Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:16
Бұдан бұрын хабарланғанындай, Алматы облысының Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде әскерилер мен аңшылық шаруашылығы қызметкерінің қазасына алып келген қайғылы оқиға орын алғандығы жұртшылыққа белгілі. Осы оқиғаға байланысты Бас әскери прокурор Ерғали МЕРЗАДИНОВ мәлімдеме жасады. Онда былай делінген.
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:16
Бұдан бұрын хабарланғанындай, Алматы облысының Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде әскерилер мен аңшылық шаруашылығы қызметкерінің қазасына алып келген қайғылы оқиға орын алғандығы жұртшылыққа белгілі. Осы оқиғаға байланысты Бас әскери прокурор Ерғали МЕРЗАДИНОВ мәлімдеме жасады. Онда былай делінген.
Осы факт бойынша қозғалған қылмыстық іс Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр. Тергеу жұмыстарын прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізуде.
Орын алған оқиғаның барлық жағдайларын, қылмыстың себептері мен шарттарын анықтау бойынша түбегейлі шаралар қабылдануда. Осы оқиғаға және тергеу барысына қатысты әртүрлі қоғамдық пікірлерге байланысты тергеу мүдделеріне қарамастан тергеу амалдарының жекелеген қырларын ашып айтуды дұрыс деп шештік.
Қазіргі уақытта анықталғандай, 2012 жылғы 10 мамырда 15 адам, оның ішінде 1 офицер, 3 келісім-шарт бойынша қабылданған әскерилер және 11 мерзімді әскерилерден тұратын қызметкерлер «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде мемлекеттік шекараны күзету бойынша кезекшілікке түскен болатын. Тергеу мәліметтері бойынша қылмыс 28 мамыр күні таң алдында болған. Қылмыс жасалу сәтінде әскери қызметшілер шекара бекетінде 17 күн, ал қаза болған Ким аңшылық шаруашылықта сәуірдің аяғынан, яғни, шамамен бір ай болған.
«Сарыбөктер» шекаралық бекетінің бастығы Фомин «Арқанкерген» бекетіне ағымдағы жылғы 30 мамырда байланыстың жоғалуына байланысты кезекші құрам жібереді. Бұрын хабарланғандай, шекарашылар оқиға орнына келгенде өртеніп кеткен казарма, офицерлік құрам үйі мен шаруашылық құрылыстарға тап болған. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы өртенген казарма жайында 13 адамның күйген қалдықтарын табады. Бекет аумағына жақын жердегі ағып жатқан өзен бойынан тағы бір жанып кеткен мәйітке кезігеді, кейін анықталғандай, ол кезекші сақшы болған. Сондай-ақ бекетке көршілес орналасқан аңшылық базасының аумағында аңшылық шаруашылық күзетшісі Кимнің бірнеше оқ атумен өлтірілген мәйіті табылды.
Геномдық сараптама 11 әскеридің тұлғасын анықтады, қалған үш мәйіттің жеке бастарын анықтау жұмыстары жалғасуда. Осы жұмысқа шетелдік сарапшыларды тарту да жоққа шығарылмайды.
Оқиға орнында капитан Кереевтің «Макаров» тапаншасынан өзге шекарашыларда болған барлық қарулар табылды. 4 маусымда шекара жасағы «Арқанкерген» бекетінен 24 шақырым қашықтықта орналасқан жергілікті шопандар қыстағының бірінде жасырынған 1992 жылы туған, қатардағы жауынгер Челах Владислав Валерьевич табылып, ұсталды. Ұстау сәтінде ол Кереевтің азаматтық киімдерінде болды, сонымен қатар онда бекет бастығына тиесілі «Макаров» тапаншасы, екі ұялы телефон, ноутбук, 12 000 теңге, сондай-ақ онда кейбір қаза тапқан әскерилердің үш ұялы телефоны және аңшылық шаруашылық күзетшісі Кимнің фотоаппараты болды.
Тергеу барысында Челах қаза тапқан бір әріптесінен сақинаны алып кетіп, кейін оны ұстаған кезде тасыған автокөлікте қалдырып кеткені туралы айтты. Сол көлікті қарау барысында сақина табылды, кейіннен сақинаны қаза тапқан Сәрсембаевтың зайыбы таныды.
