Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:23
Қазіргі қазақ сахнагерлерін алып армия деп есептесек, жылдар бойы жасақталған сол самсаған қалың қолдың қолбасшысы ретінде біз жақында ғана күллі елімізде туғанына 80 жыл толуы кең көлемде тойланған Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, әлемге танымал режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті атаған болар едік. Мұндай атаққа ол қай жағынан келгенде де әбден лайық. Себебі, саналы ғұмырының қырық жыл уақытын бас режиссерлік қызметке арнаған тұлғаның қазақ театр өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасып, ұлттық сахна көкжиегінің кеңейе түсуіне қосқан үлесі айрықша зор.
Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:23
Қазіргі қазақ сахнагерлерін алып армия деп есептесек, жылдар бойы жасақталған сол самсаған қалың қолдың қолбасшысы ретінде біз жақында ғана күллі елімізде туғанына 80 жыл толуы кең көлемде тойланған Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, әлемге танымал режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті атаған болар едік. Мұндай атаққа ол қай жағынан келгенде де әбден лайық. Себебі, саналы ғұмырының қырық жыл уақытын бас режиссерлік қызметке арнаған тұлғаның қазақ театр өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасып, ұлттық сахна көкжиегінің кеңейе түсуіне қосқан үлесі айрықша зор.
Әзірбайжан Мәмбетов өз замандастарының жадында Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрын отыз жыл, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрын он жыл басқарып, екеуін де қазақы ұлттық бояу мен салт-дәстүрге қанықтырып, жаңа белді белеске жеткізген, сол жылдардың бәрінде қаншама сахна саңлақтарын тәрбиелеп шығарған сан қырлы талант иесі ретінде қалды. Осы ретте танымал театртанушы Еркін Жуасбектің бас сардар туралы «қазақ сахна өнерін әлемдік деңгейге көтерген, кешегі кеңестік дәуірде өзіндік дарынымен жинаған шығармашылық беделінің арқасында қазақ театрының мәртебесін аспандатқан, сахналық шешімдерінің тереңдігімен жаңашыл режиссер атанған тұлға» деген сөздері оған қатысты толыққанды тұжырым секілді естіледі.Әзірбайжан Мәмбетов – өзінің алдындағы Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов, Әубәкір Исмайылов, Мұхтар Қамбаров сынды аға буын өкілдері бастаған жолды лайықты жалғастырып, театр режиссурасын жаңа қырынан дамыта білген майталман маман. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың айтуы бойынша, бұлардың арасындағы Ж.Шанин «қазақ топырағында режиссура ілімін алғаш уағыздаған және оны жалғыз қалыптастырған рухани тұлға» болса, А.Тоқпанов «осы салада тұңғыш жоғары оқу орнын тәмамдап, арнайы режиссерлік диплом иеленген кәсіби қайраткер». Кезінде кәсібін жаңа бастаған жас режиссер Мәмбетов бұлардың екеуінің шығармашылығынан да өнеге алды. Ал қазақ өнерінің көгінде режиссер ғана емес, сонымен қатар хореограф, суретші ретінде мәңгіге қалып қойған Ә.Исмайылов оның жалғыз әпкесі Аққағазға үйленген жездесі еді. Әзірбайжанның жан-жақты жетілген маман болып шығуына бұл кісінің де әсері аз болған жоқ. Сол себепті өнер зерттеушісі Күміс Молтобарова: «Мәмбетов Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әубәкір Исмайыловты ерекше жылылықпен еске алады», деп жазды.Қазақтың ұлы актері, театр және кино режиссері Ш.Айманов болашақ аты әлемге танылатын толымды тұлғаның осы мамандықты таңдауына тікелей себепкер болды. Бұл орайда Шәкен Кенжетайұлы оның бойынан «актерлік дарын ұшқынын ғана емес, сонымен қатар келешек режиссерді де көре біледі». Сондықтан да 5 жыл оқып, 1952 жылы Алматы театр-көркемсурет училищесін актер мамандығы бойынша бітіріп келген жас жігітке: «Өнерден біршама білімің бар, хореографияңа да рахмет, дене бітімің де икемді, мұның бәрі жақсы, бірақ сен енді режиссура мамандығын меңгеруің керек», дегенді ашық айтады. Міне, өнердегі ұстазының бағыт беруі бойынша Одақ астанасы – Мәскеуге сол жылы аттанған Ә.Мәмбетов А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік Театр өнері институтына (көпшілік арасындағы қысқартылған атауы – ГИТИС) құжат тапсырады. Бірақ, ә дегенде жолы болмайды. Сол жылы режиссерлер курсын қабылдаушы РСФСР халық әртісі Николай Горчаковтың гастрольге кетіп қалуына байланысты емтиханды басқа мамандар қабылдайды да, қазақстандық талапкердің бағасы дұрыс қойылмайды. Сосын сынақ алушылардың шешімімен келіспеген қайсар жігіт кейін өзінің ұлы ұстазы болатын профессордың келуін күтіп, Мәскеуде айға жуық уақыт жатып қалады. Дегенмен, оның осы табандылығы мен өжеттігі ақырында өзі көздеген жолға түсуіне мүмкіндік әпереді. Тамыздың аяғында институт ректоры Матвей Горбунов алған бетінен қайтпай жатқан алматылық азаматты кабинетіне шақырып, қосымша емтиханға жіберілгенін хабарлайды. Осы сынақта Иван Крыловтың «Піл мен қанденін» нәшіне келтіре оқып берген жиырма жасар қазақ жігітін мәскеулік профессорлар оқуға қабылдауға мәжбүр болады. Осыдан бастап Николай Михайлович Горчаков пен Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің арасында кейін көп жылға созылатын достық пен шығармашылық тығыз байланыс орнайды.Оқудағы алғашқы жылдарында Ә.Мәмбетов ерекше көзге түсе қоймады. Сондықтан ол студенттік ортада сахна реформаторлары қатарына жатқызылған жоқ. Осыған орай, театр тарихын зерттеуші Ирина Шостак: «Мұнда режиссура факультетінде әдетте орын алып жататын дәстүр көрініс беріп, бастапқыда режиссерлік ой-қиялды арнайы білімнің басып кетуіне жол ашатын эрудициясы мол шәкірттер алдыңғы сапқа шықты. Бұл тұста Ә.Мәмбетовтің белгілі театр отбасыларына жататын курстастарымен дәреже теңестіріп, білім таластыруға шамасы жетпеді» деген анықтама берді. Мұның есесіне, курс жоғарылаған сайын студенттерден композицияны режиссерлік тұрғыда түсініп бейнелеу, сахналық образдар мен пьесаларға өз бетінше интерпретациялар жасау, эпизодтардың ырғағын дұрыс білу талап етіле бастағанда, бұрынғы «көшбасылар» біртіндеп алдыңғы шептен ығысып, кейінге шегіне түсті. Бұл кезең керісінше Ә.Мәмбетов сияқты «ауыр артиллерия» өкілдерінің алғы саптан орын алып, нағыз өз «иірімінде» қайнауларына жол ашты. Осы «кеш қозғалғандардың» үздігі болған Ә.Мәмбетов спектакльдің қаңқасын алдын ала көзге елестете білетіндігімен, уақытты тура сезіне алатындығымен, сондай-ақ пьеса идеясының пластикалық тұрғыда қалай көрінетінін дәл пайымдайтындығымен ерекшеленді. Рас, сол жылдарда режиссурада негізінен актерлермен жұмыс істесе білу, педагогикалық талант жоғары бағаланушы еді. Сол себепті болашақ режиссерлер өз әріптестері қойған қойылымдарда сахнаға шығып, актер ретінде де өнер көрсетіп тұрды. Мұндай мүмкіндікті Ә.Мәмбетов те қуана пайдаланды.«ГИТИС-тен бар-жоғы жүз метрдей жерде Всеволод Мейерхольдтің шәкірті, шартты театр қағидаттарын берік және табанды ұстанушы қоюшы-режиссер, КСРО халық әртісі Николай Павлович Охлапков көркемдік жетекшісі болып табылатын В.Маяковский атындағы театр тұрды, – деп жазды И.Шостак. – Охлапков спектакльдері өзінің монументті пішінімен, жарқын театрлық көріністерімен, саздылығымен Мәмбетовті қатты тебірентті». «Мен Охлапковтың Н.Погодиннің «Ақсүйектерінен» бастап, В.Шекспирдің «Гамлетіне» дейінгі спектакльдерінің бәрін де көрдім, – деді кейін Н.Охлапков қойылымдары туралы әңгімесінде Ә.Мәмбетов. – Олардың әрбірі ғаламат оқиға еді. Режиссурада Охлапков менің табынушым болды. Оның кез келген спектаклі – әлдеқандай бір жеке эмоцияның, музыка мен бояудың жарылысы. Ол (басқа ешкім жасай алмайтындай етіп) декорациялық безендіруі мен музыкасын алмастырмай отырып-ақ, спектакльге тұтас образ беруге қабілетті болатын».Ал Ә.Мәмбетовтің ГИТИС-тегі оқу жылдары елдегі әдебиет пен өнердің дамуында ғана емес, сонымен қатар күллі қоғамдық өмірде өзгерістер жүріп жатқан бетбұрысты кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл 1956 жылы СОКП-ның атақты XX съезінің өтуімен тығыз байланысты болды. Коммунистік партия форумы жылдар бойы аяқ астына тапталған әлеуметтік әділетсіздіктерді қалпына келтіріп, тарихи жағдайды шынайы бағалауға жол ашты. Ол өз кезегінде мәдениет саласына да жаңғырулар әкелді. Осы тұста театр өмір мен сахна арасындағы алшақтықты жақындатуға, өмір құбылыстарын барынша шынайы бейнелеуге, эстетикалық ізденістердің биіктігі мен жан-жақтылығына жетуге ұмтылды. Жаңа кезең ең алдымен кеңес театры корифейлерінің мұраларын игеруге бағыт ұстады. Сахна догматизм мен канондық бағдардан тазара түсті. Соның салтанатында кеңес театрының ұлы теоретиктері Станиславский, Немирович-Данченко, Вахтангов, Таиров, Мейерхольд, Курбас, Ахметели дәстүрлерін қайта сараптаудан өткізу қолға алынды. Мысалы, 1956 жылы МХАТ-тан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен «Современник» театры өзінің бағдарламалық бағытын «Станиславскийге оралу» деп атады.Осыған орай, өткен ғасырдың 50-шы жылдарының ортасынан бастап режиссура белсенді ықпалды күшке айналды. Бұл кездері театрда режиссерлердің үш буынының өкілдері жұмыс жасап жатты. Бұлардың бірінші тобын 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдары шығармашылықтары басталған Н.П.Охлапков, Н.П.Акимов, А.Д.Попов, В.Н.Плучек, В.М.Аджемян, К.К.Ирд, Э.Я.Смельгис, Ю.И.Мильтинис құраса, екінші тобын қатарға 30-шы жылдың соңы мен 40-шы жылдары қосылған Л.В.Варпаховский, А.А.Гончаров, Б.И.Равенских, Г.А.Товстоногов, А.Ф.Амтман-Бриедит, Г.Ванцевиичюс топтастырды. Ал үшінші буынға мамандар О.Н.Ефремов, А.В.Эфрос, В.Х.Пансо, М.И.Туманишвили, Т.Кязимов, Ә.М.Мәмбетов, Р.Н.Капланян сынды енді жетіліп келе жатқан жас таланттарды жатқызды. Осы жылдарда бір кездері методологиялары қазіргі заманғы театр практикасын байытқан В.Мейерхольд пен А.Таировтың шығармашылық мұралары театр өміріне біртіндеп қайта орала бастады.Осы буырқанған оқиғалардың барысында Әзірбайжан Мәмбетов бәрін де көріп, бәрін де білуге қатты ықылас қойды. Оған өзінің төрт жылда алған білімін таразы басына салып көрудің орайы 1956 жылы төртінші курсты бітірген жылы келді. Осы жазда театр институтының студенті өзінің дипломдық жұмысы ретінде Гурьев облыстық драма театрында спектакль қою мүмкіндігін алады. Мұндай қойылымды Жамбыл облыстық драма театрында да жасады. Бұл туралы белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев: «Ә.Мәмбетовтің режиссурадағы алғашқы қадамы облыстық театрлардан, Гурьевте А.Штейннің «Жеке адам ісі», Жамбылда К.Гольдонидің «Екі мырзаға – бір қызметші» спектакльдерін қоюдан басталады, – деп мәлімдеді. – Оның бұл дипломдық жұмысын көрермендер жылы қабылдап, баспасөзде жоғары бағаланды. Әсіресе, соңғы спектакльде Ә.Мәмбетов келешегінен мол үміт күттіретін, түбегейлі режиссерлік дайындығы барлығын көрсеткен еді». Бұл жас режиссердің де тағдырын шешіп кетті. Осының арқасында 1957 жылы ГИТИС-ті бітірген бойда М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына режиссер болып қызметке қабылданды.Алайда, академиялық театрға бірден сіңісіп кету оңай болған жоқ. Бұған, Ә.Сығайдың айтуынша, «аты шыққан үлкен ұжымның құрылған күнінен бері оның сахна тарландары болып келе жатқан аға, орта буын өкілдерімен бірден шығармашылық одақ тауып, шүйіркелесе кету» мүмкін болмағандығы себепкерлік еткен. Театрдың тіпті соңғы буын аталатын әртістерінің өзі жас режиссерге кей кездері қырын қараған. Осылайша бас режиссердің ықпалынан шыға алмай, сергелдеңге түскен біраз күндер өткен. Өстіп жүргенінде, өз бетінше қойған бірінші спектаклі – Шахмет Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» пьесасының қойылымы үлкен сәтсіздікке ұшырады. «Ертіс гидроэлектростансасында еңбек етіп жүрген қаһармандар жан-дүниелерінің драматургиялық босаңдықтан кеткен жалған да жасандылығы, олардың араларындағы мелодрамалық сөз қақпақылдауға құрылған ұсақ-түйек тартыс, себеп-салдарсыз, белгілі бір логикасыз туындап жатқан көп сөзді диалогтар әлі тәжірибесіз режиссердің түпкі ойларына бағынбады, – деп тұжырымдады мұны белгілі театртанушы. – Сондай баянсыздықтың салдарынан сахнада бар болғаны үш-ақ рет көрінген жоғарыдағы сәтсіз қойылым репертуардан мүлдем шығып қалды». Дегенмен, бұл сәтсіздікті Ә.Мәмбетов уақытша құбылыс деп санап, тұйықтан шығудың жолдарын жан-жақты қарастырды.Кеңес театры көшбасшыларының бірі Георгий Товстоноговтың «Зеркало сцены» деген кітабында: «Станиславский – театрдың ұлы суреткері және біздің Отанымыздың ұлы азаматы. Ол үшін театр ешуақытта ермек немесе әуейі тірлік болған емес. Театр – адамдарға өте көп жақсы тірліктер жайлы айтуға болатын кафедра. Станиславскийдің өнердегі барша тамаша өмірі адамзаттың бақыты жолындағы күрестің игілікті идеясына қызмет етумен өрнектелді», деген жолдар бар. Дәл осы сөздерді тап сол қалпында Ә.Мәмбетовке де қарата айтуға болады. Сондықтан оған табыс тез келді. Ол бас режиссердің шешімімен драматург Әбділда Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» пьесасының қойылымына екінші режиссер болып бекітіліп, оны сахнаға шығаруға айтарлықтай еңбек сіңірді. Спектакль Мәскеуде өткен онкүндікте көрсетілді.Режиссер Ә.Мәмбетовтің ең алғашқы үлкен табысы, сөз жоқ, драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын сахналауы болды. Рас, ол сахнаға шыққан 1959 жылы қойылым төңірегінде біршама айтыс-таластар орын алды. Соның басын белгілі сахнагер Ш.Айманов бастап берді. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген спектакль туралы рецензиясында «жас автор мен жас режиссер тырнақалды бұл еңбегімен өздерінің көркем шығарма жасауға қабілеттілігін танытқанын» атап өтті. Сөйте тұра, ол авторға да, режиссерге де біраз сын артты. Соның ыңғайында режиссерге «ең алдымен автормен жұмыс істеуді көбірек үйренгені жөн» екенін білдірді. Пьесада кедір-бұдыр өте көп. Мұны түзетуде жас режиссер жасы үлкен ағаларынан ақыл-кеңес сұрауы керек еді. Адам образына терең бойлауда да кемшіліктер бар деді. Бірақ «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың рецензиясы бұл сындардың біразына тойтарыс берді. Ол айтылған ескертпелердің ішіндегі кейбір орындыларына келісетінін айта келіп, алайда, жекелеген кемшіліктеріне бола еңбектің негізінен сәтті екенін жоққа шығаруға болмайтынын сөз етті. «Пьесада, жоғарыда айтқанымыздай, жеке кемшіліктер жоқ емес, – дейді ол. – Бірақ бұл, тұтас алғанда, автордың да, театр коллективінің де назар аударарлық табысы болып табылады». Ал Б.Құндақбаев бұдан да терең кетті. «Ә.Мәмбетов қойған Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі режиссерлік шешім, орындаушылық шеберлік жағынан көркем шыққан. Комедия мен спектакль туралы әртүрлі пікірталастардың түйінін жазушы Т.