Сенбі, 20 қазан 2012 8:30
Полиция қызметіндегі ең басты тиімділік қылмысты әбден жасап қойған бұзақыны ұстауға аттандап шабу емес, сол жасалар қылмыстың алдын алу, яғни оны болдырмау. Мұндай міндет биігінен табылған сақшылардың мерейі қашанда үстем екендігі ақиқат. Алайда, қазіргі полиция қызметкерлері мұндай талап биігінен көріне алуда ма? Қай мәліметке көз салсаңыз да кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық етек алған. Мұндай аса ауыр қылмыстар орын алғаннан кейін оның салдарын іздеп әлектенгеннен өкініштің орны тола ма? Ендеше, біле білсек, ең алдымен қылмыстың алдын алудан асқан арқау жоқ.
Сенбі, 20 қазан 2012 8:30
Полиция қызметіндегі ең басты тиімділік қылмысты әбден жасап қойған бұзақыны ұстауға аттандап шабу емес, сол жасалар қылмыстың алдын алу, яғни оны болдырмау. Мұндай міндет биігінен табылған сақшылардың мерейі қашанда үстем екендігі ақиқат. Алайда, қазіргі полиция қызметкерлері мұндай талап биігінен көріне алуда ма? Қай мәліметке көз салсаңыз да кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық етек алған. Мұндай аса ауыр қылмыстар орын алғаннан кейін оның салдарын іздеп әлектенгеннен өкініштің орны тола ма? Ендеше, біле білсек, ең алдымен қылмыстың алдын алудан асқан арқау жоқ.
Содан осындай талапқа жауап беретін полиция қызметкері Астана қаласында бар ма екен деп хабарласқанбыз. Ол анау-мынау емес, тұрғындары арасында тәртібі қиын, яғни заңға оңайлықпен мойынсұна қоймайтын адамдар қоныс тепкен жерде міндетін атқарса дұрыс дедік. Естуімізше қаланың «Еуразия» базары жақта бұрын сотталып келгендер, маскүнемдер, нашақорлар мен жалпы отбасының шырқын бұзуға дағдыланғандар тұратын көрінеді. Соған сәйкес қаланың «Орбита» деп аталып кеткен аймағында Алматы аудандық ІІД-ге қарасты №5 учаскелік полиция бөлімшесі бар болса, онда осы аймақтағы №34 әкімшілік бөліністегі тәртіпке жауап беретін полиция капитаны Азамат Садықов деген өз ісін жетік меңгерген учаскелік инспектор де бар екен.
Біз оған үйреншікті әдетпен қандай аса ауыр қылмыс жасаған қанша қандыбалақ қылмыскерлерді ұстадың немесе ел-жұрттың құтын қашырып жүрген небір атышулы қарақшыларды құрықтадың деп сұрағымызды төтесінен қойдық. Сөйтсек, кейіпкеріміз сәл езу тартып, ондайлар бізде болмайды дейді. Себебі, ондай деңгейдегі қылмысқа жол бермейміз, яғни жеткізбейміз. Анда-мұнда орын алып жатқан сондай ауыр қылмыстардың өзімізде қайталанбауы үшін жағдайдың алдын ала алдын орап үлгереміз. Ол үшін деп, капитан А.Садықов әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Ол өзінің бақылауындағы шағын ауданда қандай, яғни кімдер тұратынын жақсы біледі екен. Әсіресе, тізімге алынған жандармен ерекше жұмыс жүргізеді. Осындай жұмыстар арқылы ол ауыр қылмыстарға жол бермейді. Қай отбасында кикілжің арты кісі өліміне соқтыруы ғажап екенін де есте ұстайды. Соған сай тәрбие жұмыстары мен алдын алу шараларын үздіксіз жүргізген соң тынымсыз еңбек жемісін де беріп отыр. Қылмыс жасауға бейім жандар өздерінің үнемі бақылауда екенін түсінген соң, аяқтарын тартатыны да анық. Ал көз алдарында күлімдеп қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың сақталуын қадағалап жүрген өздеріне таныс учаскелік полиция инспекторын көрген үлкендер де, жастар да қауіпсіздік пен сенімділіктің қымбат екенін ұғына түсетін секілді.
А.Садықов №5 полиция бөлімшесінде табаны күректей жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол күнде ертеңгісін ең әуелі азаматтардан түскен арыздар мен өтініштерді қарап шығады. Осы арыз-шағымдарды әбден саралап алған соң бірден шара қолдануға кіріседі. Қайсыбір арыздардың ізін суытпай түске дейін немесе түс ауа, әйтеуір кешке дейін азаматтардың өтініштерін орындау үшін белгілі бір шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді. Ол шаралар, мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру, отбасылық кикілжіңдер мәселесін шешу, тиісті іс қағаздарын сотқа жөнелту, өзіне бекітілген аймақты аралау, тіпті әр пәтерге бас сұғып, онда кімдер тұрады, қалай тұрады дегендей жағдайды білу.
Осындай күнделікті шаралардың арқасында мұның қарайтын әкімшілік ауданында ауыр қылмыстар жасалып көрген жоқ. Лайым солай бола берсін. Ал кісі тонау, алаяқтық секілді қылмыстар күнделікті ізі суымай ашылуда. Бұған, әрине, №5 полиция учаскесі бөлімшесінің басшысы капитан Е.Ысқақовтың да қосып жатқан өзіндік үлесі бар екені сөзсіз. Ерсайынның өзі Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданынан екен. Еліміздің еңселі елордасында ерекше еңбек етіп жүргенін мақтан тұтады. Сол үздіксіз еңбектің арқасында ол бақылау жасайтын аймақта тыныштық пен қауіпсіздік жайлаған. Бұл да болса бүгінгі бейбіт күннің батырларына тән ең абзал іс екені сөзсіз.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».