• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2019

Теріскей өңірдің тартымдылығын арттыру керек

1218 рет
көрсетілді

Солтүстік өңірге келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы бірқатар кездесулер ұйымдастырды.

Оқушылар сарайында бюд­жет­тік сала қызметкерлерінің қаты­суымен өткен басқосуда Г.Әб­ді­қалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan пар­тиясының ХVІІІ съезінде әлеу­меттік салалаларды жандан­ды­руға мүмкіндік беретін басым бағыттарды ай­қын­дап бергенін, халықтың күнкө­рісі төмен санатының табы­сын арттыруға, жалақыны көте­руге, тұрғын үй мәселесін шешу­ге, әлеуметтік қызмет сапасын ны­ғай­туға ерекше екпін түсірілгенін атап көрсетті.

Аймақ басшысы Құмар Ақса­қалов облыста әлеуметтік көмек 6700 балаға берілетінін, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2 мыңға жуық отбасы, 6764 көп балалы ана атаулы көмек алатынын жеткізді. Облыс орталығында 535 ескі үй сүріліп, 2 мыңнан астам пәтер мен әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Көпбейінді аурухана, дәрігерлер үшін 200 пәтерлік тұрғын үй, 2400 орындық 3 мектеп, студенттерге арнап 1932 орындық 5 жатақхана салынады. Алдағы жылдары әлеуетті 302 елді мекенде 3 мың баспана бой көтереді. Көп балалы аналардың баспанаға мұқтаждығы ескеріліп, биыл 226 пәтер салынады.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет тарапынан қабылданған қолдау шараларын кеңінен түсіндірді. Ең бас­ты жаңалықтардың бірі, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақылар алып тасталынады.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова төмен жалақыны есептеуге арналған коэф­фициенттердің жаңа кесте­сі енгізілгенін, бұл бойынша бі­рінші маусымнан бастап еңбек­ақыны ала бастайтынын жеткізді. Оқушыларды білім беру­дің жа­ңартылған жүйесімен оқы­татын мұғалімдерге де үсте­меақы қо­сы­лады. Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов 200 мыңнан астам медицина қыз­мет­керлерінің жалақысы өсе­тінін, мұның өзі жоғары білім­ді кадр тапшылығын жоюға септесетінін алға тартса, Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық ша­руа­шылық істері коми­тетінің төра­ғасы Мархабат Жайымбетов жеңілдікті заемдар арқылы жайлы баспанаға ие болу, оған қатысу құқықтары мен несиелер беру шарт­тарын, ауылдарға сапалы тір­ші­лік нәрін жеткізу, жолдарды қал­пына келтіру жайын алға тартты.

Былтыр облыста 12200 тұрақ­ты жұмыс орны пайда болды. Қабылданған шаралар еңбек на­рығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға төмендетуге ықпал етті. Биылдан бастап 144 мың солтүстікқазақстандықтың, оның ішінде 43 мың бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы молайды. Бес әлеуметтік бастама аясында 719 адам кәсіпкерлікке тартылды. 546 адамға 130 миллион теңгенің қайтарымсыз несиесі бөлінді. Кешенді жоспарға сәйкес 2021 жылға дейін 14 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 300 миллиард теңгенің 48 жобасы іске қосылады.

Киров атындағы зауытта қала, аудан әкімдерінің, ірі өнеркәсіп директорларының, бизнес, кәсіп­одақ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Премьер-Минис­тр­дің орынбасары қос тараптық еңбек қатынасын жандандыру, әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстау қажеттігін айрықша атап өтті.

 Әкімдікте өткен жиында «Мәң­гілік ел жастары – индус­трияға» бағдарламасының орындалу жайы талқыланды. Гүлшара Нау­шақызы еңбек күші тапшы, де­мографиялық ахуалы күрделі, бала туу көрсеткіші төмен те­ріскей аймақтарда ішкі-сыртқы көші-қон үдерісі, білікті маман­дар даярлау өзекті екенін, осы се­бепті еліміздің оңтүстік өңірлер­дегі жастарын оқытып, маман­дық алғаннан кейін осы жақта жұмысқа орналастыруды діт­тей­тін «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылдан қолға алынғанын, бағдарламаға қатысушыларға толық жағдай жасалғанын айтты. Бүгінде бес облыстан келген 1,5 мыңға жуық серпіндік жас облыста білімдерін жалғастыруда.

Үкімет басшысының орынбасары тиісті орындарға халыққа жасалатын әлеуметтік қолдауды бәсеңдетпеуді жүктеп, бірқатар міндеттер белгіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы