Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:23
Ақселеу Сейдімбеков кім еді? Ақселеу Сейдімбек көшпенділер этномәдениетінің сабақты инесіне дейін бүгінгі күнге жалғастырушы, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ілгері сүйреуші, қазақ халқының жалпы адамзаттық дамуға қосқан сүбелі үлесі музыкалық мұрасы екенін дәлелдеуші, қазақ шежіресін бүтіндеуші, туған тіліміздің бірден-бір жанашыры, «адамзат тарихындағы түбірлі өзгерістердің себепшісі» болған салт атты көшпенділер өркениетінің жыршысы. Ақселеу Сейдімбек…
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:23
Ақселеу Сейдімбеков кім еді? Ақселеу Сейдімбек көшпенділер этномәдениетінің сабақты инесіне дейін бүгінгі күнге жалғастырушы, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ілгері сүйреуші, қазақ халқының жалпы адамзаттық дамуға қосқан сүбелі үлесі музыкалық мұрасы екенін дәлелдеуші, қазақ шежіресін бүтіндеуші, туған тіліміздің бірден-бір жанашыры, «адамзат тарихындағы түбірлі өзгерістердің себепшісі» болған салт атты көшпенділер өркениетінің жыршысы. Ақселеу Сейдімбек…
Адамзат санасы озғалы – аңсағаны бүтін тарих. Бұл мұратты ширата алға оздырған неміс ойшылы Иммануил Кант болды. «Күнге табынғаннан бергі тарихты әбден түгендеуге болады», дегенді жүрегі дауалап Олжас Сүлейменов те айтып салды. Айтып қана қойған жоқ, іске кірісіп, «Қыш кітап», «Аз и я», «Таңба тілі», «Атамзаманғы түріктер» деп аталатын бірнеше еңбек жазды.
Көшпелілер әлемі тарихын бедерлеу Ақселеу Сейдімбектің де еншісіне бұйырды. Оның еңбектерінде үшмыңжылдық аясындағы өрлеу, ұлттың мәдени-рухани өресі өркениеттік деңгейде пайымдалды. Өз басым Ақселеу ағаны осы үрдістің сақшысындай көремін. Ол: «Түркілер өркениет құруға бейімсіз», деген пікірге қатты қынжылатын. Ақселеу Сейдімбектің пайымдауында жалпы адамзат тарихын Ұлы дала көшпенділерінен тыс танып-түсіну мүмкін емес, ондай тарих бүтін болмас еді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ақселеу Сейдімбек сан қырлы тұлға еді. Және ол қай салада болмасын жарқырай көрінді. Ғалым ұзақ жылдар бойы күй өнері туралы кешенді зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты мейлінше мол эмпирикалық материалдар алғаш рет рухани айналымға түсіп, халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы тың дерек-тұжырымдар өзегінде пайымдалды. Бір жарым мың жылдың аясында ғасырлардан сыр шерткен бес мың күйдің тең жартысының аңызы өңделіп, басылым беттерінде жарық көрді. «Күй шежіресі» деп аталатын екі кітабы шықты, докторлық диссертация қорғады. «Қазақтың күй өнері» туралы толайым монография жариялады. Осы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ақселеу Сейдімбек осылай домбыраға кие дарытып, қазақтың күй өнерінің маңдайынан қайтқан бағын жандырды, үмітке үкі тағып қайыра тірілтті. Ел қамы үшін қиялға ғана сияр істер атқарды, қазақ халқының тарихтағы орны – жалпы адамзат мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі, рухани үлесі – музыкалық мұрасы екенін алға тартты. Бұл кешенді зерттеумен күмән тудырмайтындай болып шегеленді. Әлемдік додаға бес мың күй, он мың ән сыйлаған «бар қазаққа бар әлемді қаратып» аруақ қонған мәдениеттің алтын ордасын жойдасыз биікке көтерді.
«Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. Уақыт жалғастығында жік жоқ; таң атса ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ». Кеше болса тарихқа сүңгіп кете барады. Тарих білгеннің еншісінде, болашақ болса оны жасаушының қолында. Бүгінгі күні ДНК сараптамасы бойынша генді миллион жылға кері қарай сүзіп өтуге болса да тарих бізге қиын бетімен қарағанын қойған жоқ. «Қазақтың ауызша тарихы» Ақселеу Сейдімбектің соңғы қалам серпері. Осы туындысы үстіндегі еңбегін өзі «соңғы шабысқа» балады. Әр туындының өз тарихы бар. Үйірімен үш тоғыз тізілген 1999 жылы «Төр шежіре» нұсқасын дайындауға кіріседі. «Бәйтерек» графикалық ұсқынға 15 мың этноним бұтақ кейпінде телінеді. Бәйтерек еңсесін «Сақ», «Ғұн», «Скиф» тамырларынан тіктеп алып кетіп барады. Плакатқа он мың этноним де сыймағандықтан, бес мың ғана ру, аталардың аттарымен шектелуге тура келеді. Плакаттың етегіне автор өз мекенжайын жазып жібереді. Бұл астарлы әрекет халық санасын селт еткізеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен этнограф ғалымның қолына мың шежіре келіп түседі. Кітапқа арқау болған деректі халық бар ықыласымен өзі ұсынып тұр. Оның сыртында автор даңғайыр шежірешілердің көбімен кездесіп тілдескен. Осындай «көп авторлы» еңбек толайым дүние болып туды.
Алғаш рет шежіре жөнінде теориялық жүйелі ойлар түйінделді. Рулық құрылымның таралымы түбегейлі зерттелді. Жүздік құрылымның пайда болуына байланысты бірнеше вариантта деректер келтірілген.
«Қазақтың ауызша тарихы» – ұлттың бас шежіресіне ұмтылып тұр. Осыған дейін мұндай халық аузында жүрген мың сан шежірені біріктіре алған, оларды бір өрістен өргізген еңбек болған емес.
Кітап ұлтты үш ұдайға бөлуге ұмтылып тұрған жоқ. Антропологиялық тұрғыдан біртұтас ұлтты біріктіруді мұрат тұтқан. Исі найманның Ұлы жүздің Әлпеш атты әйелінен тарайтынын, ұлтқа ерекше қызмет еткен қаракесек руының анасы Кіші жүздің қызы Қарқабат екенін келтіргендегі мақсаты ұлтты біріктіру екені күмәнсіз. Бұл ешқандай шүбә келтірмесе керек.
Еңбектің жанғаны мәртебе. «Қазақтың күй өнері» туындысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттығына бағалануы өзін ерекше марқайтты. Қанат бітірді. Асқаралы алпысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан өз қолымен жазған құттықтауын алды. Тұңғыш Президенттің Ақордаға кіруіне байланысты іс-шарада ұлттың ақсұңқары ретінде иығына шапан жабылды.
Кітап – жеке тіршілік кешуге қанат қаққан, құқық алған адамзат санасы. Аға маған арнаған бір хатында: «Кітап мың төгілген маңдай термен бірге адамдық-азаматтық арман-аңсардың да (идеал) көрінісі ғой. Еңбектің жанғаны, сол арман-аңсардың оқырманға жетуімен, оқырманды мүдделес етуімен өлшенеді», – деп жазған болатын.
Данышпан Л.Толстой айтпақшы: «Ұлы суреткер өзінің жанрлық үлгісін туындатады». Ол осы тұрғыдағы нұсқалар ретінде Н.Гогольдің «Өлі жандар», Ф.Достоевскийдің «Өлі үйден жазылған хаттар» шығармаларының біртумалығына сілтеген. Сол айтпақшы, «Қазақ әлемінің» жанры – этномәдени пайымдау, «Қазақтың ауызша тарихының» жанры – зерттеу.
«Елтұтқа» – ұлылар шежіресі. Қазақта ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану үрдісіне зер салынады. Қазақтың шежірелік зердесінде адам – тарихтың негізгі тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Кімнен кімнің туғаны маңызды да болар, бірақ бұл ең басты ұстаным емес. Тарих үшін тектілікті өрбіткен, ортасына кие дарытқан біртуар тұлғалардың үлгі-өнегесі мәндірек.
Жартасты толқындардан, «ұлы сілкіністер мен дәуірлі толғақтардан» туған көшпелілер әлемінің ең жарқын тұлғасы, ұлт киесі домбыраға тіл бітірген Құрманғазы туралы Ақселеуден артық биік сөзді күні бүгінге дейін кім айта алды? Ол таяу шақта да бола қояр ма екен? Қорыта айтсақ, Ақселеу Сланұлы – төбе тірер діңгегіміз, белі мықты бестіміз, тоқтам айтар естіміз еді. Қазақ атты тегімізде көбе бұзар ақ сұр жебемен болашаққа атылған еңсемізді танытар, қадірімізді ұқтырар, қасиетімізді мойындатар бойтұмарлы киеміз еді-ау. Сөз жоқ, Ақселеу салт атты көшпелілер өркениетін жаңа зерде сүзгісінен өткізіп, тағылым ете білген, ұлттық психология мен патриотизмді тәжірибелеуші, қазақтың алтын күмбезді сарайын тұрғызушылардың бірі. Көшпелілер өркениетін адамзаттың өзіне түсіндіру үшін ойы қанаттылығынан, қаламы ұшқырлығынан таймаған тұлға.
Тасанби ТОҚБЕРГЕНОВ.