырын ұғынғым келді. Мұндай тақырыпқа жүгіну өте маңызды, себебі адамдардың көпшілігі махаббатты түсіне бермейді. Әрине, бір қарағанда барлығы айқын секілді. Бірақ оның ауқымы біз ойлағаннан әлдеқайда кең. Біз бауырмашылық, ынтызарлық жайлы білеміз. Бірақ махаббаттың белгілі бір дәрежеде «заңсыздық» екендігін ұғына бермейміз. Махаббат заңдар мен ережелерден биік тұрады. Онда қатып қалған моральдық қағида жоқ. Махаббат – дерт, махаббат – кие. Шынайы сезім жолында тіпті бар дүниені тәрк етіп, ақыл-естен айырылып қалуға да болады. Оның айқын дәлелі – Ләйлі мен Мәжнүн.
– Әйтсе де, әлемдік драматургияда драмалық қайшылық, ішкі қақтығыс тұрғысынан «Ләйлі – Мәжнүнді» он орайтын шығармалар баршылық қой. Таңдауыңыз неге дәл осы туындыға түсті?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, нағыз махаббат шын мәнінде құрбандықты талап етеді. Махаббат – ерлік. Осы тұрғыдан алғанда, мен үшін Мәжнүн – нағыз қаһарман. Мәжнүннің ішкі қуат, құмарлығының қасында тіпті Шекспирдің Ромеосының өзі әлсіздеу көрінеді. Себебі оған Мәжнүнге келгендей жоғарыдан аян берілмеді. Ал біздің кейіпкердің көкірек көзі ашылған жан. Мәжнүн – Құдайдың назары түскен пенде. Бұл – махаббаттың ең асқақ шыңы. Қойылымда біз ғашықтықтан есін жоғалтқан жанның нендей күйге түсетінін бақылағымыз келді. Араб тілінен аударғанда «Мәжнүн» дегеніміздің өзі «есалаң, жынды» деген мағынаны білдіреді екен. Ал бұл «есалаңдық» жынның әрекеті ме, әлде Құдайдың бұйрығы ма, әлде екеуі бірге ме, бәлки мүлде бөлек нәрсе ме – осыған жауап тапқымыз келді. Біздің қойылым осы күрделі сұрақ жайлы сыр шертеді. Спектакль дайын жауаптар бермесе де, адамның өзіндік «Мен» тұлғалық қасиетінен тыс шыққан сәтін көрсетуге ұмтылады. Меніңше, қайшылық деген осы болса керек.
– Демек, сіздің ұғымыңызда нағыз махаббат дегеніміздің өзі тек таңдаулыларға ғана жоғарыдан берілетін ерекше қасиет болды ғой?
– Иә, біздің қазір айтып отырған махаббатымыз – ол Құдайға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Ондай махаббат Құдайдың назары түскен пендесіне ғана дариды. Ол – Бижан мен Маниже арасындағы түпсіз терең ілтипат (Фирдоуси, «Шахнама») немесе Вис пен Рамин (Фахраддин Гурганидің дастаны), Ромео мен Джульетта (У.Шекспир), Ләйлі мен Мәжнүн басынан кешкен ұлы сезім және тағы басқалар. Себебі олар сезім жолында өздерін құрбандыққа шала білген сирек жандар. Сондықтан есімдері аңызға айналды. Біз, мәселен, махаббатқа бола ата-анамыздан, діннен, сенімнен бас тарта алмаймыз. Өйткені сезімді санаға жеңдіріп, үнемі белгілі бір шекараны сақтап, межелі қалыпта өмір сүреміз. Ал жоғарыда атап өткен қаһармандар барлығынан да бас тартты, олар үшін «шек» деген ұғым жоқ. «Ләйлі – Мәжнүн» арқылы біз өзіміздің осы орайдағы түйіп-білген сезімдерімізді қолымыздан келгенше көрсеткіміз келді. Сондықтан да театрға келген көрермен қойылымды көріп Махаббат Құдай сыйға тартқан қасиет, тіпті ауыр сын екендігін ұғынса деймін. Бұл жүкті әркім көтере алмайды. Махаббат – трагедиялық сезім. Алайда оның адамға сыйлар жылуы мен нұры да шексіз. Нағыз махаббат құрбандық пен жанкештілікті талап етеді.
– Ал өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізде дәл Мәжнүндей шынайы сезім жолында құрбандыққа бара алатын адамдарды кезіктіріп көрдіңіз бе?
– Жоқ, ондай пендені кездестірмеппін. Сіздің де жолықтырмағаныңызға бәс тіге аламын. Өйткені бүгінгі заманда адамның өмірді қабылдауы мүлдем бөлек. Бүгінгі адамзат тым салқынқанды.
– Демек, біздің заманда шынайы, нағыз махаббат жоқ деген сөз бе бұл?
