Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:50
(Эссе)
Көш керуеніндей алысқа, тым алысқа тартқан сол күндерден бері қасиетті Қаратаудың үстінен қаншама айлар асып, жылдар көшті. Жылдар көшімен бірге соңында сан қилы тағдырдың сарқылмас жыры мен сырын қалдырып тұтас бір дәуірлі өмір жасап өткен әкелер мен ағалар заманы да алыстай түсті. Әйтсе де өмір озса да адам жүрегі мен жалын кешуге жаралған жан сарайы тозбайды. Қайсыбір өзіңмен өзің қалған оңаша күндер мен ұйқысыз оңаша ұзақ түндерде қайта келмес жастық шақ, көз көрген, бастан кешкенің бәз-баяғы өзгермес, өшпес қалпы көз алдыңда мөлдіреп көшіп жатпас па?!
Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:50
(Эссе)
Көш керуеніндей алысқа, тым алысқа тартқан сол күндерден бері қасиетті Қаратаудың үстінен қаншама айлар асып, жылдар көшті. Жылдар көшімен бірге соңында сан қилы тағдырдың сарқылмас жыры мен сырын қалдырып тұтас бір дәуірлі өмір жасап өткен әкелер мен ағалар заманы да алыстай түсті. Әйтсе де өмір озса да адам жүрегі мен жалын кешуге жаралған жан сарайы тозбайды. Қайсыбір өзіңмен өзің қалған оңаша күндер мен ұйқысыз оңаша ұзақ түндерде қайта келмес жастық шақ, көз көрген, бастан кешкенің бәз-баяғы өзгермес, өшпес қалпы көз алдыңда мөлдіреп көшіп жатпас па?!
Мені көп жылдар толғантып, ақыр соңында қолға қалам алғызған сол бір таңғажайып жай дәл кешегідей есімде. Ол жанкешті соғыстың сұрапыл өрті барынша өршіген 43-ші жылдың көктемі еді. Елдің ер азаматы түгелге дерлік майданда. Өткен жазда он төртке енді толып, ауылдағы білім биігі – жетіншіні бітіріп, қырда қырманшылар ортасында жүрген жерде шұғыл шақыртумен бес жүз үйлі ауылдық кеңестің хатшысы болғаныма санаулы айлар өткен. Түні бойы себелеген ақ жауыннан соң аспан жүзі жаңа ашылып, ауданға берілетін шұғыл ақпарат қағаздарға енді кірісіп жатқанда, сырттан тасырлаған ат тұяғының дүбірімен бірге: «Кім бар, шығыңдар бері!» – деген өктем дауыс естілді де, ізінше, атынан аударылып түсе қап, ентелей басып келе жатқан шидем шекпенді қара шал – әйгілі атбегі Тілеміс атайдың қарасы көрінді.– Оу, не болып қалды шабандоз, таңмен таласа айқайға басып?! – Кеңес төрағасы қайсар мінезді Қалы ағай көзі ұшқын атып тіктене қарады.– Ойбай, әкетті. Жылқыға жау шапты! Қараңғы түнді жамыла аңдып келген қарақшы керқасқа айғыр үйірін қақ бөліп аягөз алмауыт бие бастаған тең жарымын қуып кетті. Ақтасты-Аюлының қиясынан ылди сорғыған сойдым із мына ойдағы Талдыны кесіп өтіп, Қараның бұлағын өрлеп, тіп-тіке көк жонға бет түзепті. Бағыты – Арабатас, Аралтау жағы. Әсте бекінер жері Берікқараның жан аяғы баспаған қалың жынысы-ау, шамасы!– Жә, болар іс болыпты. Құр айқайыңды тоқтат та, ана тау бағбаны Әлжан мен сыңар көз Мәдек тентекке хабар бер. Тез қаруланып, аттарына мінсін. Әшейінде тапаншасын шошаңдатып аттан түспейтін әлгі Қарақайыс мылайсаның да құрып кеткенін қарашы.Қалекеңнің «Қарақайыс мылыйса» дегені ауылдағы жас желең, келін-кепшектер: «Адамзаттың аппағы, жанында бар тақпағы», деп әжуалайтын қайыстай қатқан қара ушасковой Әбілқайыров Мәмен ағамыз ғой, кәдімгі. Ол кез: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, ел бар жерде түн жамылған ұры-қарыға да орын табылған. Оның үстіне кешегі қан майданға жаппай аттаныстың кезінде әр ауылдан жан сауғалап, тау жағалап, сай сағалап қалып қойған бірлі-екілі «дезертир» қашқындардың сыбысы да өршіп тұрған. Сондайлардың ізіне түсіп аңша аулап, қолға түсіріп, бұғаулап айдап кету – әлгі қатқан қара мылыйсаның жұмысы.Көп күттірмей кеңес кеңсесінің алдында дойыр қамшысы қолында, қара сойыл шоқпарын тақымға басқан Мәдек тентегі қасында тау тұлғалы Әлжан көкеміз иығында опырмалы қосауыз, арынды арғымағы үстінде екпіндей келіп ат үстінен айқайға басты.– Шығыңдар түге! Қайда, қайда әкеңнің аузы, қандықол қарақшының басын қауындай айырамын!– Ой, пәлі, Әлжан батыр келген екен, деп басын тосқан жаудың жолында тұрса, қанеки. Ал, кеттік, – деп Қалекең де көк жорғасының үстіне қонды.Наурыздың алғашқы күндерінен дүркін-дүркін төгіп өткен ақ жауыннан соң тамылжыған шуақты күндер шұғыласында дүркірей көтерілген сан-түрлі гүл-балаусалы жас өскін жайқала жайнап, тұнып қалған. Қайда қарасаң да көргенің жан аялап, көңіл тербейді.Енді, міне, өткен түнгі жылы жаңбырмен жер жетесі босап, бусанып жатқан тау төскейінде сойдым боп алдымен өрге тартқан үйірлі жылқы ізіне де кездестік. Із кескен Тілемістің қамшы сабымен нұсқаған қараның бұлағын өрлей тартып келеміз. Енді алдымыз көк жонға, Марының сазына ұласып жатқан Қарағашты мен Доланалының биігі, сол биіктен айнала алыс-жақын атырап алақан аясындай көрінбек. Солай дүрмекті топ дүрліге келген бетте жусанды жон биігінде ат басын тартып, жер шолып тұрмыз. Мына алдымызда күншығыс тарапта үшшоқы сырты кешегі өткен хан Абылай заманында жоңғарға қарсы жорықта сиқым қолын бастаған әйгілі Рысбек батырдың сөресі. Ұлы дәуірдің өшпейтін ізі қалған қастерлі биік. Одан әрі шығыста қырғыздың ақ басты ала тауларына ұласып, өз заманында ақ үйлерін алшысынан тігіп, ат жүйрігін жаратқан батыр баба әулеті – Батырбек датқа, Төребек, олармен іргелес құдандалы қатысып, шалқыған-шалқар дәуірлі-дәурен сүрген Сарыүйсіннің Ақшал, Темеш, Қарымсақ, Жетібай-Тілеукедей байлардың жасыл жайлауы жатыр.Өткен күн, кеткен өмірді бір сәт көз-көңілге елестетіп, енді сол жақ тарапқа бет бұрдық. Сол тарапта сұлудың бұрымындай бұлаң қаққан қара бұлағының жонға иек артқан теріскей қойнауында бұлақ суына көз жасындай мөлтілдеп қосылатын тұма бастаудың басында төбесі көк тіреп «Телеудің талы» дейтін жапан күзеткен жалғыз тал тұрушы еді.Енді сол тарапқа жалт бұрыла қараған көз жанарымызға ең алдымен сол жалғыз тал, оның саясында әлдеқалай бір шоғыр, әлдененің қарасы ілінді. Сол қарайғанға ат үстінен шаншылған қыран көзді қарт жылқышы Тілеміс:– Я, пірім, жылқы, жылқы үйірі ғой сонау көрінген, – деп атына қамшы басып жөнеле берді. Біз дүрмекті топ қара шалды қалталдай ауыздықпен алыса жортып келеміз.