• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2019

Азық-түлік бағасы неге негізсіз өсті?

1257 рет
көрсетілді

Егер күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өсетін болса, бұл жағдай әлеумет пен тұрғындардың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Ақтөбе қаласында 2019 жылдың бірінші тоқсанында осындай көріністер болған. Осы арада бұған дейін Ақтөбе облыстық әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы жоғары, халық күн сайын сатып алатын 19 азық-түлік түрлерінің шекті бағалары белгіленіп, бекітілгенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ қолда бар деректер аталған азық-түлік түрлерінің бағаларын қалыпты ұстап тұру, оны негізсіз өсірмеу жөнінде 700-ге  тарта келісімдер мен меморандумдар жасалғанын көрсетеді. Өңірдегі «Әнуар», «Дина» және «Сапа маркет» секілді ірі сауда желілерінің иелері де мұндай мазмұндағы мемо­ран­думдарға қол қойыпты. Яғни, өзара келісімшарттардың шең­берін­де олар сауда-саттық кезіндегі үсте­ме бағаларды 10 пайыздан әрі өсір­меуге уағдаласты. Әйтсе де қазіргі жағдай келісім талаптары орындалмай отырғанын айғақтайды. Сонда қаптаған меморандумдардан не үміт, не қайыр, нендей пайда бар деген заңды сауал туындайды. Бұл көз алдау ма, әлде тұтынушылардың алдында арзан ұпай жинау ма?

Жерігілікті өнімдердің бағасы белгіленген мөлшерден асып түсу деректері өңірдегі коммуналдық базарларда да тіркелуде. Мысалы сүт, ұн, пияз, картоп, сәбіз және қы­рық­қабат секілді ауыл шаруашылығы өнім­дері импорттық тауарлар есебін­е кірмейді. Ақтөбе аймағында бұлар­дың қай-қайсысы да жеткілікті түр­де өндіріледі. Өткен жылы облыс аума­ғындағы дәнді дақылдар егістігі көлемі өсіп, жоспарланған мөлшерде астық жиналды. Өңірдегі сүт пен ет өнімдерін шығаратын «Айс» пен «Актеп» секілді агроқұрылымдардың жетістіктері жоғары. Ендеше, сүт пен ұн бағаларының өсуіне қандай негіз бар? Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бірінші кезекте өз өнімдері мен өңірдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге тиісті болса да нақты іс-қимыл мен нәтиже өзгеше болып отырғаны қалай?

Жуырда Ақтөбе облыстық мәс­ли­хаты депутаттары мен қоғам­дық кеңес мүшелері өңірдегі ірі азық-түлік сауда орындары мен комму­налдық нарыққа  тиісті мониторинг жүргізіп, нәтижесінде әлеуметтік маңызы жоғары, облыс тұрғындары күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағалары негізсіз өскенін анықтады. Облыс орта­лығында жергілікті өнімдердің бағ­асы алдын ала белгіленген өлшем­ді баға деңгейінен асып түскен. Бізге ұсынылған азық-түлік өнімдерінің бағасы басқа, ал базарлар мен сауда нүктелеріндегі баға бұдан өзгеше, яғни оның мөлшері шекті бағадан асып кеткен, дейді Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары.

Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сания Қалдығұлова мұның басты себебі облыстық кәсіпкерлік басқар­масы тарапынан тиісті бақы­лаудың жеткіліксіздігінен деп есеп­тейді. Жергілікті атқарушы орган­дарға қойған басты талаптардың бірі – әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің негізсіз өсуіне жол бермеу. Мұндай жағдайда баға құбылмалылығының үлкенді-кішілі жайттары бақылаудан тыс қалмауы қажет. Сондықтан да бұл істің барлық тетіктері айқын түрде реттелуге тиіс. Осы орайда өкілетті органдар мен маслихат депутаттарының ұтымды ұсыныстары әрі мониторингтік зерттеу нәтижелері Ұлттық экономика министрлігінде қолдау тауып жатса, бұл тұрғындар мен тұтынушылар үшін жасалған оң қадам болар еді, деді облыстық маслихаттың депутаты Нұрлан Сағыналин.

 Қазіргі кезде аймақта жүргізілген тексерістердің нәтижесі Ақтөбенің сауда нүктелеріндегі бөлшек сауда бағасы биылғы бірінші тоқсанға белгіленген баға көлемінен асып түскенін алға тартады. Бұл келеңсіз көрініс Ақтөбе облысы әкімінің бірін­ші орынбасары, тұтыну нары­ғын­дағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың бастығы Мавр Аб­дуллинді де селсоқ, енжар қал­дыр­мағанын қалар едік. Оның та­рапынан азық-түлік түрлері баға­ларына жан-жақты, әрі терең монито­рингтік зерттеулер мен тексерулер жүр­гізуді ұйымдастыру ісі қолға алын­са құба-құп. Сондай-ақ өңірде баға­ны тұрақты ұстап тұру жөнін­дегі жұмыстар жүйелі жолға қойыл­ға­ны жөн. Сонымен бірге әлеу­мет­тік мәні зор азық-түлік түрлері­нің шекті баға­сын сақтамаған сауда субъек­тілері иелеріне шара қолданылуы қажет. 

Тоқ етерін айтқанда, өңірдегі өкі­летті органдар, оның ішінде бүгін­гі көтерілген мәселеге орай басты жауап­кершілік арқалайтын облыс­­тық кәсіпкерлік басқармасы күн­де­лікті тұтынатын азық-түлік баға­ларын реттеуге қатысты кешенді шара­­ларды жүзеге асырса, бұл істің нәти­жесі болары анық.

 

Ақтөбе