Балық өнімдері көп жағдайда елімізге шет мемлекеттерден жеткізіледі. Ал жаңа жоба бұл бағыттағы импорттық тауарлардың көлемін азайтып, керісінше экспорттық үлестің көрсеткішін көтеруді көздейді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселе жөнінде бизнес пен сала өкілдеріне жауапты міндеттер жүктелген. Біз Тұңғыш Президент тапсырмасына нақты іспен жауап қайтаруды қажет деп таптық. Қазір осы өнімге қызығушылық танытып отырған тұтынушылар еліміздің өз ішінен де, шетелдерден де табылады. Біз мұндай тұжырымға тиісті маркетингтік зерттеулер жүргізілгеннен кейін келіп отырмыз, – дейді жабық су салынып жатқан зауыттың директоры Нұрлан Құмаров.
Аталған жоба биыл ІІІ тоқсанда пайдалануға берілмек. Қазір аналық балықтардың өсіп-өнуіне арналған құрылыс бөліктері толықтай аяқталған. Оған африкалық аналық жайындар әкелінді. Балықтарды азықтандыру мен өсіру алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 535 миллион теңгені құрайды. Оның 15 пайызына жеке инвесторлық қаражат тартылса, 85 пайыздық қомақты бөлігі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерді субсидиялау арқылы қаржыландырылған. Зауыт құрылысы толық аяқталған кезде 42 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Өндірісте жылына 1,5-2 мың тонна өнім шығарылады.Жарқын жоба туралы материал әзірлеу кезінде Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиевке жолығып, ой-пікірін сұраған едік. Сенатор Ақтөбеге келген сапарында зауыт құрылысының қазіргі жай-күйімен толық танысып шығыпты. Оның айтуынша, «Мұрагер» ЖШС қолға алған жоба отандық өнім түрлерін көбейтуге сүбелі үлес қоса алады.
– Маған Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер жақсы таныс. Соның ішінде балық өсіру ісінің жай-күйіне келсек, өңірде оны кәсіпке айналдыра білгендер жеткілікті. Ал балықты өсірумен қоса өңдеу ісі бұл облыста тұңғыш рет қолға алынып отыр, соның ішінде жайын еті өңір тұрғындары үшін таңсық тағам деуге болады. Республикада тұқы балық пен бекірені жабық су айдынында өсірушілер үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Мұндай субсидияны жайын өсіріп, оның етін өңдеушілер үшін де белгілесе артық етпейді деп білемін. Балықтың бұл түрінің тоғанда тез өсетіні де осындай оңтайлы шешім қабылдауға себеп, – деді сенатар.
Балық пен бекіре шаруашылығы дегенде ойымызға ең алдымен Атырау мен Ақжайық, кәрі Каспий оралады. Енді міне, бұл Ақтөбе аймағында да қолға алынды. Бір айырмашылығы, алдыңғы аталған өңірлерде балық негізінен табиғи су айдындарынан ауланса, біздің облыста бұл кәсіп әлемдік үрдістерге сай жабық су айдынында жүргізіледі. «Мұрагер» компаниясы бастамашы болған балық өсіру мен өңдеу ісі ертең ірі де іргелі кәсіпорынға, дәмді де сапалы балық өнімдерін шығаратын алып комбинатқа айналатынына сенім мол. АҚТӨБЕ