• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2019

Елордада «Айбын-2019» жиындарына іріктеу басталды

1077 рет
көрсетілді

Нұр-сұлтан қаласында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысу үшін астаналық жастар құрамасына іріктеу кезеңі басталып кетті деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша аталған жиын маусым айында «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында (Қарағанды облысы) өтеді. Оған Қазақстанның барлық түкпірінен, сонымен қатар таяу шетелден келген әскери-патриоттық клубтардың үздік өкілдері, әскери мектеп курсанттары, жоғарғы оқу орындары мен  колледждерінің студенттері қатысады.  Қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, әскерилендірілген эстафетадан, «IQazaqstan» интеллектуалдық ойынында, «Meniń robotym» және «Aibyn daỳysy» сайыстарында, сонымен қатар, әскери-далалық тактикалық ойынында бақ таластыратын болады. «Мұндай іс-шаралар қазақстандық патриотизмнің дамуына, халықаралық достықты нығайтуға және жастарды ұлттар арасындағы келісім рухында тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді. Біз бүгін әрбір қатысушының осы жиынға барғысы келетінін көріп, қуанып тұрмыз. Ең күшті, ең шапшаң, ең алғыр және ең талантты қатысушыларды іріктеп аламыз. Себебі, біздің басты мақсатымыз – жеңіске жету», – дейді іріктеу кезеңінің ұйымдастырушысы майор Арман Серіков. Еске салайық, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны алғаш рет 2015 жылы Қарағанды облысы «Спасск» оқу орталығының полигонында өткізілген болатын. Жиынға 800 астам адам қатысты. Олардың арасында еліміздің 16 өңірінің әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, 8 республикалық мектеп-интернаттың шәкірттері, «Арыстан» лицейі және «Жас Ұлан» республикалық мектептерінің оқушылары, 25 жоғарғы оқу орнының әскери кафедраларының курсанттары бар.