• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2012

Мұнайшылар маршалы

830 рет
көрсетілді

Мұнайшылар маршалы

Жұма, 4 мамыр 2012 7:42

Бұл күнде барша әлемнің алпауыттарын айналасына жиып, саусағының ұшында ойнатқан мұнай мен газ Қазақ елінің бақыты болса да, бір кездегі кең даласына көрік болған төрт түлігіндей ғасырдан ғасырға ұласқан ата кәсібі емес. Бірақ, ол соңғы жүз жылдықта алыс бір қиырдағы Қарашүңгілде қара­май болып жер бетіне шықты да, арада он жыл өткенде Доссорда ырыс болып атылды. Әйтсе де, оның байлық ретінде пайдасын көрген жергілікті халық емес, қайдағы қыр асып, бөшке арқа­лап келген басқалар-ды. Десе де, кейін мемле­кеттің меншігіне айналып, одақ­тың ор­тақ қазанына құйылды.

Жұма, 4 мамыр 2012 7:42

Бұл күнде барша әлемнің алпауыттарын айналасына жиып, саусағының ұшында ойнатқан мұнай мен газ Қазақ елінің бақыты болса да, бір кездегі кең даласына көрік болған төрт түлігіндей ғасырдан ғасырға ұласқан ата кәсібі емес. Бірақ, ол соңғы жүз жылдықта алыс бір қиырдағы Қарашүңгілде қара­май болып жер бетіне шықты да, арада он жыл өткенде Доссорда ырыс болып атылды. Әйтсе де, оның байлық ретінде пайдасын көрген жергілікті халық емес, қайдағы қыр асып, бөшке арқа­лап келген басқалар-ды. Десе де, кейін мемле­кеттің меншігіне айналып, одақ­тың ор­тақ қазанына құйылды. Ұлы Отан соғы­сы жылдарында жауға қарсы оқ атқан ұшақтар мен танктердің от өріл­ген қазандарына сол Байшонас пен Еске­не, Қарсақ пен Қошқардың жермайлары еш өңдеусіз құйылды. Уақыт өткен сайын Қазақстанда өндірілетін мұнайдың қо­ры да өсті. Қор көлемі көбейсе, онымен жұмыс істейтін мамандар қатары да өсе түсті. Ал маман дегеніміз, тек көргені­мен емес, оқыған-тоқығаны, озық же­тіс­тікті өз ісіне қолдана білген, жаңа техника, технологиямен ғана өзі де өседі, өзгені де тәрбиелейді, тек бір жердің емес, өзге де аймақтың кен көздерін зерттеп, зерделей алады, барлау жұмыстарын ұлғайтады.

Қазақстанда өткен ғасырдың орта тұ­сында мұнай көздерін геологиялық жа­ғы­нан барлау мен іздестіру, өндіру жұ­мыстары күрт өсті, жоғары, орта білімді мұнайшы мамандарды даярлау ісі қатты қолға алынды. Соған сай елде көптеген білікті басшы, істі ұйым­дас­тыра алатын жоғары және орта буын мамандар даярланып шықты. Соның бірі, бұл күнде есімі қазақ мұнайының тарихында алтын әріппен жазылатын, әсіресе, қазірде аты әлемге белгілі Теңіз кенішін ашу­шылардың бірі – Бөлекбай Сағынғалиев.

Ол өзінің жарты ғасырдан астам еңбек жолын елді Ұлы Отан соғысы­ның оты шарпып, әр үйдің есігін қасіретті «қара қағаз» қағып жүрген қырық төртінші жылы бастап еді. Арада аз уақыт өткенде «Қазақстан нефтеразведка» тресіне ауысты. Осы жерден Мәскеудің И.М.Губкин атындағы мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтына аттанып, 1951 жылы өзі туған Дос­сор мұнай кәсіпшілігіне мұнай өндіру жөніндегі шебердің көмекшісі болып орналасты. Бұрыннан негізі бар, түсі­нігі мол жасқа жаңа жұмысты игеріп кету қиынға соққан жоқ. Қошқар, Ма­қат, Доссор, Қаратон мұнай кәсіпші­лік­тері басқармаларында бас инженер, 1958 жылы «Казахстаннефть» бірлесті­гінде мұнай-газ өндіру бөлімінде бас­тық, 1960-1963 жылдары Қазақ Халық Шаруашылығы Кеңесінің мұнай және газ өнеркәсібі бөлімін басқарды. Артынша 1963-1971 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінде ауыр өнеркәсіп бөлімі мең­ге­рушісінің орынбасары, «Казахстаннефть» одақтық-республикалық бірлес­тік бастығының орынбасары қызмет­терінде болды.

