• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2012

Әні әлі күнге құлағымда

503 рет
көрсетілді

Әні әлі күнге құлағымда

Сенбі, 28 шілде 2012 7:23

Таң шолпандай жарқырап өткен тамаша талант туралы жүректен шыққан жылы сөз жазуыма журналист Дәулет Сейсенұлының осы жылғы 12 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ән-домбыраның оралуы» атты ой-толғауы түрткі болды. Қасиеті асқақ жақсы жанның отырып кеткен орнының өзі айтып жүрер аңызға айналып, ел жүрегінде ұмытылмай сақтала бермек деседі ғой.

Сенбі, 28 шілде 2012 7:23

Таң шолпандай жарқырап өткен тамаша талант туралы жүректен шыққан жылы сөз жазуыма журналист Дәулет Сейсенұлының осы жылғы 12 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ән-домбыраның оралуы» атты ой-толғауы түрткі болды. Қасиеті асқақ жақсы жанның отырып кеткен орнының өзі айтып жүрер аңызға айналып, ел жүрегінде ұмытылмай сақтала бермек деседі ғой.

Қазақтың қара домбырасы қазақтың өзінен де бұрын жаратылып, сан ғасырлар бойы ел еркелері еркін өсіп, еркін көсілген сайын даламызды асқақ ән мен арынды әуенге бөлеп келе жатқан жоқ па! Сол домбыра сөйлете білетін хас шебердің қолына тисе, екі ішегінен сазды сарын төгілтіп, әр пернесі томаға сыпырып күй-домбыра, ән-домбыра болып кетеді екен. Біржан сал, Ақан сері, Әмірелерден қалған ән-домбыраның бертін келе жалғаса дамып, ән өнерінің жарқ етіп бір туар жарық жұлдызы, қаламынан сыр саулаған жазушы әрі білікті өнер зерттеушісі Жәнібек Кәрменовтің ән-домбырасы атануы да, аса құнды жәдігер ретінде Абай мұражайынан орын алуы да орайы келген орынды іс болғанына шын сүйсініп қуанғандардың бірі екенімді несіне жасырайын. Өйткені мен Жәнібекті өте жақсы білген, үйінде болып, қолынан дәм татқан адамдардың бірімін. Оның мынадай тарихы бар. Мен ол кезде Көкшетау облысының Қызылту ауданында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы) редактор болып қызмет істеуші едім. Сол ауданға белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев келіншегі Гүлбаршын екеуі қыдырып келе қалды. Қоғабай бұл ауданға күйеу болатын. Қалың Қызылту төркіндеп келген қыздары Гүлбаршын мен күйеу балалары Қоғабайды құшақ жая қарсы алды. Бір үйден соң бір үй кезектесе таласып қонақ қылады. Еңбек демалысын алып әдейі келген бұл екеуі Қызылтуда айға жуық болды-ау деймін. Сондай мәжілістердің кезінде Қоғабаймен жақын танысып, онымен сырлас болудың сәті түскені бар. Бірде Қоғабайдың, «өзіңіз журналист екенсіз, шығармашылық қырыңыз қалай?»  деген сұрағына орай әңгіме жазатынымды, көбінесе сықақ жағын қаузайтынымды айтып қалдым. Кейбір сықақ әңгіме, фельетондарымның республикалық «Ара» журналында жарияланғанын өзі де көріпті.– Сықақ әңгімелеріңіздің бас-аяғын жинастырып Алматыға алып келіңіз, мүмкін жеке кітап етіп шығарудың сәті түсіп қалар, – деп кеңес берді. – Түсетін танысыңыз болмаса, оған да қам жемеңіз, біздің үйде жатасыз.Қоғабай уәдеде тұратын және қолынан іс келетін жігіт екен. Сықақ әңгімелерімді жинастырып қапқа салып арқалағандай қылып алып келген мені үйіне түсіріп, аз уақыттың ішінде мәселенің оң шешімін тауып берді. Жазғандарымның ішінен тәуір дегендерін іріктеп алып, болашақ жинағымның жобасын жасады. Кітапқа «Құлақтың қырсығы» деп ат қойып, оған Қоғабайдың сұрауы бойынша атақты сатирик жазушы Садықбек Адамбеков ағамыз рецензия жазды. Ол кісі кейбір кемшіліктерін көрсете келіп, соларын түзегеннен кейін баспаға ұсынуға болады деген жағымды пікір айтыпты.Сөйтіп, Қоғабай Сәрсекеев ініміздің қыруар еңбегі әрі баға жетпес көмегі арқасында жинақ 1977 жылы «Жалын» баспасынан басылып шықты. Бұл, бірақ, кейін болған еді. Ал оған дейін, дәлірек айтсам, сол 1977 жылдың бас кезінде жұмыстағы телефоныма Алматыдан қоңырау түсті. Ол кезде мен жаңадан ашылған Торғай облысында «Торғай таңы» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет істеуші едім. Телефон шалып тұрған Жәнібек Кәрменов екен.– Мен «Жалын» баспасынан хабарласып тұрмын, – деді Жәнібек өзін таныстырып. – Біздің баспаға сіздің сықақ әңгімелер жинағыңыз түскен екен. Соған мен редактор болып белгілендім. Қазір кітабыңыз жобаға келіп қалды. Жуықтағы айларда шығып та қалар.Сөйтіп, Жәнібек бауырым алғаш рет танысып, біліскен сәттің өзінде осындай игі хабар жеткізіп, маған қуаныш сыйлаған еді. Содан бас-тап Жәнібекпен жиі хабарласып, жақын туыстай болып кеттік.1977 жылдың қоңыр күзінде Алматыға шақырылдым. Ол кезде басшы кадрларды Алматыға бір айға жинап алып, біліктілікті арттыру жөніндегі курстан өткізетін. Алматыға келісімен өзімнің жаңа танысым – тұңғыш кітабым «Құлақтың қырсығына» редактор болған Жәнібек Кәрменовті тауып алдым. Онымен атақты Алматы тойханасының жаз айларында ғана жұмыс істеп тұратын киіз үйлі сыртқы ауласында кездесіп, ұзақ отырып әңгімелестік. Жанына соның алдында ғана «Жалын» баспасынан «Ғашық жүрек» деп аталатын жыр жинағы басылып шыққан торғайлық жас ақын Бақыткерей Ысқақовты ертіп келіпті. Асықпай отырып сырласқан ұзақ әңгіменің үстінде Жәнібек өлең туралы да, өнер туралы да еркін көсіліп, өзінің сегіз қырлы, бір сырлы жігіт төресі екенін атақтап айтпай-ақ аңғартып тастады. Өзіне ұлағат тұтып, ұстазым деп білген саңлақ әнші Жүсіпбек Елебековтен бастап бірқатар өнер дүлдүлдерінің есімдерін ерекше құрметпен атап, алабөтен асқақтата әңгімелеп өтті.Біз, біліктілік арттыру жөніндегі бір айлық курсқа келгендер, Алматы жоғары партия мектебінің ғимаратында жататынбыз. Сол ғимараттан төменірек болуға тиіс, шамамен Шевченко көшесінің маңында эксперимент ретінде бетоннан тұтас құйып салған 8-9 қабатты екі-үш биік үй болды. Жәнібектің пәтері сол үйлердің бірінде екен. Үйіне шақырып қонақ қылғаны да бар. Жоғарыда аты аталған Бақыткерей досын да қоса шақырыпты. Ұмытпасам, пәтері үш бөлмелі екен. Артық дүние-жиһаз жинамаса да кітап жағы мол көрінді. Атақты Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков сүйіп айтатын әндердің бір-екеуін шырқап бергені де әлі есімде. Әнді терең толғап, жүректен тамылжыта айтады екен. Бойды шымырлатып, бірден бірге аспандай асқақтап барады.Домбыраның екі ішегінен шыққан сондай сырлы әуенді содан кейін ешкімнен ести алған жоқпын десем, артық кеткенім бола қоймас. «Егемен Қазақстанда» айтылған ән-домбыра, мүмкін Жәнібек Кәрменов өз үйінің төрінде шерткен сол домбыра болар. Қайран Жәнібек тартқан қай домбыра болса да ән-домбыраға айналып, қазақ деген халықтың әр жүрегінде ән болып, алмастай жарқ-жұрқ еткен әсем әуен, сазды әуез болып әрқашан төгіліп тұрарына кім таласар!Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.АЛМАТЫ.