Сенбі, 28 шілде 2012 7:45
Асылдың сынығындай тұлғалар қазақ тарихында баршылық. Қалың жұртының болашағына бағыт, бағдар сілтеп, үлгі-өнегесімен өз заманының қайраткерлеріне айналған олардың бәрі бірдей түгенделіп болған жоқ. Солардың бірі Жиембеттің батыр, ақын, жыршы, сазгер, әскербасы, Есім ханның бас биі, халқын ойлаған тарихи тұлға болғанын аңыз да, жазба деректер де, шежіре де растайды. Оны орыс елшілері, тарихшыларының жазба дерек құжаттарынан да табасың, орыс тіліне аударылған өлең, жырларын оқып тәнті боласың. Жиембеттің ақындық тәсілімен Махамбет жырлады,
Сенбі, 28 шілде 2012 7:45
Асылдың сынығындай тұлғалар қазақ тарихында баршылық. Қалың жұртының болашағына бағыт, бағдар сілтеп, үлгі-өнегесімен өз заманының қайраткерлеріне айналған олардың бәрі бірдей түгенделіп болған жоқ. Солардың бірі Жиембеттің батыр, ақын, жыршы, сазгер, әскербасы, Есім ханның бас биі, халқын ойлаған тарихи тұлға болғанын аңыз да, жазба деректер де, шежіре де растайды. Оны орыс елшілері, тарихшыларының жазба дерек құжаттарынан да табасың, орыс тіліне аударылған өлең, жырларын оқып тәнті боласың. Жиембеттің ақындық тәсілімен Махамбет жырлады, Олжас жырлады. Жиембет: «Арқаға қарай көшермін, Алашым ұран десермін» – десе, Махамбет: «Атадан туған аруақты ер, Жауды көрсе жапырар, үдей соққан дауылдай» – деп ерліктің, елдіктің асқақтығын танытады.
Әйгілі ғалым Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиеті» газетінде 1993 жылы 2 шілдеде жарияланған мақаласында Жиембет әділ би, шешен жырау, айлалы аруақты батыр ретінде суреттеледі. «Қарасай қолға түсіп қалғанда Жиембет пен қоңырат Алатау батырлардың «Жақсығұл, Жақсығұл» деуі тегін емес. Сол үнді естіген бойда Жақсығұл қалмақ батыры Дөкірді құлатады. Жиембеттің «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында да Жақсығұл Шабайұлы мерген, жүрекжұтқан батыр деп дәріптеледі.Есім хан тұсында, яғни 1620, 1627, 1628, 1638 жылдарда қалмақтармен болған соғыстарда Жиембет батыр бастаған сарбаздар ірі жеңіске жетеді» (С.К.Боголявленский, «Материалы по истории калмыков в первой половина ХХЧ11-века», исторический записка № 1939. ст.60-72). Автор Жиембеттің жыр толғауларын да атап өтеді.Әлсіз халықты жаулап, қантөгіспен байлығын тартып алу, жерін иелену адамзат тарихында қайталанып тұратын жәйт. Кісілік танытып, тыныш өмір сүру пенденің маңдайына жазыла бермейді. Соғыс, қақтығыс жүрген жерде бықпырт тигендей бүліну болады. Бүлінгенді түзейтін де, жоқты бар ететін де батырлар екеніне Орбұлақ жотасындағы 20 тонналық ескерткіш тақтадағы мына жазулар дәлел болғандай. «Бұл жерде 1643 жылы Салқам Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауынгері ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, оның 10 мыңын жойып жіберген.Осы кезде бұларға Самарқаннан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп үлгерді.Ұлы жеңіске шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, тана Жиембет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, қырғыз Көтен мен Табай, дулат Жақсығұл, арғын Қомпай, суан Елтінді батыр, тағы басқа хас батырлар үлес қосты.Батыр бабалардың аруағынабас иеміз!Қазақтың ескерткіштерқорғау қоғамы»Қараңыз, ор қазып (окоп) 600 жауынгер он мың адамды жойса, бұл таңданарлық оқиға. Әлемдік соғыс тарихында окоп қазу тәсілін қазақ сарбаздары бастаған сықылды. Ел мен жерді қорғауда Орбұлақ шайқасының тарихи маңызы жоғары болған. Басқыншылыққа қарсы жойқын күш көрсетілген. Бұл соғыстың мән-мағынасын тарихшылар орыстардың Куликово шайқасымен теңестіруі тегін емес.Ғалым Мамытбек Қалдыбаев ақын Қазанғап Байболұлы жазған «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле бидің тарихы» туралы екі дастанын негізге ала отырып, «Төле би» кітабында Орбұлақ соғысына қатысқан бірер адамды атаса, соның бірі Жиембет, ол туралы «Бортұғалиұлы Жиембет, Алшын дейді, аңғарған», – деп жыр етеді Қазанғап. Қазыбек те оны: «Орбұлақ шайқасына қатысқан да, Ташкент соғысына қатысқан да бір Жиембет екенін, ал оның әйгілі Жиембет жырау екенін, тек Бортұғалиұлы емес, Сүйіншәлиевше («Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері», 1967, 95-бет) Біртоғашұлы, Мағауинше Ботоғашұлы аталып жүргендігіне көз жеткіземіз», – дейді. М.Мағауин «Қобыз сарыны» (1968, 50-бет) кітабында: «Жиембет – «Еңсегей бойлы ер Есім» жырының басты кейіпкерінің бірі. Демек, Жиембет Есім ханның да, Салқам Жәңгірдің де әскербасы, сенімді батыры болғанын ыспаттайды. Толып жатқан тарихи деректер мен зерттеуші, тарихшылар Шоқан Уәлихановтан бастап Сүйіншәлиев, Қазыбек бек Тауасарұлы, Ж.Қорғасбектегі және басқаларының ауыз толтырып атап көрсеткеніндей, тіпті алғашқы хандық заманындағылардай ерекше дәріптеліп, есімі ғасырдан ғасырға жеткен Жиембеттің ақындығы, сазгерлігі өз алдына, Есім ханның он екі биін жұмылдырып, заң шығаруға қатысушы екені анық. Сарбаздарын соғыс өнеріне тәрбиелеу, әсіресе, жекпе-жектегі шеберлікті үйретуде де Жиембеттің үлгісі аз болмаған. Соғыста жүрексіну намыссыздық, ондайға жанындағылар да арланады. «Аулақ жүр қорқақ» деп жерлейді, қылыштың жүзіндей қылпып тұратын жаужүректі ерлерді дайындау байтақ даланы қорғаудың қасиетті парызы. Сонда ғана арқалы батырлар қалың қолды жеңіске бастайды. Қазақтың әрбір батыры бірінші жерін қорғап, ұлтын сақтауды мақсат етті. Оған тағы бір дәлел, батырлардың біразының ерлігін, Орбұлақ шайқасындағы қазақтардың соғыс ерекшелігін Сібір архивіне тарихи құжаттап жеткізген елші Григорий Ильиннің орны бөлек. Онда қазақ-қырғыздардың ұлы ханы, орыстар Есім патша деген көреген, айбарлы хан тағында 47 жыл отырды (1598-1645)» деп жазады.Бір деректерде Жиембеттің Қазығұрт өңірінде бәйбішесі Есенқызға үйленгені келтіріледі. Жеткілікті қалың малы болмады ма, бұл әйтеуір Тәуекел ханға ұнамаса керек. Ханның жел жағынан шыққан жазасыз қалмасы анық. Қырын көзқарасқа Жиембет өлеңмен жауап береді.Үш ай болған кезінде,Қошқар менен бура мас.Қақ көктемнің кезінде,Айғыр менен бұқа мас.Жас болжалы жеткенде,Қыздар менен жігіт мас –Сол мастықтың жөніменАлдыңа келген мен бір жас, – деуінің шындығы бар. Жиембет одан кейін Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басуда да үлкен қызмет атқарады. Кіші жүзде еркін билік құрған Жиембеттің бес мың әскері болуы да оның хандық дәуірдің биік тұлғаларының бірі болғанын дәлелдейді. Басқасын айтпағанда «Қазақ ССР тарихында» ол – ханнан қорлық көріп, есесі кеткен елдің жоғын жоқтаған ер азамат. Есім өлтірген құлдың құнын даулап, ханға қарсы шығатын да, ханды өз қылмысын мойындауға мәжбүр еткен де осы Жиембет. «Ешкім жоқтап, ешкім құн талап етпейтін құлды өлтірген… Есім Жиембеттен кешірім сұрауға мәжбүр болады» – деп жазылған «Қазақ ССР тарихында». Мұның өзі айбарлы батырдың, әділдігіне дәлел емес пе! 1908 жылы басылып шыққан «Жақсы үгіт» жинағында Жиембеттің ханның жөнсіз істеріне ашынып жазған толғауында:Есім, сені есірткен,Есіл де менің кеңесім.Ес білгенде, Есім хан,Қолыңа болдым сүйесін,Қолтығыңа болдым демесін, – деуі Есім ханмен ер жетіп есейгенше жастық шағы бірге өскен деуге негіз бар. Қалмақтың ханы Есім ханға сыйға тартқан сұлу қызды жолын тосып алып кеткен Жолымбет батырдың үстемшілігін Есім кешірмей, зынданға салып өлтірмекші болады. Соны естіген Жиембет туған інісін құтқаруға барып:Әмірің қатты Есім хан,Бүлік салып бұйырдың.Басын бер деп батырдың,Қанын ішіп қанбаққа,Жанын отқа салмаққа,Атадан жалғыз мен емес,Хан ие, ісің жол емес.Жолбарыстай Жолымбет,Құрбандыққа қол емес.Жол тосып алып кетіпті,Қалмақтан алмақ сыйыңды.Атасы басқа қалмаққа,Жақпақ ойың қиын-ды.Қаһарыңды басқалы,Қалың елім жиылды.Бастап келген өзге емес,Жиембет сынды биің-ді.Малын салып алдына,Әр саладан құйылды.Он екі ата байұлы,Бір тәңірге сыйынды, – деп ханды сөзге тоқтатып, сыйлығын беріп Жолымбетті босатқанымен, одан әрі алакөздік жақсылыққа бастамайтынын ұққан Жолымбет туыс-туғандары, жекжат, жұрағаттарымен Хорезм аймағына көшіп кетеді. Бір әйелдің қырсығынан біраз батыр хан төңірегінен сытылып шықса, Жиембет те хан жарлығымен Ителіне айдалады. Ханға қарсы сөз айтуға, оның абыройына дақ келтіруге болмайтын билердің дайындаған заңына Жиембеттің мойынсұнбайтын амалы жоқ. Аңыздар мен жазбаларда әскербасы, даңқты батыр, жыршы, сазгер Жиембет Ителінде жүріп үйленіп, одан туған ұрпақ Ител Баймұрат болып тарап кеткен. Сөз соңында айтарымыз, Атыраудағы Индер ауданын Жиембет есімімен атандыру жайлы республикалық газеттер көтеріп жүрген мәселеге біз де қосыламыз. Қазақтың ірі ғалымдарының бірі Х.Сүйіншәлиев: «Жиембеттің негізгі мекені Байбарақ, Байшөрек деген жерлер. Қыстағы Жайық жағасындағы Есім төбесі. Жазда Жиембет ауылы Жем-Сағыз бойын жайлайтын болған», дегеніне сүйенсек Индер ауданы халқының сұранысы өте орынды. Бұл орындалса, ата-баба алдындағы борышымыз өтеліп, жоғымыз түгенделгендей болар еді.Табыл ҚҰЛЫЯС, жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері.