• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – МЕЖЕДЕН ШЫҒУ КЕПІЛІ

707 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жәйлі жан-жақты әңгіме болды. Жолдаудағы тапсырмаларға сәй­­кес әзірленген Үкіметтің бес жылға арналған жеделдетілген индустрия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын жүзеге асырудың нақты жолдары айқындалып, жүйе­лі жұ­мыс­тар басталып та кетті. Де­рек көз­дерінен белгілі болғанын­дай, біздің облыс барлық сала бой­ын­ша қар­қынды дамып келе жа­тыр. Сон­дықтан облыста алдағы уа­қытта осы қарқынды бәсеңдетпеуді көздеген іс-қимыл өрістейді деп күтілуде. Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова республикалық “Биз­нестің жол картасы” бағдар­ламасы бойынша Ақтөбе өңірінде атқарылатын шаруаларды жан-жақты таратып әңгімелей келіп, олар­дың бірқатарына ерекше тоқ­талды. Оның мәлімдеуінше, Қазақ­станның индустрияландыру карта­сы­на Ақтөбе облысынан 28 жоба ұсынылған. Индустрияландыру кар­тасы аясында облыстың эко­но­ми­калық дамуына елеулі қосып келе жатқан Дөң кен байыту ком­би­натында “SBS Steel” ЖШС-нің бөлшектелген шойын өндіретін ме­таллургиялық зауытын пайдалануға беру, “Ақтөбе мыс компаниясына” қарасты мыс және мырышы бар ру­далар кен орындарын кешенді игеру,“ҚазхромТҰК”АҚ-тың фер­роқорыту зауытының №4 цехын іс­ке қосу көзделуде. Осындай ірі жо­баларды жүзеге асырудың нәти­же­сінде 2015 жылға қарай металл өнім­дерін өндіру 5 есе, химия өнер­кәсібінің өнімі де осыншама есе артатын болады. 2015 жылға дейін облыста құны 5,3 миллиард дол­лар болатын жүзден астам ны­сан пайдалануға берілмек. Биыл­дың өзінде құны 1,1 миллиард дол­ларға тең 43 жаңа нысан іске қо­сылады. Облыста құрылыс индустрия­сын дамытуға бағыт ұсталуда. Қазір алыс-жақын шетелдерден әкелініп жүрген құрылыс материалдарын өзімізде шығарудың алғышарттары жасалуда. Облыс әкімінің орын­ба­сары Роза Кемалованың айтуынша, алда кәсіпкерлікке басымдық беріледі, инновациялық технология да осы салаға кеңірек енгізіледі. Облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко Ақтөбе об­лысының инженерлік инфрақұры­лы­мдық дамуы туралы хабарлама жа­сады. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы мен облыстың сегіз ауда­ны­на қа­рас­ты елу елді мекеннің 400 мың тұр­ғыны көгілдір отынның игі­лігін көріп отыр. Биыл 19 елді мекенге газ барады, ол үшін рес­публикалық бюджеттен 2,3 мил­лиард, жергілікті бюджеттен 1,6 мил­лиард теңге қа­ралған. 2011 жылы Байғанин және Қобда аудан­дарының орталығына жүргізіліп жатқан газ құбырының құ­рылысы аяқталады. 2011-2015 жыл­дары тағы да 77 елді мекенге газ құбыры тартылады деп жоспар­лануда. 2002-2009 жылдары 71 елді ме­кен таза сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етіліпті. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарлама­сы бойынша биыл 22 жоба жүзеге асырылмақ, ол үшін 2 миллиард тең­геден астам қаржы бөлінбек. Ал 2011-2015 жылдары 66 жобаны жү­зеге асыруға бағытталатын қаржы кө­лемі 15 миллиард теңгені құ­рай­ды. Міне, ауылдықтардың “бас ау­руына” айналған ауыз су мәселесін шешудің қайтарымды қадамдары осындай. Александр Дубовенко облыстағы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да тоқталды. Облыстағы индустрияландыру картасының аясында жүргізіліп жат­қан жұмыстармен егжей-тег­жей­лі танысқан Елеусін Сағын­дықов басқармалар мен депар­та­мент басшыларына, іс басындағы лауазымды тұлғаларға әр жобаның техникалық-экономикалық негізде­ме­лерін жасаудан бастап толық аяқ­талғанға дейінгі жұмыстың са­палы және мерзімінде орын­да­луы­на жауапкершіліктің қатаң сұра­ла­тынын қадап айтты. Елбасы Жол­дауындағы айтылған тапсырмалар­ды жүзеге асырудың басталып кеткенін, ал бұл міндеттің үдесінен абыроймен көрінуге өңірде мүм­кіндіктер мол екенін жеткізді. Сон­дықтан алда әркімнің бел шешпей жұмыс істеуге дағдылануы қажет. Елеусін Наурызбайұлы мәжі­ліс­ті қорытындылай келе, алдағы күн­дердің үлкен істерден үміттен­діретінін мәлім етті. Облыстың өзіндік ілгерілеу жолы айқындал­ға­нына нақты мысалдар келтірді. Күні ертең жүзеге асырылатын ин­дустриялық-инновациялық жоба­лардың қайсысы қаншалықты та­быс әкелетінін, қанша жұмыс орындары ашылатынын дәйекті дәлелдеді. Сондықтан осы бастан кәсіби шеберлігі жоғары жұмысшы мамандарға сұраныс болатынын ескеруді, мұны қазірден қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Ертеңгі күндердің еншісіндегі шаруалардың бүгіннен бастау алатынына баса назар аударды. Ақтөбе облысы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ.