Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жәйлі жан-жақты әңгіме болды.
Жолдаудағы тапсырмаларға сәйкес әзірленген Үкіметтің бес жылға арналған жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың нақты жолдары айқындалып, жүйелі жұмыстар басталып та кетті. Дерек көздерінен белгілі болғанындай, біздің облыс барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан облыста алдағы уақытта осы қарқынды бәсеңдетпеуді көздеген іс-қимыл өрістейді деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова республикалық “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша Ақтөбе өңірінде атқарылатын шаруаларды жан-жақты таратып әңгімелей келіп, олардың бірқатарына ерекше тоқталды. Оның мәлімдеуінше, Қазақстанның индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан 28 жоба ұсынылған. Индустрияландыру картасы аясында облыстың экономикалық дамуына елеулі қосып келе жатқан Дөң кен байыту комбинатында “SBS Steel” ЖШС-нің бөлшектелген шойын өндіретін металлургиялық зауытын пайдалануға беру, “Ақтөбе мыс компаниясына” қарасты мыс және мырышы бар рудалар кен орындарын кешенді игеру,“ҚазхромТҰК”АҚ-тың ферроқорыту зауытының №4 цехын іске қосу көзделуде. Осындай ірі жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 2015 жылға қарай металл өнімдерін өндіру 5 есе, химия өнеркәсібінің өнімі де осыншама есе артатын болады. 2015 жылға дейін облыста құны 5,3 миллиард доллар болатын жүзден астам нысан пайдалануға берілмек. Биылдың өзінде құны 1,1 миллиард долларға тең 43 жаңа нысан іске қосылады.
Облыста құрылыс индустриясын дамытуға бағыт ұсталуда. Қазір алыс-жақын шетелдерден әкелініп жүрген құрылыс материалдарын өзімізде шығарудың алғышарттары жасалуда. Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың айтуынша, алда кәсіпкерлікке басымдық беріледі, инновациялық технология да осы салаға кеңірек енгізіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко Ақтөбе облысының инженерлік инфрақұрылымдық дамуы туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы мен облыстың сегіз ауданына қарасты елу елді мекеннің 400 мың тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Биыл 19 елді мекенге газ барады, ол үшін республикалық бюджеттен 2,3 миллиард, жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаралған. 2011 жылы Байғанин және Қобда аудандарының орталығына жүргізіліп жатқан газ құбырының құрылысы аяқталады. 2011-2015 жылдары тағы да 77 елді мекенге газ құбыры тартылады деп жоспарлануда.
2002-2009 жылдары 71 елді мекен таза сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша биыл 22 жоба жүзеге асырылмақ, ол үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ал 2011-2015 жылдары 66 жобаны жүзеге асыруға бағытталатын қаржы көлемі 15 миллиард теңгені құрайды. Міне, ауылдықтардың “бас ауруына” айналған ауыз су мәселесін шешудің қайтарымды қадамдары осындай. Александр Дубовенко облыстағы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да тоқталды.
Облыстағы индустрияландыру картасының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысқан Елеусін Сағындықов басқармалар мен департамент басшыларына, іс басындағы лауазымды тұлғаларға әр жобаның техникалық-экономикалық негіздемелерін жасаудан бастап толық аяқталғанға дейінгі жұмыстың сапалы және мерзімінде орындалуына жауапкершіліктің қатаң сұралатынын қадап айтты. Елбасы Жолдауындағы айтылған тапсырмаларды жүзеге асырудың басталып кеткенін, ал бұл міндеттің үдесінен абыроймен көрінуге өңірде мүмкіндіктер мол екенін жеткізді. Сондықтан алда әркімнің бел шешпей жұмыс істеуге дағдылануы қажет.
Елеусін Наурызбайұлы мәжілісті қорытындылай келе, алдағы күндердің үлкен істерден үміттендіретінін мәлім етті. Облыстың өзіндік ілгерілеу жолы айқындалғанына нақты мысалдар келтірді. Күні ертең жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың қайсысы қаншалықты табыс әкелетінін, қанша жұмыс орындары ашылатынын дәйекті дәлелдеді. Сондықтан осы бастан кәсіби шеберлігі жоғары жұмысшы мамандарға сұраныс болатынын ескеруді, мұны қазірден қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Ертеңгі күндердің еншісіндегі шаруалардың бүгіннен бастау алатынына баса назар аударды.
Ақтөбе облысы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.