• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Сәуір, 2019

Ойлы орта қалыптастыратын алаң

926 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «PechaKucha Night Astana» интеллектуалды конференциясы өтті. Pecha Kucha сөзі жапон тілінен енген – «бейресми әңгіме», яғни ой бөліп, еркін сырласу деген мағынаны білдіреді. Ал аталған термин бүгінде іш пыстырарлық жиналыстарды жаңа форматта өткізудің баламасы ретінде қолданысқа енді.

Он жылдан бері әлемде кең тарап келе жатқан «PechaKucha» алғаш рет Токиода 2003 жылы ұйымдастырылған. Кейін Сан-Франциско, Амстердам, Мель­бурнде жалғасын тапқан. Лон­донда өткен «PechaKucha»-ға екі мың адам қатысқан. Ал елі­мізде аталған форматтағы басқосу 4 жылдан бері өткізіліп ке­леді екен. Осы уақытта өзінің белгілі бір аудиториясын да қалыптастырып үлгеріпті. 

Министрлік қолдаған осы жолғы шараға 100-ге жуық тыңдаушы келді. Ұйым­дас­ты­рушылардың айтуынша, әдетте 400-500 адамнан жиналады, тіпті кей кездері бір кино залы толатын көрінеді. Осы жолғы аз жиналуының себебін олар келушілердің үнемі өтіп отыратын күніне үйреніп қа­луы­мен түсіндірді. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы оқу орталығының директоры, бас қаладағы «PechaKucha»-ның ұйымдастырушысы Нұр­лан Досым бұл жиынды ұйым­дас­тыруда 20 санының ай­рықша мәні бар екенін жет­кізді. Мәселен, елордадағы «Pecha­Kucha» әр айдың 20-да 20 сағат 20 минутта баста­лады. «Жапондар үшін 20 се­кунд алтын уақыт секілді. Өйт­кені олар осы уақыт ішінде бір есепті шығарып, ол біткен­де жылдам келесісіне өтіп оты­рады. «PechaKucha»-да да спи­керге 20 слайдтан тұратын пре­зентациясының әр парақшасын түсіндіруге небәрі 20 секунд бе­ріледі. Одан кейін келесі бет ашылып кетеді», дейді ұйым­дастырушы Н.Досым. Оның айтуынша, әр спикерге бе­рілген уақыт шектеулі болғанымен, баяндамасы біт­кен­нен кейін сұрақтарға жауап беріп, тыңдаушылармен еркін диалогқа түсе алады. «Біз бұл шараны тек адамдар үшін жасаймыз. Көңілді немесе демалатын жер іздеген жастар түнгі клубқа, болмаса құмар ойындарға бармай, ыстық кофе, түрлі тәттілерден дәм тата оты­рып осындай ойлы орта қа­лып­­тас­тырғанын қалаймыз. Бар­лығы – тыңдаушыларға те­гін. Олар бос уақытын тиімді өт­­кізсе, жетістікке жеткен жан­­дардың ойын, жаңа идея­лар­ын тыңдаса, бір-бірімен әңгі­­ме­лесіп, сырласса, дос, идея­лас, серіктес адам тапса деп ұйым­дастырамыз», дейді Н.Досым.

«PechaKucha» сахнасын­да қоғам қай­рат­керлері, кәсіп­керлер, спортшылар, шы­ғар­­ма­шылық адамдары сөз сөйлейді. Осы жолғы жиында да әр салада жетістікке жеткен жандар білгенімен бөлісті. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Әмір Қуат «Ғылым жеңеді» атты презентация­сы арқылы өз ойын ортаға салды. Ол адам­ды ғылыми тұрғыдан табысты ететін дү­ние туралы айтты. Ал «Давай сходим» жо­ба­сының авторы Бақдәулет Исаев кәсіп­ті нөлден бастап, қалай дөңгелетіп әкету­ге болатынын баяндады. Тоғыз тілде сөй­лей алатын Саясат Нұрбек «Қазақстан­да­ғы жаңа мамандықтардың атласы» атты пре­зен­тациясында болашақты барлап, жас­тар­дың қай салаға бет бұруы керектігін ха­лықаралық зерттеулер нәти­жесі ар­қылы көрсетті. Кофе-брейктегі үзілістен кейін Ита­лияда өткен IronMan супер­мара­фонының жеңімпазы Дияс Дүйсебеков жетіс­тік формуласымен тыңдаушыларды ша­быттандырды. Ал ресейлік шоу-бизнес жұл­дыздарына бей­небаян түсіріп жүрген Құ­­дай­­берген Ескенов табыс табумен қоса таны­малдыққа ие болудың қыр-сырымен бө­лісті. «100 жаңа есім» жобасының же­ңім­­пазы, хореограф Анвара Садықова ерек­­ше дарынымен және өзін өзі жеңе ала­­­тын қасиетімен тыңдармандарды тәнті етіп, көр­кем биімен кеш­тің шымылдығын жапты.