• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2019

Жақсының аты өшпейді

2020 рет
көрсетілді

Дана халқы­мыздың «Ел­дің атын ер шығарар» деген ұлағатты сөзі бар, бі­лі­мімен ең­бегімен өшпес із, өлмес мұра қалдырған тұлғалар баршылық, солардың бірі Ақмола облысы Арықбалық ауданының төл тумасы, қоғам қайраткері, ҚазССР-нің Бас про­куроры – Ғалым Бәжімұлы Еле­месов биыл нау­рыз айында 90 жасқа толар еді.

 Ұзақ жылдар прокуратура са­ла­­сында жемісті қызмет істеген көр­­некті заңгер Ғалым Бәжімұлы Еле­месов еліміздің құқық қорғау, заң са­ласын нығайту ісіне сүбелі үлес қос­қан тұлғалардың бірі деу­ге болады. Әсіресе  республиканың құ­қық қорғау органдары жұмысын же­тіл­діруге, заңдылықты нығайтуға зор ең­бек сіңірді. Өзінің шебер ұйым­дас­тырушы екенін де көрсете білді.

Ғ.Елемесов отыз жылдан астам өмі­рінде білімін құқық қорғау органдарына, соның ішінде 15 жылдан астамын Көкшетау облысына арнады. Ол облыстық прокуратураның бөлім прокурорынан КСРО Жоғарғы Сотының мүшесі, Қазақ КСР  Жо­ғарғы Сотының төрағасы, Қазақ КСР Бас Прокурорына дейін кәсіби мансаптың барлық сатысынан абыроймен өтті.

Өзінің қағидаттылығымен, жо­ға­­ры борыш сезімімен және жауап­­­кер­­шілікпен, еңбекқорлығымен жә­не кәсібилігімен Ғ.Б.Елемесов қыз­мет­тегі әріптестерінің, республика аза­мат­тарының арасында шын құрмет пен беделге ие болды.

Оның басшылық етуімен респуб­ликаның прокуратура органдары алдында тұрған міндеттерді табанды және қағидатты шешіп, прокурорлық қадағалауды одан әрі жетілдіру, заң­дылық пен азаматтардың құқық­тарын қорғауды қамтамасыз ету бо­йын­ша ауқымды және тиімді жұмыс атқарды.

Ғ.Елемесовтің атына жазылған ал­ғыс хаттар бұған куә. Оларда Ғ.Еле­месов республика прокурату­ра­сына басшылық еткен кезеңде құқық қорғау органдарының өзара түсінушіліктің және іскерлік байла­ныстың құрылғаны айтылды.

Ғалым Бәжімұлымен бірге жұ­мыс жасаған азаматтар, ер жүрек, қайы­рымды, еңбекқор, адамгершілігі зор ерекше азамат ретінде білетіндерін ай­тып, естеріне алады.

Ғ.Елемесов прокуратурадағы қар­балас жұмысты да істей жүріп, ғы­лыми еңбекпен де жан-жақты ай­налысты. Заң ғылымына зор үлес қосып, осы бағытта көптеген көкей­кесті мақалалар жария­лады. Құ­қық тақырыбына екі монография жазып, жарыққа шығарды. 1974 жылы Мәскеуде криминология және қылмыстық құқық мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.

Ғ.Елемесов 1-сыныпты мем­лекет­­тік әділет кеңесшісі сыныптық ше­нінің, «Прокуратураның құрметті қыз­меткері» төс белгісінің және «Қазақ КРС-нің еңбек сіңірген заңгері» ата­ғының иегері.

Сонымен қатар, «Халықтар дос­тығы» орденімен және басқа да көпте­ген медальдармен марапатталған.

Заң ғылымдарының кандидаты, ғалым Ғ.Б.Елемесов Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесінің Х-ХІ шақырылым депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған.

Көкшетау қаласының бір көшесі Ғ.Елемесовтің құрметіне аталған, облыс прокуратурасында оның музейі жұмыс істейді.

Ғалым Елемесов жұбайы екеуі бір ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді.

«Жақсының аты өшпейді» дейді дана халқымыз. Аты аңызға айналған, ардақты ағамыз Ғ.Б.Елемесовтің есімі әр­қашан айтылып, өмір жолы бізге, ұрпақтарына, прокуратура орган­дарының жас мамандарына үлгі-өнеге болып қала бермек.

Тимур Тәшімбаев,

Ақмола облысының прокуроры