Бөлекбай Сағынғалиұлының білікті маман, бірегей басшы ретіндегі ұйым­дастырушылық қабілеті 1971 жылдан бастап «Эмбанефть» бірлестігінің бас директоры болған он бес жылда барынша жарқырап, анық байқалды. Аталған кезеңде қазақ мұнайының қарашаңы­рағы атанған Ембі өңірі, Еділ-Жайық арасындағы кен алаңдары «қара алтын» өндіруді анағұрлым ұлғайтып, тарихта қайталанбас із қалдырды. Мұнайшылар жерасты байлығын игерудегі 70-80 жыл бойы көрмеген әлеуметтік жетістікт­ер­ге ие болды. Жермайын игеруде төменгі қабаттарымен бірге тұзасты тұнбала­рын іздеу-барлау жұмыстарында айтар­лықтай нәтижеге қол жеткізді. Мұн­дайды кең көлемді іздестіру жұмыста­рының өміршеңдігін арттыру үшін жа­ңадан екі бұрғылау басқармасы, мұнара монтаждау және томпонаждық конторлар, технологиялық көлік басқармасы, құрамында үш құрылыс-монтаж бас­қар­масы бар «Эмбанефтьстрой» тресі, күллі төменгі Каспий бойы жер қыр­тыс­тары мен қабаттарын тездетілген әдіс­пен кешенді барлап, зерттейтін «Эм­ба­не­фтьгеофизика» трестері құры­лып, жұ­мыс істеді. Осы кезеңде 770 мың метр бұрғылау жұмыстары жүріп, жа­ңа­дан 20 мұнай және газ алаңдары ашылды. Солардың оны бірден өнім бе­ріп, Отан байлығын арттыру, көмір­су­те­гі кенінің молаюына үлес қосты. Осы­лардың ішінде өзім еңбек еткен «Жай­ықмұнайгаз» өндіру басқармасы да бар.

Аталған басқарманың құрылуы өңір­дегі бұрыннан бар кәсіпшіліктердің біртін-біртін төмендеп бара жатқан өнім беру көлемін күрт көтеріп, 1970 жылғы 2,7 млн. тонна көрсеткішті 1978 жылы 4,4 млн. тоннаға жеткізді. Бұл қарт Ембі өңіріндегі бұрын-соңды бол­маған ең жоғары нәтиже еді.

Осы тұста Бөлекбай Сағынғали­ұлы­ның аты аталғанда ойға бұл күнде дабылы күллі әлемді таңқалдырып тұрған Теңіз кеніші оралады. Егер турасын айт­сақ, бұл өзі адам миы жетіп болмас жаңалық еді. Өйткені, өткен ғасырдың ал­пысыншы жылдары орталық ғалым­да­ры Атырау мұнай алаңдарының қоры азайып келеді. Сондықтан болашақтағы барлық барлау-іздестіру жұмыстары тек Маңғыстау өңірінде болғаны дұрыс деген әңгімелер туды. Міне, осы тұста 1971 жылы Атырауда Одақ көлеміндегі белгі­лі мұнайшы-геологтардың басын қос­қан үлкен жиын болып, онда қарт Ем­бі­нің болашағы туралы кеңінен сөз болды.

Алқалы ғылыми кеңесте Т.Жұ­ма­ға­лиев, С.Жаңабаев, В.Токарев, А.Живодеров баяндамалар жасап, өз ойларын өрбітсе, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.Мирчинк, Геология министрлігінің бөлім меңге­рушісі С.Құрманов, ғылым докторлары В.Семенович, Б.Дьяков және басқалар тақырыптық баяндамалар жасап, бұған дейінгі алынған мұнайдың бәрі де жер қыртысының үстіңгі қабатынан өнді­ріл­гені, болашақтағы болжам 4-5 мың метр тереңдіктегі тұзасты қабатында екендігі айтылды. Бұл болжамдарды бар өмірін мұнай саласына арнаған аға буын өкілдері Асабай Хисметов, Қуа­ныш Құдабаев, Сағидолла Нұржанов, Өтәлі, Мақаш Балғымбаевтар да қолдады.

Бірақ, жаңа болжамға орай түрлі алаңдаушылықтар да бар еді. Өйткені, Атырау мұнайшылары, яғни, тұтас ал­ғанда Қазақстан мұнайшылары осыған дейін мұндай тереңдікте жұмыс істеп көрмепті. Әйтсе де, әліптің артын күтіп отырудың еш қажеті де жоқ. Осы кезде аталған салаға орай Одақтағы ең жаңа және мүмкіндігі мол құрал-жабдық­тар­мен қамтылған В.Шевалдин басқару­ын­дағы «Саратовнефтегеофизика» тре­сі барлаушылары Пустынный, Тәжі­ға­ли, Қаратон, Масабай, Тегіс, Ботақан, Ақінген, Аққұдық, Королев алаңда­рын­да іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Дегенмен, бұл арадағы барлау жұмыс­тары ұзаққа созылып, одақтық ми­нистр­лік басшылары, жекелеген ғалым­дар бұл істен нәтиже шықпайды, іздес­тіру істерін тоқтату керек деген.

Әңгіме өрбітіп, оған қатысқан бар­лық 12 адамның сала министрі В.Шашин, бірлестік директоры Б.Сағын­ға­ли­ев, бас геолог Ж.Досмұхамбетов баста­ған 4 адам іздестіруді кідіртудің қажеті жоқ деген пікір айтты, қалғаны қарсы. Соның ішінде Б.Сағынғалиев пен Ж.Досмұхамбетовтердің сенімдері мол еді. Олар қазір Теңіз кеніші орнын картадан көрсетіп, «Басқаны тоқтатса да, осы жер­ді қазуды тоқтатуға болмайды, өйткені, оның астында қазынасы таусылмас қара қазан жатыр» деп қайта-қайта шұқыған.

Ақыры Пустынный алаңындағы он­ыншы ұңғыманың 3639 және 3658 метр аралықтарынан аса мол мұнай қоры байқалса, Тәжіғали алаңындағы нәтиже дебиті тәулігіне 100 тонна шамасында мұнай, 600 текше метр ілеспе газға жет­ті. Мұндай оңды нәтижелер нәтижесінде бірлестік директоры Одақ­тағы мұнай және газ өнеркәсібі минис­трі Мальцев, оның орынбасары Грайферге өзінің көптен бері таныстығы және өзінің қа­шанғы бірбеткейлігін танытып, Волго­град­тың «Прикаспийбурнефть» бірлесті­гінен құрамында 500 маман бұрғышысы бар 10 бригада әке­ліп, Теңізге салды, бірден 20 ұңғымада бұрғылау жұмыс­та­ры басталды. Сөйтіп, жаңа кен алаңын­дағы жерасты қоры­ның көлемі анық­талды. Оны кәнігі барлаушылар 1,5-2 млрд. тонна мұнай, 2 трлн. текше метр­ден астам көгілдір отын қазынасы жатыр деп болжады. Немесе әлгі айтылған байлық 21 және 19 шақырымдық көлем­ді алып жатыр жеп шамалаған екен. Бірақ, жаңа кен алаңындағы барлау-іздестіру жұмыста­рының бәрі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің және оның бас директоры Б.Сағынғалиевтің басшылық жасауы нәтижесінде жүзеге асты. Сөйтіп, 1979 жылдың 19 желтоқ­санында Атырау облы­сының аймағында Құлсарыдан бар-жоғы 80 шақырымда Қазақстанда бұрын-соңды кездеспеген мұнай бұр­қағы атылды. Міне, осы кен алаңының ғажайып қоры арқасында облыс мұнай өндіру көлеміндегі өз орнын үшіншіден бірден бірге жылжытты.

Осы еңбегі үшін КСРО Геология министрлігінің 1988 жылғы 10 нау­рыз­дағы алқа шешімімен Б.Сағынғалиев «Теңіз кенішінің алғашқы ашушы» (№2236) төсбелгісімен және дипломымен марапатталды.

Аса жоғары қысым мен температура және жағымсыз иісті күкіртті газ қос­паларға толы әлемде теңдесі жоқ ең ірі Теңіз кен орнын тездетіп игеруде Бө­лек­бай Сағынғалиұлы тіптен жаңа және ма­ңызды ғылыми-техникалық шешім­дер мен өнертапқыштық істерді өмірге әкел­ді және өндіріске енгізді. Шынында да, аталған кен орны өзінің тереңдігі, мұнай құрамы, қоры жағынан әлемде өзіндік ерекшеліктерге толы кеніш. Оның өнім қоры 2 млрд. тоннадан кем емес деп есептелінсе, тереңдігі жағы­нан 4000 метрден асады. Ішкі қабат қысымы 830 кг/см2 және өте жоғары температурадан тұрады. Немесе салыстырмалы түрде алғанда оның қоры Бозашы тобынан 2,7, Маңғыстау тобынан 1,4 есе жоғары.

Бұл Бөлекбай Сағынғалиұлының қазақ мұнайын жаңа биікке көтерудегі ерекше үлесі. Бірақ, жоғарыда айтқаны­мыздай, асыл тұлғаның еңбегі тек Теңіз кен орнын игеру, басқа да жаңа алаң­дарды ашу, әсіресе, қос өзен аралығын­дағы «Жайықнефтегаз» өндіру басқар­масын құруымен ерекшелінбейді. Ақтө­бе облысында да мұнай өнеркәсібінің дамуына үлес қосты. Сол кездегі облыс басшысы В.Ливенцовпен жақсы қарым-қатынаста болып, республика, Одақтық Орталық Комитет алдына қайта-қайта мәселе қойып, ақыры «Актюбинск­нефть» өндірістік бірлестігін құрып, қазіргі «Жаңажол», «Кенқияқ», басқа да алаңдардың ашылуына негіз болды.

Бөкең орталықтағы басшылар алдына маңызды мәселені дер кезінде қоя алатын және оны аяғына дейін жеткі­зіп, шеше алатын өндіріс басшысы еді. Ол кісінің КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрі А.Мальцев және оның орынбасары Г.Грифилт, Мемле­кет­тік жоспарлау комиссиясының төр­ағ­асы Н.Байбаковтың алдында беделі жоғары еді. КСРО Минстрлер Кеңесі­нің Төрағасы А.Косыгинмен де талай кездесіп, Қазақстан мұнайшыларының мәселелерін шеше білді. Өңірдегі ауа-табиғат жағдайының қолайсыздығы, сусыз, нусыз аймақтағы дала жұмыс­та­ры­на орай барлық мұнайшының айлық еңбек ақысына 45 пайыз үстеме қосты­ру мүмкіндігін алды.

Ал, Прорва кен алаңындағы мұнай­шылар тобына ең жоғары үстеме 70 пайыздық деңгейге жетті.

Мұнайшыларға тұрмыстық жағдай туғызу, әлеуметтік деңгейін өсіру тек қаражатын көтерумен шектеліп қалған жоқ. Бірлестік жанынан құрылған құ­ры­лыс-монтаж басқармалары облыс ор­талығындағы, әрбір кәсіпшіліктегі ескі барақ үйлерді құлатып, орындарына көп қабатты және жеке отбасыларға ы­ң­ғайлы үйлер тұрғызылып, Атырау қаласы маңында барлаушы-геологтар мен бұрғышылар қалашығы бой көтер­ді. Олар бұл күнде Ақжар, Геолог деп аталатын үлкен елді мекендер. Сөйтіп, аз уақытта 223269 шаршы метр көле­мін­дегі тұрғын үй, 3 орта мектеп, бір­неше балалар комбинаты, клуб, сауда, тамақтану орындары ашылды. Азық-түлік қорын жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру үшін көптеген бағыт­тағы қосалқы шаруашылықтар құрыл­ды. Тұрғын кешендерге ыңғайсыздық тудырмас үшін мұнайшы-бұрғышылар­дың өндірістік базасы, бұрғылау жұ­мыс­тары басқармасы, сақтау, қойма орындары, жөндеу-механикалық шеберханалар, құрастырмалы құрылыс ма­териалдарын шығаратын цехтар қала сыртына орналастырылып, жасақтал­ды. Осыған орай, қала мен жұмысшы кенттеріндегі коммуналдық қамту қыз­меті өсті, көлік жолдары жақсарды.

Бірақ, Бөлекбай Сағынғалиұлының сол бір жылдардағы осындай қыруар бас­тамалары кейіннен аяқсыз қалды. Әлгі үйлердің көбі тозды. Онда кешегі есімі елге белгілі Ғабдыхалық Сағыт­жа­нов, Сахи Әкімбаев, Жанша Таңқы­ба­ев, Серго Дүтбаев, Рысхан Қалмұ­қа­нов, Хамит Ғабдуллиндердің немере-шөберелері тұ­рады. Оларға жаңа үй алып, қолайлы мекендерде тұрайын десе, мүмкіндік жоқ. Бәрін сатып алулары керек.

Б.Сағынғалиев мұнайшы мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. Алматы­ның политехникалық институтында мұнай факультетінің ашылуына ықпал етсе, Атыраудағы бұрыннан орта буын мамандар дайындап келе жатқан техникум мен жаңадан өз бастама­шылы­ғы­мен ашылған мұнай және газ институтына жаңа оқу үйлері, оқытушы-про­фессорлар құрамы үшін жүз пәтерлік тұрғын үй тұрғызылып берілді. Әр жылда оларда және Мәскеу мен Баку, Грозный мен Уфа, Ивано-Франков­скі­дегі мұнай институттарына 100 жасты жолдамамен оқуға жіберіп отырды. Со­ның арқасында өңірде жоғары білімді мұнайшылар жасағы қалыптасты. Олар осы Атыраудағы кен орындарында мол тәжірибе жинақтап, білігі мен білімін ұштастырып, кейіннен «Актюбинск­нефть», «Тенгизнефть», «Құмкөлмұ­най», басқа да басқармалар ашылғанда жоғары білімді кәсіби маман ретінде практикалық көмектер берді, мұнайшы қатарларын толықтырды.

Бөкең мұнайлы Атырауда жұмыс істеп отырса да күллі қазақ мұнайының болашағы үшін еңбек етті. Соған сай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан, Маңғыс­тау облыстарында мұнай-газ өндіру, өң­деу, тасымалдау ісін бірлесе жүргізу, өндірістік байланыстарды шешу, ынты­мақты нығайту үшін еңбектенді. Өнді­ріс пен ғылымның байланысына көңіл бөлді. Бұл жолда Атырау қаласындағы Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институты, мұнай химиясы және табиғи тұздар институты ғалым­дары­ның өндіріспен байланысын арттырып, әлемдік жаңа үрдістердің өз елінде де жүзеге асуына негіз болды. Өзі мұнай­лы Иран, Канада, Мексика елдеріне сапар шегіп, үздік технологиясы бар өнді­ріс жүйелерін көрді, мамандармен сөй­лесіп, ғылыми-тәжірибелік түйінді мә­се­лелер жөнінде ой бөлісті, пікірлесті. Кейін олардың пайдалы жақтарын өзі еңбек ететін бірлестікте пайдалануға тырысты. Ғылыми тұжырымдардың кө­мірсутек шикізатын өндіру, тасымалдау, сақтау және өңдеу бағытында жобалау-іздестіру жұмыстарының кешенді орын­­далуы, мұнай-битумгенез жыныс­тарынан мұнайды бөліп алу, мұнай эмульгаторын айырудың бірыңғай әдіс­терін өндіріске енгізу үшін тер төкті.

Бөлекбай Сағынғалиұлы өте жетік өндіріс басшысы, ұйымдастырушы болумен бірге артынан жастар ілестіріп, тәрбиелей білген тамаша тәлімгер де еді. Осы күнде аға буынға айналған мұ­най-газ саласының ардагерлері Төлен Байзақов, Сатыбай Дүзбаев, Махамбет Батырбаев, Қаден Құдабаев, Бағыт Сматуллин, Бейсембай Табынбаев, Болат Еламанаов, Қасымғали Тілемісов, Алекандр Назаров, Матхат Нұрмұха­нов, тіп­ті, марқұм болып кеткен Хамит Ғабдул­лин, В.Гафнерлердің өзі сол Бө­лек­бай ағаның тәрбиесін алып, қанат­тан­ған мамандар немесе бірлесе жұмыс істеді.

Ол кезде, тіпті қазірде де Атырау мұнайшылардың ұстаханасы атанған байырғы өңір. Алғашында фабрика-зауыт училищелері мен жұмысшы факуль­тетерінде оқып, білім алған мұнайшы­лар бірен-саран жоғары білімді Сафи Өтебаев, Мұхамбет Исенов, Бөлекбай Сағынғалиевтан бастап, олардың қата­ры уақыт өте жоғары білімді жастармен толықты. Бірақ сол ұрпақ жалғастығы өкінішке орай, бірте-бірте босаңсып барады. Өйткені, өндіріске жаңа келген жас маманға лайықты көңіл бөлінбейді, қолайлы жағдай туғызылмайды. Бұ­рын­ғы тәжірибелі, білікті мамандар жа­лақысы жоғары, әлеуметтік жағдайлар туғызылған шетелдік мұнай компанияларына ауысып кеткен. Ал, жергілікті мұнай компанияларын тәжірибесі аз, білігі төмен, ұйымдастыру қабілеті нашар адамдар басқарады. Осыдан келіп, өндірісте кереғарлық туады. Басшылық жұмысшылармен тіл табыса алмайды, өндірісті алға жетелеу үрдісі жоқ. Со­ның салдарынан арада келіспеушілік пен қайшылық туады. Мен бұл арада өз әңгімеме мысал ретінде Жаңаөзендегі жа­ғ­дайды үлкен өкінішпен еске аламын.

Елбасы Н.Назарбаев егемендіктің елең-алаңында-ақ басқа салалар сияқты мұнайшы қауымға да ерік берді. «Жа­ңартып, жақсарт, гүлдендір, қайткенде де ел байлығын өсір, өзің де өс, жақсы тұрмыста өмір сүр» дегенді айтты. Осы кезде Бүкіләлемдік банктің араласуы нәтижесінде біраз жұмыс атқарылды. Соның дәлелі өнім өндіру көлемі 7 млн. тоннаға дейін жетті. Кендірліде, Зерен­діде келісті демалыс аймағы салынды, астаналық облыстың Зеренді ауданында өзендік және атыраулық мұнайшылар балалары үшін демалыс лагерьлері, Атырауда дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен бассейн, Құрманғазы атындағы мәдениет үйі күрделі жөн­деу­ден өтті, Жаңаөзен қаласында «Аруана» қонақ үйі, ардагерлер үйі, перзентхана, Теңге ауылында мектеп жұмыс істеді. Бірақ, Жаңаөзен, тұтас Маңғыс­тау өңірінде, Атырауда көмірсутек ши­кі­затын өндіру көлемі күрт төмендеп кетті. Ал, оны жуық маңда көтеру аса қиынға соғатын сияқты.

Мұнайшылар тұрмысында тағы бір ойланарлық жәйт бар. Ол – қалада тұра­тын «қара алтын» өндірушілер мен кә­сіп­шілік кенттерінде тұратын мұнай­шы­лар арасындағы сәйкессіздік. Кейін­гі кез­де байырғы кен алаңдарындағы тұр­ғын ауданда үй-жайлар салынбайды. Ке­ніш­тердің өнім беру қабілеті жойыл­ған, болса да өте төмен. Соған сай Қа­ратон, Сарықамыс кенттерінің тұрғын­дары қо­лайлы жерге қоныс аударды. Ал, Байшонас мен Ескене, басқалардың халқы ше? Олар да күту үстінде. Бірақ, олардың қазіргі тұрмысы ана бір жылдардағыдай аса қолайлы емес. Бұл бұрындары жақ­сы жұмыста жүрген, бірақ бұл күнде мұ­най қоры сарқылып, көңілі алаң, мінезі пәс байырғы мұнай­шының бүгінгі халі.

Сайып келгенде, осының бәрі мұнай­­шы қауымын алаңдатады. Сондайда есімізге бір өзі жалғыз ғана бірлестікті басқарып, бірақ барша қазақ мұнайы­ның ары, абыройы болған Бөлекбай аға Сағынғалиев еске оралады. Оны барша мұнайшы-геологтар, ел, мемлекет ар­дақ­тады, мақтап, марапаттады. Үш рет Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталып, республиканың еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы атақтарын алды. Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Республиканың, Одақ­тың, соның ішінде СОКП съездеріне делегат болып сайланады. Сөйтіп, ол ел алдындағы азаматтық парызын ақтады, қазақ мұнайының қара нары атанып, артында өшпес із қалдырды. Ақын Фариза Оңғарсынова апамыз Бөкеңді бір өлеңінде «Мұнайшылар маршалы» деп бағалапты. Шындығында, ол кісі қазақ мұнайының маршалы еді ғой.

Әрине, Бөлекбай ағамызға арқау болған, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөліскен аяулы жары Хадиша апамыз туралы айтпай кетуге болмас. Жарты ғасырдан астам Бөлекбай ағамен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен Хадиша анамыз бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып, асылдың сынығы – ұлдары Асқар мен Мұхтар Бөкеңнің ізін жалғастырып келеді.

Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ.