• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

5 МЕДАЛЬМЕН ОРАЛДЫ

773 рет
көрсетілді

Германияның Франкфурт қаласында бокстан жастар арасындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. Лондонда 2012 жылы өтетін Олимпиаданы межелеген осынау бәсекеге қатысқан 17 елдің үміт үкілеген ұландары арасында біздің боксшылар 3 алтын және 2 күміс медальға ие болды. Бұл турнирге өмірден ерте озған талант иесі Бекзат Саттарханов бастаған, кейін де осал түсе қоймаған өзге беделді боксшыларымыз жалғас­тыр­ған, аса жеңіл салмақтағы жеңістеріміз мұнда да үзілмеді. 48 кило салмақта Алматы бокс мектебінің түлегі Әнуар Мұс­та­фаев алтыннан алқа тақты. Бір жақ­сысы, бокс­шы­ларымыз жеңіл және орта сал­мақ­т­арда тұрақты түрде үздік нәтижелерге жетіп жүр. Мұны осы турнирдегі біздің қоржынымызға түс­кен қарағандылық Руслан Мәдиевтің (54 кг) алтыны да айқын дәлелдейді. Қазақ боксшыларының Германия жеріндегі ал­тыны бұнымен шектеліп қалмады. 81 кило сал­мақта Арбек Әбдіғаниев (Тараз) неміс шаршы алаңында шеберлік танытып үшінші алтынды жеңіп алды. Оның бұл жеңісі, біздің бұған дейінгі ауыр салмақтағы бірқатар беделді боксшыларымыз жасына қарай рингтен кетуінен қоңылтақсып қалған көңілімізді бір демдеген ұтысқа айналды. Астаналық Нұрлан Әбжановтың (51 кг) күміс медалі де қуанышты оқиға дер едік. Ал 69 кило салмақта тағы бір күмісті жеңіп алған Алматы облысының түлегі Жәнібек Әлімханұлы табысы, сөз жоқ, жалпыкомандалық жетістікті еселей түсті. Жас боксшыларымыздың Германияда жеткен үздік табыстары Қазақстан бокс федерациясының былтырғы жыл қорытындысындағы, айтарлықтай деңгейдегі нашар көрсеткіштерден, ашық атап көр­се­тілген кемшіліктерден мамандарымыздың оңды са­бақ алғандарын да айқындаса керек. Жас­өс­пірімдеріміз бен жастар арасында қазірдің өзінде, жас­тығына қарамастан, байыпты да кәнігі бокс өне­рін көрсетіп жүрген жігіттер жеткілікті. Біз дәл қазір Сингапурде өтетін І Жастар олимпиялық ой­ын­дарына асқан ыждағаттылықпен дайындық жа­сау­дамыз. Ал бұл турнир жас боксшыларымыздың сол басты бәсекелерге дайын­дықтарының нақ биік дең­гейіне жеткен күйде болуына жасалар басты сай­ыс­т­арымыздың бірі деп бағалап отырмыз, – дейді Қазақстан жастар құра­ма­сы­ның аға бапкері Назар Ілиясов. Дастан КЕНЖАЛИН