• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2012

Ағалардың алақаны

1176 рет
көрсетілді

Ағалардың алақаны

Жұма, 24 тамыз 2012 7:32

Сафуан ағамен бертінге дейін етене араласпай сырттай ғана сыйласып жүрдік. Олай болатыны, Сафекең кім көрінгенді өзіне үйір қылмайтын, кіммен де болсын, бір көргеннен жалпылдасып кетпейтін, мінезі ауыр, сырбаз да салқын қанды адам еді. Ол кезде әдебиеттегі әр буынның өз орны, өз ортасы, өз «территориясы» бар. Мүмкіндігінше ара қашықтықты сақтауға тырысатынбыз.

Жұма, 24 тамыз 2012 7:32

Сафуан ағамен бертінге дейін етене араласпай сырттай ғана сыйласып жүрдік. Олай болатыны, Сафекең кім көрінгенді өзіне үйір қылмайтын, кіммен де болсын, бір көргеннен жалпылдасып кетпейтін, мінезі ауыр, сырбаз да салқын қанды адам еді. Ол кезде әдебиеттегі әр буынның өз орны, өз ортасы, өз «территориясы» бар. Мүмкіндігінше ара қашықтықты сақтауға тырысатынбыз.

Соған қарамастан, біздің бу­ын­­­­ның Сафуан Шаймерденовке деген құрметі ерекше болатын. Оған себеп: жазушының ешкімге ұқса­майтын дара мінезі, қаламы­нан шыққан сәтті туындылар, жазу мәнерінің сауаттылығы. «Біз­дің буын» деп отырғаным – Са­фекең­нен бір-бір жарым мүшел кіші прозашылар: Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқа­қов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Ма­ғауин, Асқар Сүлейменов, Рым­­­­ға­ли Нұр­ғалиев, тағы бас­қалар… Қа­шанда «аға – бор, іні – тас». Жас­тар ра­қым­сыздау болады. Жаңа­ғы атал­ған жігіттер жасы үлкен жа­зу­шының бәрін сыйлай бермей­тін-ді. Оңаша отырыстарда сол кезде көз­ге түсіп, мақ­талып жүр­ген жазу­шылардың шығармала­рына «читка» жасайтынбыз. Онда бә­ріміздің Еуропа жазушыларына еліктеп, Гюстав Флобермен «ауырып» жүрген кезіміз. Флобердің көркем прозаға қоятын талаптары сұмдық. Ол талапқа қазақ қалам­герлерінің көбі-ақ жауап бере алмайды. Сондай «читка» кезінде сыннан сү­рінбей өтетін санаулы ағалары­мыздың бірі – осы Сафе­кең еді.Оның үстіне, ұлы Мұхтар Әуе­зовтың Мәскеу ауруханасында, операцияға жатар алдында жазып кеткен өсиет хаты бар. Сол кездегі аға сыншы Есмағанбет Ысмайы­ловқа жазған хатында өзі бола­шағынан үміт күтетін бірне­ше жас жазушыны айрықша бөліп атайды. Олар – Тахауи Ақтанов, Сафуан Шай­мерденов, Әбдіжәміл Нұр­пейі­­сов, Зейнолла Қабдолов­тар… Мұхаңның назарына Тәкен Әлім­құлов пен Бердібек Соқ­пақ­баев қалай ілінбей қалды екен? Өйт­кені, ол жылдары осылардан басқа көзге түсетін прозашы­лардың өзі де жоқ болатын. Жо­ғарыдағы хат – әлгі аталған қа­ламгерлерге ұлы жазушы беріп кеткен мандат сияқ­ты болды. Көп жылға дейін олар­дың өздері де, басқа жұртшылық та солай түсініп келді.Сафуан Шаймерденов бұрқы­ратып көп жазатын, жыл сайын кітап шығаратын жазушы емес-ті. Ол алғаш рет 1953 жылы жарық көрген, ұстазы М.Әуезовке ұна­ған «Болашаққа жол» атты романымен көзге түсті. Кейін әжеп­тәуір өң­деу­­­ден өткен бұл шығар­ма «Инеш» деген атпен қайта басылды. Орыс тіліне, тағы басқа шет тілдерге аударылды. Осыдан кейін Сафекең қалың роман жаз­ған жоқ. Қысқа әңгімелер мен бірыңғай хикаяттар цикілін дү­ние­­ге әкелді. Жазушы қаламынан туған: «Мез­гіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Марғау» атты хикаяттарын оқушы қауым жылы қабылдады. Ал өндіріс тақырыбына жазылған «Жыл құ­сы» атты повесі ВЦСПС пен КСРО жазушылар одағының сый­лығын алғаны есімізде. «Аға­лар­дың алақаны» атты эсселер кітабы 1988 жылы Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлыққа ие болды.Сафекең өткен ғасырдың жет­пісінші жылдарында Мәдениет министрлігінің репертуар бөлімін басқара жүріп, драма жанрында да біраз тер төккен екен. Жазушы қаламынан сол кезде туған: «Қай­дасың, Зарина», «Әнім сен едің», «Өкіл әке», «Дөкей келе жатыр», «Төрт бойдаққа бір қалыңдық» пьесалары кезінде республика театрларында қойылып жүрді.С.Шаймерденов жасаған аудармалар бір төбе. Ол Лев Толс­той­дың «Альберта» повесін, үн­дінің ұлы жазушысы Рабиндранат Та­гордың «Күйреу», «Гауірма­һан» романдары мен «Алтын са­ғым» атты әңгімелер жинағын қа­зақша­ға жатық аударды. Ал «Күй­реу» романын сәтті аудар­ғаны үшін Жазушылар одағының ар­нау­­лы сый­лығын алуы – ол кезде де, қазір де сирек кездесетін оқиға.Жоғарыда аталған шығарма­лар­­дың қай-қайсысы да кезінде жұртшылық сүйіп оқыған, әдеби сынның жоғары бағасын алған дүниелер. Біз оларды кейінгі кезде кітап оқудан суына бастаған бү­гінгі ұрпақтың есіне салу үшін ғана айтып отырмыз.Біз әдебиеттің есігін қаққан жыл­дарда жазушыларға деген ел құрметі ерекше болатын. Жа­зу­шы­­­­ның жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнеріне дейін – жұрт­шылық назарында. Ал, біз сияқты сөзбен «ауырған» жас таланттар­ға жазушының сырт тұлғасының өзі­нен оның шығарма жазу мәнері көрініп тұрғандай әсер етуші еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтың тұла бойындағы ұлылық, ғұламалық, маңғаздық, тереңдік, ерекше ауыр салмақ оның шығармаларында қағаз бетіне сол күйі түсетіні кү­мән тудырмайтын. Сәбит Мұқа­нов бойындағы қарапайымдылық, мі­незіндегі ашықтық, турашыл­дық оның жазғанда­рынан да ап-анық көрініп тұратын. Ал ұлы Ғабеңнің – Ғабит Мүсірепов бо­йындағы паңдық, кербездік, тә­каппарлық – оның жазу мәнерінде сол күйі қайталанғандай әсер қалдырушы еді. Баяғыда Қызыл­жар өлкесінде сал-серілерден бө­лек, паң Нұрма­ғамбет деген кісі өтіпті. Ғабең маған сол паңдар­дың бүгінге жеткен сарқыты сияқты көрінуші еді…Сол паңдар елінде туып өскен Сафуан ағамыздың тұлғасынан да бір тектілік, сүйекке біткен сері­лік пен ірілік байқалып тұратын. Қа­шан көрсең, сол сырбаз да сал­қын, салмақты қалпы. Сындардай сұң­ғақ бойы қандай! Иілмей-бүгіл­мей, тіп-тік болып жүретін еді… Сафе­кең алпыс жасқа тол­ғанда, ақын ағамыз Ғафу Қа­йырбековтің оған арнаған өлеңі бар. Сол өлең­дегі «сорайған сол­түстіктің қара­ғайы» деген бір жолға Шаймерденов тұлғасы тү­гел сыйып тұрғандай.Жазушының кісілік қалпы дегенге тағы бір мысал. Алматының Жамбыл көшесінде бір кезде Жазушылар одағының әдеби қоры сал­дырған «Ақ үй» және «Сары үй» деген үйлер бар. Кезінде бұл үйлерде елу-алпыс жазушы тұру­шы еді. Қазір санаулы ғана адамдар қалдық. Сол үйдің бірінде атақты ұйғыр жазушысы Хизмет Абдуллинмен он жылдай есікпе-есік көрші тұрдым. Хизмет әка өзін сергек ұстайтын, жәй үй ма­ңына серуенге шықса да шал­ба­рының қыры сынбай, таза жү­ретін кісі еді. Өйткені, ол өзінің әде­биеттегі орнын жақсы білетін-ді. Бір күні есік алдында әңгі­мелесіп отыр едік, көрші кіре­берістегі бір жастау жазушы дү­кенге қарай жүгіріп барады екен. Қолында – тор-дорба, аяғында – башмақ, бұ­тында шолақ шалбар… Әлгіні Хизмет әка шақырып алып:– Ау, жігітім, сенің мына жү­­­рі­­­сің не? Мына түріңді көрген адамдар ертең сенің кітабыңды қалай оқиды? Сені теледидардан, не газет бетінен көре қалса «Мынау – әлгі дүкенде картошкенің кезе­гінде тұратын сорлы ғой» демей ме? Осы сендер неге дұрыс киініп жүрмейсіңдер? – деп қатты ұрыс­қаны бар еді…Жазушылардың басынан жұрт назарын өзіне аударған сондай бір серілік дәуір де өтті-ау. Қазір жа­зушының өзі кім, сөзі кім? Киген киімі, жүріс-тұрысы, күнкөрісі қан­дай? Көз салып, көңіл аударып жатқан ешкім жоқ.Сафуан ағамыз өзінің кім еке­нін, әдебиеттегі орнын жақсы біл­ді. Жазушылар арасында ең алғаш «Волга» машинасын алып, оны ұқсатып айдап жүрген – Сафекең болды. Ол жылдары жеке адамға автокөлік сатылмайтын кез. Біз көргенде жеке көлік Мұхаңда, Сәбеңде, Ғабеңде ғана бар болатын. Әрине, ол кісілер машина рөліне отырған жоқ. Жүр­гізуші қызметін пайдаланды. Ал өз машинасын өзі айдаған «шопыр жазушының» алғашқысы – Сафуан ағамыз еді. Және ол кісі машинаны қалай айдайды! Сафе­кең рульде отыр­ғанда «Волга­ның» көр­кі арта түс­кендей болатын. Са­фуаннан қал­ғысы келмей оның достары Тахауи, Әбдіжәміл, Бер­ді­­­бектер де көп ке­шік­пей машина алды. Бірақ олар­дың көлігін көр­сетіп, кеңес сұрай­тын «автомеха­никтері» – Сафекең еді.Шаймерденовтың өз аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір күні Сафекең үйінде жазу жазып отырғанда, Әбді­жәміл досы телефон соғады.– Сафуан, сен келіп көрме­сең болатын емес. Көшеде келе жатыр едім, машинам төбеден ұр­ған­­дай тұрып қалды. Өзім қанша шұ­қы­ласам да ештеңе таппадым, – депті.– Қай жерде тұрсың?– Абай даңғылы мен бәленбай көшенің қиылысында…Сафекең, амал жоқ, жазуын тас­тап, өз машинасымен жаңағы жер­ге барады. Күн әуе айналып жерге түскендей ыстық. Асфальт­тың өзі былқылдап еріп жатыр. Кө­­шенің дәл ортасында Нұрпейі­совтың «Волгасы» тұр. Таяуда ғана алған су жаңа машинаға не боп қалды деп, Сафекең капотты ашып қарай бастайды. Бәрі өз орнында, еш кінәрат таппайды. Ке­лесі кезекте кабинаға кіріп, жа­нармайдың көр­сеткішіне көзі түскенде санын бір-ақ соғыпты. Қараса, машина багінде бір тамшы бензин қалмаған екен. Ыза болған Сафекең:– Әй, Әбдіжәміл, машина жанармайсыз жүрмейді ғой. Бакті бензинге неге толтырып қоймай­сың? – деп досына біраз лекция оқыса керек.– Амал жоқ, өз машинамнан май құйып беріп, үйіне зорға дегенде жеткізіп салдым, – деп отыратын Сафекең марқұм.Сафуан Шаймерденовтың ту­ра­­шылдығы, шыншылдығы, кім­нің алдында болсын өз пікірін бетке айтатын батылдығы небәрі екі жарым жыл билік басында отыр­ған Колбин кезінде жарқы­рап кө­рінді. Әйгілі желтоқсан қозғалысы қазақ зиялысын сы­нақтан өткі­зетін қылкөпір болды ғой. Қонаев орнынан түсіп, Колбин келгенде, «Мен осы өзгерісті қанша жыл күттім» деп оның алдына барып бас ұрған қазақ қаламгерлерін де білеміз. Ал, менің көршім Хизмет Абдул­линнің:– Ұят болды. Ертең қазақ хал­­қы­­ның бетіне қалай қараймыз? Кеше біздің бір топ ұйғыр Кол­бин­нің алдына барып: «Біз – қазақ ұлтшылдарының табанында тап­тал­ған ұлтпыз. Қонаев тұ­сында көрмеген қорлығымыз жоқ. Бізге оң көзіңізбен қарасаңыз екен!» деп арыз айтыпты! – деп қатты ренжіп отырғанын өз құлағыммен естіп едім.Бұлардан басқа сол екі жыл ішінде Колбиннің алдын босатпай, онымен ауыз жаласып, достасып алғандар қаншама!Колбин сол екі жылда Жазушылар одағына екі рет келді. Қан­ша дегенмен, арты қуыс адам ғой, жазушылардан қатты қаймы­ғатын. Сол кездесулерде оған екі жазушы мықтап тойтарыс берді. Олар – Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденов. Жұбан әлі ізі суып үлгермеген желтоқсан қозғалысы жайында айта келіп:– Мен – кешегі майдангермін. Октябрь төңкерісіне жетпіс жыл то­лайын деп тұрғанда, Алматы кө­шелерінде қазақтың ұл-қызда­рының қарулы әскер тарапынан соққыға жығылып, итке талан­ғанын көр­ген­ше, осыдан қырық бес жыл бұ­рын майданда оққа ұшқаным әлдеқайда артық еді. Өз басым соған өкінемін! – дегені есімде.Ал Сафекең мәселеге мүлде басқа қырымен келді.– Сіз Қазақстанға келгелі жұрт­­­шылықпен жиі кездесіп жүрсіз. Оны теледидардан біз де қарап отырамыз. Сонда байқаға­ным: сіз осы жұртшылықтың алдында неге ыржыңдап күле бересіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап беріңізші? – деген-ді.Күтпеген сұрақтан Колбин қат­­­ты қысылды. Орамалын алып, маң­дайының терін сүртті. Сонан соң:– Жаңа келген басшының түсі суық екен деген сөз тарапты. Күле беретінім – өңімді жылыт­қан түрім ғой! – деп ақталған болды.Сафекең ер жігітке қажет біраз өнерді жетік меңгерген кісі еді. Шахматшы, қарташы, биллиардшы. Тастаяқ ойнауға ол кісінің бойы да, қолы да еркін жетіп тұр.Бір жылы қыста шығармашы­лық үйде жатқан Ғабит ағамыз өз қалтасынан ақша шығарып, биллиардтан турнир ұйымдастырды. Жиыны жиырмадай жазушы жа­рысқа қатысып, қабырғаға жапсы­рылған кесте бойынша кезекпен ойнауға кірістік. Ғабеңнің өзі – бас төреші. Қалт етпей қарап отырады… Сол турнирде Сафуан аға­ыз ешкімді бет қаратпай, бірінші бәйге алды. Жаңылмасам, Сәкен Жүнісов екінші, Шерхан Мұртаза үшінші орын алды-ау деймін. Біз сияқты қолына кийді кеш ұста­ғандар төменгі орында… Менің сонда Сафуан ағама қалжыңдап:– Сафеке, ұмытып кетпеңіз. Сіз сексенге келгенде биллиардтан қа­рымта қайтарам! – дегенім бар-ды.Кейін Сафекең сексенге де келді. Бірақ бұл кезде жазушыны науқас айналдырып, жүдеп қал­ған кезі еді. Көңілін сұрай бар­ғанымда баяғы әңгімені еске салып:– Сафеке, есіңізде бар ма? Сіз сексенге келгенде, мен биллиардтан есе қайырмақ болып едім ғой. Ойнауға қалайсыз? – деймін ғой әдейі көңіл көтеру үшін. Сафекең әдетінше сыпайы ғана күліп:– Оған шама келмей тұр ғой… Сондықтан қарымта қайтты, сені жеңді деп есептейік, – деп қо­лымды алғаны есімде…1992 жылы Сафуан Шаймер­де­новтың 70 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатты. Біз, бірнеше жазушы Сафекеңнің шашпауын кө­те­ріп, оның туған елі Қызыл­жар өлкесіне бардық. Онда мерейтой иесімен тұрғылас аға жазушы­лардың қатары түгел кезі. Бірақ, соған қарамастан, Сафекеңнің қа­сына ерткен адамдары кім дейсіз ғой? Өз замандастары емес, өзінен бір-екі мүшел кіші інілері. Оның өзі үш-ақ адам: Төлен Әбдіков, ол кезде Президент Аппаратында іс­тейтін, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің пре­зиденті, әдебиетші Сауытбек Абдрахманов және мен – Қабдеш Жұмаділов… Сол еш­кімге ұқса­майтын, ешкімді қайта­ламайтын Сафуандық мінез. Өзіне кімнің жазғандары ұнаса, соларды таңдап алған.Мерейтой ойдағыдай жақсы өт­ті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ғой. Еңсеміз биік, рухымыз көтеріңкі. Бәріміздің бойымызда тасып төгілген бостандықтың буы бар. Қызылжар – Мағжан­ның, Сә­бит пен Ғабиттің де туған жері ғой. Сол қасиетті қоныс­тардың бәріне барып тауап еттік. Ал, Сәбит, Ғабит, Сафуан үшеуі бір ауданда туған. Жамбыл ауданы. Жол-жөнекей бір әңгімеде Сафекең:– Республикада Жамбыл атында үш аудан бар. Алматы облысында, Жамбыл облысында және осы Қызылжарда. Кейде жазыл­ған хаттар адасып келіп жатады. Ана жылы Сәбеңнің 90 жыл­дығында: «Сәбит – Жамбылдың жақсы кө­ретін інісі еді. «Балуан­шолағым» деп ерекше құрмет­тейтін. Сол Жәкеңнің аруағынан кешірім сұрап, осы ауданды Сә­бит Мұ­қановтың атына көшірсек қайтеді деп жоғарыға хат жазып едім, еш жауап келмеді, сірә, қоштамады-ау деймін, – дегені бар…Аудан жұртшылығы Сафекең­ді құшақ жая қарсы алды. Ауыл­дарға барып кездесу өткіземіз. Облыс әкімі Гартман Сафуан аға мен Бағдат апайға өзінің «Зимін» беріп қойған. Алда – жол бастаушы ГАИ. Артта бір-бір машинада біз келе жатамыз. Бұл – менің Қызылжар өлкесіне бірінші рет келуім. Алған әсерді сұрама: сұ­лулықтан есім кетті ғой. Қара­ғай­лы қапталдар, ақ қайыңды ал­қаптар… Жасыл-сары түстер ке­зек­тесіп, бір әдемі өрнек құрай­ды. Жиналған жұрт клубқа симай, кездесулерді көбінше орман саясында, алаңқайларда өткізіп жүр­дік. Бұл – классиктер туған өлке ғой. Сафекең жайында айтқан лебізімізді сөз қадірін білетін жұрт ұйып тыңдайды.Сол жылдары орыстың Солженицын, Жириновский сияқты арандатушылары «Сібірде қазақ­тың жері жоқ, бәрі орыс жері» деп, солтүстік облыстарға көз алартып, таласып жүрген кезі. Алғашқы кездесулердің бірінде мен бір кезде Мағжан туған, Сәбит пен Ғабит туған мынадай әсем өлкеде Са­фуанның тумауы мүмкін емес екенін айта келіп, «Егер жерге байланысты жанжал шыға қалса, мен хабарсыз қал­майын. Осындай кө­рікті де қа­сиетті өлке үшін шейіт боп кетуге бармын» деп едім. Менің осы сөзімді ертеңінде облыстық қазақ газеті ірі әріп­термен басып жіберіпті. Жұртшы­лық газетті сол күні-ақ оқып алса керек. Бұдан былайғы кездесулерде қошамет-құрметіміз тіпті арта түсті.Осы сапарда Сәбең мен Ғабең­нің мұражайларында болып, об­лыс­тың көрікті жерлерін ара­ла­ғанымыз, Бибігүл ғана шырқай­тын әсем әнге айналған әйгілі «Қыз қарағайды» көргеніміз ес­тен кет­пейді. Содан айналып, ақырғы күндердің бірінде Сафе­кеңнің өз аулына келдік қой. Ең алдымен ауыл шетіндегі ескі қо­рымға бұ­рылдық. Қалың зират­тың бір шетінде Сафуанның әке-шешесі қатар жатыр екен. Бейіт басына құр келіп қайту ыңғайсыз. Аруақ­­қа құран бағыштау керек.Міне, дәл сол арада маңызды бір мәселенің әкімшілік жасаған графикте ескерілмегені мәлім бол­ды. Аруақтарға аят оқитын молда жоқ. Өткен ғасырда орыс отар­шыл­дары­ның күшпен шо­қын­­дыру науқанына арыстандай атылып қарсы шық­қаны үшін итжеккенге айдалып кеткен Науан хазіреттен кейін бұл өлке молдаға жарымаған ғой. Тәуелсіз­діктің алғашқы жылында Солтүстік өңірде мешіт са­лынбаған, жас имамдар оқу бітір­меген кезі… Бұл ауылдарда кали­маға тілі келетін дүмше молданың өзі қат екен. Ата-анасының басына әдейі келіп тұрып, құран оқитын кісі таппаға­нына Сафекең қатты налыды.– Апырай, әнекүннен бері жиналыстан көз ашпай, далақтап жүре беріппіз. Бізден құран дә­мет­кен аруақтарды қалай ұмыт­тық екен?! – деп қиналып тұрған-ды. Дәл осы арада менің аздаған сопылығым кәдеге асып кеткені.– Сафеке! – дедім көпшілікті жалт қаратып. – Менің Шәуешек деген шаһарда аздап ескіше оқы­ғаным бар еді. Егер рұқсат ет­сеңіз, ата-анаңызға бағыштап, мен-ақ құран оқып берейін!– Ойбай-ау, манадан бері не­ғып бөгеліп тұрсың? Оқысайшы! – деп жиналғандар шу ете түсті.Мен сол арада жүгініп отыра кеттім де, өзім білетін аяттардың орташа біреуін оқып шығып, бата істеп, бет сипадым. Сондағы Са­фе­кеңнің қуанғанын айтпа! Маған разы болғаны сонша:– Айналайын, бауырым, сен бұл сапарға құдай оң бастап шық­қан екенсің-ау! Әнекүннен бері мен туралы айтқан жылы лебізде­рің өз алдына, ата-анам­ның басына құран оқып бер­геніңді қалай ұмытайын?! – деп, айқара құшақ­тап, бауырына бас­қаны әлі есімде.Зымыраған заман. Міне, содан бері де арада жиырма жылдай уақыт өте шығыпты. Сафекең тірі болса, биыл тоқсанға толып, ортамызда отырар еді. Иә, табиға­тынан қайрат­ты, қара ағаштай қатты ағамыз тоқсаннан асуы да мүмкін еді. Бірақ «Сорайған сол­түстіктің қарағайы» аяқ астынан морт сынды.Жазушыны күйретіп кеткен – аяулы ұлы Саянның мезгілсіз мерт болуы екені айтпаса да түсінікті.Бұл күнде Алматының батыс жағындағы коттедждер қала­шы­ғында «С.Шаймерденов көшесі» деген көше бар. Бұл – жазушы Сафуан Шаймерденовке беріл­ген көше ме, әлде даңқты спортшы, КСРО спорт шебері, КСРО-ға ең­бек сіңірген жаттық­ты­ру­шы, кө­гал­дағы хоккейден әлем чемпионы Саян Шаймерденовке берілген көше ме, ол жағын ары-бері өткен былайғы жұрт біле бермейді.Бәлкім, әкелі-балалы екеуіне бір көше жетеді деген шығар. Даңқ көшесі, таланттар көшесі, Шай­мерденовтер көшесі… Сол көшеде менің Жәнібек деген кенже ұлым тұрады. Сол көшемен баламның үйіне барған сайын Сафуан ағаны еске аламын. Көз алдымда естен кетпес, әлі күнге дейін Петропавл деген аттан құтыла алмай жүрген Қызылжар өлкесі. Ақ қайыңды алқаптар, қа­рағайлы қапталдар…Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ.