• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

ЖАНЕТТІҢ ЖАНСАРАЙЫ

707 рет
көрсетілді

Дарын жас таңдамай­тынд­ы­ғын Жаннеттің жансарай бағы іспеттес көрмесінен көруге болады. Бүгінде Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқитын талантты қыздың табыстары қомақты. Канагава қаласында Жапония мен Азия елдері жас суретшілерінің арасында өткен жарыстың бас жүлдегері болса, ІХ халықаралық “Шабыт” конкурсының “Бейнелеу өнері” номи­на­ция­сы­ның Гран-Приін жеңіп алып, “Дарын” Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған. Бұл Жаннеттің алғашқы көрмесі емес. Оның “Дебют”. Менің алғашқы нүктем” деп аталатын жеке көрмесі Моңғолияның ұлттық өнер галереясына қойылса, “Тамыр” мен “Ою түс” атты дербес көрмелері арқылы аста­на­лық­тарға өз әлемін паш еткен. Ал бұл көрмені қазақтың қарақат көз суретшісі Қазақстанның ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуіне және еліміздің Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымына кіруінің 18 жыл­дығына арнап отыр екен. Төрт жасынан қолына қылқалам алған Жаннет қазақтан шыққан белгілі ғалым, суретші Жанатхан Сағидан Улан-Батыр қаласында (Моңғолия) құрған “Дарын” атты дарынды балалар орталығында шұғылданған. Осы орталықты құрушылардың пікірінше, білім беруге деген қазіргі көзқарас әлдеқашан ескірген және қазіргі білім беру парадигмаларын алмастыра алатын мүлде жаңа педагогикалық тұжы­рым­дамалар мен идеялар қажет. Сондықтан осы ойды іске асыру үшін жаңа мектептің жұмысына философтар, математиктер, пе­да­гог­тар мен шығармашылық қай­рат­керлері тартылған. Осындай ортада өскен, соны үрдістен сусындаған суретші де өз ұстаздарының ұстанымын ақта­ға­нын көрмеге қойылған кес­кін­де­мелерден жазбай танисың. Пәл­са­фаға толы картиналарды жәй та­ма­шалап ғана қоймай, тылсымына бойлап, ішіне бүккен идеяларды оқуға ұмтыла бастағаныңды байқамай қаласың. Жаннет өз жұмыстарында жал­пы адамзаттық мәселелерді, әлем жаратылысының күйініші мен драматизмін өрнектеу әдісі ретінде гротескалық образдарды пай­да­ла­на­ды. Әйтпесе, тіршілік ырғағы үдеп бара жатқан, бейнебаяндық сананы сіңіріп болған телевизиялық бағ­дар­ламалар салтанат құрып тұрғанда мына беймаза әлемге үніңді қалай естіртуге болады? Иә, ол “Атаусыз”, “Қысым”, “Қар­сы батыр”, “Рухтар керуені”, “Әлі ешкім білмейді” атты суреттері ар­қылы бізді өзіміз құрып жатқан ес­сіз әлемнен сақтандыруға ұм­ты­ла­ды. Солай бола тұра “Мәңгілік сұрақ”, “Мо­дельянидің әсерімен”, “Нәзік Хамаль” тәрізді туындылары поэзияға, романтика мен ма­хаббатқа толы. Сондай-ақ оның дүние жа­ра­тылысы туралы ойлары “Шағылысу”, “Абыз­дар” триптихі, “Жеті төбе” туын­ды­ла­рынан көрінсе, Адам Ата мен Хауа ана ұр­пақ­тарының өзара қарым-қатынасы “Инь. Янь” диптихі, “Копромисс”, “Портрет” сериясы, “Бір ба­тыр­дың жиырма арбауынан” аңға­ры­ла­ды. Жаннет Әбіштің жұмыстары туралы өнер­танушылар: “Біз сөзсіз, айрықша көркемсурет феноменінің шығармашылық жолының бас­та­луын көріп отырмыз. Ол өзінің жаңа әрі то­сыннан адам жаны мен дүние жаратылысы ме­та­марфозаларын іске асыруымен таңдандыра отырып әрі дами беретін болады” деп баға беруде. Алматы. Айнаш ЕСАЛИ.