Жұртшылықты, соның ішінде тергеуді де Челахтың осы қылмысты бір өзі жасағаны туралы сұрақ толғантады. Ол адвокаттың қатысуымен болған алғашқы тергеуде-ақ өзінің 14 қызметтесін және қылмыстың куәгері ретінде болған аңшылық шаруашылық күзетшісі Кимді өлтіргенін мойындады. Өз дәйектерін ол оқиға орнында айғақтарды тексеру барысында да растады. Челах сыбайластарының және қылмысқа қатысушылардың болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Челах ұсталған күннен бері қазіргі уақытқа дейін мойындауын жалғастырып келеді. Ол өзінің тергеу өндірісіндегі сөзін растап отыр.
Тергеу әрекеттерінің нәтижесі мен Челахтың мойындауларын сараптау оның қылмысты нақты жасағанын, яғни болған оқиғаның қалай орын алғанын бүге-шігесіне дейін білетін адамның ғана айтып отырғанын дәлелдейді. Мәселен, сараптау нәтижесі шекарашыларды атқан кездегі олардың қалай жатқандығы Челахтың айтқанымен сәйкес келді. Пайдаланылған автомат қаруы оқиға болған жерді қарау барысында Челах көрсеткен тұстан табылды. Ол сақшыны өзен жағасында бекет бастығы Кереевтің «Макаров» тапаншасымен қарақұстан атқанын айтады. Соған сәйкес сот-медициналық сараптама жәбірленушінің басына 9 мм. калибрлі қарудан атылғанын анықтады. Оған қоса сот-медициналық сараптама сақшы өлтірілген жерден табылған гильза бекет бастығы Кереевтің «Макаров» тапаншасынан атылғанын дәлелдеді.
Аңшы шаруашылығының күзетшісі Ким, Челах көрсеткендей, автоматтан атылған. Сот-медициналық сараптама негізінде Кимнің ажалы 5,45 мм. калибрлі қарудың бірнеше мәрте атылуынан болғандығын көрсетті. Оқиға орнынан алынған гильзалар мен оқтар Челах кейін көрсеткен жерден табылған автоматтан атылғанын криминалистикалық сараптама айғақтады. Одан әрі, оның көрсетуі бойынша, қылмыс жасап болған соң ол «Макаров» тапаншасын, марқұмдардың жеке заттарын алып, өзен жағасында өлтірген сақшы денесіне және казарма мен шаруашылық құрылысына бензин шашып, өрт қойған да қылмыс орнынан тайып отырған. Марқұм болғандардың жеке заттары Челах ұсталған кезде одан табылғанын жоғарыда айттық.
Челах тауда жасырынғанда бейнежазба түсірген. Бұл бейнежазбаларды ол Кимді өлтіргеннен кейін одан алған фотоаппаратқа түсірген. Челахтың мойындауларының растығын дәлелдейтін мұндай деректер істе жетерлік. Олардың бәрін жариялауға тергеудің мүддесі көтермейді.
Айта кету керек, Челах өзінің бұл қылмыстарды жасағанын анасымен кездескенде де мойындады. Мұның да бейнежазбасы бар. Ал бәрінен бұрын қылмысты жасау себебін Челахтың өзі айтып берді.
Қазіргі күні қылмыстық жағдайдың орын алуының шынайы себебі мен нақты сарынын анықтау мақсатында тергеу әрекеті әлі де жалғасуда. Челахтың көрсетулерін, оның әрбір дәлелдерін тергеушілер тиянақты тексеруде. Сонымен қатар қазіргі уақытта кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама өндірісі үшін тергеу құжаттары дайындалуда.
Челахтың аталған қылмысты жасағанын дәлелдейтін айғақ жеткілікті жиналды. Оған ҚК 96-бабының 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша айып тағылды, ал оның кінәлі екендігін тек сот қана белгілейді. Тергеушілер тергеудің толық әрі анық жүруі үшін барлық шараларды қамтып отыр. Мен Бас әскери прокурор ретінде аталған істің тергеуіне жеке қадағалау жүргізудемін, сондықтан ол іс тек заң талаптарына сай ғана қатаң түрде тексерілетініне кепілдік беремін.
Жоғарыда атап өткенімдей, аталған істі тергеу барысы Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың жеке бақылауында тұрғанын тағы да қайталап айтамын. Бұған қосымша айтарым, аталған деректер бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген қызметтік тергеу нәтижесінде «Шығыс» аймақтық басқарма, Үшарал шекара отряды мен «Достық» шекара комендатурасының басшылары лауазымды қызметтерінен босатылды. ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генарал-майор Н.Мырзалиев Мемлекет басшының атына өзін қызметтен босату туралы рапорт берді.