• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2019

Қостанайда Президент сайлауының ролі мен маңызы туралы отырыс өтті

954 рет
көрсетілді

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде өткен бұл басқосуға білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы, Қазақстан халқы ассамблеясы Қостанай облыстық филиалы хатшылығының өкілдері, өңірдегі жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты. Отырысты ашқан университет ректоры Алма Досжанова елімізде жүріп жатқан саяси өзгерістердің маңызы туралы айтты.

«9 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл саяси оқиғаның әр қазақстандық үшін маңызы зор. Тәуелсіздік жылдары Тұғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік қарқынды дамығанын бүкіл әлем біліп отыр. Ендігі жерде еліміздегі осы экономикалық даму ырғағы төмендемеу үшін, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарламау үшін, сыртқы ішкі саясат тұрақты болуы тиіс. Сол үшін халық көпке созбай елдің Президентін таңдап, сайлап алуы тиіс» деді Алма Іргебайқызы.

«Дөңгелек үстел» отырысындағы пікірлесуге қатысқандардың барлығы да еліміздегі саяси өзгерістерді, кезектен тыс президент сайлауының өтетінін жоғары бағалады. Мемлекет өзінің басшысын ашық, демократиялық негізде сайлап алуы саяси науқанның әр қазақстандықтан үлкен жауапкершілікті талап ететінін де ортаға салды. Ол үшін қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

«Азаматтық қоғамның міндеті не? Бір жағынан 9 маусымға белгіленген кезектен тыс президент сайлауын қолдайтындықтарын барлығы да айтып жатыр. Ал оған әркім өз үлесін қосуы тиіс, әңгіме сонда. Ол үшін 9 маусым күні сайлауға барлығымыз бір адамдай қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл елдің болашағы үшін қажет саяси міндет» деді университеттің Гуманитарлық-әлеуметтік факультеті заң мамандығы кафедрасының меңгерушісі Әлімжан Бекмағамбетов.

Басқосуда сөз алғандардың барлығы да мемлекеттің болашағына кепіл болатын осындай саяси науқан кезінде еліміздегі татулық, бірлік ғана сырт көз қызығатындай маңызды іске жұмылдыратынын айтты. Олар азаматтық қоғам мен жергілікті атқарушы биліктің бірлесуі, бірін бірі толықтыруы елімізде талай игі істердің атқарылуынан, осыған дейінгі президент сайлауларынан көрініс тапқанын да тілге тиек етті. Алдағы президент сайлауынан да жұдырықтай жұмылған бірліктің көрініс табатынына сенім білдірді.