• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2019

Қауіп-қатерді еңсеруге дайынбыз ба?

974 рет
көрсетілді

Қызылжар өңірінде тасқынға тосқын қою, алдын алу, бөгеу, төтеннен келген қатерлерді еңсеру шаралары бір толастаған емес.
Ақмола облысында орналасқан Шаға­лалы су қоймасынан судың артық мөл­шерде босатылуы мал-жан үшін елеу­лі қауіп төндіріп, Тайынша ауданын қар­ғын су шайып кете жаздады. Оқиға орнына инженерлік, техникалық күштік құры­лым­дар тартылып, босатылатын судың шектік мөлшері азайтылып, жағдай әзер дегенде тұрақталды. Өзенге жақын қонған Теңдік, Кантемир ауылдары бақылауға алынды. 

Уәлиханов ауданына қарасты Қаратал мен Қулыкөл елді мекендерінің бір мыңға жуық тұрғыны көктемге салым жандарын қу шүберекке түйіп отырғаны. Сілеті су қой­ма­сынан жіберілетін артық судан зәре­зап болғандары соншалық, түн ұйқы­сын төрт бөліп, таң атқанша көз ілмей шы­ғады десек, асыра айтқандық емес. Бұл жолы да Сілеті өзені суының дең­гейі күрт көтері­ліп, екі ауылда өте күр­делі ахуал қа­лыптасты. Ол жер­ге дереу жеткен ай­мақ басшысы Құмар Ақсақалов төтенше жағ­­дайды өз ба­қы­лауына алды. Арна­йы­ штаб құ­ры­лып, толассыз құйылған қар­­­ғын суды бөгеудің небір амалдары қол­­да­нылды. Су сорғылау жұмыстары то­лас­­сыз жүргізіліп, қорғаныс үйінділері тұр­ғызылып, барлық қа­жетті шаралар ат­қарылды. 42 адам қа­уіп­сіз аймаққа, 22 адам мектептегі қо­сын­ға орналастырылды. 1184 ірі қара ма­л ­мен 758 жылқы құт­қарылды. Айтып келмес то­сын апат салда­ры­нан электр баға­на­лары құлап, желі сымдары үзілді. Күре жолдың 7 учас­­ке­сінде қатынас тоқтады. Үш күннің ішінде 154 миллион текше метр ағын судың бетін қайтару оңайға түспегені анық. Ең бастысы, мал-жан дін аман. Сілеті су қойма­сы­н­ың сыйымдылығы – 230 мил­лион текше метр.Әр секунд сайын одан 574-600 текше метр су ағы­зыла­ды. Демек, қауіп-қатер сейілді деп арқаны кеңге салуға болмайды. Өйт­ке­ні өзен деңгейінің көтеріле түскені байқалады. 

Жуырда әкімдіктің отырысында көк­тем­гі тасқынға қатысты мәселе қарал­ған­да төтенше жағдайлар жөніндегі депар­та­мент­тің бастығы Рамиль Камаловтың біраз сын естіп, қызаруына тура келді.

 – Уәлиханов ауданында орын алған жағ­дайды күні бұрын болжай алма­ды­ңыз­дар. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда қарғын су келген. Бір ғана қателік салда­ры­­нан орны толмас қасыретке тап болуы­мыз әбден мүмкін ғой. Мұның өзі құлақ­тан­дыру, алдын ала ескерту шара­ла­ры­ның талап­қа сай атқарылмағанын көрсе­теді. Ақмола облыстық төтенше жағ­дай қыз­ме­тімен бірлескен іс-әрекет те қанағат­тан­дырмайды, – деген Құмар Іргебайұлы олқылықтардан қорытынды шығаруды орынбасары Антон Федяевке жүктеді. 

Әрине, аудан әкімдіктері, құтқару қыз­мет­тері түк бітірмей, қол қусырып отыр деген ойдан аулақпыз. Су тасқы­ны­ның алдын алу және зардаптарын жою жұмыс­тарына азаматтық қорғаныстың 16 қызметі мен 14 же­дел әрекет ету жаса­ғы жұмылдырылған. Олардың құра­мы­на 1600 адам, 1170 техника, оның ішінде 345 су сорғыш техника, 79 жүзу құралы тартылған. Құм салынған 17 мың қапшық, 6400 тонна сазбалшық, 13 мың тонна қиыршық тас, 114 тонна жанар-жағармай қоры бар. Облыс орталығы мен ауылдардан 1,4 миллион текше метр қар шығарылған. 230 мың текше метр су сорылған. 107 эвакуациялық қосын ұйымдастырылған. Жағдай күрделенсе, көрші облыстардан 253 мамандандырылған құтқарушы, 42 арнайы техника, 10 жүзу құралы жеткі­зіледі. Айтпақшы, тараздық құт­қа­ру­шы­лар әріп­тес­­теріне көмекке келіп, бірлесе іс-әрекет жасап жатыр. 

Күннің жылынып, қалың қар көбе­сінің сөгілуіне байланысты ағын су Сер­геев су қойма­сына толассыз құйы­лып, ернеуінен асып төгілуге шақ тұр­ға­нын, 92 елді мекен қауіпті аймақта ор­­наласқанын ескерсек, құтқару қыз­­меттері шұғыл іс-әрекет етуге қа­білет­ті ме деген заңды сұрақ туа­ды. Де­­ректер бойынша Сергеев су қой­­ма­­сын­­да – 47, Петропавл гидротора­бын­да – 6, Үлкен Тораңғұл көлінде 3 сан­тиметрге жоғарылаған. Су деңгейінің көтерілуі Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл, Қы­зыл­жар аудандарында да қатты бай­қалып отыр. Тас­қынның екінші тол­қы­ны өте-мөте күшті келетініне өңір тұрғындарының бойы үйренгенімен алаң­даушылық басым. Жақында Соко­лов­ка мен Большая Малыш­ка елді мекен­дерін жалғастыратын көпір жабылып, қатынау мүлдем қиындап кеткен. Өткел­ді қалпына келтіруге 8 мил­ли­он теңге жұмсалғанымен, сапасыз жөн­дел­­ген­діктен әлден сыр бере бастаған. Жер­гі­­лікті биліктегілер су шайып ке­тіп, адам­дар өміріне қауіп төндіруі ықти­­мал дегенді желеу етіп, осындай шешім алғанға ұқсайды. Қисайған көпір көктемгі су ас­тын­­да қалады деген бол­жамның ақыры жүр­гіншілерді тығы­рыққа тіреп қойған. Көп жағдайда Үлкен және Кіші Тораңғұл көлдері қауіпті су айдындары санатына жататыны да ескеріле бермейді. Жақын елді мекендерде қорғаныс бөгеттерін ұйым­дастыру, су ағатын құбырлар орнату, арықтар салу сияқты істерде жүйе­лілік жоқ. Көлдер ернеуінен асса, Ново­пок­ровка ауылының бірқатар үйлері зардап шегуі кәдік. Былтырлары облыс орта­лы­ғындағы Ойқала, Жұмысшы кенті, Былғары зауыты шағын аудандарында қар уақытында шығарылмағандықтан, су өткізгіш құбырлар мен арықтар тазар­тыл­ма­ғандықтан оның соңы су тасқынына соқтырғаны мәлім. Биыл осы кемшілік қайта­лануы әбден ықтимал. Шеткі көше­лер­де еріген қар суынан аяқ алып жүру – бір мұң. Тұрғындар тарапынан шағым көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. 

– Өткен жылы Қызылжар ауданы­на қа­расты Бәйтерек, Тепличное, Соко­лов­ка, Долматово ауылдарын су басты. Прибреж­ное елді мекенінің жолын су бұзып өтіп, қайықпен қатынаған күндеріміз бол­ды. Су тасқыны туындаған жағдайда қайда барып бас сауғалаймыз? Сақтық шаралары неге жүргізілмейді? Қызыл су келсе, не істерімізді білмейміз, – деді бізбен телефон арқылы мұңын шаққан Ботагөз Сапарқызы. 

Оқырманымыздың жанайқайына алып-қосарымыз жоқ. Шынында да «сақа­дай сай әзірміз, тас-түйін дайынбыз» деген көтеріңкі күйдегі шыға­рып­ салма сөздер­ден гөрі адамдарды қауіп­сіз жерлерге орналас­ты­рудың, азық-түлікпен, жатын орын­мен, дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етудің нақ­ты жолдары алдын ала ойластырылса, әлде­қай­да ұтымды болар еді. Солтүстік Қазақстан облысы