• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2019

«Көктем жұлдыздары» турнирі өтті

998 рет
көрсетілді

Қызылордадағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» атты ашық турнир өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры Мұрат Мұстафаев қатысты.

Сайысқа Өзбекстаннан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және облысымыздан мәнерлеп сырғанаушылар келген. Байрақты бәсекеде 8 команда, 150-ге жуық спортшы бақ сынасты.

– Мәнерлеп сырғанау – спорттың ең әдемі түрі. Бұл жерде нәзіктік, ерекше дарын, шеберлік қажет. Біздің елде аталған спорттың дамуына жағдай жасалған. Осы күні 50-ден аса жас өздерін Элизабеттің ізбасарлары санап, мәнерлеп сырғанауға машықтануда. Бүгінгі шара қатысушыларының көптігі осының айғағы, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Жарыстың ашылу салтанатында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мұз айдынына Элизабет шыққанда жұрт ерекше ықылас танытты. Қаршадай ғана қазақ қызының шығар биігі көп екендігіне тілектестіктерін білдірді.

Қызылорда облысы