• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2012

Көзге ыстық бейне

268 рет
көрсетілді

Көзге ыстық бейне

Сенбі, 21 сәуір 2012 7:46

Суретші Орал Таңсықбаевқа Алматыда ескерткіш орнатылды

«Елдің мәдениетін, салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттеп білгенде ғана ғажайып ұлттық өнер туындауы мүмкін», деген атақты қыл­қалам шебері Орал Таңсық­ба­ев­тың тастан қа­шалған ес­керт­кіші оңтүстік аста­надан өз орнын тапты.

 

Сенбі, 21 сәуір 2012 7:46

Суретші Орал Таңсықбаевқа Алматыда ескерткіш орнатылды

«Елдің мәдениетін, салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттеп білгенде ғана ғажайып ұлттық өнер туындауы мүмкін», деген атақты қыл­қалам шебері Орал Таңсық­ба­ев­тың тастан қа­шалған ес­керт­кіші оңтүстік аста­надан өз орнын тапты.

КСРО халық суретшісі, академик Орал Таңсықбаевқа орна­тылған осы бір ескерткіш көзі­мізге ерекше жылыұшырады. Талантты суретшінің мүсіні өзі­нің тастан қашалғанын ұмытты­рып, күлімсіреп тұр. Дарын ре­тінде де, адам ретінде де тағдырдың талай тепе­рішінен өтіп, осы күнге жеткеніне қуана қарай­тын сияқты. Ескерткіштің тағы бір ерекшелігі, ол Орал Таңсықбаев атын­дағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер коллед­жі­нің ең қабілетті ұстаздарының қолынан шыққан.

Осы арада бұл колледж еліміздің талай майталман суретшілері мен мүсіншілерін бейнелеу өнерінің қыр-сырына баулыған, кезіндегі Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі екен­дігін айта кету артық болмас. Демек, осыдан 20 жыл бұрын Орал Таңсықбаев атын иемденген колледждің тарихы 1937 жылдан бастау алады. Ал ескерткіштің қойылуы да осы 75 жылдық мерейтойға орайластырылып отыр.

Сәуірдің күн шуағы себелеген сәтті күніне дөп келген айтулы шараға әрісі Ташкенттен, бе­­­рісі Бішкектен де арнайы қонақ­тар келді. Еліміз­дің бетке ұстар кескінде­ме­ші­лері, айтулы сурет­ші­лері мен өнер өкілдері де осында.

Алғашқы сөзді О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қол­дан­балы өнер колледжінің директоры, профессор Сейітқали Шалабаев алып, осынау сауапты іске мұрындық болғандар жайлы баяндады.

Қазақ КСР-ның халық сурет­шісі Үке Әжиев, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық өнер ака­де­миясының ректоры Арыс­танбек Мұ­хаме­ди­ұлы, Су­рет­ші­лер ода­­ғының төрағасы Бай­­тұр­сын Өмірбеков сынды өнер саласының көрнекті өкілдері Орал Таңсық­баевтың шығар­машылық тұлғасы туралы сөз сабақтады. Келешекте қол­дан­балы өнердің көсегесін кө­гертеміз деп білім алып жатқан жастарға талай тағылымды әңгі­ме­лер мен естеліктер айтылды.

Осы шараға арнайы келген Өзбекстан Өнер академиясының профессоры Нигора Ахмедқызы мен Қырғызстандағы өнер колледжінің ұстазы Табылды Байбосынов Орал Таңсықбаевтың көр­ші елдерде де таланты танылған, шоқтығы биік суреткер екендігін сөз етті.

Айнаш ЕСАЛИ,

Алматы.