Қарт жылқышы суаттағы үйірге әудем жерде ат басын тартты. Үйір тобына шаншыла қарап, бір сәт аңтарыла тұрды да: «Ойбай, Құдай-ау, не көріп тұрмын мен! О, жасаған, жақсылығыңа жаза көр – Ақбақай, Ақбақай ғой, мынау!» – деп ат үстінен аударыла түскен бойы қос құшағын жайып жіберіп, естен танып, құлап қалардай қалбаңдап, үйір тобына ұмтыла түсіп бара жатты. Ол барған бойда шағын үйірдің бергі шетінде қос құлағын қайшылап, қос жанары оттай жайнап, тіп-тік тұла тұлғасы құндыздай құлпырған баз-баяғы жұлдыз төбелі жарқыраған ай маңдайлы арғымақтың мойнынан құшып, еңкілдеп-еңіреді-ай, келіп. «Айналайын! Айналайыным, келдің бе, шының ба, Құдай-ау», – деп оны сағағынан сипап, алқымынан алқына сүйіп жатты қара шал.Ес пен елес арасын сағым мұнар құшқан мына жай бәрімізді естен тандырды. Қатал заман талқысына көндігіп, шемен болған жан-сезім судай толқып, көз жанарымыз ыстық жасқа толды. Иә, еш қатесі жоқ, соның өзі. Ақбақай. Басында ат байлары түбірінен үзілген қып-қызыл әскери қайыс ноқта. Оның аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан небәрі алты жасар өмірі көз алдымызда. 1936 жылдың дәл осындай сәуірлі көктемінде мемлекеттік қордан сонау бір атын есітіп, көз көрмеген Жаркент жағына арнайы жолсапармен барып, Төртбай мен осы Тілемістер өз аяғымен айдап қайтқан бір үйір – он алты жылқы ішінен жол-жөнекей құлындаған келісті кер биенің құлыны еді ол. Топ жылқының ішінде құлдырай жортып келе жатқан ақсирақ, жұлдызтөбел құлыншақты көрген бетте барша ауыл жұртымыз «Ақбақай» деп ат қойып, қолбала ғып өсіріп едік.Ақбақай беске толған былтырғы жыл көктемінде Елтай ауылының таңдаулы сәйгүліктер үйірін бастап алғаш рет Боралдайдың биігі – Шіліктінің асуын өрлеп, Асан жайлауына жол тартып еді. Ер азамат қатарында арғымақ ат басына да күн туған 42-нің сұрапыл сентябрі тұсында армияға елден таңдап алынған бір топ сәйгүлік ішінде аудан асып, алды беймәлім алыс сапарына жол тартып кете барды. Сол арғымақтар тобы Шымкентке жеткізіліп, одан әулиелі Әулиеата жерінде жасақталып жатқан қазақтың ұлттық 356-шы атты әскер дивизиясы құрамына берілгені жайынан ол кезде бейхабар едік.Оның қандай хал, не жағдайда әскери қамалдан қашып шыққанын бір Құдай білсін? Тек анығы жаңа көктем лебімен өскен жері – Қаратаудың жасыл жайлауын, үйірлі ортасын сағынған от жүректі жануар орайы келгенде түн жамыла байлауын үзіп, аралығын жүз алпыс шақырым құрайтын жер басып, ешқайда бұрылмай, өткен күзде Асан жайлауында өзінен қалған, бүгінде жабағы жалды керқасқа айғырға берілген үлкен үйірді қараңғы түнде ортасынан қақ жарып, алғаш аяқ басып өскен ортасы – Қаратаудың қалың қойнына қуып жөнелген ғой.Қатал заман толқынында жаңқадай қалқыған сан мыңдаған тағдырдың жолы солай! – Адам затынан емес, төрт аяқты, қыл құйрықты жануар болса да сағыныштың сазымен ортамызға бір оралып, бас-аяғы бес ай өскен жерде сайран салған Ақбақай сынды, тұлпар тұлғалы жануар сол жылғы қара күз ортасында майдангер армия құрамына қайта алынып, артына бір қайырылмай кете барды. Оны соңғы жол, соңғы сапарына аудан ортасынан өз қолымен жөнелткен қара шалдың көз жасы сақалына жылыстап, аңыз қылып айтар сыры мен жыры қалды соңында.* * *Өзінше дербес кітап болып жетпісінші жылдары жарыққа шыққан «Ақбақай» пәни себеппен сәті түсіп Алматыда өткен үлкен бір жиында кездесіп, аз-кем сырласуда қолына тиген замандас дос, әлемге әйгілі Айтматовтың шалқар жүрегін шалқытса керек. «Сенің Ақ-бақайың чоң чыкарма Эр-еке. Құрдоштар қақыда очу повесінің ічіден еки созду жанада жазып жүрген повесіме қошуб жажышқа рухсот эт», – дегені естен кетпейді. «О, не дегенің, Шыңғыс! Сенің керемет шығармаңда «Ақбақайдың» екі сөзі жүрсе, Ақбақай мен оны жазған авторында арман не», дегенмін.Арада біршама айлар өткенде соғыс жылдарындағы жасөспірім ұрпақтар өмірінен «Ерте келген тырналар» («Ранние журавли») атты романтика сарындағы повесін жариялады. Сондағы екі сөз: Сол бір соғыс жылдарғы жанталасты көктемде егіндікте ел міндетін арқалап арпалыста күн кешкен Сұлтанмұрат, Жанатай, Құбатқұл атты жеткіншектер қатарында Ақбақай арғымағын мініп, Еркінбек атты жас баланың жүргенін жан туыстығы жарасқан қырғыз бен қазақ бірлігінің бәйшешектей гүл жарған бір белгісіндей сезініп еске аламын.* * *Бірде, 1981 жылдың тамылжыған көктемінде, Алматыда өткен Қазақстан жазушылары VІІІ съезінен келе жатып Шымкентке аялдап, алдағы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сәлем бергелі сыйлас, даңғыл қаламгер, ол кезде обкомда жауапты қызмет атқаратын Әбжапар Жылқышиев ағаға бардым. Құрқол бармай, таяуда «Жазушы» баспасында басылған «Қыран тауы» атты кітабымның бірін қолтаңба жазып алдына тарттым.Өзі де әдебиет майданына ат басын бұрып, өндіре жазып жүрген Әбекең кітапты көріп, арғымағы бәйгеден келгендей көңіл-күйі биіктеп, балаша қуанды. Қысқа нұсқалары облыстық, орталық газеттерде басылған бағдары таныс кітаптың қыран бүркіт шарықтаған тау бейнесімен көркемделген мұқабасын бірер сипап:– Кітабыңның тағы бірі табыла ма, Еркін, – деді.– О, міне, аға, – деп делегат папкасының ішінен алып екінші кітапты да алдына қойдым.– Е, сәті келді, ендеше. Бүгін Асекең – Асанбай Асқаров ағаңның алды бос, ертең Ұлы Жеңіс күні ғой. Майдангер ағаңның алдына барып құттықтап, сәлем бергенің жөн болар, – деп телефон тұтқасын көтерді. Көмекшісімен тілдесті. Менің съезден олжалы қайтқанымды келістіре жеткізді. Енді мен күтпеген жерде есімі қалың қазақ жұртына мәлім үлкен тұлға, мемлекеттік деңгейдегі қайраткер кісімен кездескелі отырмын. Әңгіме ағысы не жайында болмақ… Менің бұл күндерге дейінгі, бұл аға жөніндегі мағлұматым оның баршаға мәлім, басшы қызметтегі аса салауатты азамат ретіндегі мерзімдік баспасөзде көп көрінетін ресми жағы. Ресми болғанда ағамыздың жастық шақтан жалындап шыққан өмірлік баяны кешегі дәуір – Сталин заманынан басталмақ. Сталиндік дәуірдің от-жалынында темірдей тәртіпке суарылған отаншылдық рухына жан-тәнімен берілген халықтың ұлы қан майданнан шоқтай жанған алтын погонды офицер болып қайтқасын жыл құсындай сағындырған теберік қалайша көзге түспесін.Қанатты жігер, дауылды жылдар шыңдаған жастың романтика, азаматтық айқын жол Асанбай Асқаровты ауыл, аудан комсомолдар ортасынан бір ғана Қазақ елінің емес, кеңестік ұлы державаның партия, мемлекет деңгейіндегі көрнекі қайраткерлері қатарына шығарды. Туған жер, өскен өлке Алатаудың аясы, Сусамырдың жайлауы қасиетті Меркі жерінде ізгіліктің керуенін алысқа тартқан отыздағы аудан басшысын аз жылдарда Қазақстанның ең күрделі де ірі атырабы – Алматы мен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын отыз жыл басқарудың билігіне жеткізген.Өткен қилы-қиын жылдарда келмеске кеткен ағалардың елдегі орнын басып қабырғамыз қайысып қырман суырып, кеш оқып өмір көшіне де кешігіп ілескен жастар бұл өмірде әлгіндей тау тұлғалы ағамыздың бар екенін сырттай біліп, іштей сүйсініп жүрсек те, алыс-жақын жылдарда Асанбай ағамен қызмет жағдайында кездесу, кеңесулер арамызда болмады. Ондай бір араласу ойымызға келген жоқ.Енді, міне, жылыстай жылжып өтіп жатқан өмірдің сәтті күні алдымнан ағамыздың жұмыс орны – кең бөлменің есігі айқарасынан ашылды.– Кел қарағым, отыр, – деп алдындағы қосалқы үстелше жанындағы орындықты нұсқады. Көңілі дария, көргенді адам кездесуге дейін мен жайында аз болса да хабары бар сияқты. Кішіге ілтипат жөнімен ішке тарта сөйледі. Туған жер, өскен орта, отбасыда кімдер барын, қашаннан қай бағытта жазып жүргенімді, бір кездері Әуезов сынды ұлы ағамызбен сапарлас болып бірге жүргенімді жайлап сұрай отырып: Мұхаңдай ұлы кемеңгердің қасында жүріп тәлім алғаның мың да бір сыйлық болған екен өзіңе. Мына кітабың – «Қыран тауы», ондағы повесіңді «Ақбақай» деп атапсың. Аты-жөні келісті. Қыран құс пен келісті бір арғымақ жөніндегі хикая болар. Ат пен адам қазақтың ұлттық эпос жырларында қабат жырланған ғой. Қамбардың қара қасқасы мен Қобыланды мінген Тайбурыл. Ақанның Құлагері мен кешегі Мақұлбектің қара аты…– Еш қатесі жоқ, аға. Менің туған елім бір кезде Жуалыға қараған Қаратаудың Талдыбұлақ, Қошқарата тарабы. Мына кітаптағы оқиғалар сол елде өткен жайлардан туған еді…– Е-е, солай, қарағым. Жылқы – өз табиғатында киелі түлік. Ат арғымағы, сәйгүліктер үйірі десе қаншама замандар аттанысты жол кешіп тұлпарлар түлеткен елде құлағы елеңдемейтін қазақ жоқ. Менің өзім де сондайлардың бірімін. 48-ші жылдың жазында Жамбылда жүргенімде ойда жоқта Мәскеуден атағы дүрілдеген әйгілі қолбасшы Буденныйдың Алматы арқылы біздің облысқа келгені есімнен кетпейді. Ол өзі арғымақ ат десе өзге шаруаны ұмытатын керемет атбегі адам еді. Соғыстан кейін де атты армияны дамытудың жайын Сталинге айтумен өткен. Әйгілі «Буденновский» дейтін Дон жылқысы тұқымын дүние жүзіне таратудың негізін салған аса ілтипатты жан еді. Ол кісінің келуі Дегерес, Луговой, Жамбыл жылқы зауыттарының қарқындап өсуінің бастамасы болды. Ол зауыттар әйгілі қолбасшының тек ақыл-сөзімен емес, іс жүзінде көрсеткен көмегімен қанаттана