• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Сәуір, 2019

Елорда мен Елбасы егіз ұғым

1254 рет
көрсетілді

Елордағы Назарбаев орталығы ғимаратында орналасқан Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында халықаралық Түркі академиясы және еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті бірлесіп шығарған «Түркі интеграциясының архитекторы» және «Елорда эпопеясы» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш шараға елімізге танымал қоғам қайраткерлері, отандық оқымысты ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік орган қызметкерлері мен ғылыми сарапшылар, студент жастар, сондай-ақ елімізде қызмет атқарып жүрген шетелдік  Төтенше және өкілетті елші мырзалар келіп қатысты.

Тұсаукесердің беташары ретінде көпшілік қауымға «Түркі интеграциясының архитекторы» атты деректі фильмі көрсетілді. Түркі интеграциясы – дегенміз түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымағы, саяси-әлеуметтік тұтастығы. Ал тарихы тұрғыдан тәпсірлейтін болсақ, өткен ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінің  түркі дүниесінің басын қосып, ел қылмаққа ниет еткен арманы. Жоғарыдағы фильмнен біз осыны аңғардық.

Одан кейін қос туындының мән-маңызы туралы сөз қозғаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Халқымыз «жақсы кітап – жан азығы» дегендей бүгін қос туындының тұсауы кесіліп отыр. Бұл кітаптардың келешек ұрпақ үшін маңызы зор. Ең алдымен «Түркі интеграциясының архитекторы» басылымына тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі түркі халықтарын өзара жақындастыруға жасаған ықпалы туралы мол мәлімет бар. Яғни Елбасының көшбасшылық қасиеттері мен маңызды қадамдарға барудағы даналық қыры толық ашылған. Мұнда жазылған дүние жүзіне танымал салмақты саясаткерлердің, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлері арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының зор қайраткерлігін аңғаруға болады. Ал «Елорда эпопиясы» кітабында қазақ бас шаһары жақында ғана атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгерген астанамыз жайлы көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жылы пікірлері топтастырылыпты. Елбасы «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздік тірегі» деп еді. Сол себепті елорда  тарихы таусылмас мұра. Бұл қос кітап әр үйдің төрінде тұрады деген үміт зор» дей отырып, туындыларды жарыққа шығарған екі ұжымға алғысын білдірді.  

Мәдени шараны ұйымдастырушы тарап өкілі халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, өзі басқарып отырған академия  соңғы үш жылдан бері түркітілдес мемлекеттерде әлеуметтік сауалнама жүргізгенін, осы зерттеулер нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің ең танымал тұлғасы ретінде танылғанын атап өтіп, қос туындының мазмұнына тоқталды.

 – «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабында түркі әлемінің саясаткерлері мен көшбасшылары Елбасы Нұрсұлан Назарбаев туралы пайым пікірлері мен сарабдал сараптамалары айтылса, екінші кітап «Елорда эпопиясында» өткен 2018 жылы елорданың 20 жылдығына орай ел газеті «Егеменде» жарқ көрген 280-нен астам мақала, сұхбат, сараптама, естеліктер топтастырылды, - деген Дархан Қуандықұлы, түркі жұртының тағдыры талқыға түскен келелі кездесулерге ұйытқы болған Елбасы Н.Назарбаев Түркі кеңесі, Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, халықаралық Түркі академиясы сияқты іргелі ұйымдардың құрылуына бастамашы болғанын, соның нәтижесінде 2010 жылы Түркістанда өткен жиында Түркияның сол кездегі президенті Абдолла Гүл Елбасының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің көшбасшысы» ретінде бағалағанын жеткізді. Сөзінің соңында Дархан мырза, қос туындының жарық көруіне  қолдау көрсеткен Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков пен министр Дәурен Әскербекұлына алғыс білдірді.

Осы орайда, бас қосу барысында өздерінің ой-пікірлерін білдірген жеке тұлғалар сөзіне құлақ түрсек:

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

 – Тұсауы кесіліп отырған қос туынды –  қазіргі елімізде болып жатқан саяси үдерістер кезіңіне қатысты аса қажет дүние. Елбасымыз тек тәуелсіз Қазақ елінің іргетасын қалаушы ғана емес, әлем қауымдастығы соның ішінде түркі дүниесінде іргелі істерге бастамашы болған тұлға. Ұлт Көшбасшысының толайым ісі аталмыш кітаптарда өте сәтті баяндалған. Өйткені, түркі әлемі Нұрсұлтан Әбішұлын өзінің Ақсақалы ретінде қабылдайды. Бұған бірден бір дәлел: әрқилы жағдайда жер шарында туындаған шинелістердің дұрыс шешілуіне Елбасының тұлғалық қасиеті ықпал етуде. Бұндай мысалдар өте көп. Сол себепті Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі қайраткерлігі әсіресе  «Түркі интеграциясының архитекторы» атты кітапта жан жақты көрсетілген. Екінші кітап «Елорда эпопиясына» келер болсақ, шын мәнінде қазіргі елордамыздың әрбір кірпіші Елбасының терімен қаланды. Аса қысқа уақытта қала саяси тараптан өте күрделі мәселелерді шешетін қуатты беделге ие болды. Атап айтқанда, Сирияда орын алған бүліншілік немесе Ресей мен Түркия арасындағы келіспеушілік сияқты халықаралық шинелісті оқиғалардың нүктесі елорда да қойылды.  

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының директоры:

 –  Халықаралық Түркі академиясы мен «Егемен Қазақстан» газеті бірлесіп шығарған қос кітаптың басты кейіпкері – тек еліміз ғана емес, әлем мойындаған кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туындыларда Ұлт Көшбасшысының көпқырлы қайраткерлігі екі бағытта толымды түрде жазылған. Соның біріншісі Елбасымыздың – барша түркі жұртын бір шаңырақ астына біріктіріп,  басын қосуға деген ерен еңбегін әйгілесе, екінші кітапта қазақ тарихында тұңғыш рет өз қалауымызбен астанамызды таңдап, аласапыран жылдары оны көшірудің машақаты мен жаңа жерге ел үмітін орнықтырудың аса қиын шаруасын атқарып шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының аңыз ерлігі баяндалады. Әлқиса, қазақтың даңғыл ақыны Мағжан Жұмабаев «Енші алып қалың түрік тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па» дегеніндей, «Түркі интеграциясының архитекторы» атты кітапта бірқатар мемлекет басшыларының, әлемге танымал саясаткерлер мен ғалымдардың  Елбасы туралы пайымды пікірлері, құнды ойлары топтастырылыпты. Сондай-ақ туынды түркі халықтарын туысқандыққа, бірлікке, ынтымаққа үндейтін өміршең рухани маңызға ие.

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

 – Адамзат тарихында ізгі істерімен елге танылған атақты халифа Харун Рашид өзі жаулаған елге «кітап салығы» дейтін пәтуа енгізген екен. Демек, бұл оқиға кітаптың адамзат өміріне қажеттілігінің дәлелі болса керек. Осы орайда, халқымыздың игілігіне орай жарық көріп отырған қос кітап көпшіліктің қуанышы. Әсіресе, күллі түркі дүниесін түгендеуші тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігіне «Түркі интеграциясының архитекторы» деп баға берілуі өте орынды әрі дұрыс таңдалған шешім. Аталмыш туындыны оқыған жанның мақтаныш сезімі оянары сөзсіз. Мұндағы әлем саясаткерлері тарапынан Елбасына берілген саяси сипаттамалар бүгінгі қазақ елінің жаңа келбетіне деген қызығушылықты аңғартады. Мәселен, түрік елінің басшысы Режеп Ердоған «түркі бірлігі жолындағы мәртебелі іске Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз» деп баға беруі зор абырой. Сөз соңында айтарым, қос кітап өз оқырмандарына жол тауып,  тарихтың өткені мен бүгінінен сыр шертетін қазына қатарына қосыларына сенемін.  

Жээнбек КУЛУБАЕВ,  Қырғызстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

 – Бүгін тұсауы кесіліп отырған қос туындының бірі – «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабында қазақ елінің Тұңғыш президенті жайлы толымды, саяси тұрғыдан шынайы сарапталған жазбалар топтастырылыпты. Туынды да дүние жүзінде танымал саяси сарапшылар мен ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесіне ықпалы және олардың гуманитарлық һәм мәдени жақтан бірігуіне, экономикалық-саяси тұрғыдан жақындасуына қосқан зор үлесін айтумен бірге, түркі мемлекеттерінің халықаралық аренада беделінің көтерілуіне сіңірген еңбегі жайлы кеңінен баяндапты. Аталмыш кітаптың бас кейіпкері Нұрсұлтан Әбішұлы түркі дүниесінің танымал тұлғалары –  Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирал, Гейдар Әлиев, Мінтемір Шаймиев т.б. қатарында тұрған қайраткер. Өйткені, Қазақстан Елбасы өте көреген, ғалымдық саясатты жетік меңгерген адам. Мысалы, тәуелсіздік жылдары ядролық қарудан бас тартуы, ұлтаралық тұрақтылық сақтау үшін Қазақстан халықтары  Ассамблеясын құруы, ел экономикасын  ілгерлету үшін шет ел инвесторларын кіргізуі тарихи құбылыс. Сол сияқты 20 жылдың ішінде дүниеге танымал шаһар тұрғызып, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласын құруы, осы аралықта жаңа буын кадр дайындап үлгеруі кез келген басшының қолынан келе бермейтін шаруа. Сонымен қатар, қазіргі таңда жоғары деңгейде дамып отырған қырғыз-қазақ қатынасының осындай дәргейге жетуіне де Нұрекеңнің еңбегі зор.