• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Сәуір, 2019

Өзара байланыстарды дамытудың жаңа мүмкіндіктері. Шолу

890 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентінің шақы­руы­мен алғашқы мемлекеттік сапарын осы елге жасады. Екі күндік сапар аясында президенттер Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёевтің шағын және ке­ңейтілген құрамда келіссөздер өткізуі, бірқатар құжатқа қол қоюы, сон­дай-ақ Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанатына қатысуы көршілес елдер арасындағы жылы шырайлы байланыстың, ыстық ықыластың көрінісі болды. Қазақстан Президентінің алғашқы мемлекеттік сапары туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары көптеген хабар таратып, көршілес мемлекеттердің бірлескен жоспарлары туралы пікірлерін жариялады. Өзбекстан ақпараттық агенттіктері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел ынтымақтастығының дами түсуіне сеп болатынын жарыса жазды.

Тарқата айтар болсақ, «Өзбекстан» Ұлттық ақ­парат агенттігі Қазақстан Президентін Өз­бекстан Пре­мьер-Министрі Абдулла Ари­пов күтіп алғанын, ал Көк­сарайдағы кездесудің ресми бөлімі шағын құрамдағы келіссөзге ұласқаны туралы жазады.

Ал kun.uz онлайн порталы кезде­су­­­дің екіжақты ынты­мақ­тастықтың ны­ғаюына сеп­тігін тигі­зетінін айта келе, «Ш.Мирзиёев аталған сапарды бұ­ған дейін қалыптасқан саяси диалог­тың жалғасы деп бі­летінін айтты» деп жазды. Сонымен қатар өз ха­барла­маларында Ш.Мирзиёевтің «Қазақ­­стан Президенті ретіндегі алғашқы мем­ле­кеттік сапарыңызды Өзбекстаннан бас­таға­ныңызды жоғары бағалаймыз. Біз үшін Қазақстан Республикасы – шекаралас мемлекет, стратегиялық серіктес. Ынтымақтастығымыз бен әріп­тес­ті­гіміздің барлық бағытта дамып жатқа­ны бізді қуан­тады» деген сөзін келтірген.

«Спутник Өз­бекстан» ақпарат агент­тігінің хабар­лауынша, кеңейтілген құрам­дағы отырыста Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған эко­номикалық серіктестік стра­те­гиясының нәтижесі сөз болған. Бұдан бөлек, хабарламада министрлік өкілдері мен екі елдің ірі компанияларының басшылары қатысқан жиналыста алдағы жылда екі ел арасындағы тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына өсіру келісілгені туралы жазылған.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Шавкат Миромонұлы, Сіз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екеуіңіз мемлекетаралық қатынасты жаңа белеске алып келдіңіз. Осы жетістікті одан әрі дамыту – парызым деп білемін. Бауырлас Өзбекстанмен серіктестік Қазақстан үшін де маңызды» деген.

Сондай-ақ мемлекеттер басшылары кездесу барысында екіжақты қатынасты нығайту, сауда, көлік, өнеркәсіп кооперациясы, туризм және басқа да салалардағы серіктестік туралы сөз еткен. Одан бөлек Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысу, аумақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту мәселелерін талқылаған.

Агенттік ақпаратына сүйенсек, екіжақты қа­ты­нас бойынша үкіметаралық комиссияға сау­да байланысының номенклатурасын өсіру, эконо­микалық кооперацияның ұзақ мерзімді формасын дамыту тапсырылған. Оған қоса екі ел өкілдері 2018 жылдың қарашасында Шымкент қаласында өткен аймақаралық серіктестік форумының нәтижелерімен бөліскен.

«Президенттер екі ел арасындағы демакрация про­цесіне көңілдері толатынын білдіріп, өткізу пункттерінің нәтижелі жұмысы туралы сөз қозғады.

Тараптар көлік, логистика, өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобалар атқаруға келісті. Олардың айтуынша, аталған салаларды да­мыту мемлекет арасындағы экспорт пен транзит мүмкіндіктерін арттырмақ» делінген агенттік ақпа­ратында.

Бұдан өзге өзбекстандық ақпарат агенттіктері Қазақстандағы Өзбекстан жылы жоғары бағаланып, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары аясында бастау алған Өзбекстандағы Қазақстан жылы аталған шараның жалғасы болатыны туралы жазады.

«Новости Узбекистана» газеті Өзбекстанда Қазақстан жылы салтанатты түрде басталғанын айтып, ел президенттері мемлекеттер арасында түзілген мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайта беретінін жазады. Газеттің жазуынша, халықтар ара­сындағы достықты дәріптеуге бағытталған шараларды жалғастыру екі ел арасындағы сенімнің, қолдаудың, бауырластықтың беки түсуіне себеп болмақ. Басылым аталған шара өнер, ғылым, білім, бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер беріп, екі елдің мәдениетінің жақындасуына алып келеді дейді.

Одан бөлек, Өзбекстан газеті «Орталық Азия» ха­лықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық ор­талығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсі­ністік туралы меморандумға, Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Ми­нистрлер кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.

«Газета.uz» басылымы Өзбекстандағы Қа­зақстан жылының салтанатты ашылуы Ташкенттегі Халықаралық форумдар сарайында өткенін хабарлайды. Мемлекет басшылары қатысқан шарада Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзбек халқына ыстық ықыласы мен қонақжайлылығы үшін алғыс айтқанын хабарлады. Сонымен бірге басылым Қ.Тоқаевтың «Екі ел байланысында қиын мәселе жоғын сеніммен айта аламын. Керісінше, тараптар достықты нығайтуға бар күштерін салып жатыр. Өзбек халқы біз үшін қашанда жақын бауырымыз болған. Бізді де олардың жақсы қабылдайтынына сенімдіміз. Бауырлас елдер бір тағдыр мен ортақ келешекпен байланысқан» деген сөзін келтіреді.

Дайындаған

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»