• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2012

Қыран болып қонған қияға

480 рет
көрсетілді

Қыран болып қонған қияға

Сенбі, 20 қазан 2012 7:49

Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Осы жауапкершілікті сезініп, табандылықпен еңбек еткен майталмандарымыздың арқасында біздің республикамызда да уақыт талабына сай ұлттық білім беру жүйесі қалыптасты. Ерінбей еңбек етіп республикамыздың білім беру жүйесі мен ғылым саласын дамытуға өзіндік үлес қосқан саңлақтарымыздың бірі Сұлтан Сартайұлы Сартаев бүгінде 85-тің асқар биігін бағындырып отыр.

 

Сенбі, 20 қазан 2012 7:49

Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Осы жауапкершілікті сезініп, табандылықпен еңбек еткен майталмандарымыздың арқасында біздің республикамызда да уақыт талабына сай ұлттық білім беру жүйесі қалыптасты. Ерінбей еңбек етіп республикамыздың білім беру жүйесі мен ғылым саласын дамытуға өзіндік үлес қосқан саңлақтарымыздың бірі Сұлтан Сартайұлы Сартаев бүгінде 85-тің асқар биігін бағындырып отыр.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – заң ғылымдары­ның докторы, академик Сұлтан Сартайұлы Сартаев жастайынан еңбекті серік еткен, қай істің болмасын жемісті болып өнуіне әуелі ниет пен зейін қажеттігін ерте ұғынып, табанды еңбегімен еліне сыйлы бола білген жан. Оның ғылыми-оқы­ту­шылық өмір жолы, Қазақ­станның конституциялық мемлекет ретінде орнығуы бағытында жасаған қадамдары, еліміздің білімі мен ғылым саласын да­мытуға қосқан үлесі, азаматтық ұстанымы мен адами қасиеттері баршаға жақсы мәлім.

Сұлтан Сартайұлы Сартаев 1927 жылы қазан айының 15 жұл­дызында Қызылорда облысы, Жа­ңа­қорған ауданы, қазақы қай­мағы бұзылмаған Жа­ңақорған ке­нтінде дү­ниеге келген. Мектеп қабырға­сынан үздік суырылып шық­қан бозбала – болашақ ғалым Сұлтан Сар­тай­ұлы Алматы қаласына үлкен үмі­тін ар­қалап келіп, Алматы мем­лекеттік заң институтына оқуға түседі. Ол білім жолын мұнымен тәмам­да­май, үміт отын әрі қарай жалғап, білімін Мәс­кеудегі Мем­ле­кеттік заң инс­ти­тутының аспирантурасында жал­ғас­ты­ра­ды. Сұл­тан Сар­тайұлы­ның ғылым жолын­дағы алғашқы қадамы ас­пи­ран­турадан басталады.

Осындай танымал білім ордаларында білім алған Сұлтан ағай өз қатарластарының үздігі болды. Студенттік кездің өзінде қоғам­дық жұмыс­тарға белсене аралас­қан ол институтты, аспирантураны бітірген соң өзінің еңбек жолын 1952 жылдың қараша айынан Алматы мемлекеттік заң институтында аға оқытушы қыз­метінен бастайды. Одан соң осы институтта доцент, мемлекеттік құқық кафедрасының меңгеру­шісі, кейіннен әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінде доцент, мемлекеттік құ­қық кафедрасының меңге­рушісі, заң факультетінің деканы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңге­ру­шісі, профессор қызметтерін ат­қарды. Ғылым­нан қол үзбей жүріп, 1952 жылы қазан айында кандидаттық, 1970 жылы доктор­лық диссертациясын қорғады. 1975 жылы Ұлттық Ғылым ака­де­миясының корреспондент-мү­шесі, 1996 жылы ҚР әлеуметтік ғылымдар академиясының ака­де­мигі ғылыми дәрежесін иеленді.

Сұлтан Сартайұлы туралы сөз қозғағанда оның бойындағы ең ізгі қасиеттер – қарапайым­ды­лық, кішіпейілділік, ұлтжанды­лық, іскерлік, еңбекқор­лық жайында айтпай өту мүмкін емес. Дана хал­қымыз «Қарапайымды­лық – кемеңгерліктің көркі» деген ұлы сөзді өзінің осындай ұлдарына арнап айтқан шығар, бәлкім. «Ұлық болсаң – кішік бол», – деген халық даналығын берік ұстанған Сұлтан Сартай­ұлы Қазақстан және ТМД елдері түгілі, Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде танымал бола тұра, кез келген ортада жылы әрі достық қа­рым-қатынас орнатып, баршаны қарапайымды­лы­ғымен баурап алады. Ол өзінің ізденім­пазды­ғы­ның, тынымсыз еңбе­гінің арқасында бүгінгідей дәре­жеге жетті. Бүгінде ол ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республи­ка­­сының Жоғарғы мектеп ака­демиясының академигі, Тараз, Семей және Қырғыз-Славян мем­лекеттік университеттерінің құр­мет­ті профессоры, Қырғыз заң ака­демиясының Рафик Тұрғын­беков атындағы сыйлығының лауреаты, аты әлемнің біраз елде­ріне танымал ірі тұлға. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре отырып қа­жы­май еңбек еткен асыл азаматымыз қара шаңырақ ҚазҰУ атты білім ордамызды, тіптен респуб­лика­мыз­дың ғылым саласын халықаралық деңгейде та­нымал мамандармен қамтама­сыз етті, тек Қазақ­станның ғана емес Өзбекстан, Қырғызстан т.с.с. шет мемлекеттердің де ғы­лымының дамуына атсалысты.

Ұлтты сүю, елге шынайы қыз­мет ету – әркім­нің қолынан келе бермейтін, сөзбен ғана емес, іс­пен дәлелденетін ұлы іс. Ұлт тағдыры, тіл тағ­дыры ел тағды­ры­мен тығыз байланысты. Осыны терең ұғынған Сұлтан Сар­тайұлы мемлекеттік тілдің, мем­лекеттік тілдің тірегі қазақ ұлты­ның тағдырына араша түсіп, одан туындайтын мә­селелерді өзінің еңбек­теріне арқау етті. Сол ар­қылы ол мемлекеттік тілдің дамуына, шетелдердегі қазақтар­дың тарихи Отанына оралуына өзіндік сүбелі үлесін қосқан азаматтар қатарынан орын алды. Кез келген жиналыстарда, салтанатты жиындарда ол қазақ тілінде сөйлеу­ден жаңылған емес.

Ұлағатты ұстаз шәкіртте­рімен, жалпы студент қауымымен кездесу барысында олардың әр­қайсы­сының сұрақ-сауалдары­на, пікірлеріне ерекше ден қоюға тырысып, олардың бойында білімге, ғы­лым­ға деген қызығушылығын тудыруға, сол ар­қылы білім, ғылым деңгейін көтеруге үлкен мән береді. Еңбекқор адамның жұмсаған күшінен гөрі бітірген ісі анық көрінеді. Тек Қазақ ұлт­тық университетінің ғана емес, жалпы, заң ғылымы­ның күн­нен күнге дамып, тың өзге­рістерге, үлкен жетістіктерге қол жеткі­зуінде Сұлтан Сартай­ұлы­ның үлесі мол. Өзінің зор ұйым­дастырушылық қабілетінің арқа­сында ол айналасындағы адам­дарды ортақ іске жұмыл­дырып, жігерлендіріп келеді.

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау, өзің­нің уақытыңды аямау», депті шығыстың бір ғұламасы. Бұл ұлағатты сөз бейнебір біздің ма­қаламыздың кейіпкері Сұлтан Сар­­тай­ұлына арналып айтыл­ған­дай. Өйткені, ол өзі­нің қымбат та асыл уақытын шәкірттерінің бо­йын­дағы қасиеттерді дер ке­зінде танып, ашуға, да­мытуға арнауда әркез басқаларға үлгі-өнеге бола білуде. Иә, ғасырлар жылжып өтсе де «Ұстаз» сөзінің мән-мағынасы өзгермек емес. Жалпы, ұлтжанды білімді жастар тәр­биелеу – аға буын өкілдерінің алдындағы борыш.

Сұлтан Сартайұлы өзінің ең­бек жолында 600-ден астам ғы­лыми еңбек жазып жария­лаған, бірнеше ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын да­йындаған ұлағатты ұстаз-ғалым. Оның «Қазақ Совет мем­лекетінің құрылуы мен қа­лып­тасуы», «Одақтас Республика­лар­дың ұлт­тық мем­лекеттілігі», «Қазақ ССР-інің мемлекеттік билі­гі­нің ең жоғарғы өкілді органы», «Ш.Уә­лихановтың мемле­кет­тік-құқық­тық көзқарастары» (қосалқы ав­торлықта), «Становление Конституции Респуб­лики Казахстан: проблемы и перспективы» (қос­ал­қы авторлықта), «Қа­зақстан Республикасы Конс­титуциясының қалыптасуы: проблемалары мен болашағы» (қосал­қы автор­лық­та), «Тәуелсіз Қа­зақ­­стан – еге­менді мемлекет» (қосалқы автор­лық­та) кітаптары, сондай-ақ оның жалпы редакциясына бас­шылық етуімен жазыл­ған «Қазақ ССР-інің мемлекет және құқық тарихы», «Қазақ әдет-ғұрып құ­қы­ғының материалдары» (қо­сал­қы автор­лықта) екі томдық оқу­лығы, «Политическая и правовая история Казахстана» (қосал­қы ав­торлықта), тағы да өзге ғы­лыми еңбектері қай кезде де маңызын жоймайтын құнды дү­ниелер болып табылады.

Сұлтан аға тек өз ісінің ше­бері, заң ғылы­мының атасы, мемлекеттік қайраткер ғана емес, отбасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қайырымды әке, отбасына деген, Отанына деген перзенттік борышын үнемі ойлап жүретін абзал азамат, ардақты ата, ағайын-туғанның мақтаны­шы мен абыройына айналған ақсақал.

Сұлтан Сартайұлы өзінің ең­бек жолында жауап­кершілігі мол талай қызметтерді абыроймен атқарып, ел құрме­тіне бө­ленді. Бір­неше мәрте Жоғарғы Кеңесте халық өкілі болған ол Қазақ­станның егемен, тәуелсіз мемлекет ре­тінде қа­лыптасып, дамуына негіз қала­ған бірқатар заң актілерінің жобаларын әзір­леуге атсалысты, Қазақстанның атынан көптеген халықаралық іс-шараларға қа­тыс­ты. Сонымен қоса, кемеңгер ұстаз, ұлағатты азамат Сұлтан Сартайұлы Мемлекет басшысы жанынан құрыл­ған Кеңесші орган – Президент­тік Кеңестің ал­ғашқы құрамына кірді, Қазақ­стан Заңгерлері ода­ғы­ның алғашқы президенті болды.

Сұлтекең жайлы сөз сабақтай отырып, ұлы Абайдың «Биік мансап, биік жартас. Оған өрмелеп жылан да шығады, қалықтап ұшып қыран да шығады», – деген сөздерін еріксіз ойға аласың. Иә, ол өз биігіне адал еңбегінің нә­тижесінде қыран болып көте­ріл­ген азамат. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дей келе, Сұлтан аға сізге атыңызды айдай әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін деген тілек білдіреміз. Оған жету үшін Алла Тағала Сізге тек денсаулық пен ұзақ ғұмыр бергей деп тілейміз!

Ғалым МҰТАНОВ,

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық

университетінің ректоры.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар