Рухани шараны ұйымдастырушы университет ректоры Алтынбек Нухұлының айтуынша, жаңа кітап «Фолиант» баспасынан 2,5 мың данамен шыққан.
Кітапта ғалым Қаныш Сәтбаев жайлы М.Сәрсекенің ғұмыр бойы жинаған материалдары мен соңғы уақыттарда ғана белгілі болған деректері жазылған.
Ал, кітап облыс әкімі Болат Бақауов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтік қолдауымен басылып шыққан.
Жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері 84 жасқа келген Медеу Сәрсеке ағамыз ғұмырының 60 жылға таяу уақытын Қаныш Сәтбаевтың өмірін зерттеуге арнаған екен.
- Мен де тау-кен саласы мамандығына оқып, білім алдым. Бірақ, әдебиетке құштар болдым. Бірнеше жыл өз мамандығым бойынша өндірісте инженер болып істедім. Бір күні Әлкей Марғұлан ағамыз мені көргісі келеді дегенді естідім. Алматыға барып жолықтым. Ол кісі менің кітаптарымды оқығанымды айтып, бағалай келе, Қаныш ағаң туралы жаз деп өтініш білдірді. Ол кезде Қанекеңнің атағын естігеніміз болмаса, жүзін көрме-генмін. Жүрексініп, қолымнан келмейді деп едім, ұрсып тастады. Екі-үш күн ойланып, Әлекеңе қайта барып, тапсырмасын қабылдадым,-дейді Медеу аға.
Сәтбаев туралы кітаптарды жазып бітірген соң, қайтадан тау-кен инженері қызметіне оралмақ болады.
Бірақ, ғалым Қаныштың еңбегін, өмірін зерттеу Медеу Сәрсекенің ғұмыр бойғы тақырыбына айналады.
Алғашқы зерттеу кітабын 13 жыл жазып, 1980 жылы Мәскеуден «Жайсаң жандар өмірі» («Жизнь замечательных людей») сериясымен жарыққа шығарады.
Жазушы Қ.Сәтбаев туралы 18 кітап жазған, оның 12-сі - қазақ тілінде, алтауы - орысша.
-«Қазақтың Қанышы. Феномен. The Phenomenon» кітабының жарыққа шығуы - мен үшін үлкен қуаныш. Бәрін есептесем, 100 мың данамен шыққандары бар, бүгінге дейін кітаптарым жалпы алғанда 330 мың данамен жарық көріпті,- деген Медеу Сәрсеке университет ректоры Алтынбек Нұхұлына алғысын білдірді.
Шара барысында жиналған жұртшылық жазушыға үлкен қошемет-құрмет көрсетті.
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген Жанасыл Еркен