Қазір былай қарағанда, егін егілетін, мал жайылатын жер жеткілікті-ақ көрінеді. Алайда пайдалануға келгенде бос жер жоқтығы алдан шыға келетіні бар. Аяқ астынан қожайыны табыла кетеді, алыстағы біреудің меншігінде екені ескертіліп, маңайына жолатылмайды. Бірнеше жыл бойы жусан бойлап, арамшөп қаулап жатқанына қарап иесіз болар деп болжанады ғой. Әйтпесе жайдан-жай жұғысуға кім шатақ іздер дейсіз.
Бейсенбі, 13 қыркүйек 2012 7:15Қазір былай қарағанда, егін егілетін, мал жайылатын жер жеткілікті-ақ көрінеді. Алайда пайдалануға келгенде бос жер жоқтығы алдан шыға келетіні бар. Аяқ астынан қожайыны табыла кетеді, алыстағы біреудің меншігінде екені ескертіліп, маңайына жолатылмайды. Бірнеше жыл бойы жусан бойлап, арамшөп қаулап жатқанына қарап иесіз болар деп болжанады ғой. Әйтпесе жайдан-жай жұғысуға кім шатақ іздер дейсіз.
Ел іші тірлігінің тірегі мал болған соң көсілген шабындық керек, жайқалған жайылым қажет. Кейінгі кезде тұяқ қарасы ұлғайған сайын жан-жаққа көз сүзушілер көп. Шіркін, анау төскейге, мына ойпаңға түлігімді өрістетсем деген ой келер емес пе әркімге. Мәселен, Қарағанды аймағы ауылдарының әрқайсысынан кем дегенде 1 мыңнан сиыр, 2 мыңнан қой, 500-ден жылқы өреді. Алайда бағатын жайылым жылдан-жылға тарылып барады. Әсіресе, егіні мен көкөніс алқабы іргесіне дейін тірелген мекендер малдары әріге аттап баса алмайды. Қора жанынан ұзарлық бос жер қалмаған. Мысал үшін, Нұра ауданындағы Пржеваль селосы мал иелерінің осындай қиындыққа ұшырағанына бірнеше жыл. Арнайы өріс бөліну, жаратылмай жатқан жерлерді қайтару жөнінде аудандық әкімдік мазаланып баққанымен қашан құлақ асылары белгісіз әлі. Бұл өңірдегі Қараой ауылында да осындай жағдай. Айналасын адам бойымен бірдей жусан басып кеткен атырап малға да жұғымсыз, егінге де залалды. Жусан иісі сіңген бидай өтімсіз болып жатады.Осылайша ешкімге пайдасы тимей, ешкімге қиылмай, жұрттың игілігіне жаратылмай жатқан жерлер көлемі басқа аймақтарда да аз еместігі байқалып жүр. Бұлай бола беруі енді жараспайтындығын айтудың артықтығы жоқ сияқты. Бұл ретте жерді түгендеу шарасынан үлкен қозғау күтіледі десек, соны есте ұстаған жөн-ау. Түгенделсін, бақылауға қойылсын, кәдеге асырылмаса қайтарылсын, ырыздығына мал-жан кенелуін тілейді көпшілік. Айқын НЕСІПБАЙ,«Егемен Қазақстан».Қарағанды.