• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2019

Кененнің кемер белдігі

1808 рет
көрсетілді

Жақында халық ақыны, қазақ өнерінің көрнекті өкілі, биыл туғанына 135 жыл толып отырған Кенен Әзірбаевты ұлықтау мақсатында жыршының көзі тірісінде қолданған жәдігерлердің басын қосып, елорда төріндегі Ұлттық музейде көрме ұйымдастырылды.
Осылардың ішінде көпшілік назарын айырықша аударған бұйым – Кенен атамыздың кемер белдігі. Бұл жәдігер мұнда Жамбыл облысы Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей қорынан жеткізілген екен.  Кемер белдіктің тарихы тереңде көрінеді. Жыршы атамыздың ұрпағы Бақытжан Кененұлы­ның айтуына қарағанда, 1912 жылы қырғыз елінің атақты батыр манабы, патшадан шен алған Шәбден Жантайұлына ас беріліпті. Осыған байланысты Алатаудың теріскей қапталын жайлап жатқан иісі қазаққа сауын айтылады.  Мұндай жиынға ел жақсылары салып ұрып жетіп бармайды. Арысқа түсер жігіті мен айтысқа түсер ақынын сайлайды. Топты жарып ән шыр­қайтын бұлбұл үнді жыршыларын ертеді. Осы асқа Қордай елінің атақты адамы Еркебай Базаров өз елінің жас өрені Кененді апармаққа шешім қабылдап, оны шақырып алып астына жақсы ат мінгізеді, үстіне оқалы шапан кигізеді, қысқасы жасы отыздың жиегіне енді ілініп келе жатқан Кенекеңді жұтындырып асқа алып барады.  Қазақ музыка өнерінің зерттеушісі, көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты зерттеу еңбегінде: «Қойшы Кененнің бойын­дағы талантты өнерді таныған – Еркебай Базаров. Оның өзі де қыран құс, алғыр тазы ұстаған өнерпаз. Осы Еркебай қырғыз манабы Шәбденнің асына Кененді алып барады. Бұрын-соңды мұндай тойды көрмеген әрі атақты төкпе ақындардан кейін кезек алған Кенен екі дүркін ұмсынғанда аузына сөз түспей, өлең айта алмапты. Жиналған жұрт «Ер кезегі үшке дейін, тағы бір көрсін» деп шулайды. Сонда жас жігіт­тің кеудесінен өлең-жыр жарып шығып, «Көп­шілік, тыңда әнімді» дейтін жаңа толғауын орындап, сыйлыққа кемер белдік алыпты» деп жазады. Біз сөз етіп отырған жәдігер осы. Демек бұл мұраға да көп жыл болғаны анық. Жоғарыдағы Бақыт­жан ағамыздың сөзіне сенсек, кемер белдік­тің бес елі былғары қайысы тозғандықтан бертінде жаңаланыпты. Ал белдіктің мүйіз-гүлді, өрнекті бедерлі басы мен ілгегі өзінікі. Қайыс белдікті кемерлете көмкерген қос балғалы гүлді ою мен жиегі өркештенген қақпа пішіндес күміс бұйымдар тым әріден келе жатқан дүниелер екен.