Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:29
Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова музей-үйінің директоры Светлана Бектеновамен әңгіме
Осыдан отыз жыл бұрын Орал қаласында шығыс қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық музей-үйі ашылды. Әрі бұл дата батыр қыздың туғанына алпыс жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мұнда 1932-1934 жылдары Мәметовтер отбасы тұрған. Оған Мәншүкке қатысты әр жылдардағы фотолар мен құжаттар, Мәметовтер отбасының жеке тұтынған заттары қойылған.
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:29
Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова музей-үйінің директоры Светлана Бектеновамен әңгіме
Осыдан отыз жыл бұрын Орал қаласында шығыс қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық музей-үйі ашылды. Әрі бұл дата батыр қыздың туғанына алпыс жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мұнда 1932-1934 жылдары Мәметовтер отбасы тұрған. Оған Мәншүкке қатысты әр жылдардағы фотолар мен құжаттар, Мәметовтер отбасының жеке тұтынған заттары қойылған. Сонымен бірге, 1993 жылдың 22 маусымы күні аталған мемориалдық музейдің жанынан «Мәншүктің өшпес ерлігі» атты қайталанбас тамаша диорама жасақталды. Бұл республикамызда ешқандай баламасы жоқ өнер туындысы болып табылады. Диораманың авторы Мәскеу қаласындағы Г.Греков атындағы әскери студияның суретшісі – Михаил Ананьев. Осы арада М.Мәметова музей үйінің ашылуына қолдау көрсеткен сол кездегі облыс басшысы, ұлттық намысты ту етіп көтере білген азамат, марқұм Мұстақым Ыхсанов екенін де айта кеткенді жөн көреміз. Соңғы жылдардың жүзінде музей үйдің директоры қызметін «Шапағат» медалінің иегері, мәдениет қайраткері, Мәншүктің артында қалған жәдігерлердің жоқтаушысы С.С.Бектенова атқарып келеді. Онымен әңгіме төмендегіше өрбіді.
– Светлана Саржанқызы, Мәншүктіңата-анасы, тума-туысқандары, олардыңтағдыры, батыр қыздың оқыған жері,соғысқа қалай аттанғаны жөнінде музейдеқандай деректер бар?
– 1983 жылы музейге қатысты мәселемен алғаш рет Алматыға жолым түсті. Сол кезде Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменқызына арнайы барып жолығып тұңғыш экспонаттарды алуға қол жеткіздім. Бұлар Мәншүктің тіккен кестелері мен салған суреттері, оқыған кітаптары, майданнан елге жолдаған хаттары және XIX ғасырдың аяғында Тулада жасалған самаурын еді. 1932-1934 жылдары Орал қаласында тұрған кезде Мәметовтер отбасы осы самаурыннан шәй ішіп, қонақтарын күткен екен. Мәншүкті тәрбиелеп өсірген әкесі Ахмет Мәметов қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы жайсаң жандарының бірі болған. Ол домбырамен күй тартып, ән сала білген. Сол кезде оның жанынан тұлымшағы желбіреген өрімтал қыз Мәншүк бір елі қалмапты. Ол әкесін айрықша жақсы көріп, оған әр кез сыйластықпен қарай білген. Бір қызығы дәл сол кезде Мәншүк Ахмет Мәметұлы өзінің асырап алған әкесі екенін білмеген.
Ерлі-зайыпты Ахмет пен Әмина өз заманының оқыған, тоқыған, көкірек көздері ояу зиялы адамдары атанған. Олар жиырмасыншы жылдардың екінші ширегінде араға бір жыл салып Чернышевский атындағы Саратов университетін бітірген. Сөйтіп, бірі мүғалім, екіншісі дәрігер мамандығын алып шығады. Содан кейінгі жылдарда жоғарыда айтылғандай екеуі Оралға келіп бас қосып бүгінде музей орналасқан Нариманов көшесіндегі № 51 үйде тұрған. Бұл қазақ даласында аштық пен жалаңаштық көріністері басталған кез еді. Әйел аналар өз құрсағын жарып шыққан сәбилерін тамақтандыруға шамалары жетпейтін. Ел-жұрт аман қалудың амалдарын іздеп аласұрды.
Осы бір қатыгез жылдарда Ахмет пен Әминаның Ордаға жолы түседі. Мұнда олар туысқандары Қанат және Жеңсікәлі мен Тойылша Әлиевтермен жолығып олармен сыр бөліседі. Осындай кездесу сәтінде Әминаның көзі сыртқы түрі Ахметке өте ұқсас шынашақтай ғана Мәнсия есімді қызға түседі. Ол оған бірден ұнайды. Сөйтіп, оны асырап алу жөніндегі ойын еріне жеткізеді. Бұл ұсынысқа Мәнсияның туған ата-анасы Жеңсікәлі мен Тойылша да қарсы бола қоймайды. Осылайша төрт жасар қыз өз перзенттері жоқ Ахмет пен Әминаның тәрбиесі мен қамқорлығына алынады. Әрине, екі баланың ортасындағы жалғыз қызы Мәнсиямен тірілей қоштасу олар үшін оңайға соқпайды. Тек оның болашағы үшін ғана амалсыз келісуге тура келеді. Кейін Ахмет пен Әмина қыздарының Мәнсия деген атын сәл ғана жұмсартып Мәншүк деген есіммен атай бастайды. Әрі оны өздерінің фамилиясына көшіреді. Дегенмен, әкесінің атын өзгертпей сол күйінде қалдырып Жеңсікәліқызы атандырады.
Мәншүк мектеп табалдырығын Ресейдегі Саратов қаласында аттайды.Төртінші класқа көшкенде Орал қаласына ауыстырылады. Музей үй экспозицияларының елеулі бөлігі М.Мәметованың осы алаңсыз балалық шағына арналған. Оның сол кездегі ұстазы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мүғалімі Валентина Зайцева 1982 жылы Оралда шәкіртінің музей үйі ашылған кезде қоғамдық қызметтен қала қоймаған-ды. Ол мемориалдық музейдің ашылған күнінен бастап оның қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Мұнда тәлімді де тағылымды іс-шаралардың өткізілуіне бастамашы болды. Музей қорында В.Г.Зайцеваның қолжазбалары мен жеке құжаттары, естеліктері мен фотолары мұқият сақтаулы тұр.
1934 жылдың жазында Ахмет пен Әмина Мәметовтер білікті де іскер кадрлар ретінде республиканың астанасына шақырылады. Бұл кезде Мәншүк Алматы қаласындағы №28 мектепте оқуын одан әрі жалғастырады. Оның класс жетекшісі София Савина кейін шәкірті мектеп бітіріп кетсе де қамқорлығын үзбейді. Бұл кезде Мәншүктің әкесі Ахмет «халық жауы» ретінде тұтқынға алынған еді.
Соғыстың алдында Мәншүктің болашақ тағдыры күрделене түсті. Анасы Әминаға «халық жауының» әйелі деген айдар тағылып, ол дүркін-дүркін жауапқа алынды. Мәметовтердің бұрынғы араласқан дос-жолдастарының бірқатары олардан сырт айналып кетті. Әкесінің абақтыға қамалуы Мәншүкті қатты қамықтырды. Соның өзінде де ол бордай езіліп кетпей, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп қаралаушы органдарға шағымданып, қанатымен су сепкен қарлығаштай әкесінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Өкінішке қарай оның бұл қам-қарекетінің бәрі зая кетті. Сөйтіп жүргенде қаһарлы 1941 жыл да келіп жетті. Соғыс басталды. Бұл кезде Мәншүк он сегізге толған-ды. Қым-қуыт уақыт оны тез есеюге мәжбүр етті. Көп кешікпей ол майданға өз еркімен аттанып, неміс фашистерімен соғысу жөнінде шешім қабылдайды. Осылай істесе әкесі Ахметті әділетсіздіктің торынан құтқарып қалатындай әсерде болды. Өйткені, дәл осы кезде халық арасында «Егер «халық жауының» балалары отанды қорғауға аттанса, онда олардың ата-аналарына кешірім жасалады» деген қаңқу сөз таралып кеткен еді.
Бұл шақта әйелдерді соғысқа алу жөніндегі КСРО үкіметінің нұсқауы жоқ болатын. Сондықтан да Мәншүк Мәметова әскери комиссариаттан өз өтінішінің орындалуын жылға жуық уақыт бойы күтіп қалады. Тек содан кейін ғана қазақтың қаршадай қызы көйлегін гимнастеркаға, туфлиін керзі етікке айырбастауға, туған жерінен мыңдаған шақырым жерде от пен оқтың ортасына кіруге рұқсат алады. Осының өзі Мәншүктің алғашқы ерлігі еді.
1942 жылдың он үш тамызы күні Қазақстанның астанасы Алматыда қазақтың жүзінші жеке атқыштар бригадасын жасақтау ісі басталады. Бұл Ұлы Отан соғысы кезінде құрылған бес қазақ ұлттық бірлестігінің бірі болатын. Бригада түгелдей дерлік қазақ жауынгерлерінен жасақталғаны қаһарлы жылдар тарихынан мәлім. Аталған бригада 1942 жылдың 25 қарашасы күні 39 армия құрамында бірінші рет ұрысқа кіреді. Үлкен күш-жігер сонымен бірге аз шығынмен бригада Калинин облысындағы тоғыз деревняны жау құрсауынан босатады. Бұдан кейінгі аралықта қауіп-қатерге, сондай-ақ қорғаныс пен шабуылға толы ұрыстар 1943 жылдың басында Великие Лукиде жалғасады. Міне, соғыс тарихында өз орны бар белгілі бригада қатарында шығыс қыздарының арасынан шыққан жарық жұлдыз Мәншүк Мәметова да бар еді.
– Орал өңірінде Мәншүкті көрген, соғысқа бірге қатысқан замандасқұрбылары болып па еді? Мәншүк музейінің жанынан құрылған«Майдангер әйелдер» клубы арасында оны білетіндер бар деп естіпедім. Өмірден өткен қазақтың партизан қызы «Майдангер әйелдер»клубының жеке дауыстағы әншісі болған Нұрғаным Бәйсейітова даМәншүкпен қарым-қатынаста болған екен деген әңгіме шындыққақаншалықты жанасымды?
Облыс аумағында тікелей осы топырақтың төл перзенті Мәншүкпен қатар соғысқа кірген оның қаруластары жоқ. Алайда музей деректері батысқазақстандық майдангерлер Кенжеғали Құттығұлов пен Филип Зямзин 1942-1944 жылдары Мәншүкпен жүзінші қазақ атқыштар бригадасы құрамында Псков жерінде қанаттас соғысқанын айғақтайды. Әрине, олар өздерінің жерлесі, батыр қыз Мәншүктің өшпес ерлігі жөніндегі хабарларға жақсы қанық болған. Алайда, онымен көзбе-көз, жүзбе-жүз кездеспеген. Бұлай болатын себебі, Псков бойындағы қиян-кескі ұрыстар оның барлық ендіктерінде жүріп жатқан еді. Оның үстіне Мәншүктің бригадасы бекінген Зайванье деревнясы Псковтың батыс бөлігінде орналасты.
Ал біздің әйгілі партизан апамыз Нұрғаным Бәйсейітованың Мәншүкпен қандай қарым-қатынасы болды деген сауалыңыздың төркініне келсек, мұның мәнісі төмендегідей. Ол кісі өзіңіз айтқандай, өмірінің соңғы күндеріне дейін «Майдангер әйелдер» клубының белсенді мүшесі әрі жеке дауыстағы әншісі болды. Аталған клуб М.Мәметова музейінің жанынан 1989 жылы құрылды. Мәншүк пен Нұрғаным есімдерін біріктірер жайттарға келсек, екеуі де Нарын құмында өмірге қатар келген. Әйтсе де олар соғыс кезінде бір-бірімен таныс болмаған.
Дегенмен, соғыс аяқталған соң 1946-1947 жылдары Нұрғаным Бекенқызы подполковник, жүзінші атқыштар бригадасының бірінші комиссары, соғыстан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сақтаған Бәйішевпен кездесіп, Мәншүктің ерлігі мен ұрыс даласындағы батыр іс-қимылдары жөніндегі жан-жақты деректерге қанығады. Олардың соғыстағы тағдыры да бір-біріне ұқсайды. Мәншүк орыстың Псков жерін жаудан қорғаса, Нұрғаным Белоруссия ормандарында дұшпан бекіністерін жермен-жексен етуге қатысты.
– Соңғы кезде мемориалдық музей қандай экспонаттарментолықтырылды? Мәншүктің ерлікпен қаза тапқан жері Невельқаласымен байланыстарыңыз бар ма? Невельде де Мәншүкке ескерткішқойылған ғой. Оның күтімге алынуы қалай екен? Осындай екі жақтыбайланыстар туралы айтып берсеңіз?
– Бүгінгі күні музей экспонаттары негізінен әскери мазмұндағы құндылықтармен толықтырылуда. Мысалы, 2010 жылы жеңістің 65 жылдығы құрметіне Ржев қаласында осы шаһарды азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешен ашылды. Оның ашылу рәсіміне бару үшін Қазақстаннан арнайы «Жеңіс пойызы» ұйымдастырылды. Делегация құрамында Ржевте болған ұрысқа қатысушылар Кәкен Әбенов пен Сұлтан Жиенбаевтар бар болатын Арнаулы пойыз сапарға 2010 жылғы желтоқсанның 7-і күні таңғы сағат сегізде аттанды. Айтайын дегенім, жүзінші бригада құрамындағы бұрынғы майдангерлерге соғыс кезіндегі әскери техниканың баға жетпес құнды экспонаттары – пулемет ленталары, «Максим» пулеметінің қондырғылары мен жекелеген бөлшектері, Кеңес жауынгерінің каскасы сыйланып, мұның бәрі кейін аталмыш пойызбен елордасы Астанаға жеткізілген. Міне, осы аса құнды жәдігерлерді аттай қалап М.Мәметованың музейіне жеткізудің сәті түскені қандай ғанибет. Мұның бәрі бүгінде әскери жылдардың көрінісін бейнелейтін тарихи туындылар болып табылады. Музейдегі отызыншы жылдары тұрмыста қолданылған Мәметовтер отбасының қайшысы да көзге тым ыстық көрінеді. Мәншүктің қолы кесте, киім тігуге епті болған екен.
Әрине қазақтың батыр қызы мәңгі дамылдап жатқан Невель қаласымен тығыз байланысымыз бар. Оған талай рет жолымыз түсті де. Бұл қаладағы орта мектептің бірі М.Мәметованың атында. 1979 жылы Невельде Мәншүкке ескерткіш орнатылды. Оның ашылу рәсіміне сол жылы Мәншүктің анасы Әмина да қатысқаны жөніндегі дерек музейдің көрнекі жеріне қойылған. Осы жылдарда Мәншүктің сүйегі екінші рет қайтадан жерленген еді. Мұның мәнісі мынада. 1943 жылдың 15 қазанында болған қиян-кескі ұрыстар кезінде Мәншүк өзінің көп ұлтты көптеген қаруластарымен бірге ерлікпен қаза тапты. Сол күні олар Невельден 25 шақырым қашықтықтағы Заиванье деревнясының түбіндегі төбеге жерленген екен. 1944 жылдың бірінші наурызы күні Мәншүк Мәметоваға осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Арада көп жыл өткен соң жетпісінші жылдардың аяқ кезінде өңір басшысы Невель қаласының орталығында оны азат ету кезінде қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Батырлар кешені» мемориалын ашу жөнінде шешім қабылдайды. Олардың арасында Мәншүк Мәметова, Ибрайым Сүлейменов, Әбілхайыр Баймолдин секілді қазақстандық жауынгерлер де бар еді. Мәншүктің сүйегінің Невель қаласының орталығына қайта жерленуінің мәнісі осындай.
– Мәншүк жөнінде бұған дейін айтылмай келген қандай да бір болмасынтың деректер бар ма?
– Музей үйдің көрнекі жеріне сонау отызыншы жылдардың бас кезінде Мәншүкке оның тума-туысқандары сыйлаған қамшы тұр. Бұл жөнінде бізге бір жолы Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменқызы әңгімелеп беріп еді. 1932 жылы Мәншүк Оралда тұратын әке-шешесімен бірге өзінің туған жері Ордаға барады. Сонда ол өзімен қатарлас ауыл балаларының тайға мініп құйғытып жүргенін көреді. Сол сәтте бұған дейін атқа отырып көрмегеніне қарамастан, он жасар қыз тайсалмай қайсарлық мінез көрсетеді. Онымен қоймай тай үстінде оларды қуып жетіп басып озады. Міне, оның бойындағы қайырымдылық пен ізгілік, әділдік пен батылдық, өжеттік және талапкерлік секілді қасиеттер осылайша бала кезінен қалыптасқанын аңғартады.
– Мәншүктің есімі бүгінгі ұрпақтың бойында ерлікті дәріптеу мен отаншылдық сезімді орнықтыруда қаншалықты ықпал жасап отыр деп санайсыз?
Республика аумағында жасақталған музейлер келушілерге негізінен екі түрлі бағытта қызмет көрсетеді. Мұның біріншісі тарихи-өлкетану тұрғысында болса, екіншісі патриоттық сипаттағы музейлер. Орал қаласындағы Мәметованың мемориалдық музей үйі патриоттық рухани орындар қатарынан ойып тұрып орын алады. Осы арқылы ол өзіңіз айтқандай бүгінгі қазақстандық жастардың бойында отаншылдық сезімді тереңдетуге, қажет жерінде өз мемлекетін қорғай білу қасиетін орнықтыруға, ел мен жерді, туған топырақты шексіз сүйе білуге ықпал жасайды. Осындай патриоттық қасиеттердің тамыр тартуына үндейді.
Бүгінгі күні республикалық маңызы бар біздің музей бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін орталыққа айналып келеді. Патриоттық музейлердің ең басты ерекшелігі мен артықшылығы да осында. Бұдан ширек ғасыр бұрын Мәметова музейінің жанынан құрылған «Майдангер әйелдер» клубының мүшелері негізінен Мәншүктің тұстастары мен қатарластары. Олардың бәрі де майдан шебінде болғандар. Бүгінде олардың ең жасы кішісінің өзі тоқсанға таяп отыр. Міне, ұзақ жылдар бойы олар ақ қырау шалған басы мен ұлғайған жастарына қарамастан, ұрыс даласынан қайтпай қалған ерлердің өшпес ерліктерін үлгі етіп дәріптеумен келеді. Әрине, бұл тізімнің басында Мәншүк Мәметова тұрғаны айтпаса да белгілі шығар.
Мәншүктің өшпес рухы мен ерлігі егемен еліміздің ертеңі бүгінгі ұрпақтың бойында отаншылдық мінез-құлықты орнықтыруға қызмет жасай бермек. Оның есімі бізге сонысымен де қымбат, сонысымен де қастерлі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.