Кеңес Нұрпейісов дейтін үлкен жүректі қазақ өмір ұсынар сындар мен емтихандардан көзі тірісінде сүрінбей өткен адам болатын. Және тағдыр талқысынан ықпай жүріп, қоғам, уақыт ұсынар сауалдардың қандайына да жауап сөзін мүдірмей айта алған, әр кезде де парасат айдынынан табылып, ұлт биігіне көтеріле білген тұлғалы ғалымдарымыздың бірі, бірегейі еді...
Ол кісі жаратылысынан сырбаз, сыпайы, аса мәдениетті, өмір мен қоғам құбылыстарына байсалды баға беруден әсте жаңылмайтын, ұстамды пікірдің, терең ойдың, тиянақты талдаудың қайсар бітімді иесі-тін. Асыл ағамыз маған тарих дейтін ғылымның көсегесін көгертіп, туын желбіретіп, биік көтеру үшін ғана туған сирек азамат секілді елестейтін.
Шынында да, ол сиректеріміздің сирегі еді ғой...
Кейде жолыға қалған жерлерде осы ойымның аздап ұшығын байқатсам: “Нұрлан, шырағым, ол сөзіңе рахмет. Тарихты бізге дейін де ойы, сөзі таза адамдар жасаған ғой... Әуелі соларды айтайық. Мысалы, біздің ұлттық тарихымыздың өзінде — арғы-бергі дәуірлерімізде алаш пен қазақты айтып, басын бәйгеге тігіп өткендер аз ба?!. Соларды бір түгендеп алайықшы әуелі... Соларды... Тірілер қайда қашар дейсің...” деп жымия қарап, салалы саусақтарын иығыңа артатын еді... Артатын еді де, ата тарихымыздың арғы-бергі дәуірлерінен сыр толғап, әңгіме бағытын басқа бір арнаға байқатпай бұрып алып кететін... Ойдың қоржыны ағытылып, сырдың сандығы ашылатын... Содан Кеңес аға екеуміз Алматы дейтін талай-талай жампоздың жалын тарап, кекілін сүзген ұлы шаһардың әлдебір тыныш көшесі мен үнсіз алаңдарын ілгері-кейін қыдырыстап, шаршауды ұмытушы едік... Әлден уақытта ол кісі: “Ойпырмай, Нұрланжан, осы әңгімені жеңгеңнің ыстық шәйін ішіп отырып жалғастырсақ болмай ма?!” деп ақсия күлетін...
Өзінен бұрын атын естіген жүрегі кең, жаны жайсаң сол ағамен алғаш танысуым да қызық болып еді. Жаңылмасам, 1978 жылдың күз айларының бірі. Абай даңғылының Фурманов көшесімен қиылысына орналасқан үлкен кітап дүкеніне кіріп, “Әлем әдебиеті” дейтін бөлімде жоғымды іздеп, жаңа кітаптарды ақтарыстырып тұр едім. Ту сыртымнан: “Әй, батыр, сен шамасы Шекспирді іздеп жүрсің-ау...” деген майда қоңыр дауыс естілді. Жалт қарадым. “Сәлеметсіз бе, ағай!” “Сәлеміңді алдық”, деді аққұба өңді, ұқыпты киінген әдемі кісі.
– Иә, кел, танысайық... Кеңес Нұрпейісов деген ағаң боламын.
Қолын ұсынды.
– Аға, кешіріңіз...
Мен асып-сасып, сырттай атына қанық белгілі тарихшының қолын алдым.
– Нұрлан... Оразалин... – деді ағамыз. – Былтырғы күзден бері атыңа қанығып қалдық. ТЮЗ-дегі “Шырақ жанған түн” спектаклін көрдік. Жақсы дүние екен. Сол Оразалин Нұрлан сен емессің бе өзі?! – деп маған сұраулы жүзбен күлімсірей қарады. – Сағат (Бұл жерде белгілі қоғам қайраткері, сыншы, ақын Әшімбаев Сағат туралы болып отыр) айтқан... Бірге оқып, бір бөлмеде жатыпсыңдар ғой...
– Иә...
Сол күннен бастап, ол кісі “аға”, мен “іні” ретінде жолыққан жерде арқа-жарқа амандасып, жай сұрасып тұратын болдық.
Үйренісе келе, әңгімеңді бөлмей тыңдау қасиеті дамыған аға алдында сөзді ірікпей айтуға қалыптастық. Өмірдің күнгейі мен көлеңкесінің қатар жүруі табиғат заңы. Кеңес ағаның басынан өткен ыстық-суықтың, торқалы той, топырақты өлімнің бәрінде төбе көрсетіп, қасынан табылуға тырыстық. Ол кісі де сондай адамдар мен адамдар арасын жақындатуға, жүректер мен жүректер арасына көпір орнатуға себеп болатын кісілік қатынастарға қатты ден қоюшы еді.
Соның бірі менің жадымда мықтап сақталыпты...
1982 жылдың қыркүйегінде мен әкемнен айырылдым. Жолдас-жора, дос-құрбыларымды қасыма ертіп, ауылға бардым. Ел-жұртқа, ер азаматтарға рахмет. Әкеміздің аруағын әспеттеп, ақырғы сапарға шығарып салудың салмағын жеңілдетіп, жүгін көтерісті... Көп уақытқа дейін көңіл айтушылар үзілмеді. Сондай күндердің бірінде Гоголь көшесі, 35-үйдегі Мәдениет министрлігіндегі менің кабинетіме алғашқылардың бірі болып осы Кеңес Нұрпейісов ағамыз келді. Үнсіз келіп, мені бауырына басты.
