• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2012

Еркін елдің ертеңі нұрлы

388 рет
көрсетілді

Еркін елдің ертеңі нұрлы

Жұма, 31 тамыз 2012 7:45

Тәуелсіздік туралы ой қай кезде пайда болды десек, алғашқы қауымдық құрылыстың аяқталып, құлдық дәуірдің басталуымен тұспа-тұс-ау деп шамалайсың. Өйткені, Марк Тулий Цицерон деген ойшыл нақ осы кезеңде «Біз тәуелсіз болуымыз үшін заңның құлына айналуымыз керек» деген екен.

 

Жұма, 31 тамыз 2012 7:45

Тәуелсіздік туралы ой қай кезде пайда болды десек, алғашқы қауымдық құрылыстың аяқталып, құлдық дәуірдің басталуымен тұспа-тұс-ау деп шамалайсың. Өйткені, Марк Тулий Цицерон деген ойшыл нақ осы кезеңде «Біз тәуелсіз болуымыз үшін заңның құлына айналуымыз керек» деген екен.

Әрине, жеке тұлғаның қоғамдағы орнын белгілеп, мем­ле­кет­тің толық құқылы азаматы ретіндегі мәртебесінің мойындалуына дейін адамзат талай дәуірді артқа тастады. Сөйтіп, адамның құқ­ық­тық санасының қалыптасуы ғасырларға жүк болғанын тарих­тың өзі дәлелдеп отыр. Сол жолда жаңа көзқарастар бірін-бірі жетелеп, біріне-бірі күш беріп, заманаларды жаңартумен болды. Осы ұмтылысында адам баласы небір бейнетті жолдан өтті: адас­ты да, қырылды, жойылды, сосын қайта түледі. Осылай адам­заттың бе­л­гілі бір заңдылықтарға бағынғанда ғана нағыз қоғам құра ала­тын­дығына көз жеткізілді.

Ағылшын ойшылы, конституциялық демократияның базалық идея­ларын қалыптастырушылардың бірі Джон Локктың тұжы­ры­мы бойынша «Заң жоқ жерде, еркіндік те жоқ». Кез келген жеке тұлғаның тәуелсіздік алған күннен бастап, «Енді қандай міндетті мойныма алуым керек немесе қандай мақсат көздеуім керек немесе не істеуім керек?» дегендей ойлардың жетегіне ерері сөзсіз. «Ойыма не келсе, соны істеймін бе?» деген ойдың да қыл­аң берері анық. Осындайда адамның өзінің шексіз еркін емес екен­дігін де санасынан өткізуі маңызды. Адамға керегі – шексіз ер­кіндік емес, белгілі бір реттіліктерге бағынатын, қоғамның әр мүшесінің мақсаттары мен міндеттері айқындалған орта. Ондай ортаны мүмкін ететін – Ата Заң. Ата Заң – құқықтың негізгі қай­нар көзі. Ата Заңда күллі құқық жүйесінің бастаулары шоғыр­ла­на­ды және оның талаптарын қатаң сақтау баршаның ең басты парызы болып табылады.

Конституциямыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көр­се­тіл­ген. Және «Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» деп жалғасады осы бап. Осындай құқық беретін Ата Заңның жолымен жүргенде ғана кез келген халық, оның ішіндегі жеке тұлға өзін ерікті сезіне алады. Ал ерікті адам қоғамдық ойдың озық болуына да ықпал етеді. Адам бойындағы ерекше қабілеттілік, дарындылық, ой тереңдігі оның бостандығының арқасында ғана қанатын кеңге жая алады.

Біз тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай өзіміздің Ата Заңы­мыз­ды қабылдадық. Мұндағы негізгі мақсат –қазақ­стан­дық­тар­дың достық, бауырластық қарым-қатынасын орнықтырып, ежелден келе жатқан ізгі дәстүрлерімізді сақтап қалу. Сол міндеттердің ішіндегі ең қасиеттісі – азаматтарымыздың бойында отан­сүй­гіш­тік қасиетті қалыптастыру десек, қателеспейміз. Тағы бір аса маң­ыз­ды міндет – әрбір Қазақстан азаматының орта білім алуға мін­деттілігі. Білім алуға міндетті болудың арғы жағында біздің мем­лекетіміздің әрбір азаматының саналы да ойлы, көзі ашық, жақсы мен жаманды салмақтай білетін, ұлы бәсекелестіктер дәуірінде қиындықтардан қаймықпайтындай болып қалыптасуына мүм­кін­дік жасау қағидасы жатыр.

Ата Заңға сүйене отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикамызды дамытып, демократияны орнықтыруға күш сал­дық, өндірістік қатынастарды реформалап, нарықтық эконо­ми­каға өтуді жеделдетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінді. Әлемдік қауымдастыққа кірігіп, дамыған мем­лекеттермен тең дәрежеде тұра алатын жағдайға жеттік.

Біз – бостандық жолындағы талай күрестерде шыңдалған, рухын түсірмеген ұлтпыз. Сол ерлік рухының бұдан әрі қарай да ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасып, Отанымыздың іргесінің нығая тү­суі­не ықпал ету қажеттігі де Ата Заңымызда атап көрсетілген. Ал бұл мақсатты жүзеге асыруда халықтың бірлігінің аса маңызды рөл атқаратындығы түсінікті. Сондықтан да біздің Консти­ту­ция­мыз­дың 3-бабында «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық» делінген. Халықтың тұтастығы, өзара сыйластық, басқа мем­лекеттермен достық қарым-қатынас орната алу, экономи­ка­ның дамуы, жоғары мәдениеттілікке қол жеткізу – осының бәрі де тек қана халықтың ауызбірлігі арқылы жүзеге асырылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы халыққа Жолдауында «Біз­ге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады», деп көрсеткен еді. Біз қазір әрбір азаматтың құқықтық санасы жоғары сауаттылықпен қалыптасқан, әркім өзінің жауап­керші­лігін терең сезінетін қоғам құрдық және оны әрі қарай дамыту үстіндеміз. Өз құқығымызды жақсы білу арқылы қоғамдық тәртіп пен әлеу­мет­тік қарым-қатынастарда Ата Заңның қағидаттарының сақталуын әрқайсымыз қатаң қадағалайтын жауапкершілікті де мойнымызға алдық.

Соның арқасында Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылып үлгерді. Жаһандық мәселелерді қарастырған, халық­ара­лық деңгейдегі аса маңызды құжаттар қабылданған талай алқалы жиын­дардың біздің Астанамыздың төрінде өткендігіне әлем куә болды.

Өткен жылдың соңында Астана форумы аясында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа G-Global жобасын ұсынды. Бұл жоба бүгінгі таңда көп қырлы әлемді бірік­ті­ру­ші идеялардың біріне айналуда. Жобаға жаһандық қауым­дас­тық­тың саясаткерлері, экономистері мен сарапшылары дереу үн қосты. Ресей экономистері мен сарапшылары бүгінгідей ауыр дағдарыс жағдайында әлемдік экономиканың кез келген ойыншысы еркін қа­ты­са алатын жаңа G-Global пішініне сенім зор екендігін біл­діруде. Өйткені, ол бүгінгі таңдағы ең өзекті деген инновациялық дамудың, ядролық және экологиялық қауіпсіздіктің, этносаралық және дін­ара­лық толеранттылықтың, геосаясаттың және басқа да толғақ­ты мәселелерді талқылау алаңына айналып отыр.

Қай мемлекеттің болсын басшысының сөзіне әлемдік сарап­шы­лардың құлақ түруі – бұл сол мемлекеттің халықаралық дең­гейдегі әлеуетін мойындайтындықтың белгісі болып табылады. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі ең жас әрі ең артта қалған мем­ле­кет­тердің қатарында жүрген Қазақстанның аз ғана уақыт ара­лы­ғында жеткен жетістіктері осындай. Мұның барлығы да Ата Заңның қағи­дат­та­рын басшылыққа алып және оны қатаң сақтай отырып қол жет­кіз­ген табыстарымыз екенін сезінудің өзі зор бақыт!

Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты.