• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2012

Енеден ерте айырылған төл секілді

730 рет
көрсетілді

Енеден ерте айырылған төл секілді

Сәрсенбі, 14 қараша 2012 7:40

– Осы өзіме Жайық дейтін атым ұнайды, – деуші еді ақ­са­қал кей мақаласы «Ж. Бектұров» деп қана жарияланып кеткенде. Сыпайы ғана, бірақ санаға бір­ден қона кететін сөзі, әрине, ор­ынды. Келесі мақаласы жария­лан­ғанда сол сөзін ұмытып кетпеуге тырысамыз.

Сәрсенбі, 14 қараша 2012 7:40

– Осы өзіме Жайық дейтін атым ұнайды, – деуші еді ақ­са­қал кей мақаласы «Ж. Бектұров» деп қана жарияланып кеткенде. Сыпайы ғана, бірақ санаға бір­ден қона кететін сөзі, әрине, ор­ынды. Келесі мақаласы жария­лан­ғанда сол сөзін ұмытып кетпеуге тырысамыз.

Жайық ағамызбен танысуы­мыздың жай-жапсары былай. 1988 жылдың қазан айында ҚазТАГ-тағы директордың ор­ын­басарлығын зорлықпен дегендей тастап, «Орталық Қазақ­стан­ның» бас редакторлығына таға­йындалдым. Онда да Алматы­ның өзінен емес, Сарыағашта емделіп жатқан жерімнен Ташкент арқылы тікелей Қараған­ды­ға ұшып келдім. Келген соң, әрине, жұмыс істеу керек. Ре­дак­цияның папкаларында нендей материалдар жатқанын сұрадым жігіттерден. Пәлендей ештеңе жоқ екен, тек Жайық Бектұров­тың біраз материалдары, Евней Бөкетов туралы бірнеше естелік, Серік Ақсұңқарұлының өлеңде­рі, 1986 жылғы Алматыдағы Жел­­тоқсан оқиғаларына қаты­сып, сотталған, Қарағанды абақ­тысында жатқан бес жігіт туралы Серік Сексенұлының мақа­ла­сы жарияланбай жүр екен. Алдымен Серік Сексенұлының материалы 31 қазан күнгі санға кет­ті. Мұны неге біздің келі­сі­мімізсіз жариялайсыз дегендей біраз сөз есіттік. КГБ жігітте­рі­нен. Бірақ заман өзгеріп келе жатқан тұс қой, әріге соза қойған жоқ.

Е.Бөкетов туралы естелік­тер­ді дайындауды, Серіктің өлең­де­рін тартпада сарғайтпай, тікелей өзіме жеткізіп тұруды тапсырдым да, Жақаңның материалдарын өзім уақытша тұрып жатқан «Космонавт» қонақ үйіне ала кеттім. Таныссам, баяғыда-ақ ай­ты­луға, айтқызылуға, іле-шала жа­риялануға тиіс жайт – жазық­сыз жазаланған аталар, ағалар күйініші. Сөз сайрап тұр, пікір көсіліп жатыр, деректер ұшан-теңіз, тек композицияда азын-аулақ селкеулік бар. Сөз сапта­сы­ның ешқайсысына қалам тигіз­бей, құрылымын аздап қана жөндеп шықтым. Көп өтпей жариялана да бастады.

Белгілі жайт, жаңа басшы келгенде сырттағы да біраз адам онымен сәлемдесіп, танысып шығуға бейім. Бәлкім, ізеттілік пен ілтипаттың бір шарты солай болар. Сол үрдіспен біраз адам келіп те кетті. Жақаң жоқ. Арада айға жуық уақыт өтті. Бір күні өңі егде тартқан, бірақ жүрісі ширақ, түр-түсі ақсарыға жақын, орта бойлы бір қария кабинетке кіріп келді. Кім екенін хатшы келіншек ескерткен де жоқ. Неге екенін қайдам, «Жайық ағамыз осы екен ғой» деген ой бірден келді. «Аға» дейтінім шамала­уымша бұл кісі сол жылдың басында тоқсанға қарап қайтыс болған менің әкемнен 13-14 жас кіші. Кейінірек білдім, расында да солай екен.

– Танысуға келдім, – деді сә­лемдесіп жайғасқан соң. – Ауруханада бір айдай жатып қалып, келе алмадым. Одан күні кеше шықтым. Ал келген орның құт­ты, баянды болсын. Қай туған боласың.

Мен өзі бала кездегі жетім­діктің табы ма, қайдам, кісімен шүйіркелесе кетуге суықтаумын. Бірақ мақала-материалдарын бұ­рын да оқығандықтан ба, келгелі бері көлемді бірер материалын редакциялап отырып риза бол­ғандығымнан ба, әйтеуір, әлгі аз әңгімеден-ақ Жақаңмен көптен таныс-біліс, сыйлас адамдай се­зіндім өзімді.

Содан былай Жақаңмен жиі ұшырасатын болдық. Редакцияға жиі келеді, көбіне тағы бір материалын әкеледі, былай да кіріп, өткен-кеткеннен, өз тілімен айт­қанда «кеп» шертеді, газетте жа­рияланған материалдар туралы ойын ортаға салады. Өзі әкелген материалдар ылғи да өткір болып, халықтың көкейінде жүр­ген, бірақ көпшілікке жол таба бермейтін мәселелерді қозғайды.

Соның бірі Ғабит Мүсіре­пов­ке жазылған Кенесары туралы атақты хаты. Бұл хат Ғабеңе бая­ғы «Авгийдің атқорасы» туралы «Социалистік Қазақстанда» жа­рияланған мақаласына орай жа­зылған екен, кезінде еш жерде жарияланбапты. Соны түгелімен жариялап жібердік. Кейін «Жұл­дыз» журналы қысқартыңқырап көшіріп басты. «Өрт пен дерт­тің» жазылуы былай. Бір күні Жақаң жұп-жұқа көкшіл кітап ала келді редакцияға. Бұл цензу­раның 1954 жылы басылған, кі­тапханалардан талай шығарма­лар­ды аластап, өртеу жөніндегі нұсқауы екен. Тізім ішінде қа­зақ­тың талай аймаңдайларының тізімі жүр. «Мұны несін әкелесіз маған, – дедім жорта ренжіген болып. – Одан да дәл осы құбы­лыс туралы мақала жазып әкел­мейсіз бе». Жақаң көп ұзатқан жоқ, нәтижесі газеттің екі-үш санында етектей-етектей болып жарияланды. Мақала, очерктері жиі жарияланатын Жақаң оларын Алматыдағы сыйлас әріп­тес­теріне үзбей жолдап тұрады екен. Бір күні күлімдей кірді. Кірді де «Әзілханнан хат алдым. Жазғаныңның бәрі жарияланады екен. Саған баспаның керегі жоқ екен ғой депті. Сол үшін саған рахмет» деп қолымды қысты.

Жақаңмен анау-мынау жиын-жиылыстарды былай қойғанда, дастарқан басында, азды-көпті сейілге шыққанда жиі кездесіп жүрдік. Сондайда Жақаң сал­мақ­ты пікірлерін, сүбелі ойларын бүкпейтін, жасырмай айтатын. Солардың бір-екі мысалы мынадай. Сексенінші жылдардың ая­ғы аумалы-төкпелі ойлардың, сәт­сіз бастамалардың, алуан түр­лі қоғамдық қозғалыстардың бір кезеңі болды ғой. Сондай бір қозғалыстардың бірі бүкіл­одақ­тық «Мемориал» қоғамын құру болды. Сол тұста қазақ газетте­рінде оның республикадағы қо­ға­мын «Әділет» деп атау жөнін­де пікірлер айтылып қалды. Оны көпшілік қолдады да. Мәселе, саяси қуғындар құрбандарын аялау, ардақтау болғандықтан оның «Әділет» аталуы орынды да еді. Бірақ сол қозғалысқа қатыстым деп жүрген, алайда қазақ тілін білмейтін кей көкауыздар «Әді­летке» қарсы, «Мемориалға» жақ­тас бола кетті. Қоғамның Қа­рағанды бөлімшесі құрыларда сондай жылмаңдардың бірі «Мемориал» халықаралық термин, «Әділет» деген қайдан шық­қан деп көкіді. Осыған Жақаң шамданып, салмағы мол дәлел­дер айтты. Мен де шыдай алмай «Әділеттің» халықаралық термин еместігін сіз қалай дәлелдей аласыз деген уәж келтірдім. Ақыры Жақаңдікі, жалпы біздікі жөн болып шықты.

Екінші мысал. Партияның дәр­мені кетіп тұрған кез ғой, сол тұста КОКП Орталық Комите­ті­нен бір бригада келе қалды. Алдымен партияның беделін арттыру төңірегінде жеке ұйымдарда кездесу-пікірлесу өткізді. Ая­ғын­да сорпаға шығар дегендерді обкомның залына жинады. Ор­талықтан келгендер ілуде біреуі болмаса, әдетте көсемсиді. Кел­гендердің біреуі де сөйтті. Столыпин реформасын, соның өзін бипаздап мақтай бастады. Осы тұста Жақаң атып тұрды.

– Сіздер, – деді ширығың­қы­рап, – Орталық партия комит­е­ті­нен келіп тұрсыздар. Сөйте тұра Столыпинді, оның реформасын мақтайсыздар. Демек, Орталық пікірінің сыңайы да осындай. Ал Столыпин реформасының сіздер сәтті деп есептейтін нәтижесі Сібірдің, Шығыс халықтарының, алдымен қазақ халқының шұрай­лы жерін тартып алып, орыс­тар­ға бергенінен туындағанын біл­мейсіздер ме. Тіпті өздеріңізден бастап, бәріңіз күні кешеге дейін лағнет айтып келген Столыпин вагондарын ұмытып қалдыңыз­дар ма. Олай болса КОКП-ның бірлігі туралы қандай әңгіме болмақ, – деп сөзін зілді аяқта­ды. Ондай сөзді Жақаңнан басқа ешкім айта алмады.

Үш жыл сыйластық, жас айырмашылығына қарамайтын тонның ішкі бауындай жолдас­тық кезінде мен Жақаңның сө­зі­не бір-ақ рет құлақ аспадым. 1991 жылдың 19-ы тамызы. Мәс­кеуден суық хабар жетті. Төтен­ше жағдайлар жөніндегі мемле­кеттік комитет енді ғана апыл-тапыл қадам басқан демократияны біржолата тұншықтыру, конфе­дерацияның құрылуына жол бермеу әрекетіне тәуекел етіпті. Бұл жөніндегі шындықты айтпау азаматтыққа рухани өліммен тең еді. Айтуға, жазуға тура келді. Материал мәшіңкеге басылып, секретариатқа кетті. Шапкасы: «Жек­сенбіден дүйсенбіге қара­ған түні Кеңес Одағында мем­ле­кеттік төңкеріс жасалды». Тақы­ры­бы: «Иә, бұл мемлекеттік төң­керіс». Секретариаттағы, басқа да жігіттер оқиды. Оқиды да, сол кезде редакцияға келіп қалған Жа­қаңа жалынады. Бір тыңдаса сізді тыңдайды, сөйлесіңіз, көн­діріңіз дейді. Сонымен Жақаң келді. «Ең болмаса, шапкасын жұмсартсайшы, Кеңес Одағында маңызды уақиға болды десең де жетеді ғой. Көкейіміздегі сөзі­міз­ді айтамыз, деп көр­дік қой азапты», – дейді. «Жақа, сөзді шығын қылмаңыз. Ендігі кезек біздікі шығар, бәлкім. Тағ­дыр солай болса, бұқпантайла­ғанмен құтыла алмаспыз», – деп мен де безердім.

Сол жылдың қара күзінде Ал­матыға ауысатын болдым. Әріп­тес інілерім шығарып салды. Не тапсырмаңыз бар, – деді. «Қарт­тардан Жақаңды, жастардан, қа­тарларыңыздан Серікті рен­жіт­пеңдер», – дедім. Жігіттер уәде­сінде тұрды. Жақаң да, Серік те тоқтаусыз жарияланып жүрді.

1997 жылы Жақаңнан хат алдым. «Жазушы» баспасында көп­­тен бері қолжазбасы жатқа­нын, сартап болғанын мұң қы­лып шағыпты. Оны алдырдым, оқып шықтым, ұнады. Басып шығаруға тырысатынымды айттым. «Жұлдыз» журналында со­ның екінші бөлігі жариялан­ға­нын, мүмкін болса екеуін бірік­тір­ген жөн болатынын ескертті. Қолжазбаны Қазақстандағы ең сауатты, ең шебер редактор­лар­дың бірі Рәшид Рахымбековке бердім. Рәшид екі бөлікті әдемі жымдастырды. Оны «Таңба» деген атпен шыққан романды оқып болған соң Жақаңның өзі айтты. Қарағандыға барып, төсек тартып жатқан ағамызға кітаптың авторлық даналарын, азын-аулақ қаламақысын бердім. Жәукең жеңгеміздің қолынан дәм таттым. Артынша Германияға жүріп кеттім. Сол сапарда жүргенімде ауылда жеңгем, Қарағандыда Жақаң қайтыс болыпты. Қолым­нан топырақ сала алмадым. Өмір­дегі бір өкінішім осы.

Нұрмахан Оразбек,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері.

_________________________

ҚАРА ШАЛ

Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері!

Өксікті айт өмірдегі, өлеңдегі.

Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге

Сен-дағы жатырсың ба жөнелгелі?!

 

Қоя тұр…

Екі араны жалғаймыз да,

Екеуміз егіле әнге салмаймыз ба?

Сен жоқта шыққан тегін, түбін білмес

Тексіздің тұқымы боп қалмаймыз ба?!

 

Қоя тұр…

Бастан қанды ғасыр өтті.

Жай өтпей, өр кеудеңді басып өтті!

Соңында – шерін қозғап, боздап сүйген

Қазағың қап барады қасіретті!

 

Сұм ажал, ақынсың ба, батырсың ба –

Қайтеді, атам да жоқ, ақылшым да.

Алаштың азаттығын көзбен көріп,

Алаңсыз аттанғалы жатырсың ба?!

 

Ендеше, қош дейді ұлың қасіретті.

Соңы бір замананың, басы да өтті.

Артында – шыққан түбін білетұғын

Ұлы бір ұлыс қалды қасиетті…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.