Ахтанов баспасөз бетінде дұрыс шешіп, әділ бағасын берген». Комедия төңірегіндегі пікірлер қайшылығы мұнымен тоқтай қоймады. Сол кезде қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов сөз алып: «Қалтай Мұхамеджановтың бірінші туындысы – жақсы комедия, – деп атап көрсетті. – Көпшілікке мәлім, күлкінің табиғаты әртүрлі. Күлкі жақсы нәрсені қорғап, жаманды келеке етеді. Берекесіздіктен қашу мен жаман тірлікті күлкіге ұшырату – күлкінің екі бөлек түрі. Аталмыш комедия күлкісінің астарында терең мағына жатыр, ол ойлануға мәжбүр етеді… Қысқасы, комедия жақсы, керекті, буырқанған күлкіге толы, бұл нағыз талантты сәттілік. Жас жазушы Қ.Мұхамеджанов пен режиссер мен актердің қызықты келбетін танытқан Ә.Мәмбетовке осы бағыттағы шығармашылық шыңына сапары сәтті болсын дегім келеді», – деген орнықты ойын білдірді.Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян өзінің әріптесі Ә.Мәмбетов туралы: «Ол М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрына өз лебімен келгенін ұмытпауымыз керек. Мәмбетов бұл театрды фольклорлық спектакльдердің өресінен оздырып, әлемдік ауқымдағы өнер ордасы деңгейіне жеткізді. Әзірбайжан Мәмбетовтің өнері арқасында қазақ театры шетелдерге танылды», деп жазды. Даңғайыр жазушы Әбіш Кекілбайұлының пайымынша, «Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов шыңдаған режиссерлік мектеп тұяғына шаң жұқпас дүлдүлдігімен танылды. Осындайда тізгін үзіп шығу тек жойқын таланттың ғана қолынан келді. Алғашында «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын қойған және Арыстан сынды тың бейне сомдаған Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов ешкімді қайталамайтын дара дарынымен көрінді. Көп ұзамай қазақ театрының сан қилы репертуарын Әзірбайжан Мәмбетов спектакльдері еңсере бастады. Талантты жастың бірінен бірі өткен кесек қойылымдары күллі қазақ сахнасының болмысын өзгертті. Халықтың лиро-эпос түрінде өрнектеліп жүрген «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қарақыпшақ Қобыланды» әлем көрермендерінің көзіне түсіп, көкірегін баурар үлкен жинақтаулар мен трагедиялық кернеулер тасқындаған алапат туындыларға айналды… Ұлттық өнеріміздің биік серпінін көрсетіп, халық тағдырының қилы замандарын бейнелеген «Абай», «Ана – Жер-Ана», «Қан мен тер» қазақ режиссурасының эталоны болып қала бермек».Ұлы режиссер 1960 жылы бірінші рет қазақ классикасына қадам жасады. Осы арқылы жоғарыда айтылған бағалардың дұрыстығын дәлелдеп берді. Бұл жолы сахнаға жолдама алған Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны» мамандар тарапынан жоғары баға алды. Айталық, драматург Қ.Мұхамеджанов бұл қойылымды театр репертуарына қосылған тағы бір үлкен шығарма ретінде атап өтті. «Спектакльде өзара орынды қабысып жатқан халық ойындары, әдет-ғұрыптық элементтер өте нанымды, сыйымды беріледі», – деп жазды ол. Осы жерде айта кетейік, қазақ драматургиясының классикасы болып үлгерген бұл пьесаны жас режиссерге берер алдында театрдың көркемдік кеңесінде үлкен талас туады. Ақыр соңында талқылауға қатысып отырғандардың барлығы дерлік мұндай туындыны тәжірибесіз маманға беруге әлі ерте деген шешімге келеді. Сол кезде әртіс С.Қожамқұлов сөз алып: «Достар, біз театр өнерінің дамуы жолында көп жұмыс жасап келеміз. Бұл жолда бізде жеңіс те болды, жеңіліс те болды. Енді, міне, жас толқын келді. Біз оларға сенім артуымыз керек. Ендеше, жас режиссерге бәріміз болып көмектесейік», – дейді. Бұған көркемдік кеңестің бірде-бір мүшесі қарсы тұра алмайды. Сөйтіп, Ә.Мәмбетов бірінші рет қазақ әдебиеті классикалық туындысына қол жеткізеді.Осылайша, біртіндеп өзіне өзінің сенімі арта бастаған Ә.Мәмбетов 1961 жылы Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясын, Ә.Әбішевтің «Армандастар» драмасын, 1962 жылы М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесасын, Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит» комедиясын, 1963 жылы Ә.Тәжібаевтың «Той боларда» комедиясын сахнаға шығарды. Ал 1964 жылы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша Б.Львов-Анохиннің инсценировкасы негізінде «Ана – Жер-Ана» драмасын көрермен назарына ұсынды. Театр сыншыларының берген бағалары бойынша, «бұл жан тебірентерлік сахналық шығармаға айналды». Ал Б.Тоғысбаев бұл қойылым туралы: «Қойылымның адам баласының бақытқа, тіршілікке ұмтылысын сол сапарда көрген қызығы мен қайғы-қасіретін терең толғап, бейнелейтін туынды» деген баға берді. Белгілі ақын-драматург Ә.Тәжібаев: «Ана – Жер-Ана» спектаклі халық пен Отан бірлігін жырлаған дастан болып шықты, – деп жазды. – Адам қуаныш үстінде ғана емес, қайғы-қасірет үстінде де ер екен. Көз жасына жуынған адам жылап отырып-ақ жарық өмірдің қамқоры екен… Режиссер Ә.Мәмбетов сахнада даралаған адамдар мен топтанған халық бірлігінің сомдалған бейнесін жасады».Белгілі театртанушы ғалым Бақыт Нұрпейіс өзінің докторлық диссертация жұмысында Ә.Мәмбетовтің режиссерлік әдіс-тәсілі жайына тоқтала келіп, оның азаматтық ұстанымы мен шығармашылық көзқарастары өзі қойған спектакльдерден көрінетінін тілге тиек етті. Ғалым бұдан әрі: «Оның спектакльдеріне тән ортақ белгі бәрінде де іштей байланыс, күшті динамика, театрлық ойнақылық, оқиғаның жіті дамып, табиғи ауысып отыруы және орындаушылардың өз әрекет-мақсаттарын айқын сезінуі тән болды», деп атап көрсетті.Ә.Мәмбетов өз дәуірінің озық ойлы режиссері бола отырып, актерлік өнерді өзінің шебер ойластырылған тұжырымына, яғни спектакльдің басты идеясына, күрделі режиссерлік шешімге бағындыра білді. Ол өзіне дейінгі таңдаулы режиссерлер мен театр актерлерінің мол тәжірибелеріне сүйене отырып, сахналық мектептің белгілі бір кезеңдегі тиімді тәсілдері мен бағыттарын орынды пайдаланды. Ә.Мәмбетов бұған дейін жаттанды бола бастаған пішіндердің бәрінен бойын аулақ салып, қалыптасқан тәсілдерге өз жаңалықтарын батыл енгізіп отырды. Ол қазақ театры сахнасында бұған дейін басымдылық танытып келген актерлік өнерді режиссураға бағындыруға күш салды.Ә.Мәмбетов кешегі одақтас республикалар режиссерлері арасында сахналық дәстүрдің жемістілігі мен өміршеңдігі оның барша ұлттық ұстындарға қаншалықты дәрежеде сүйенетіндігіне байланысты екенін ұғынған алғашқылардың бірі болды. Ал Қазақстанда бұл ең алдымен эпостық жырлар, ақындар айтысы, жыраулар термесі, ұлттық музыка мен салт-дәстүрлер еді. Тар көлемдегі «цехтық» көзқарас оған қашаннан жат көрінетін. Бұл режиссерге өз бағытын алысты көздей отырып, анықтап алуға мүмкіндік берді. Актер өнеріндегі жалған романтикалық пафосқа жаны қас режиссер іс жүзінде қазақ сахнасына қазіргі заманғы әлем театрының жаңалығын енгізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге оған байырғы ұлттық реңктерін – қаһармандық, қарапайымдылық пен төзімділікті, терең жан тебіренісі мен метафоралық-образдық тілдің шарттылығын алып келді. Оның режиссурадағы көптеген әріптестерінен тағы бір айырмашылығы, ешқашан әлдеқандай бір театр стилінің тұрақты жолын ұстанушы болып көрген жоқ.Әзірбайжан Мәмбетов шығармашылығының ерекшелігі – оның бір мезгілде драма және музыкалық театрларда қызмет ете беретіндігінде. Ол бұдан бөлек кино саласында да режиссерлік жасап, қазақ киносының тарихында қалған бірқатар туындыларды өмірге әкелді. Мұның бәрі әлем таныған режиссердің шын мәнінде сан қырлы талант иесі екенін айғақтай түседі.Жаңагүл СҰЛТАНОВА,Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы.