• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2012

Тарих мойындаған дара тұлға

1473 рет
көрсетілді

Тарих мойындаған дара тұлға

Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:31

Көне тарих өзінің елеулі оқи­ғаларымен ғана емес, сол тарихты жасауға және де сол тарихи оқиғалардың бел ортасында жү­ріп, артына жарқын із қалдырған тұлғаларымен де жаңғырып тұра­тыны бар. Адамзат жасаған дү­ниенің барлығы да, не бір оқи­ғалар мен жағ­дайлар да, ойлап табылған жаңалықтар мен өзге­рістердің өздері де сол тарихтың еншісі болып қалады да, солар­дың көбісі ұмыт болып та жатады. Адамзат баласының мұны қа­лыпты жағдай деп қабылдауы да орынды.

Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:31

Көне тарих өзінің елеулі оқи­ғаларымен ғана емес, сол тарихты жасауға және де сол тарихи оқиғалардың бел ортасында жү­ріп, артына жарқын із қалдырған тұлғаларымен де жаңғырып тұра­тыны бар. Адамзат жасаған дү­ниенің барлығы да, не бір оқи­ғалар мен жағ­дайлар да, ойлап табылған жаңалықтар мен өзге­рістердің өздері де сол тарихтың еншісі болып қалады да, солар­дың көбісі ұмыт   болып та жатады. Адамзат баласының мұны қа­лыпты жағдай деп қабылдауы да орынды. Алайда, сол тарихтың әріден салған ізімен де, жасаған ісімен де халықтың жадында мәңгі өшпестей болып сақталып қалған тұлғалар бар. Уақыт өткен сайын тау тұлғасы одан сайын биіктей түсетін, өнегелі ісі кейін де өркен жайып, солары ке­йін­гілерге үлгі ре­тінде айтылатын ұлағатты тұлғалар да бар. Тарих сонысымен де қызықты, әсерлі және мазмұнды бола түспекші. Абыройы асқақ, даңқы жер жаратын және де есімдері мақта­ныш­пен айтылатын мұндай көрнекті тұлға­лар­ды әлем тарихының әр кезеңінен жо­лықтыруға болады.

Ғани Мұратбаев, міне, сондай тұлғалар­дың бірі! Ол жарқын да өнегелі ғұмырымен әр буынның ұрпақтарына үлгі болып қала бермекші. Мұратбаевтың есімін өз кезінде қ­а­зақ даласы ғана емес, сол кездегі Кеңес Ода­ғы­ның халқы да, Коммунистік Интернационал мүше елдерінің жастары да жақсы білді, жақсы таныды. Ғанидың тым қысқа бол­ған өмір хронологиясы, яғни өмір дерегі бірнеше парақтан аспаса да, оның атқарған қызметі мен өнегелі істері мен тарихи жарқын бей­несін том-томдаған кітаптарға сыйғызуға болар еді. Өйткені, Ғани жалынды ғұмыр кешті, сан-саналы қызметін тынымсыз атқар­ды. Өз қызметінің өз еліне қажет екендігін сезінген сайын, ол өз денсаулығының жайын да ойламады. Бәрін де, тіпті ден­сау­лығын да және өз жеке басының істерін де кейінге қалдырып, жас­т­ық шағын, қысқа өмірінің бар уақытын, әр сәтін елі мен хал­қы­на арнады, қоғамға жанкеш­ті­лік­пен адал қызмет етті. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, мақсат­керлік пен ерік-жігерге, намыс пен таба­н­ды­лыққа, ойы ақыл мен парасатқа, саналылық пен білімге толы ол жастардың болашағына жарқын жол салды, басқаларға сонысымен үлгі болды.

Ғ.Мұратбаев кеңестік социа­листік идео­ло­гияға қызмет етіп, сол мұрат жолында күрес­се де, оның сол тұстағы батыл іс-әре­кеттері, атқарған шаруалары Қа­зақ елінің бостандығы мен еркін­ді­гіне, тәуелсіз ел болып, әлемдік қоғамдастыққа қазақ деген жұрт­тың бар екендігін танытуға, са­уатсыздықты жоюға, жастардың білім алуына қол жеткізуге қыз­мет етті. Елдің даңқын шығарған, ұлттың мүддесін көздеген Ғани­дың қысқа да жарқын өмірінің бар асыл құндылығы, міне, осы болып табылады. Ғани өз дәуі­рі­нің дара тұл­ғасы бола алды. Ұрпақтар ұлағатын ұран етті. Алаш атын асқақтатуға, ұлт намысын жанып, оятуға орасан зор қызмет жасап, соған үлесін қос­ты. Ол жастар ісі үшін өз күш-жігерін, қайрат-қажырын аяма­ған, жас буынның бойына әлем­дік мәдениетті дарытуға, қазақ өркениетін сол әлемдік деңгейге шығаруға ұмтылған ұлт берені болды.

Өз кезінде Түркістан Компартиясы Орта­лық Комитеті атқару төрағасы болған Нәзір Төреқұ­ловтың: «Оның өмірінің ең басты ма­ғы­насы – жастар арасындағы жұмыс болды. Орта Азияда оның қатысуынсыз құрыл­ған бір­де-бір жастар ұйымы болған жоқ», деп жазуы Ғани өмірінің ақиқат бет­терінің бірі деп қа­был­да­нуы керек. Шындығы осы еді! Солай бол­­ған­дығына илансақ та, сол қыруар істердің бәрін бірдей атқаруға қалай үлгерді екен деп таң­да­натынымыз да бар. Бәлкім, Ғани­дың сол орасан да қауырт істердің бәрін де тындырып, со­ған үлгеріп, атқара алғандығы оның бойын­дағы жалындаған жас­тық жігері мен табан­ды­лығы, өз елі мен халқына деген жана­шыр­лы­ғы, осы жолдағы өз мо­йнындағы үлкен жауап­кер­ші­лікті сезіне алуы және де Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі күш-қайрат берген де болар.

Ол тіпті жастардың болашағы үшін арпалыса жүріп ғұмыр кешті, өзі үшін қажет болар-ау деген жайларға уақыт та таппады, тіпті соларға уақытын да бөл­меді. Көзі ашық, көңілі ояу бола тұра, мұрағат деген меке­менің бар екендігін, онда жазба құжат­тардың сақта­латынын, оны ке­йін­гі ұрпақ пайдаланатынын біле тұра, тым болмаса өз өмірбаянын да өз қолымен жазып қалдыр­ма­ған да екен. Ғани­дың бір бес-алты жыл аясында атқарған қыз­меттерінің ұшы-қиыры жоқ. Сонан да болар, оның соншалықты қысқа ғұмыры мен атқар­ған істерінің өзі Ғ.Мұратбаевты ға­сыр жаса­ған­дай әсерге бөлейді. Ғаниды жерлеу кезін­дегі азалы жиында сөйлеген сөзінде Ленин­нің серігі Н.Подвойскийдің: «Біз Кеңестік Шы­ғыс­тың аса ірі тұл­ға­сынан айрылдық. Мұрат­баев ауыр жұмыстың азабынан жанып кетті», – деуі біздің осы пайымды пікірімізге дәлелді анықтама бола алар еді.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Кеңес өкіметі жүзеге асыра бастаған саясаттың қазақ даласын да аласапыранға салғаны бел­гілі. Сол бір алақұйын кезең­де құйрықты жұлдыздай жарқ етер аз ғана ғұмырын өз халқына, елінің болашағы – жастарға арнаған Ғ.Мұратбаев өмір шын­дығында бір адамның жүз жыл­дық ғұмырына жүк боларлықтай еді. Небәрі жиырма үшке жетер-жетпес ғұмыр кешкен, бірақ сол аз ғана ғұмырының өзінде елі мен халқының биік мұраттарын нысана етіп, сол арманды мақ­саттарға қол жеткізу үшін бо­йындағы бар күш-жігерін де аямастан, жалындай жанып, құ­рыш­тай нығайып, қырандай би­ікке көтерілді. Ол 20-22 жасында Ресей Ком­мунистік Жастар Ода­ғы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Одағы Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы, Ком­му­нистік Жастар Интернационалы атқару ко­ми­тетінің Шығыс елдері жастары арасындағы бөлімінің мең­герушісі болып, тынымсыз қыз­мет атқарып жүрген шағында өкпе ауруына шалдығады да, сонысын асқындырып алып, 1925 жылы 15 сәуірде дүниеден өтті.

Белгілі журналист Сейілхан Асқаров Ға­нидың өмірі мен қыз­метін жинақтап, зерттеу жолында үлкен еңбек жасады. Ол Ғани қыз­мет еткен Ташкент пен Мәс­кеуге барып, Түр­кістан комсомолы мен Бүкілодақтық Комму­нис­тік Жастар Одағы Орталық Ко­митетінің мұрағатын ақтарып, тың мәліметтер тауып, 1960-70-жылдары 50-ге жуық мақала жариялады. Десек те, Ғ.Мұратбаев туралы мұрағат­тық деректер тым аз. Жарияланған мақала­лар­дың бі­­разы бірін-бірі қайталап жата­тын­дығы да бар. Бұл тегінде Ғани туралы дерек­тердің, құжат­тардың толық сақталмаған­ды­ғы­нан да болар. Соның да әсері болса керек, кей­де ол туралы мақалалардағы деректер де бір-біріне қайшы келіп жатады. Бірақ Ғани­дың көзін көргендер мен онымен қызметтес бол­ғандар оның дарыны мен ұйымдас­ты­рушылық қабілетін, тынымсыз еңбегін, басқа­ларға жаса­ған риясыз қамқорлығын, адал жүрегін, батыл­дығы мен қайсарлығын айтып, тәнті болады.

Мысалы, танымал қаламгер, қарымды журналист Айжарық Сәдібекұлы «Ұландар ұрандатқан бір заман» деген мақаласында: «Оның жаратылысын В.Куйбышев пен Д.Фур­манов сынды ақыл­мандар жазбай таныды. 1922 жылы мамырда, Бүкілресей ком­со­молының екінші конференциясы қарсаңында Орталық партия комитетінің хатшысы В.Куй­бы­шев­тің кабинетінде Ресей Жастар Одағы Орталық комитетінің Орта Азия бюросын құру мәселесі қаралды. Ұсыныс мақұлданып, мә­селе бюро құрамына сол ай­мақтан кімді ұсы­ну керектігіне тірелгенде, Ресей Комму­нис­­тік Жастар Одағы Орталық коми­те­тінің бас хатшысы Петр Смородин Ғани Мұрат­баев­қа сипаттама бере келіп, оның жаратылысына қайран қа­латынын айтып ағынан жа­рыл­ған. Ол аймақта ондай же­текші жоқ. Басы толған ақыл!», депті. Ал Куйбышев болса: «Мен Ға­ниды Ташкенттен білемін. Ол нағыз шешен, көпті бастай алатын жетекші, дауысы да жар­қын және ойы алғыр. Сонымен қатар, жұмы­сын тау қопар­ғандай етіп атқаратын нағыз қыз­меткер», деп Ғанидың кандидатурасын бір­ден қолдаған екен. Ғанидың қасиетін бұл не деген мойындау десе­ңіз­ші?! Ақиқатында Ғ.Мұ­ратбаев тарихқа өзін өзі мойындатқан тұлға!

Қазақ жастарының алғашқы басылымын шығару туралы да бастама көтеріп, сол істің басы-қасында жүрген де Мұратбаев болатын. Қазақстан комсомо­лы­ның 1921 жылы шіл­де­де өткізіл­ген съезінде ол Қазақ АКСР-і жас­та­рының үнпарағын шығару­ды және оның атын «Жас Алаш» деп атауды ұсынады. Съезд делегаттары Ғанидың бұл ұсынысына қосы­ла­ды, алайда газеттің «Жас Алаш» атынан ұлт­шылдықтың желі еседі, оны өзгерту керек дегендер де болды. Ол үнпарақтың «Жас Алаш» атауын табанды­лықпен қорғайды. Бі­рақ ке­ңес­тік идеология бір жылдан кейін «Жас Алаш» атауын өзгертіп тынады. Негізін Ғ.Мұратбаев өзі қалаған және тұңғыш редакторы болған газет алғашқы сандарынан бастап-ақ қорда­лан­ған қазақ мәселесін, оның ішінде жастарға қатысты оларды оқыту, жұмысқа тарту, сауат­сыздықты жою мәселелерін көтерді.

Ғани өмірі бүгініміз бен болашағымыз үшін үлгі-өнеге! Бірақ біз Ғаниды әлі күнге дейін толық тани да алмай, оны таныта да алмай келеміз. Біз оның өмірі мен атқарған ісін білуімізбен бір­ге, Ғани соларды атқарды, оған қалай қол жеткізді, қалай үлгерді, қалай уа­қыт тапты, қалайша үй­лестірді, қандай табан­дылық пен қайсарлық таныта алды деген мәселелерді де көбірек зерттеп, насихаттауымыз керек-ақ. Бұл мәселелерді орындауды Қа­з­а­­­лы­дағы Ғани Мұратбаевтың мемо­ри­алдық мұражайына міндет­теу­ге де болар еді. 1968 жылы 7-қа­рашада Қызылорда облысы Қаза­лы аудандық кеңесінің шеші­мі­мен ашылған бұл мұражайда алғашқы кезде жәдігерлер 200-дей болса, қазір оның саны 6200-ден асты, 8 экс­по­зициялық және бір көрме залы бар. Ғани­дың ба­лалық шағынан бастап, өмірінің соңы­на дейінгі жүріп өткен жолы осы залдарға кезең-кезеңімен ор­наластырылған. Сондай-ақ, мұра­жайда түпнұсқа жәдігерлер, атап айтқан­да, Ға­нидың өз қолымен жазған хаттары, көп­шілікке бей­мәлім құжаттары мен суреттері де бар. Мұражайда әрдайым түрлі іс-шаралар мен мек­тептерде ғылыми-тәжірибелік конферен­ция­­лар, жылжымалы көрме ұйымдастырылады.

2008 жылы мұражайдың не­гіз­гі қалаға­ны­на 40 жыл толуы қарсаңында мұражай тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап, ал оның 105 жылдығы құр­метіне ол туралы жазылған өлең­дер мен шығармалардан, тол­ғаулардан және әндерден құрасты­рылған «Мен Ғанимын!» атты жинақ шығарылды. Мұның бәрі мұражай қызметкерлерінің атқа­рып жат­қан жұмыстары. Олардың бұл ең­бегін, мұра­жайдың қызметін жастарға тәлім-тәрбие беруде, үлгі-өнеге көрсетуде тиімді пайдалана біл­геніміз жөн. Ғани өмірін кеңі­нен әрі жан-жақты білу үшін оның мұража­йы­мен де танысу керек. Ол үшін әр өңірлер­дің жастарынан алдағы уақытта мұражайға экскурсия ұйым­дас­тыру да ойланатын жай болғаны жөн.

 Бірақ!.. Иә, бірақ осы Ғани мұражайының ашылғанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мұ­ра­жай ғимаратының төбесінен су ағып, ішкі және сыртқы қабырғалары ызаланып, жарық­ша­қтар пайда болуда. Бұл құнды жәдігер­лер­дің өз дәрежесінде сақталуына кері әсерін ти­гізеді. Биыл бөлінеді деп уәде етілген қаржы тағы да табылмады. Осы салғыртты­ғы­мыз­дан, қаржы үнемдеуімізден, асыл мұрамыздан бір сәтте-ақ айрылып қалуымыз да мүмкін. Ал біз үшін өткен тарихымыздан, асыл мұ­рамыздан, құнды құжаттар мен жәдігер­ле­рі­мізден қымбат ешнәрсе де болмауы керек.

«Болашақ – жастардікі» деп ұран тастаған, оларды белсенді түрде білім алып оқуға, еңбек етуге шақырған, елін, жерін сүюдің, табан­ды­лық пен қайсарлыққа қалай қол жеткізудің, намысты қалай жанудың тамаша үлгісін бір өзі көрсетіп берген Ғани ғұмыры, оның есімі мәңгі жасайды. Өзінің бар қысқа ғұмырында Шығыстың жарық жұлдызы, сөнбес шамшы­ра­ғы, дара тұлғасы атанған Ғ.Мұратбаев есімі Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында онан әрі жарқырай түсер деген сенімдеміз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Парламент Сенатының депутаты,

саясаттану ғылымдарының докторы,

профессор.

АСТАНА.