– Махаббат заманға бағынбайды. Ал адам бойындағы мен айтып отырған «салқынқандылық» жайлы XII ғасырда да тілге тиек етіліп, хаттарда жазылған еді. XIII ғасырдың өзінде заман өзгеріске ұшырап, жастар мейірімсіз болып бара жатқандығы турасында көп айтылған. Тіпті Шекспир шығармаларында да қарт кейіпкерлер ылғи жастарды сынға алады. Гольдониді оқып отырып та сол заман жастарының тым әдепсіз болып кеткендігін аңғарамыз. Демек, алдыңғы буынның жастарға деген көңілтолмаушылық сезімі қай кезеңде де болған. Ол қазір де бар. Сондықтан біз бір-ақ дүниені түсінуіміз керек. Адамзат қай заманда өмір сүрсе де, жүрек дегеніміз жүрек, эмоция дегеніміз эмоция, махаббат дегеніміз махаббат, жек көру дегеніміз жек көру болып қала береді. «Ләйлі – Мәжнүнде» мен осыны жеткізгім келді.
– Барзу мырза, әйтсе де, драма заңдылықтарына негізделмеген әдеби туынды сахнада сіздің режиссер ретіндегі бар мүмкіндігіңізді көрсетуге айтарлықтай кедергісін тигізді деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Әрине, бастапқыда аздап қиналдым. Өйткені өзіңіз білетіндей, дастанның тілі ауыр, көлемі де өте ауқымды. Оны бір жарым сағаттық қойылымға айналдыру үшін біраз тер төгіп, қиналуға тура келді. 200 беттік шығарманы 15 бетке дейін қысқарттық. Түпнұсқадағы біраз кейіпкерден бас тартуға тура келді. Сондай кезде бір «Ләйлі – Мәжнүнді» қойғанша, Шекспирдің 10 трагедиясын сахналау әлдеқайда оңай секілді көрінді. Оны жасырмаймын. Бірақ мені туындының өзі, ондағы тазалық, отбасылық құндылық мәселелері қызықтырды. Сондықтан да бұл қойылымда көбінесе отбасы, махаббат төңірегінде, яғни бас кейіпкерлердің тағдырына қатысты дүниені көрсетуге бар күшімізді салдық. Мәжнүннің ата-анасы мен оны қоршаған ортаға мән бердік. Менің мақсатым – үнемі авторға үңілу, себебі ол данышпан, мен данышпан емеспін. Сондықтан ойлар эталоны мен үшін әрқашан автор. Білмеймін, ұлы Низамидің туындысында айтылған ойдың мыңнан бір бөлігін көрерменіме жеткізе алдым ба, жоқ па?!. Алайда тырысып бақтым.
– Ал режиссер ретіндегі ішкі ойыңызды жеткізе алдыңыз ба?
– Білесіз бе, менде спектакль арқылы арнайы бір ойды жеткізу сирек нәрсе. Әрине, саяси мәні бар пьеса қойған кездерде тоқетер ойыңның болатыны рас. Ал сезім жайлы спектакльдерде менің нақты көздейтін нысанам жоқ. Бұл – менің романым, күнделігім іспеттес дүние. Режиссерлік шешімдерім арқылы ой толғап, өзімнің ішкі толғамдарыммен бөлісемін және «мынау жөн, ал мынау жөнсіз» деп айта алмаймын. Өйткені мен көрерменге дұрыс жол нұсқайтын Құдай емеспін, жер басып жүрген қарапайым күнәһар пенденің бірімін. Сондықтан да адамдарға мораль оқып, сахна арқылы пәлсапа соққанды ұнатпаймын. Менің қойылымдарым – менің әлеуметпен сырласу сәттерім.
– Білетініміздей, бұл қазақ труппасымен алғашқы шығармашылық жұмысыңыз емес. Сізге қазақ тілді қойылымдар қандай тәжірибе берді?
– Рас, қазақ тілін жетік білмеймін, бірақ аздап түсінемін. Қазақ пен парсы тілдері ауыз екі тілде бір-біріне ұқсас. Көп сөздерді аудармасыз-ақ түсінуге болады. Әйтсе де күрделі лингвистикалық қолданыстарға келгенде біраз қиналдым. Өйткені әр тілдің өз ерекшелігі бар ғой. Табиғатын толықтай түсінбегендіктен, ол жауапкершілікті әртістердің өзіне сеніп тапсырдым. Ал актерлік ойынды олардың ішкі эмоциясы, үн мен музыка арқылы бақылап, сын-ескертпемді қажет кезінде айтып, түсіндіріп отырдым. Бұл тұста қытай, қырғыз, қазақ немесе тағы басқа тілдің қолданылып жатқаны маңызды емес. Жүрек қашан да жүрек. Тіпті әртістер өзге тілде сөйлесе де...
– Жаңа қойылымға актерлік құрам қалай таңдалды?
– Актер таңдауға келгенде арнайы кастинг өткізіп, аса қатты қиналдым дей алмаймын. Бәрі сәтімен шешіле кетті. Бірде театр фойесінде ойланып жүріп, қабырғада ілініп тұрған әртістердің портреттеріне көзім түсті. Фотосуреттерге мұқият көз тоқтатып, қарап шықтым. Сөйтіп режиссерлік ойыммен қабысқан актерлерді бөлектеп таңдап алып, әңгімеге шақырдым. Түйсігім алдамаған екен, фотода жан жылуы сезілген әртістер жүзбе-жүз көріскенде де сол қалпынан танған жоқ. Екі айға жуық бірге жұмыс істедік. Көңілім толды. Олардың барлығы да ғажап!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»