Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:25
Асанәлі! Осы бір есім бүгін маған қазақ дәстүрінде қалыптасқан, ата-тегін қазбалатпай-ақ атымен халық арасына белгілі болған ұлы тұлғаларды елестетеді. Абылайдың, Қабанбай мен Бөгенбайдың, Махамбет пен Абайдың, Аманкелді мен Қажымұқанның жалғасы сияқты. Олардың есімдері біздің санамызға ұлт қаһармандары болып сіңген. Халқы сүйікті ұлдарына ұқсас ұрпақ өсіруге ұмтылған, ырымдап солардың атын қойған. Бүгін де жас Асанәлілер өсіп келеді. Әшімовтер көп, Асанәлі жалғыз.
Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:25
Асанәлі! Осы бір есім бүгін маған қазақ дәстүрінде қалыптасқан, ата-тегін қазбалатпай-ақ атымен халық арасына белгілі болған ұлы тұлғаларды елестетеді. Абылайдың, Қабанбай мен Бөгенбайдың, Махамбет пен Абайдың, Аманкелді мен Қажымұқанның жалғасы сияқты. Олардың есімдері біздің санамызға ұлт қаһармандары болып сіңген. Халқы сүйікті ұлдарына ұқсас ұрпақ өсіруге ұмтылған, ырымдап солардың атын қойған. Бүгін де жас Асанәлілер өсіп келеді. Әшімовтер көп, Асанәлі жалғыз. Бүгінгі қазақ ортасында (одан тыс жерлерде де) одан гөрі кеңірек тараған есім жоқ. Экранда – Асанәлі, сахнада – Асанәлі, теледидарда, театр мен кино жарнамаларында – Асанәлі, газет-журнал беттерінде де – Асанәлі, «Асанәлі» атты альбом да бар. Елдің құрметті қонағы, төрге шығарар асылы да Асанәлі. Тіпті Бахус компаниясы да оның атын пайдаланып, «Асанәлі» деген коньяк шығарып, саудасын қыздырып жатыр. Таңданбай көр!
Неге солай? Адам туғаннан дана боп, ұлы болып, жаһанға жар салып барып туа ма? Ойланып, қаһарманымыздың өмір жолына көз жіберсек, тіпті де олай емес екенін көреміз. Әкесі соғыс өртінде жоғалған жас бала жалғыз панасы анасымен тентіреп жүріп жан асырапты-ау! Туған ауылдан пана таппай, Кентау сияқты жаңа ашылған өндіріске барып анасы жұмыс істеп, баласын жеткізуге тырысқан, мектептегі оқуын үзбей, үмітін жоғалтпай, жақсылықты алдан күткен. Содан соғыс аяқталып, ел тұрмысы жөнделе қоймағанмен, көңілдері жайланып тыныштық жағдайға көшкенде, анасы Тәжіхан жалғызын адам болсын, өмірден жолын тапсын деген үмітпен Алматыға оқуға аттандырған. Қандай ерлік десеңізші! Соғыс кезінде жалғыз балаға алданып қалған аналардың біз талайын көрдік. Біріне бірі серік боп жарасып қалған олар соғыстан соң да бірін бірі қимай ауыл ішінде қалды. Шешесі жалғызын көзден таса қылғысы келмесе, баласы оқу іздемей, жұмыс істеп, анасын күтті. Анасы немерелерін тәрбиеледі. Елде әкесінің шаңырағын ұстап қалып, жалғыз баласын қалаға аттандыру екі ананың бірінің қолынан келген жоқ. Тәжіхан-апаның қылығы ерлікке пара-пар деп айтуымның сыры да осында. Оның үстіне баланың болашағы да айқын емес, таңдаған мамандығы жоқ. Әйтеуір диплом алып елге қайтып, ауылдағы шаруашылықтың бір тұтқасына ие болса деген үміт. Механик па, мал дәрігері ме, зоотехник пе – бәрі бір. Бірақ құдай оны бұл жолға салмай, басқа жолға – өнер жолына бұрып жіберді.
Алланың жазуы деген осы болар – Асанәлі көзіндегі ұшқынды танып, «Көп болса, ауылға бір мал дәрігері кем барар… Сен бізге кел» деп консерваторияның театр бөліміне шақырып алған Асқар Тоқпановтың қылығын басқаша жору мүмкін емес.
Сөйтіп Асанәлі жолын тапқан, бойында жасырынып жатқан өнерге деген бейімділікті танытуға мүмкіндік алған. Бұл – шын мағынасындағы бақыт. Бойындағы талантын танымай, не нәрсеге бейімінің барын білмей, оқуға кездейсоқ түсіп, кейін оны тастап кеткен, не болмаса оқыған мамандығына ырықсыз байланып қалып, жұпыны қызмет атқарған жастар аз ба? Бүгінгі жастардың басты қатесі де осында. Адам бойында қуат пен белгілі бір мамандыққа бейімділік мол ғой. Соларды таңдап ала білу, соған жол ашу – үлкен өнер. Сол таңдау сенің бақытыңды ашады, ісіңді оң жолға салады. Бұған Асанәлі тағдыры куә.
Өнерге барған жас Асанәлінің бойындағы талант қуаты әуелден-ақ сыртқа шығуға ұмтылып, оны мазалағанын тану қиын емес. Киноға, театрға әуес болды. Киноға түсуге тырысты. Оған студент кезінде-ақ «Ботакөз», «Бір ауданда», «Асау Ертіс жағасында» фильмдеріне түсуі дәлел. Ойнағаны шағын рольдер болғанмен, ол олардан жанына қуат алды, талабын ұштады. Жігері жаныла түсті. Сөйтіп жүгіріп жүріп сабақтарын жіберіп алды. Бір жылдай оқуы үзіліп қалды. Сонда да ол алған бетінен қайтпай, оқу мен тәжірибені ұштастыруды жөн санады. Өмір мен өнердің егіз, бір бірімен байланысты екенін ұқты. Адамдық мінез-құлықтар мен тіршілік сырларын түсіне бастады. Буыны қатайды. Асанәлінің театр мектебін бітіргеннен соңғы қызметін сол кино маңында бастауы да осыдан болар. Ол бұл тұста «Менің ұлым», «Жол торабы», «Тұлпардың ізі» сияқты фильмдерде ірілі-ұсақты рөлдерді ойнады. Киностудияда ол атақты актер және режиссер Шәкен Аймановты кездестірді. Оның өзімен бірге оқыған қызы Майрамен жылы қарым-қатынасы үлкен сезімге ұласып, өз алдына отау тігу мәселесі шешілді. Асанәлісі үйленіп, Тәжіхан-апа балаларының қолына көшіп келді.
Кино, әрине, жақсы өнер. Кезінде кеңес көсемі оны өнер атаулының ең маңыздысы санаған. Сондықтан Кеңес одағында оған қамқорлық күшті болды. Кино жасауға қатысушылар үлкен гонорар да алды. Алайда мұндай үлкен өнерде оза шауып, беделге ие болушылар көп болған жоқ. Оның үстіне кино – артист үшін өткінші дүние. Оған дайындалып келіп, бір-ақ рет түсесің. Жақсы ойнасаң да, жаман ойнасаң да бітті, қателігіңді жөндей алмайсың. Сондықтан актер үшін ең маңызды және үлкен мектеп – театр өнері саналады. Шын актер осында шынығады. Театрда рөлді бір ойнап шығумен тоқталмайсың. Әр ойнаған сайын оған бірдеме қосасың. Үздіксіз ізденуде боласың. Театрда шыныққан актерлердің киноға көп шақырылатын себебі де осында. Әрі кино көпшілікке тарап, атыңды елге таныс етеді.
Ұлы Шәкен де киноға барғанда, драма театры өнерін игеріп, жақсы режиссер ретінде танылып барып келген. Оның театр режиссері тәжірибесі жаңа қызмет орнында пайдаға асты. Ол классикалық фильмдер жасады. Ұлы актер театрды сағынғанда келіп ойнап кететін, жаңа спектакльдерге қатысатын. Кинода жүріп, театрға келіп Отеллоны ойнағаны бәріміздің жадымызда.
Осындай үлкен өнер жолы Асанәліге де бұйырды. Ол шын бақытын М.Әуезов атындағы Қазақтың Академиялық драма театрында тапты. Жаңа өнерге төселу, іздену шағы, өрлеу, актер ретінде биікке жетуі де осы театр қабырғасында өтті. Осында жүріп ара кідік киноға барып, онда да кең танылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде жаңа бір бетбұрыс тудырған өткен ғасырдың 60-жылдары Асанәлі мен оның замандастары үшін де өзгеше бір кезең болды. Сталиннен кейін Кеңес елінің саяси-қоғамдық және идеологиялық өмірінде бой көрсеткен жаңаша ойлау, іс-қимыл еркіндігі шығармашылық ұйымдарда тың серпін туғызды. Осы кезде қазақ драма театрына бас режиссер боп келген, Мәскеу оқу орнының түлегі Әзербайжан Мәмбетов театрды жаңа бағытқа бұра білді. Өмір талаптарын алғыр сезінетін ол талантты да танығыш, оның мүмкіндігі мен қандай рөлдерге бейімін де аңғаратын, ойына қарай батыл шешім жасайтын басшы болып шықты. Әзербайжан дәуірі театрдың алтын заманы десе де болады. Ол классиканы да, заманауи туындыларды да, ұлттық драматургияны да жетік білді. Соларды қазақ сахнасына шығарумен репертуарды байытты. Театрға драматургтерді көп тартты. Озық спектакльдерімен қазақ театрын Мәскеу сахнасына шығару дәстүрі осы жылдары көбірек іске асты. Сөйтіп Әуезов театрының табыстары Одақ көлемінде мойындалды.
Қазақ театрының осы бір табысты жылдарының қуанышы оның актерлер құрамының еңбегімен тікелей байланысты болғаны белгілі. Ол кезде қазақ театрының негізін салған Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтар, оларға 30-жылдары қосылған Шәкен Айманов, Рахия Қойшыбаева, Жағда Өгізбаев, Сейфолла Телғараев, Камал Қармысов, Сәбира Майқановалар тірі еді. Оларға театрға соғыс кезінде келген Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалар, соғыстың соңы мен 60-жылдардың өкілдері Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбековалар қосылды. Барлық ұрпақтың өкілдері болып бір қазанның құлағын ұстап, бір дертеге қатар жегілді. Ешқайсысы қатарынан қалмай, жүкті алға сүйреді. Інілері мен балалары ағаларынан үйренсе, ағалары қамқор, тәрбиеші бола білді. Сөйтіп, жастар жағы өнерді ғана емес, ағалары өткен өмір жолының сабақтарын игеріп, адамдықтың мектебінен өтті. Бүгін қатарлары сиреп қалған соңғы ұрпақ өкілдерінің аруақты еске алып, ағаларының өнері мен адамдық қылықтарына, әзіл-қалжыңдарына тамсанып, сағынатыны әдемі-ау!
«Бұл шалдардың театры – ұлы театр екен ғой. Қазір қарап отырсам, қазақ сахна өнерінің қайта өрлеу (ренессанс) дәуірі сол қасиетті қариялар кезінде болған екен», – деп жазды кейін Асанәлі.
Сөйтіп, 1964 жылы М.Әуезов театры табалдырығын жасқана аттап кірген Асанәлі бар өмірін осы қабырғада өткізіп, бүгін театрдың төрінде отыр. Оның өсу жолы, қашандағыдай, біртіндеп басталды. Дегенмен, аз да болса кинода көрініп, ірілі-ұсақты рөлдер ойнап келген жас актердің алымын, жігері мен оттылығын танып, басшылық оны көпшілік сахнасына қатысушылар қатарына қосқан жоқ. Орта тұстан, кеудеге жақындау рөлдер тапсырумен бастады. Асанәлінің театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі жаңа қойылған М.Әуезовтің «Абай» драмасындағы Айдар еді. Бұл рөл актердің арғы ізденісіне баспалдақ болды. Асекең оны өзіне қымбат бейнелердің біріне санаған. Бұдан кейін ол «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозы, «Еңлік – Кебекте» Кебек болып ойнады. Біртіндеп, ізденіс жолына түсті. Актерлік шеберлікті шыңдауға бет алды.
Осы бір тұста оның көңілін тағы да кино бөлді. Оған «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан рөлін ойнау туралы ұсыныс түсті. Қазақтың ұлттық сана-сезіміне ыстық Қыз Жібек тақырыбы кім-кімге болса да қымбат қой. Оның үстіне Бекежан образы туралы өз түсінігі бар Асанәлі бұған ықыласпен келісті. Осымен қабаттаса Шәкен Айманов «Атаманның ақыры» деген фильм түсіруге дайындалып, Қасымхан Шадияров атты сақшының рөліне Асанәліні шақырды. Әрине, күйеу баласы болғандықтан емес, Асанәлі бойындағы жігер мен қайраттың молдығы, тәуекелі басым мінезі, жүректілігі қызықтырды. Фильмнің бас кейіпкері Шадияровты тек сондай жас адам ойнауы керек деп шешті. Тіпті Шәкен Асанәліге Бекежанды қойып, осы фильмге басын босатып келуді ұсынды. Шадияровтың рөліне қызыққанмен, Асанәлі Бекежаннан бас тарта алмады. Екі жағына да «келіссеңіздер, екеуін қабат ойнайын, қиын болғанмен, үлгеремін, ұятқа қалдырмаймын» дегенді айтты. Шәкен мен «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан Қожықов екеуі қатар отырып, Асанәліге ыңғайлы график жасауға мәжбүр болды. Сөйтіп ол екі фильмге қатар түсті.
«Бір күннің ішінде, түске дейін – Бекежан, түстен кейін – Қасымхан болып ойнаған күндерім болды, – дейді Асанәлі. – Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан «оңайлау беріледі». Ыстық қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Өйткені, Қасымхан әр қадамын он ойланып, мың толғанып шешер байыптың, ақылдың адамы… Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі жан сарайына кіру тіптен қиын. Оған Қасымхан сияқты ұзақ толғанып, қате қадам жасамауға тырысып отырсаң, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сондықтан біраз тер төгіп, алпыс екі тамырыңдағы қаныңды қыздырып алуға тура келеді. Ең үлкен пайдасы деп осы екі бейнені салыстыра отырып, біріне бірін өлшем ете алу тәсілінің өзін айтар едім».
Әрине, екі рөлді салыстыра айтқан актердің сөзі, толғанысы ол көрген қиыншылықтарды жеңілдете алмайды. Екі дәуірде өмір сүрген екі кейіпкердің мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, ел алдында өздерін ұстай білу әдетін игеріп, бір-біріне ұқсатпай беру де оңай емес еді. Екеуінің дұшпандары да екі түрлі. Дутовтың алдындағы жас офицер Шадияров пен Төлегенмен, Жібекпен кездесулердегі Бекежанның өзін өзі ұстай білуі, сөйлеу дағдысы тіпті де салыстыруға келмейді. Әрбір сөз бен іс-қимылдың астарында осыны сезінген актер мен режиссерлердің тынымсыз төгілген тері мен ой-толғанысы жатты.
Ақыры екі фильм де түсіріліп бітті. Екеуі де ойдағыдай шықты. Қазақ киносына жаңалық болып қосылды. Шадияров бейнесінде Асанәлі Кеңес Одағының қас жауы, оны құлату үшін жан аямай күрескен Дутовтың штабына кіріп кетіп, оны талқандап шыққан қазақ сақшысының ойлы, аңдап басқан, сабырға жеңгізген мінезіне қоса, шешуші кезеңдерде батыл, жіті қимыл-әрекеттер жасай алған ерлігін таныта алды. Ал, Бекежан рөлдің жаңа трактовкасымен Асанәлі шығармашылығының биік шыңы боп қалды. Ол бұрыннан қалыптасып қалған сүйіскен екі ғашықты айырған, өлімге қиған қарақшының бейнесін жаңартып, күрделі образ жасады. Ол – бір жағы – елін жаудан қорғап жүрген батыр, өзі сері, өзі сал, Жібекке ғашық өз заманының ер жігіттерінің бірі. Жібек сүймеді екен деп, жолынан жығылып, Төлегенге жол бере қою оның да азаматтық, батырлық намысына тиеді. Ел ішінен Жібекке лайық жігіт таба алмағандай, қаңғып келген біреуге қызды өңгертіп жіберу оның ар-ұжданына сиымсыз. Сөйтіп, ол күреске шығады. Осы егес Төлегеннің өліміне әкеледі. Образға осындай жаңалықпен келген Асанәлінің шешімі кейін бүкіл көрермендер қауымының қолдауына ие болғаны белгілі. Асанәлі өзі де Бекежанды өз шығармашылық өмірінің белесі санайды.
Осы жерде «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуі алдындағы таластар жөнінде бір-екі ауыз сөз қосуды парыз көрем. Оған менің де қатысым болғаны бар. Бір күні белгілі халық әртісі Мүлік Сүртібаев (бізбен жерлес, туыс болып араласып жүретін) үйіне шақырды. Барсақ, Сұлтан Қожықов отыр екен. Әңгіме үстінде «Қыз Жібек» фильмі жайлы сөз болды. Оны қырғыздарға беру мәселесі көтеріліп жатқанын естідім. Ол кезде қырғыздарда екі атақты режиссер (Төлеміш Өкеев, Болат Шәмшиев) шығып, олардың фильмдері одақ көлемінде табысты өтіп жатқан. Қазақстанда шыққан фильмдердің онша бағаланбай жүргендерінен жасқанып, кино саласының басшылары қырғыздарға беруге ынталы болыпты. Әңгіме үстінде қазақ режиссерлері ішінен фильм түсіруден Сұлтанның дәмелі екенін білдім. Ол да қазақтың үлкен ел болып отырып өз мамандарына сенбей, «Қыз Жібекті» қырғыздарға беріп қоюды намыс көретінін айтты. Мүлік марқұм Сұлтанмен дос болатын (Сол тұста туған немересінің атын да Сұлтан қойған), оған іш тартып, қоштай отырып, маған жалтақтады. Тілі жеткен жерге бірдеме айта ма деп үміттенген сияқты.
Ертеңіне мен осы әңгімені сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық жұмысты басқаратын хатшысы Саттар Имашевқа жеткіздім. Оның да ұлттық намысына тиетіндей қажап айттым. Қазақ жағынан Сұлтан Қожықовтың аты аталып қалғанын, сенім көрсетсе, оның фильмді түсіре алатынына сендірдім. Саттар бұл әңгімеден хабардар екен. Өзі де екі ойлы болып отырғанын айтты. Мәселеге араласуға уәде берді. Сөйтіп «Қыз Жібек» қазақтардың пайдасына шешіліп еді.
«Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдері Асанәлінің атын халыққа кең жайды. Фильм үлкен экранға шығып Кеңес Одағына қоса, шетелдерде көрсетілді. Жас болғанмен, актерлік тәжірибе жинақтап үлгерген, ең бастысы, құдай берген таланты мен сол образды жасарлық ойы, өзіндік көзқарасы, концепциясы бар Асанәлі табысы кім-кімді де болса таңғалдырғандай еді. Жалындай жанып, «Садақтың оғындай зуылдап тұрған қиялы бар», Г.А.Товстоноговтың сөзі, Асанәлі ішкі сезімімен, көкірек көзімен дүниені барлай білетін адамгершілік қасиеттерімен көзге түсті. Ел-жұрт оны екі өнердің тізгінін қатар ұстаған шебер актер деп таныды. Шындығында, мұнда талант күшіне қоса жанын қинаған бейнет, аямай тер төккен еңбек бар еді. Ол көп ұлтты мемлекет өнерінің төрінен орын алды. Кейін ол «Атаманның ақыры» фильмінің 2-сериясы болып түсірілген «Транссибирь экспресі» фильмінде Шадияровтың кейінгі тағдырын бейнеледі.
Кинодан театрға осындай ірі табыстармен оралған Асанәліні алда үлкен істер күтіп тұр еді. Ендігі кезеңде оған негізгі спектакльдерде басты рөлдер тапсырылды. Бірге ойнайтын артистердің барлығы да, оның ойынына, қас-қабағына қарап, ол бастаған ұжым ансамблін бұзбауға тырысатындай еді. Содан бергі жылдарда ол сахнада көптеген тың образдар жасады. Олардың бәрін бүгін театр тарихының маманы емес адамның есіне түсіруі қиын. Дегенмен, бастыларын ойға алсақ, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ» спектакліндегі Эйдзи, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» Дон Жуан, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» пьесасындағы Асан, Т.Ахтановтың «Боранындағы» Қасболат, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Атан, И.Купряновтың «Вьетнам жұлдызындағы» Нгуен Ван Фан, 1971 жылы Ә.Мәмбетов қайта қойған Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қодар, М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятындағы (сахналық нұсқасын «Таңғы жаңғырық» деген атпен жасаған – Қ.Ысқақов) Жарасбай, Ә.Әбішевтің «Мансап пен ұждан» пьесасындағы Арман, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» Өсіпбай, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Ғ.Мүсіреповтің «Болашаққа аманатындағы» Сырым батыр, т.б. рөлдер еске түседі. Бәрі де спектакльдердің негізгі тұтқасын ұстап тұрған, шығарманың идеялық-көркемдік кейпін ашатын бейнелер. Кезінде бұл спектакльдерді көрермен қауымның жылы қабылдағаны мерзімді баспасөзде жазылған.
Жас Асанәлінің талантын алғаш танытқан рөлдердің бірі Асан («Жат елде») еді. Өз отанынан адасып шет елде қалған, жат өмірден түңіліп, елін сағынған ақынның бейнесі, трагедиялық күйі Асанәлі ойынында шебер сомдалды. Біз бәріміз де оның айрықша талантын осы рөлде танығанбыз. Менің «Қазақ әдебиеті» газетінде (1968, 28 қаңтар) осы спектакль туралы мақала жазғаным бар. Ол тұтастай спектакльге, бөліп айтсақ Асанәлі ойынына деген шын сүйіспеншілік, ризалық көңілден туған еді. Осындай пікірді Ә.Нұрпейісов те жазған. «Асан қандай?! Асанәлі Әшімов осы рөлді тамаша ойнап жүр. …О баста Отанын сатқан, сонан соң өзін сатқан екі қазақ жігіті қараңғы көшеде тентіреп қалған. … Сылбыраған ақ жауын… Әр жерде бір сығырайған электр шамын жел шайқап, дір-дір етеді. Құрбан плащының жағасын көтеріп алған. Қасында Асан келеді. Ебіл-себіл. Жалаң бас. Шашы су-су. Беті жалқындаған ісік. «Азған ақын, тозған талант» дейді Құрбан оның түріне қарап. Ал Асан көшеде қаңғып қалған Түркістан өкіметінің президентіне қарап, көкірегіне тас боп қатқан шер-шеменін ащы тырнағымен аямай осып-осып алады. «Әлгі Абыз не деуші еді?! Не деуші еді?! Адам сезімі суалып, қиял қуара бастағанда жаттандыға жабыса береді екенсің. Не деуші еді әлгі! – деп залға төніп тұрып ап, өз маңдайын өзі кіжініп төбелеп ұратын Асанәлі. …Шіркін Асанәлінің ойыны сұмдық! Сонан әрі ол: «Не деуші еді әлгі. …Не деуші еді? …Ә, ә! Бас кесілген бос кеуде, береке қонар арты жоқ, көзін алған біз сона, жар салып бастар жалқы жоқ. Барар жерің – батпақ сор, күн түзелер қалпы жоқ, шерменде емей біздер кім, көк тиындық нарқы жоқ», – деп бір кезде Сарыарқада сарнап өткен Абыз аташа Әшімов те сахнаны күңірентіп жібереді», – деп жазды ол. («Лениншіл жас», 1968. 28 қаңтар).
Қодар рөліндегі Асанәлі кейіпкері фольклорлық жырдағы ұрда-жық қара күштің иесі етіп қана қоймай, оның бойында «дүлей мінезбен қатар асқақ адуындылық та барын» Қ.Мұхамеджанов жақсы байқаған («Қазақ әдебиеті», 1972. 17 наурыз). Мұны Бекежан рөлімен салыстыра қарасақ, халық поэзиясының бірыңғай қара бояуы ырқымен кетпей, Асанәлінің олардың адамдық сезімі, намысы барлығын, кейде сол сезім жылт етіп көрініп, кейін дүлей бақастықтың жеңіп кететінін көрсете алғанын көреміз. Бұлардың өзі – ескі таптаурын жолдан жалтарған актердің жаңалығы.
«Қараш-Қараш оқиғасында» да М.Әуезов жазған Жарасбайдың беймезгіл заманда күй кешкен қайшылықты бейнесін Асанәлі шебер аша білді. Ол – орыс отаршылдығына бас иген, қазақтың биліктегі ірі тұлғасы. Бірақ халық жазасынан қашып, сол билікті орыс қолына береді. Қамытты өз еркімен киіп, енжар күйде қолындағы сақинасын мөр қып басып тұрған күйі қандай оның? Бәрібір халық қарғысынан құтыла алмайды. Театрдағы Асанәлі ойыны жайлы пікірлер бұдан әлдеқайда көп. Біз оның ойымызға дәлел есебінде бірен-саранын ғана алдық.
Асанәлінің театр сахнасындағы үлкен табысы – актердің үздіксіз ізденісінің, өзіне өзі биік талап қоя қарауының нәтижесі екені даусыз. Ол барды ойнап қана қоюмен қанағаттанбай, жоқты іздеуге ерінбеді, көп оқыды, өмірден тоқыды. Оның таланты көп қырлы, жігері мол, тапқыр, әрқашан жинақы, диапазоны кең, байсалды, керек жерінде шиыршық ата да біледі. Сол арқылы Асанәлі қазіргі қазақтың биік дәрежедегі интеллектуалды зиялыларының қатарынан берік орын алды. Онымен пікірлессең, айтқанын жалықпай тыңдасаң, оған көзің әбден жетеді. Осы білімімен, талантымен театр мен киноның әлемдік тұлғаларымен тең тұруға хақылы күйге жетті. Оны біз театр фестивальдарынан жиі көріп жүреміз. Оның кішіпейілдігі, еңбегіне сүйеніп өсіп жетілгені, күпірлік мінезінің жоқтығы да адамға тән қылықтар.
Ол алдымен қазақ театрының негізін салған ұлылармен тіл табыса білді. Ресми білімі болмаса да, өмірді жетік білетін таланттардың өз бетінше білгенін толықтырып, қазақ туындылары ғана емес, орыс және әлемдік классиканы игергенін көрді. Олардың осы байлықты игеру жолындағы еңбегі мен мехнатын талдап түсінді. Қалибек пен Серкенің, Елубай мен Қапанның, Құрманбек пен Қанабектің, Шәкен мен Камалдың, Сәбира мен Қадишаның әрбір ойыны мен оның жаңалықтарына, олар жасаған образдардың кесек қалпына көңіл аударды. Олардың адамдық қалпы мен кеңдігіне, дарқан болмысына қызықты. Ұлы адамдардан ғана ұлы актерлер шығатынын, қызғаншақ, күндестігі көп, өз қуанышы болмаса, басқаның табыстарына қуана білмейтін адамның өресі ұзақ болмайтынын байқады. Өзі де кеңдікке, адамдық жылылыққа, көппен бірге болуға үйренді. Осы байқаулары мен ойларын кейін кітаптарында («Майраның әні», «Жан бөлек») жазды да.
Баяғыда театр құрылған кезде Еспембетті («Еңлік – Кебек») ойнаған Серкенің пьеса жаңадан қойылғанда сол рөлді жаңартып (тіпті өзгеше рухпен) орындап шыққанын талдаған Асанәлі ойлары қызықты. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» депті Серағаң оған. – Елу жыл ойнап келе жатқаным рас болғанмен, елу жылда көрерменнің де қанша ұрпағы алмасты емес пе? Әр шыққан сайын менің алдыма мүлде жаңа ұрпақ, кешегіден басқа көрермен келіп отырғандай көрінеді. Сонан соң толқымай қайтейін! Оның үстіне елу жыл бұрынғы Еспембет пен қазіргі Еспембетті салыстыра аласың ба? Бүгінгі Еспембет – мүлде басқа Еспембет, сөздері өзгеріссіз болғанмен, көрермені басқа. Басқа көрермен үшін басқа, яғни жаңа Еспембет керек болады. Жаңармаған өнердің болашағы күңгірт, ол өсуден қалған өнер. Сахнаға шығады екенсің, кешегі жаттаған сөзіңмен ғана емес, бүгінгі әрекеттеріңнің де бағдарын біліп шық».
«Ойлап отырсам, данышпан шалдың айтқандарының бір қателігі болса-шы! – деп қорытады ойын Асанәлі. – Сахнаға шыққанша, қобалжымаған, керісінше қалың көрерменнің алдында тұрып сасқалақтаған артист – нашар артист. Артист сахнаға шыққан соң шығармашылық өнердің шыңында тұрғандай, бәрінен де өзін биік сезінуі керек. Өзінің әр сөзінен, әр қимыл-қаракетінен рахат алуы керек. Сахнаға шыққанша қобалжып, мың толғанбасаң, мұндай биікке жете алмайсың. Қалың көрерменнің қас-қабағына қарап ойнамай, көрерменді өзіңе ілестіріп әкетуге әрекет ет. Сонда ғана жеңіс – шығармашылық жеңіс сенікі» («Майраның әні» – 98-бет).
Асанәлінің кинодағы Бекежан рөліне бекіп, көңілі тасып келе жатқанда Құрманбекке кездесуі де көңіл аударарлық.
– Құреке, өзіңізбен жолыққанымды бір жақсы ырымға жорып тұрмын. Қәне, қолыңызды жайып, батаңызды беріңізші, – дейді Асанәлі.
– Оу, жайшылық па, әйтеуір? Алабұртқаныңа қарап бір жақсылықтың болғанын байқаймын, – деп ақкөңіл қария көшеде тұрып қолын жая берді. Сонан соң ғана сұрады:
– Қандай қуаныш?
– Құреке, осы келе жатқанда «Қыз Жібек» фильміне өзіңіздің Бекежаныңызды ойнайтын болып бекіп келе жатырмын.
Ағамыздың батасы да менің ойымның үстінен дөп басқандай.
– Бекежандай еңбегің – еш, тұзың сор болмасын! Азаматты халқыңа қалтқысыз жеткізсең, қор болмассың. Жортқанда жолың, жолдасың Қыдыр болсын! Әумин! – деп тақпақтай жөнелді.
– Әумин, Құреке! Бекежан – өзіңіздің Бекежаныңыз еді. Аңғал да ақ жүрек батырдың жарқылдаған бейнесін сахнада талай жасап едіңіз. Мен сізден аздап ұрлаймын. Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ, алдыңыздан өттім, – дедім.
Құрекең сөзін жалғастырып:
– Бір ғажабы театрға қарағанда, киноның құлашы да кең, мүмкіндігі де мол. Сондықтан, оның өмірі де ұзақ, театрдағы ойының жақсы болса да, кейбір көрерменнің ғана есінде қалар, ал келесі жолы одан иә артық, иә кем ойнауың мүмкін, бірақ бәрі де бірте-бірте ұмытылады. Ал кино өнері бір жолғы ойыныңды ұзақ уақытқа әкетеді. Сонысымен де ол мәнді, сонысымен де оның ғұмыры ұзағырақ. Бәлкім, кейінгі бір ұрпақ «Қыз Жібекті» қайтадан лентаға түсірер. Мінеки, егер сен шын шебер актер болсаң, ол Бекежан – актердің өзі сенен көп жайды, өзің айтқандай «ұрлайтын» болар. Сондықтан, ұлым, бұл жолы бойыңда барыңды сарқа пайдаланып, жоғын талмай іздеп табуыңа тура келер. Менің Бекежанымнан «ұрлайтын» бірдеңе тапсаң, түк ренжімеймін. Бірақ операдағы Бекежан мен кинодағы Бекежанның арасы жер мен көктей-ау! Сондықтан, талмай ізденіп, талпынудың қажеттігін өзің де жақсы білесің ғой. Мен сол «ұрлаймын» дегеніңнің өзіне ризамын», деп батасын беріпті қарт шебер.
Қарт ұстаздың осы бір «бойыңда жоғыңды іздеп табуыңа тура келеді» деген сөзі көкірегімде аяттай жатталып қалды» – дейді Асанәлі.
Осындай ұстаз ағалардың қатарында Асанәлінің атасы, жары Майраның әкесі Шәкен Айманов та бар еді.
«Мен Шәкеңнің тірі кезінде де, соңынан да ол кісінің өзіне не рухына бағыштап көп қызмет істедім деп құдайға күпіршілік айта алмаймын, – деп жазады Асанәлі, – менің ол кісіге деген ықылас-пейілімнің бәрі де белгілі бір шеңберден асып-төгіліп көрген емес. Қайта, керісінше, онсыз да өнеріне басымды иетін, өзіме ұстаз санайтын атақты адамның туған қайын атам болғанына қиналып та жүретін кезім аз емес еді. Рас, алғашқы үйімді алған кездегі жасаған жақсылығы, бедел салып жіберетін тұстары болатын. Дегенмен, ол жақсылығын мен күйеу баласы болмасам да жасайтындай көрінеді. Себебі, ол біреулерге қолұшын беріп, қуантып жүретін жан еді. Қазекем қарап жүрген бе, егер өнерден бір биікке қолым жетсе, тіпті тәуір рөлдерде ойнайтын боп бекісем де, «Е, оның бәрі де Шәкеңнің арқасы ғой. Оған қатысы жоқ қаймана қазақтың бірі болса, көрер едік», дейтін күңкіл сөз алдымнан кес-кестей беретін. Намысшыл басым өз еңбегіммен жеткенімнің бәрін сол кісінің арқасы деп санағандарын естуге төзбей-ақ жүретінмін. Бір қызығы – ол кісі де менің осылайша намыстанатынымды сезіп жүретін. Содан да болар, жұмыс бабында жұрттан ерекше жеңілдік жасамауға, кішкене жақсылығы болса да елді қойып, өзіме де білдіртпеуге тырысар еді… Әке ретінде емес, ізбасар шәкірт ретінде еркелете жүріп тәрбиеледі. Білмейтініңді білдірмей ғана үйретіп жіберуге шебер еді. Кейбіреулердей «Мұны неғып білмейсің?» деген сияқты сауалдармен өзіңді кемсітіп, жер-жебіріңе жету дейтін жат мінезі мүлде болмайтын. Маған ғана емес, барлық шәкірттеріне, тіпті қатар жүрген замандастарына да солай еді. …Сондықтан да ол барша жұрттың Шәкеңіне айнала білді».
Асанәлі Шәкеннің әлемдік даңқын көтерген өнері мен ондағы достары (шетелдік, одақтық, қазақстандық) жайлы тартымды әңгімелер айтады. Оны сахналас ағалары да сүйіп еркелеткен ғой. Е, жігіттер, ол Шәкен ғой» дейді екен олар Шәкеннің ісіне сүйініп, оларды түсінген Шәкен де «Ау, ол – Елағаң ғой, Серағаң ғой», – деп отырған.
«Бір білетінім – керемет әртістігімен, актерлігімен қатар, әншілігімен қатар дамыған өнерпаздығымен, дарынды режиссерлігімен, оған қоса жұрттың бәрімен де тіл табыса білер дарқан мінезімен, қол астындағы кез келген ұжымның әр мүшесімен қабақ шытып, түсін суытпай-ақ жұмыс істесе білетін ұйымдастырғыш қасиетімен, тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай орындай білетін тыңғылықтығымен, ең соңында әзілін кез келген жанмен жарастыра білетін дария-шалқыма жанымен, былайша айтқанда, бүкіл болмысымен ұмытылмас ұлы бейнелердің бірі болып қала алды. Ең кереметі – қандай іс істемесін, ойында ең алдымен халқының намысы, халқының мүддесі тұратыны таң қалдыратын», – деп қорытады әңгімесін Асанәлі.
Асанәлінің ағаларынан алған сабағының түрі осындай. Осыған ұқсас өнегені ол олардан жастау әріптес аға-апаларының, құрбыларының да бойынан тауып, тани білген. Өзінің білімі мен құдай берген талантына қосылып, бойындағы халықтық дарынын оята білген қазақы табиғаттық көзі осы ағалары болғаны анық. Ол кім-кімнің бойынан да өнердің бір ұшқынын, тапқырлықты көрсе, одан үйренуді ар санамаған. Басқа халықтар өнерпаздарымен араласа жүріп, олардың ойынын көріп, тапқандары қаншама! Қанша білім кітапта жатты. Ол ұлы өнерпаздар, ғалымдар, атақты адамдар туралы шығармаларды көп оқыды. Осылар Асанәліні әлемдік деңгейдегі актердің дәрежесіне көтерді. Сол тұста М.Әуезов театрының Мәскеуге сапары да жиі болып тұрды. Ә.Мәмбетовтің режиссерлік жаңалықтары орталықтағы өнер ұжымдарын қызықтырды. Сол гастрольдік сапарларда Асанәлі еңбектері де аталып жатты. Ол СССР халық артисі деген үлкен атаққа ие болды.
Өткен ғасырдың 70-80-жылдары Асанәлінің өзі үшін де, отбасы үшін де жұлдызды жылдар еді. Жан жары Майра консерватория бітіріп, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі болып орналасты. Аз уақыттың ішінде өнерімен танылып, «Абайда» Ажарды, «Қыз Жібекте» Жібекті, «Ер Тарғында» Ақжүністің рөлдерін орындады. Жұлдызы жанып, қолдан қолға тимейтін опера әншісі болды да шықты. Екі ұлы Мәди мен Сағи да біріне бірі жете ержетіп, театр институтын бітіріп, өнер жолына түсті. Сағи Асанәлінің өзі қойған төрт сериялы «Шоқан Уәлиханов» фильмінде Шоқанның рөлін тамаша, жұртты таң қалдырып ойнап шықты. Асекең өзі де актерлігіне қоса режиссерлікке бейімделіп, театрда да, кинода да, театр институтында да жастарды тәрбиелеу жұмыстарын қатар жүргізді.
Өнер жолындағы отбасының бақыты деген осындай-ақ болар!
Алланың әміріне билік жүре ме? Жақсылықтың жолына бөгет тұра қалатын жаманшылық қашан да жақын, жар астында екені мәлім ғой. Кенет Майра ауырды. Майраның ауруы бір Асанәлі мен анасы Тәжіханның, балаларының жанына батқан жоқ, оларды білетін жұрттың бәріне ауыр соқты. Майра өнерді де, жар, ана бағуды да, отбасы тіршілігін ұймдастыруды да жетік меңгерген, ағайын мен достар арасында ерекше қадірлі жан еді. Адамдарды өзі іздеп тауып, жақындыққа тартып жүретін. Елден келген біреулерді ертіп: «Апа, сіз біздің апамызсыз ғой», деп ерке үнімен Әлияға бауырлық сезімін ұсынғанын апасы ұмытпайды. Кейін үйіне шақырды. Ауруының жағдайын да Әлияға айтып, Германияға емделуге жүрерде шығарып салушылар ішінде де болғанымыз бар. Мейірбандығы мол, адамдық тазалығы мен ақкөңілдігі, кейде тіпті балалықтың табындай көрінетін аңғалдығы әрқашан мөлдіреген көзінен көрініп тұратын оны Тәжіхан апа да ерекше сүйді. Ол кісінің Майра қайтқанда: «Періште боп келіп өмірге, Періште болып кеттің-ау!» деп жылауында да себеп бар.
Майрадан кейінгі өмір Асанәліге тым ауыр тиді. Есін жиғызбай Мәди мен Сағи кетті өмірден. Адам боп қатарға қосылып, өнердегі жолдарын таба бергенде қыршынынан қиылды. Екеуінің арасы бір-ақ жыл. Мәдидің жылын, Сағидың 40-ын бір күнде өткізді. Асанәлі үшін өмір қаңырап бос қалды.
Осы тұста қайғы басқан Асанәлі сілкініп тұрып, өзін бір ерлікке бастады. Өлімге қарсы өмір үшін күрес жолына шықты. Жайшылықтағы жұмыс үстінде ойы бөліне беретін болған соң әуелі Майрамен бірге өткен өмірі, қатар өрбіген шығармашылық жолы жайлы кітап жазуға отырды. Қайғыруға уақыт болмай, басқа ойға берілмей, жазумен шұғылдану арқылы өмірге жол тапты. Ақыры «Майраның әні» деген кітабы (1995) шықты. Бұл – бір жағынан сүйікті жарына ескерткіш, екіншіден, ұлы актердің адамдық, пендешілік қылықтары, махаббаты туралы кітап еді. Майраға жазған хат түрінде автор сүйгеніне көзі тірісінде айта алмаған сырын ашты. Екеуінің ортасы, достары, өмір жолы, өнері жайлы қалың оқырманға әңгіме шертті. Кейін «Жан бөлек» (2001) деген кітаппен екі баласын еске алды. Жан бөлек екені рас. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Соның сырын, қымбатынан айырылған адамның жан тебіренісін Асанәлі тағы қозғады. Бұрынғы ойларына ой қосты, замандастары, әріптестері жайлы айтылмаған жайларын толықтырды.
Асанәлінің өнеріне қоса, өмірдегі ерліктері осыдан басталады. Ол қайғыға бөлінген уақытты кітап жазуға арнап, өмір үшін күресе білді. Уайымға көңіл аудармауға тырысты. Балаларының асында өзі жасаған Шоқан туралы фильмде Шыңғысты ойнағанын еске алып, енді ол рөлді өмірде ойнауға бел буғанын айтқан еді. «Шыңғыс төре – 90 жыл жасаған адам, сол жасты мен де жасауға тиіспін…. Мәдиім мен Сағиымның балапандары үшін…. Сонау суық дүние түкпірінен маған қуат беріп, аманат артып жатқан Майрашым үшін жасауым керек» дегені есімде.
Асанәлі – тұрақты сөздің, істің адамы. Айтты – бітті. Сол күрес басталды да, әлі жалғасып жатыр.
Өмірді сүю мен сүруді жалғыздық көтере алмайтыны түсінікті. Оның үстіне қайғы арқалап анасы дүниеден озды. Асанәліге осы сапарда серік болар жаңа жолдас-жар керек еді. Тағдыр оны осындай адаммен жолықтырды. Ол Асанәлінің талантын сыйлап, оның басына түскен ауыртпашылыққа жаны ауырып, оны бөлісуге тәуекел еткен жас қыз Бағдат еді. Сөйтіп Асанәлі жасы жетпіске келгенде жаңа өмір бастады. Бағдат та оны рухтандыра, өмірге құлшындыра білді. Жас Асанәлі өмірге келді.
Бағдат сыйлаған ұлға осылай, әкесінің атын қою да Бағдаттан шықты. Ат қою кешінде сөз алған ол: «Ағалар, менің Асекеңмен жас айырмашылығымды білесіздер. Соған қарамай онымен бірге болуды армандаймын. Тағдыр жазса, ол да орындалар. Жазатайым Асекең қасымда бола алмай қалса, жас Асанәлі болар. Атын Асанәлі қойсаңыздар, сол да маған алданыш. Асекеңмен өмірім бірге өтті деп санаймын», – деді Бағдат. Жұрт мақұлдап, тілегін берді. Қазір бір үйде үлкенді-кішілі екі Асанәлі жасап, өмірді қызықтап жатыр. Тек осы қызық ұзағынан болсын!
Бұл да даусыз Асанәлінің тағы бір ерлігі еді. Осыдан он жыл бұрын, Бағдатпен жаңа қосылған кезде театр сахнасында Асекең жасаған тағы бір ерлік еске алуға тұрарлық. Ол Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» атты драмасында жас қызға ғашық болып көңіл жарастырған жетпістегі шал Матиас Клаузеннің рөлін ойнады. Бір жағынан, жаңа ғана осы сезімді бастан кешкен Асанәлі өз рөлін өзі ойнағандай көрінгенмен, пьесаның актердің өз өмірінен тыс тартысы да үлкен еді. Ол рухы күшті адамның бас еркіндігін, өзіне лайық өмір соқпағын таңдауы жолын көрсетер керемет күшті образ жасады. Қарттың ержетіп кеткен балалары жиналып, анасынан қалған дүние-мүлікке таласып, әкемен тартыс тудырса да, Клаузен өзінің абыройы мен арын сақтап, дүниеқоңыздыққа, адамды емес, дүние-мүлікті сүюшілерге қарсы тұрады. Пендешілік пен адамзаттық биік мораль тартысқа түседі. Пьеса он жыл бойы сахнада жүріп жатыр. Ол 75-ке келген Асекеңнің ерлігін әйгілеп, көрермендерге өмір сүрудің мән-мағынасын, оны сүйе білудің сырын ашарлық туынды болып қалары даусыз.
Асанәлінің осы жаста театрда ойнағаны бұл ғана емес. 90-жылдары ол Шекспирдің «Юлий Цезарын» ойнап еді. Кейін «Апат» атты И.Вовнянконың пьесасы бойынша қойылған спектакльде теңізші капитан шалдың образын жасады. Арал теңізі тартылып, кемеде жағада қалған капитанның толғанысы арқылы бүгінгі замандағы халық басына түскен экологиялық трагедияны өткір аша білді. Ол «Мен Аралдың оралуын күтем» деп, теңіз жағасынан кетпе