түсті. Бізге келіп, Алатау баурайының таза ауа, кәусар бұлақ, көк майсалы өрістерін көрген соң, Шаяхметовпен кеңесіп, Мәскеуде тас қорада бағымда тұрған жерінен 1945 жылдың жазында кеңестік Отанының даңқын дүние жүзі алдында асқақтатқан тарихи Жеңіс парадында маршал Жуков мініп шыққан әйгілі ақбоз тұлпарды арнайы вагонмен Луговой жылқы зауытына жеткізді. Бұдан тараған Абсент, Араб қос тұлпар сұлулық, әсемдік, спорттық өнерімен әлемге даңқы кетті, – деді Асанбай Асқаров аға.– Cенің «Ақбақайың» арқылы әңгіме жылқы жайлы қозғалып кетті, – деді сөзін жалғап. Ендеше, өзіңе бір жаңалық айтайын. Сенің туған жерің Жуалы тараптағы «Ақтас» совхозы – нағыз жылқының жері. Жамбылда жүргенімде арғы жағынан келіп Қаратаудың Жон жайлауын көргенмін жақында. Шаян арқылы бергі жағынан да барып көрдік. Таулы жер сулы да нулы. Жотасы бөтегелі бел, шыбынсыз жаз. Ақылдасып совхозды жылқы зауыты етіп қайта құруды қолға алмақ болып отырмыз. Бұған қалай қарайсың? – деп толымды құба жүзі күреңіте нұрланып, мен жаққа жұмсақ жымиып, барлай қарады.Ел десе, туып-өскен жер десе жан жүрегі езілетін қазақ баласы Қыдыр атаның өзі келіп жебеп тұрғанда мынадай сәтте не дер еді.– О, көке, бұл ақиқат болса, алыста, қиян шетте көп-көп нәрседен кенже қалған менің қайран ауылыма бұдан артық қандай шарапат болсын. Ықылас-ниетіңізге рахмет, аға! Тілек, жүрегімізбен өзіңізбен біргеміз.Бір сөзі тегін айтылмайтын, көп өлшеп, бір шешетін ақылман ағаның сөзі анығында күні ертең өріс алатын игіліктің басы еді. Арада санаулы күндер өткенде аталар заманынан бергі өмірдің қаншама қиын-қия жолын өткен ел жаңа бір желпініспен қазақтың қанымен жанына бірге біткен қасиетті түлігін түрлендіре өсіруге кірісіп жатты.Қанатсыз құс, армансыз адам жоқ. Арманшыл аға Асанбайдың тұсында жақсының шарапаты арқасында сексенінші жылдар ағымында Ақтастының жасыл жайлауына Түркіменстанның Ашғабад жылқы зауытының айдай әлемге әйгілі ахалтеке жылқысының «Гелешекли» тұқымынан 22 құстай ұшқан жүйріктері келтірілді. Бұған қанаттас Луговой зауытының аясында өсіп жатқан жоғарыда айтылған әйгілі ақбоз тұлпардың ұрпақтары «Ахмел», «Алсу», «Айнұр», «Аглона» атты сәйгүліктер бастаған жаңа толқыны қосылды. Солардың бірі әлем көрген Абсенттің ұрпақ-шөпшегі – тұлпар сынды «Көксеңгір» мен «Ақбақай» атты құс қанатты жүйріктер әйгілі Көкбастауда өткен Жамбыл ата мен Қарасайдың ұлы думан тойында аламанның алдын бастағаны көрген жұрттың есінде.Міне, сол бір айтулы күндерден бері өмір керуені жылыстай жылжып, қаншама жылдар өтті. Бір кездері Ақбақайдай аймандай тұлпарын түлеткен тау елінде жаңа келген азаттықтың алтын дәуірі тұсында жаңа төл, жаңа ұрпақпен өрбіген өмір өрісі өрлей түсіп келеді. Бұл күндері қасиетті Қаратау ортасынан өрге тартып жаңа салынған айнадай даңғыл жол жатыр. Қаншама заман ел іші зарыға күткен арман жолы. Ел барда алысқа тартқан өмір жолы, тұлпарлар жолы таусылмақ емес.Еркінбек ТҰРЫСОВ,жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.Шымкент.