Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:09
Ұлы бабаларымыздың, ағаларымыздың өздерін қаншалық ұлағаттасақ, ұрпақтарын да соншалық құрметтейтін атам қазақтың асыл дәстүрі бар. «Атадан – алтау, анадан – төртеу» деп Абай атамыз айтқандай-ақ, қазақтың данышпан ғалымы, еңбегімен елімізді байытып кеткен академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бәйбішесі Шәрипа Смағұлқызы Имантаевадан бір ұл, екі қыз, ал екінші жеңгеміз Таисия Алексеевна Сәтбаевадан екі қыз сүйді. Балаларының ең үлкені – медицина ғылымдарының докторы, профессор Ханиса Қанышқызының өмірге келгеніне 2011 жылдың 15 желтоқсанында 90 жыл толып отыр.
Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:09
Ұлы бабаларымыздың, ағаларымыздың өздерін қаншалық ұлағаттасақ, ұрпақтарын да соншалық құрметтейтін атам қазақтың асыл дәстүрі бар. «Атадан – алтау, анадан – төртеу» деп Абай атамыз айтқандай-ақ, қазақтың данышпан ғалымы, еңбегімен елімізді байытып кеткен академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бәйбішесі Шәрипа Смағұлқызы Имантаевадан бір ұл, екі қыз, ал екінші жеңгеміз Таисия Алексеевна Сәтбаевадан екі қыз сүйді. Балаларының ең үлкені – медицина ғылымдарының докторы, профессор Ханиса Қанышқызының өмірге келгеніне 2011 жылдың 15 желтоқсанында 90 жыл толып отыр. Екінші баласы Мәлештің (1926-1940) туып-өскені асыл әулетке қаншама қуаныш әкелсе де соңы өкінішке соқтырды. Ол он төрт жасында дүниеден озды. Шәрипа жеңгемізден туған атақты ғалым, философия ғылымдарының докторы Шәмшиябану Қанышқызы (1930-2002), екінші жеңгемізден туған геология-минералогия ғылымдарының докторы Мейіз Қанышқызы (1931-2009) және кенжелері Мәриям (1941-1964) бұл жалғанмен ертерек қоштасты.
Қаныш Сәтбаевтың қай баласын сөз етсек те, айтар әңгіме аз емес, ал осы жолғы сөз өмірде есен-сау жүріп, тоқсан жасқа келіп, тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты «Парасат» орденімен марапатталып отырған Ханиса Қанышқызы жайлы болмақ.
Ханиса Қанышқызы Сәтбаева 1921 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының 4-ауылында, кейіннен Сәтбаев атындағы совхоз болған «Теңдік» атты ауылда туған. «Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі» демекші, алғашқы немересі Имантай ақсақалды ерекше қуантты. Жас нәрестенің атын Хайринисауи деп қойыпты. Арабша айтқанда, қайырымды, мейірімді, ақжарқын болсын деп ырымдап қойған бұл есімді үлкендер де, ауылдастар да өздерінше жеңілдетіп «Ханиса» деп атаса, сол аты хатқа түсіп, құжаттарда тұрақты бекіген екен.
Жазық маңдай, бұйра шаш, қос жанары тостағандай сұлу туған ақсары қыз атасының еркесіне айналып, алдынан түспей өсіпті. Атасы Ханисаны «Хайри» деп атаған көрінеді. 1928 жылы Имантай ақсақал қайтыс болғаннан кейін әулеттің естияры болып оның үлкен ұлы Ғазиз қалады. Ол кезде Қаныш ағаның оқуды бітіріп, Мәскеуде қызмет істеп, Жезқазған кен орнын барлап, қызу жұмыстың соңында жүрген кезі. Кеңес үкіметінің «байдың баласы» деген сорақы жаласымен көзге түсе бастаған Ғазиз барша Сәтбаевтар әулетін бастап Омбы маңайына көшіп кетіпті. Міне, осы берік шешімінің арқасында Қаныштың бәйбішесі Шәрипа мен Ханиса, Мәлеш – екі баласымен тағы басқа осы әулетке жататын ағайындармен 1932 жылғы аштықтан аман қалыпты. Осы жылдары Ханисаны Қанекең өзі қызмет істеп жүрген жері Қарсақбайға әкеліп, мектепке береді. Өз анасы Омбы жақта қалса да Ханисаны екінші анасы Таисия Алексеевна өзінен туған баладай ақ ниетпен, адал күткен екен, сондықтан да Ханиса апай екінші анасы дегенде ішкен асын жерге қойып, рахметін айтып, аруағына тағзым етіп отырады. Жаз айларында Қаныш ағай Ханисаны Омбыдағы анасына апарады екен. Сондықтанда үлкен қызы көптеген өмір тығырықтарын көріп, біліп, көкірегіне тоқып өсті.
Қарсақбайдағы қазақ орта мектебінде оқып жүргенде әкесіне тартқан алғыр да ақылды, ажарлы қыздың үздік оқығаны мен тәлімді мінезіне сүйсініп, оның фотосуретін құрмет тақтасына іліп қойған кездері де болғандығын туыстары да, қарсақбайлықтар да аңыз етіп айтып жүретін. Бұл мектепті 1939 жылы Ханиса Қанышқызы жоғары бағамен бітіріп, сол жылы Алматыдағы медицина институтына оқуға түсті. Бұл жоғары оқу орнын зейінді де зерделі қыз 1943 жылы қызыл дипломмен тәмамдап шығыпты. Ғалымның қызы студент кезінен әке жолына құштар болып, ғылыми жұмыстармен айналысса, институт басшыларының ұйғарымымен осы институттың физиология кафедрасында ассистенттік қызметке қалдырылыпты.
Қанекеңнің туған ағасы Ғазиздің шын аты Ғабдұлғазиз екен. Ол Абайдың баласы Тұрағұлмен дос болған, басқа да алдыңғы қатарлы адамдармен Ғазиздің жақындығы ел ішінде әдемі аңызға айналыпты. Әсіресе, ол кісінің үйіндегі бай кітапханасының қызығын, інісі Қаныш пен оның балалары көрсе, достары да құмартып келіп оқып қайтуды әдетке айналдырыпты. Ғазиз туысқандарын Омбы маңайына алып кеткенде бәріне де жеке-жеке үй салдыртып, жақсы орналастырған екен.
Әттең, не керек, сол Омбы жақтың өзінде жасырынып жүргенде НКВД-ның жендеттері тіміскілеп тауып алып, үй жиһаздарын тонап алып кетіпті. Өзін сол ұсталған күйінен хабар-ошарсыз әкетіп, қай жерде атып тастағандарын да ешқашан айтпай кеткені – жантүршігер ақиқат. Бұл зомбылықты өз көзімен көрген жас Ханиса және Ғазиздің балалары өздерінің бөлмесіндегі бұйымдарды алғызбай, жылап шулаған соң агенттер үнсіз кетіпті. Сол аман қалған кітаптардың арасында өте құнды кітаптар да бар. Ахмет Байтұрсыновтың 1922 жылы Қазанда шыққан «Маса» атты кітабы да сақталып қалған екен. Балаларға оны Жұмағұл атты ағайындары оқып беріп тұрыпты. «Ызыңдап ұшқан мынау ұзын маса, Сап-сары аяқтары қызыл маса» деп басталатын бұл ойлы өлеңдегі сөз астарын балалар түсінбесе де, түр-түсі мен әдемі желісті мағынасына ерекше қызығыпты.
Бала күннен есінде қалған осы бір өмір сұмдықтары Ханиса апайдың есінде мәңгілік ұмытылмастай болып сақталды. Әсіресе, туған ағасын, ұлағатты ұстаз болған ақылды ағасын жоғалтқандағы Қаныш ағаның халін суреттеу тіпті мүмкін емес. Ғазиз ұсталып кеткеннен кейін елдегі бар Сәтбаевтарға көшбасшы болу Ханисаның шешесі Шәрипа апайға бұйырды. Бұл да аласапыран жылдардағы айта қаларлық жәйт. Осындай үлкен қайғыны көрген Ханиса апай аса керекті көптеген әңгімелері мен құнды деректерді де білді.
Мысалы, Қаныш Сәтбаевтың анасы Әлиманың әкесінің кім болғанын білетін адам таппай жүргенімде, Ержановтардың тумасы екені дүдәмал туғызып жүрген кезде, асыл апамыздың әңгімелері жүйелі ойға салды. Ғазиз бен Сүлейменнің (академик Жақан Ержановтың әкесі) дос болғандығын дәлелдейтін фотосурет те сақталыпты. Сүлейменнің жұбайы Нұрыш пен Қаныш ағаның бәйбішесі Шәрипаның сырлас жандар болғандығын да Ханиса апай мен Шәмшиябану Қанышқызының айтқандары мен жазғандарынан таптым. Ержановтар әулеті мен Сәтбаевтар әулетінің жақындықтарының түп төркіні Қаныш Сәтбаевтың анасының осы Ержановтар әулетінен екендігінде жатыр. Жылдар жылжып өтіп, Алматыға Қаныш Сәтбаевтың өзі де қызметке келгеннен бастап, әкесінің соңғы сағаттарына шейін Ханиса апай бірге болды.
Ханиса Қанышқызы Алматыдағы медицина институтының физиология кафедрасында қызмет істеп жүргенде осы кафедраны 1938 жылдан басқаратын профессор, кейін Қазақ Ғылым академиясының академигі болған, профессор Александр Порфирьевич (1901-1965) Полосухиннің ұстаздық тәлімін алып, ғылыми табыстарына тәнті болды. Қаныштың қызы студент кезінен ғылымға ұмтылып көзге түссе, оны байқап, қамқорлыққа алған да осы ғалым еді. Ассистент кезінде бастаған ғылыми жұмыстары Полосухиннің басшылығымен ғылым кандидаттығын қорғайтын диссертацияға жеткізді.
Ұғымтал да алғыр, еңбекқор да қажырлы Ханиса Қанышқызы қазақ медицина институтында доцент қызметін абыроймен атқара жүріп, 1969 жылы докторлық диссертациясын қорғаса, 1971 жылы профессор атағын алды. Әкеге тартқан ақылды қыз оқуға зерек, ғылымға керек оқымысты болып, арман еткен өз нысанасына қажымай-талмай жете білді. Ол 1974-1987 жылдары Алматы медицина институтының «Қалыпты физиология» кафедрасының меңгерушілігі қызметін атқарып, үлгілі ұстаз, табысты ғалым екенін танытты. 1970 жылдан 1981 жылға дейін он жылдан астам осы институттың емдеу факультетінің деканы қызметін үлкен жауапкершілікпен, беделді еңбек үстінде атқарды.
Бұл жылдар Ханиса Қанышқызының жұлдызы жанған жылдары болып, ғылыми шығармашылық жолында медицина саласына бірқатар табыстар әкелді. Әр түрлі іске қажетті проблемаларды шешу жолында 50-ден астам ғылыми еңбектер жазып, ұсыныстарын іс жүзінде қажетке айналдыру жолында талмай еңбектенді. Ғылымды нақты шараларды шешу жолында жүргізу жолы әкесі Қаныш Имантайұлының ұстанымы болса, медицина ғылымының майталманы Ханиса Қанышқызына да молынан бұл мінез жұғысты болды. «Внепочечные механизмы осморегуляции» атты үлкен монографиясы 1971 жылы Алматыда басылып шығып, ғалым-ұстазға зор табыс әкелді. Қаныштың үлкен қызы медицина саласының айтулы қайраткері атанды. Жалпы еңбектерінің негізгі сарыны, басты мақсаты физиология мен патология жөніндегі кезек күттірмейтін келелі мәселелерге арналды.
Ханиса Қанышқызы ғалым ретінде ұстаздыққа да шын беріліп, көптеген ғылым кандидаттарын дайындап шығарды. Сөйтіп, өз мектебі бар сарабдал оқымыстыға айналды. Х.Сәтбаева «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды, есімі Қазақ ССР энциклопедиясына кірді.
Ханиса Қанышқызы Ұлы Отан соғысы аяқталар жылдары көрнекті ақын, әдебиет зерттеушісі, белгілі қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетовпен қосылып, отбасын құрды. Қайнекейдің жастардың көсемі, қазақтың ақиық ақыны екенін білетін Қаныш аға екеуіне ақ батасын берді. Шабытты ақын Қайнекей, әсіресе баллада жанрын игеріп, қазақ поэзиясында өшпес із қалдырды.
Ханиса мен Қайнекейдің балалары: Әділ Қайнекейұлы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін ойдағыдай бітіріп, белгілі ғалым дәрежесіне жетті. Нұрлан Қайнекейұлы Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдап, өз мамандығы бойынша қызмет істей жүріп, «Калила және Димнаның» жекелеген ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде поэзиялық өзгеруі» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағын алды. Ол көптеген жылдар академик Қаныш Сәтбаевтың Алматыдағы мұражайының директоры қызметін атқарды. Ғұлама ғалым атасы жөнінде көптеген қызғылықты мақалалар, деректі фильмдерге сценарий жазды. Қаламы ұшқыр, таланты алғыр ініміздің әлі де берері мол деп сенемін. Ал Әлима Қайнекейқызы Жармағамбетова бүгінде химия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының Катализ және электрохимия институтында лаборатория меңгерушісі қызметін атқарады. Немерелері Нұржан Әділұлы, Ернар Нұрланұлы ержетіп, қызмет атқарып жүрген жаңа заманның жастары. Нұржаннан туған шөбересі Әмірхан да әжесінің төрін көркейтті.
1999 жылы Қ.И.Сәтбаевтың 100 жасқа толған мерейтойы үлкен дайындықпен өтті. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен бұл жыл Қаныш Сәтбаев жылы атанып, ЮНЕСКО тарапынан кеңінен тойланды. Қ.И.Сәтбаевтың аты Ертіс-Қарағанды каналына, Алматыдағы Ұлттық техникалық университетке берілді. Мүсінші Төлеш Досмағамбетовтың авторлығымен Қ.Сәтбаевқа зәулім ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткішті ашу салтанатына қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, ескерткіштің лентасын кесті. Бұл құрметті жиынға да Қаныш ағаның қыздары: Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз – тегіс қатынасты. Бұл жолы да балаларының атынан Ханиса Қанышқызы сөз сөйледі. Әкесіне арналған осынау еренғайып құрметке Қ.И.Сәтбаевтың барлық туыстарының атынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа жүрекжарды алғысын айтып, ақ батасын берді. Академик Қаныш Сәтбаевқа деген ұлы құрметке бөленген бұл той есте қаларлықтай, Алматыда, Павлодарда, Жезқазғанда, Баянауылда, Сәтбаевта, Қарағандыда және Париждегі ЮНЕСКО-ның штабында әлемдік дәрежеде өтті. Бұл қуанышты көрген Ханиса апай есен-сау 90 жасқа жетіп отыр.
Ханиса апайға тағдырдың берген үлкен сыйы: екі ананың құрметін бірдей көріп, бүкіл әулеттің ордасы болған Қ.Сәтбаевтың өз қолында өскені десем, ол әкесінің бүкіл өмір жолындағы хикаяларды, қызық оқиғаларды, көрнекті көріністерді айтқанда бір-бір роман естігендей ғаламатқа бөленесің. Қаныш аға бала тәрбиесіне өте мұқият, терең қарапты. Үйдегі кітапханасына тек қана өзіне емес, балаларының әрқайсысының оқып жүрген сыныбына байланысты деректерді жинайды екен. Ал, математикадан қызғылықты сабақ өтіп, талай-талай мысалдармен қызықтырып, ынталандырыпты. Өзі домбыра тартып, ән салады екен. Оған балалары қосылады, қосылмағаны алыстан еліктеп жаттап жүреді. Бір қызығы, қыздарының бірі тәртіп бұзса, ешқашан ұрсып, жекіп, қаталдық көрсетпепті. Қайта алдына алып аймалап, жұбатады екен. Жазықты бала біраздан соң өз қателігін түсініп, әкеден кешірім сұрағанда, тағы да құшақтап бетінен сүйетін көрінеді. Сөйтіп, ол кешірімпаздық деген ұлы мінезді балаларына осылай кеңінен дарытыпты. Айта берсек, әңгіме көп, бір қызығына толығырақ тоқталсам, ол Қарсақбайда болған жағдай екен. Бұл әңгімені Ханиса апайдан естігенде оны өлеңге былайша орап едім:
Қарсақбайға қонақ келді ауылдан,
Папам күтті бәз қалпында бауырмал.
Меңсіз қара қой сойғызды мейманға,
Ата дәстүр ең құрметті тәуір мал.
Кәстөм берді, пальто жапты үстіне,
Дейді мейман: «Құдай шақтап пішті ме?
Галстукты ең алғашқы тағуым,
Шляпа киіп ұқсап кеттім күштіге”.
Кетерінде қимас достай сүйісті,
Қос құшақта кеуделері түйісті.
Кім екен деп мен ішімнен таңдандым,
Бала күнде көріп қызық бұл істі.
Дедім, – папа, туыс па бұл атажан,
Қанша киім алып кетті жат адам. –
– Үлкен туыс, – деді папам, – зор туыс,
Қосыламыз он төртінші атадан.
Міне, осындай әңгімелердің үлкенді-кішісін жинастыра білсек, естір құлаққа тұнып қалар, адамгершілікті ойға салар әсерлі қызықтар аз емес. Ауыр сәттер де баршылық. Ханиса апай Қаныш аға сырқаттанып жатқан күндерінде қасынан шықпай, ақтық демі біткенше өкінішті сәтке де куә болды. Ұлы адамның баласы болу оңай емес. Абай атамыз: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» десе, Қаныш Сәтбаевтың балаларының бәрі де сүйіндіріп өсті.
Үлкен қызы Ханиса да жан анасы Шәрипаға кішкентайынан көмектесіп, екінші анасы Таисия Алексеевнаның құшағында өсіп, кейінгілерге айқын үлгі бола білді. «Әулеттің ар-намысын сақтау – Отанымыздың ар-намысын сақтап өскен ұлттық ұлы сезімге жеткізді», – деп Ханиса апай өзінің Қаныш Имантайұлының 100 жылдығына арналған «Санамда жанған жұлдыздай» деген мақаласында жазған екен. Осы еңбегінде һәм басқа еңбектерінде, естеліктерінде ұстаз-ғалым үнемі әкеден алған рухани сабақты жеріне жеткізе айта білді. Қ.Сәтбаев 50 жасқа толғанда: «Самғағыш самолет, тозбас танк, мойымас мылтық, өрттей оқ жасауға керек заттың бәрін беруде Қаныштың әрі отаншыл басшылығы, әрі білгір мамандығы, жіті қырағылығы, қажымас еңбегі ерекше орын алды», – деп айтқан М.Әуезовтің сөзін Ханиса апай жастар алдында сөйлегенде жиі айтып жүрді. Жоғарыда аталған мақаласында Қаныш Имантайұлын қудалаудан сақтап, бұрынғы дәрежесіне жеткізе қайта көтерген Н.Ә.Назарбаевқа алғысын айта отырып, Елбасының: «Менің ойымша, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тек қана Кеңестер Одағының ұлы тұлғаларының бірі емес, өтіп бара жатқан ғасырдың алыбы. Ол өзінің даналығымен қазақстандық геологтардың арасында ғылым мектебін құрып, барша геологиялық ғылымның дамуына зор үлес қосты», – деген сөзін келтіріпті.
Бұл сөзді Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1998 жылдың 25 қарашасында Павлодар қаласында өзі өткізген «Академик Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдық мерекесіне дайындықтың барысы» жайындағы мәжілісте айтып еді. Ханиса апай сол кезде сексенге тақап қалса да газет-журналдардағы ақпараттарға жіті қарап отырды. Ғалымның өз әкесі жайлы айтылған сөздерді жадында сақтағыштығы таң қалдырады. Әрине, тек қана таң қалдырмайды, қуантады. Өйткені Қ.И.Сәтбаевқа байланысты жасалған шараларды өз ұрпағының білгеніне не жетсін. Көп жылдар соңына түсіп жүріп, ақыры жарыққа шыққан Қаныш Сәтбаевтың «Алгебрасының» жарыққа шыққанын көргенде Ханиса апайдың алғысын алу да мен үшін үлкен бақыт болды. Қ.И.Сәтбаевтың студент кезінде 1924 жылы Ахмет Байтұрсыновтың қолдауымен баспаға ұсынған қазақ тіліндегі «Алгебрасы», «Казиздат», «Центриздаттардың» арасында қақпақыл болып, Кеңес үкіметі кезінде баспадан шықпапты. Математик Б.М.Қосановтың көмегімен 1999 жылдан қолға алып, ұлы ғалымның бұл еңбегін мұқият дайындап, жазба түрінде де, электрондық нұсқасын да тапсырып, ақыры Ж.Ә.Құлекеевтің жәрдемімен 2006 жылы Астанадағы Еуразия университетіне тапсырылды. Толғағы жетіп, 2009 жылы бұл еңбектің жарық көруі, шын мәніндегі үлкен жетістік. Қаныш Сәтбаевтың даналығын ұлағаттау жолынан таймай, талпынуымыздың арқасында «Қазақстан энциклопедиясынан» Қ.И.Сәтбаевтың жеке энциклопедиясы да жуырда жарық көрмек дей отырып:
Тебіреніп ізетпен айтсам кеңес,
Ханиса апай, бересің көркем елес.
Өзіне ұқсас Қаныштың үлкен қызы,
Құтты болсын бүгінгі тоқсан белес! – деп сөзімді тәмамдайын.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.