• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2019

Ақтауда түркітілдес халықтардың құқықтық дәстүріне арналған конференция өтті

894 рет
көрсетілді

Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтауда өткен бұл шараны Маңғыстау облыстық соты мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті ұйымдастырды.
«Түркі тілдес халықтардың ортақ рухани құндылығы мен құқықтық дәстүрінің қазіргі қоғаммен сабақтастығы» атты халықаралық конференцияға Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков, Әзірбайжан Республикасының Жоғарғы Сотының судьясы Аскеров Гурбет ага оглы, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, Түркияның Гази Университетінің профессоры Ердоған Ихсан, Татарстан Республикасы Қазан федералдық университетінің заң ғылымдарының кандидаты, доцент Демеева Айнұр, заң ғылымдарының докторлары Қырғызстан Республикасынан профессор Табалдиева Венера, Әзірбайжан Республикасынан Сафаров Азер, сонымен қатар, республика судьялары, университеттің оқытушылар құрамы мен жас ғалымдар қатысты.  Халықаралық конференцияны Ержан Даулиев құттықтау сөзімен ашып, конференция өтіп отырған Қазақстан Халықтар ассамблеясының кең ғимаратында былтыр Каспий маңындағы 5 мемлекеттің Президенттері Бесінші саммитте бас қосып, маңызды мәселелер талқылағанын, ал бүгін алыс-жақын шет елдердің ғалым-профессорлары мен заңгерлері түркі тілдес халықтардың ортақ құқықтық дәстүрін бөлісуге жиналып отырғанын атап өтті.  Сот төрағасы конференция  бағдарламасымен және қатысушылармен таныстырды. Конференцияның І сессиясында сөз сөйлеген Бағлан Мақұлбеков еліміздегі тарихи құндылықтардың игілігі туралы баяндаса, Аскеров Гурбет ага оглы Әзірбайжан Республикасындағы сот-құқық реформаларын баяндады.  Конференция барысында шетелден келген ғалым-профессорлар Түрік азаматтық құқығының сыртқы бейнесі: қолданылу аясы мен негізгі қағидалары, азаматтық құқықтың өнегелік бастаулары, авторлық құқықтарды құқықтық қорғау саласындағы Әзірбайжан Республикасының заңнамалар жүйесі, Қырғызстан Республикасының қазіргі құқықтық жүйесіндегі рухани құндылықтардың орны туралы баяндамалар оқыды.  Сондай-ақ, қазақ әдет құқығы бойынша сөз теңдігінің құқықтық құндылық ретінде жүзеге асу механизмдері, отбасы құндылықтарының қазіргі заңнамадан көрініс табуы, дала билерінің бітімгерлік рәсімдері мен түркі халықтарына ортақ татуластыру әдістерінің сабақтастығы, қазіргі таңда құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері туралы баяндамалар тыңдалды, ортаға салынды.  Баяндамашылар түрлі жаңашылдықтармен бөлісіп, түркі халықтарына ортақ сот практикаларына ерекше қызығушылық танытты.  - Қатысушылар Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның – түркі халықтарының қара шаңырағына айналғанын айтып, халықтар арасындағы ортақ мәселелерді талқылау достық қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап айтты. Конференция қорытындысы бойынша түркітілдес халықтарға ортақ құқық жүйесін жандандыру мәселелері туралы шешім қабылданды. Жиында тыңдалған үздік баяндамалар мен ғылыми жұмыстар арнайы жинақ болып басылатын болды, дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрхан.  Қонақтар Маңғыстаудың тарихи-өлкетану мұражайын аралап, өңірдің әдеби-танымдық мұраларымен, ескерткіштерімен танысты.

Іс-шара соңында қатысушылардың барлығына «360 әулиелі Маңғыстау» атты энциклопедиялық кітап пен сертификаттар табысталды. 

Маңғыстау облысы