Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:42
АЙШЫҚТЫ АТА ЗАҢ – АЗАТТЫҚ АЙҒАҒЫ
Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:42
АЙШЫҚТЫ АТА ЗАҢ – АЗАТТЫҚ АЙҒАҒЫ
Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
* * *
ЖАСАМПАЗ ҚҰЖАТ ҚУАТЫ
Республикалық референдумда мақұлданған, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз – Конституцияның қолданысқа енгеніне де, міне, 17 жыл толып отыр.
Қоғамдағы барлық саланың жарқын жаңаруына тікелей әсер ететін Ата Заңның қабылданған конституциялық моделі мен зор әлеуеті еліміздің дәйекті және қарқынды дамуының қуатты іргетасы және кепілі болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Және осы жылдардың ішінде Конституция прокуратураның мемлекеттік органдар жүйесіндегі орны мен рөлін нақтылы анықтап берді.
Егемен Қазақстанның прокуратурасының құрылу тарихына Қаақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің 1992 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заңның күшіне енуі бастау салған болатын. Осы заң арқылы прокуратура заңдардың орындалуына жоғары дәрежедегі қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган мәртебесіне ие болған еді. Осылайша 1994 жылы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары 1995 жылы қабылданған Конституцияда түбегейлі бекітілді.
Өз өкілеттіктерін Конституция мен республика заңдарына сәйкес іске асыратын прокуратура біртұтас мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен келісе жұмыс жасай отырып, оларға құқықтық әдістермен ықпал етеді және мемлекеттік тәртіптің қатаң сақталуын қадағалайды. Мұндай жауапты міндет барлық прокурорларға құқық пен Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғау тұрғысынан маңызды тапсырмаларды жүктейтіндігі анық.
Осы мақсатта ағымдағы жылдың тек бірінші жартыжылдығының өзінде әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлық қадағалау актілері бойынша 400 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарының қорғалғандығын тілге тиек етуге болады. Елбасы жария еткен «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Бірдей Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын іске асыру шеңберінде прокурорлар 100 мыңнан астам еңбеккерлердің құқықтарына араша түсіп, олардың 6 млрд. теңгені құрайтын жалақыларын өндіріп берді. 6500-ден астам кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Үкімет жасаған көптеген заң және нормативтік актілердің жобалары Бас прокуратурада келісуден өтеді. Бұл ретте, жобаны жасаушы мемлекеттік органдар прокуратураның ескертпелерінің басым бөлігін назарға алып отыратындығын да айтқан ләзім.
Парламентпен және Парламент депутаттарымен сындарлы өзара бірлесіп жұмыс істеу де жүйелі жолға қойылған.
Конституциялық іс жүргізудің тұрақты қатысушысы болып табылатын Бас прокуратураның жасаған қорытындылары заңнамалық актіні қарау, түсіндіру бойынша Конституциялық Кеңестің қаулыларын шығару кезінде көбіне ескеріліп отырады.
Ағымдағы жылы Премьер-Министрдің Конституцияның бірқатар баптарының нормаларын конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелесі бойынша ресми түсіндіру туралы сауалын қарастырған кезде Бас прокуратураның тікелей қатысуымен адамды «ұстау» ұғымы заңнамалық тұрғыдан айқындалып берілді. Азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының қорғалуына елеулі рөл атқаратын дәл осы ұғым Елбасының Қазақстан халқына қаңтар айындағы Жолдауын іске асыру шеңберінде Бас прокуратура әзірлеп жатқан жаңа Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық кодекстерде бекітілетін болады.
Аталған жобаларда айыптау қорытындысын жасау өкілеттігін прокурорға бере отырып, сотқа дейінгі тексеруден, қылмыстық істі қозғау ұғымынан, айып тағудан бас тарту сияқты қылмыстық процесте кепілдіктерді күшейте түсуге бағытталған нормалар көрініс тапты.
Қылмыстық процеске кінәні мойындау туралы мәміле енгізілуде, сондай-ақ соттардың істі қосымша тергеуге қайтару институты қылмыстық процестен алынып тасталады.
Осы ұсыныстарды іске асыру қылмыстық процесті түбегейлі түрде қайта құруға, оның жедел болуына, сондай-ақ сот төрелігінің іргелі негіздерін бұзбай, іс жүргізудің қажетсіз сатыларын алып тастауға ықпал етеді. Сонымен бірге, осы түзетулерді қабылдау азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына зор кепілдік береді.
Өзінің конституциялық мақсатын негізге ала отырып, прокуратура органдары қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау нысандары мен әдістерін жетілдіруге, рұқсат етілмеген тергеу мен анықтау әдістерін қолданудың әрбір фактісіне ден қоюға тұрақты көңіл бөліп отырады. Кезекші прокурорлар институтының енгізілуі мен электронды қадағалау жүйесінің іске қосылуы ағымдағы жылы қызметтік орындарда заңсыз ұсталған азаматтар санының 16 пайызға төмендеуіне әсер етті.
Кез келген құқық қорғау органдары сияқты, құқық бұзушылықтың алдын алу мен оған жол бермеу шаралары прокуратура үшін де басым міндет болып табылады. Осыған байланысты, қылмыстың алдын алу мақсатындағы үйлестіру функциясының тиімділігін арттыру шаралары қабылдануда. Құқық қорғау органдары өзара бірлесе отырып ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда.
Прокурорлардың қылмысқа қарсы күрес жүргізуі мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қылмыстық процесте қорғау мәселесі бойынша қылмыстық қудалау органдарымен бірлесіп қабылдаған шараларының арқасында азаматтардан түскен жасалған қылмыстар туралы барлық шағымдары мен арыздарын тіркеуге қол жетті. Осы арқылы қылмыстың алдын алу және оған қарсы тұру жөнінде кешенді шаралар әзірлеу үшін еліміздегі қылмыстық ахуалды анықтау мүмкін болады.
Сотта мемлекеттің мүддесін қорғау сияқты конституциялық функцияны іске асыру мақсатында прокурорлардың алдында негізгі басымдықтар ретінде мемлекеттік айыптауды қолдану сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын, сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді, елдің экономикалық қауіпсіздігін қорғау айқындалған.
Бүгінгі таңда қоғамда үлкен пікірталас тудырған қылмыстық істер бойынша тергеу және оған сотта мемлекеттік айып тағу жұмыстары ойдағыдай мәресіне жеткізілді. Жаңаөзенде болған оқиғалар, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Тараз қалаларында орын алған терроризм мен діни экстремизм актілері бойынша сот ісін жүргізу аяқталды. Жүйе құраушы банктердің активтерін заңсыз шығару деректері бойынша кінәлі адамдар сотталды. Сонымен бірге аса ірі мөлшерде парақорлық туралы істер бойынша үкімдер шығарылды.
Жалпы, прокуратура өзінің конституциялық маңызын терең сезіне отырып, бар күшін елімізде заңдылық кепілдіктерін қамтамасыз етуге, жеке адам мен қоғамның құқықтарын сенімді қорғауға жұмсайтынын атап өткім келеді. Прокуратура органдары Конституцияның салтанат құруы мен үстем болуына, оның шексіз әлеуетінің барынша ашылуына және құқықтық мемлекет мұратына жетуге бар күш-жігерін жұмсайтын болады.
Асхат ДАУЫЛБАЕВ,
Бас прокурор.