– Әкейдің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, Нұрланжан. Газеттен оқыдым... – деп ауыр күрсініп алды да, қарсыдағы орындыққа отырды: – Хабар алмадым. Жә, оқасы жоқ. Жігіттерден естідім. Жақсы жөнелтіпсіңдер. Аруақ риза болсын. Армансыз өлім болмайды. Өкінішсіз ажал жоқ. Мырқасым ақсақал ерте кеткен екен... Амал бар ма?! Бұйрық солай болған шығар, берік болыңдар, – деді кінәз бітімді, көркем мінезді ағамыз.
– Рахмет...
– Сен бақыттысың, әкейге топырақ салып, өз қолыңмен жерледің... Мына біз әкеміздің түр-түсін де жөнді білмейміз... Сүйегінің қайда жатқанынан да бейхабармыз... “Халық жауының” ұлы деген сөзді арқалап жүріп өстік. Амал қанша?!. – деп еді ол кісі сөзінің бір тұсында.
Міне... Содан бері аттай 26 жыл уақыт өтсе де ағаның сол күнгі сабырлы кескіні қаз-қалпы көз алдымда...
Кеңес Нұрпейісов туралы әңгіме айтқанда, өзгені білмеймін, менің тілімнің ұшына еріксіз “алаш”, “алашорда”, “алаш арыстары”, “алаш азаматы” деген төркінінде әлдеқандай ойды тербеп, жүректі қозғайтын киелі сөз, қасиетті ұғымдар тұрады.
Неге? Себебін іздей бастасақ он тарау ойдың әуелгі тірелер тұсы — ғалымның зерттеушілік ғұмырының ең мол кезеңін алған алашорда тарихы. Екінші бір тұсы, өзі айтқандай балалық, балғын кезінен ұйқысы мен күлкісін ұрлаған “халық жауының” ұлы деген қара таңбаның көп жылдар бойы ізінен қалмауы. Үшінші бір тұсы — бесігін тербетіп, құндағын аялаған ел мен жердің, қазақ дейтін халықтың тарихына 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қанды қырғын оқиғалары өткен Қарқара болып енгені. Осынау үш себептің жүгін арқалаған ұғымдар төркінінде тұлғалы ғалым, тұғырлы азаматтың өмірге деген көзқарасын қалыптастырған ұлттық ой-жігердің, халықтық ар мен намыстың от-жалыны лаулап, елін, жерін сүйген жүректің жасыны ойнап тұрғаны күмәнсіз.
Бұл ұғымдар бірімен бірі жымдаса өріліп, жаңа дәуір белі мен жаһандану дейтін жаңа, күрделі кезеңде ата тарихымызды қайыра қарап, түбірімен қайта електеушілер қатарының көшін бастағандар санатынан көрінген көрнекті ғалымның шығармашылық, зерттеушілік болмысын тануға мүмкіндік тудырары һақ.
Танымды қалыптастыратын кеңістік жүйесінде ежелден белгілі кез келген “ұлтым”, “жұртым” деген естілер ойын бір арнадан табыстырар концепция дейтін ұғым бар. Қазақша айтқанда, бұл — кез келген танымдық жүйе мен тағылымдық өрістің алтын арқау, діңгегі.
Біздің пайымдауымызша, Кеңес Нұрпейісов ұлт тарихын тану кеңістігін сондай өріске шығарған алтын арқаулы, діңгегі мықты ғылымды жаратушылар санатынан болатын.
Иә...
Адам мына дүниеге жылап келіп, кетерінде өзгелерді жылатып кетеді.
Бұл жаратылыстың жазусыз қағидасы.
Кеңес Нұрпейісов дүниеден өткенде де солай болды. Әріптестері, ағайын-туысы, шәкірттері, Алматының зиялы қауымы Қаныш Сәтбаев Академиясының Құрманғазы көшесі жағындағы Ғалымдар үйін осындай бір азалы сәт үстінде өкініш пен өксікке толтырғаны менің есімде. Тура сол күні Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының залында күн ілгері белгіленген алашорда қозғалысының 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп жатты. Мәмбет Қойгелдиев бастаған шәкірттері булығып тұрып баяндама жасағаны, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің алаш арыстары жайлы сөз айтып тұрып, дәл осы сәтте қала жұртының үлкен академик-ғалымды ақырғы сапарға аттандырып жатқанын сөз арасында айтқаны, конференция тізгінін Серік Сейдумановқа тапсырып, қала әкімімен қаралы жиынға бірге келгеніміз менің қаз-қалпы жадымда...
Алаш арыстарының Алматы қаласында жиыны өтіп жатқан күні алаш тарихын зерттеуге бар саналы өмірін арнаған жаңа дәуірдің тағы бір алаш тұлғалы азаматының өмірден өтуі кездейсоқтық па?
Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес...
Бұл ұлтына, ұлт ғылымына, қазақтың тағдырлы өткені мен талайлы өткелдерін тануда айрықша міндет жүгін арқалап келген, рухани танымдық әлемімізге алғаусыз қызмет еткен, алаш арыстарының қатарын өзінің адал ойымен, табанды ғалымдық жолымен, парасатты болмыс-бітімімен толықтырған аса көрнекті тарихи тұлғаның пешенесіне бұйырған мына жарық дүниемен қоштасудың жұлдызы жарық, тағылымды сәті еді.
Ұлы Жаратушы Кеңес ағамыздың маңдайына бақилыққа бастар жолдың дәл осылай болуын қалаған тәрізді...
Өмірі өзгеше, өрісті болған жанның, дүниемен қоштасуы да ешкімге ұқсамай, өзгеше болғанына әрі қайғырып, әрі таңырқап едік.
Қазақтың бай, сапалы ұлттық тарихы тағы бір алаш тұлғалы перзентімен толыққанын жан дүниемізбен сезініп едік сол күні...
Алматы.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.