Сенбі, 17 қараша 2012 7:43
Айтулы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, РҒА-ныңмүше-корреспонденті Абай Тұрсынов Мәскеу қаласындағы жоғары оқуорындарында дәріс берді. Сонда үйленді, бала-шағалы болды. Біразжыл бұрын Алматыға қоныс аударып, зейнетте болса да, ғылымсаласында әлі де еңбек етуде. Туып-өскен жері Ташкенттің іргесіндегі кілқазақтар мекендеген (кейін «Жаңа жол» ауданы атанған) Қауыншыауылы.
Сенбі, 17 қараша 2012 7:43
Айтулы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, РҒА-ныңмүше-корреспонденті Абай Тұрсынов Мәскеу қаласындағы жоғары оқуорындарында дәріс берді. Сонда үйленді, бала-шағалы болды. Біразжыл бұрын Алматыға қоныс аударып, зейнетте болса да, ғылымсаласында әлі де еңбек етуде. Туып-өскен жері Ташкенттің іргесіндегі кілқазақтар мекендеген (кейін «Жаңа жол» ауданы атанған) Қауыншыауылы. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Абай сол шақтардағыалапат ауыртпалықтар мен басқа да көрген-білген, бастан өткенмашақаттарын орыс тілінде хатқа түсіріп жүреді, ауызекі де баяндайды.Төмендегі кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, қыр қазақтарының кек қайтарутәсілдерін баяндайтын өзі куә болған, қоспасыз әңгімелер солардың бірпарасы.
– Біреу біліп, біреу білмейтін бір ақиқат бар, – дейді қазір жасы жетпістің ортасынан асқан Әбекең. – Өткен ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейін бүгінгідей Қазақстан, Өзбекстан дегендей қатып қалған қасаң атаулар болмаған. Болса да, сирек айтылады екен. Мәселен, осы күнгі Ташкент облысына қарасты аймақтарда сан жағынан қазақтар басым болатын да, өздерін сол жердің туды-бітті адамдары деп санайтын. Басқадай ой қаперлеріне кірмейтін (аталмыш облыста қазір де 500 мыңнан астам қазақ бар). Отырықшы қауымның көбі ауқатты, бай, бақуатты еді.
Жасырары жоқ, менің әкем, оның ата-бабалары да мыңғырған малы бар, атақты байлар-тын. Сондықтан, үрім-бұтағымыздың көбі заман өзгерген соң ұсталғаны ұсталып, жер аударылып, атылғаны атылып, бас сауғалаған базбіреулері қашып-пысып ғұмыр кешті. Қызылдар атуға алып бара жатқанда жендеттерді жайратып, аман құтылған өз әкем Тәжікстанға асыпты. Мен сонда тудым. Бұқара, Самарқанда медресе бітіріп, Петербургте техникалық білім алған көкірегі ояу, көзі ашық әкем Әбдірахман бес тіл білгеннің арқасында Тәжікстандағы алыс заставада үш жыл бастық болып та істеді (көрдіңіз бе, тағдыр кеңестердің қас жауын енді, оны амалсыз қорғауға мәжбүр еткенін). Бірақ, өле өлгенше Кеңес өкіметін жек көрді.
1941 жылы мамыр айының соңында Тәжікстаннан Алматыға көшіп келдік. Мұнда әкеме жамағайын туыс, анаммен қарын бөле, белгілі әнші Жамал Омарова тұратын. Жамал апатай мен күйеуі Есей жездем бізді құшақтарын жая қарсы алды. Үш ай бірге тұрып, онан соң Есей жездем директор болып істейтін Ботаника бағына орнықтық. Бұл жерден Есей жездем әке-шешеме жұмыс, баспана берді. Айтып қояйын, Жамал Омарова апатайым да алпауыт байлардың тұқымынан еді. Берлинде жоғары техникалық білім алған әкесі Омар кеңестік қоғам орнаған жылдары Алашорда партиясының оңтүстіктегі жетекшісі ретінде А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, т.б. қайраткерлермен таныс-біліс болды. 1937 жылы репрессияға ілінді. Әкесі үшін Жамал апатайдың қалай қуғын-сүргінге түспегені бір құдайға аян.
Мейлі, негізгі айтарыма келейін. Кеңестік дәуірді қанша мақтаса да, біз де, басқалар да (түгел демеймін) ішер тамақ, киер киімге жарымай, кемтарлық, азаптан арыла алмадық емес пе? Жамал апатай мен күйеуі, өз әкем барлығы майданға алынған соң, анам, әжем, екі інім, бір қарындасым бәріміз ежелгі атамекеніміз – Қауыншыға көшіп бардық. Ол жерден кеткенімізге жиырма жылға жуықтаса да, көз көрген ағайындар көмектесіп, ілдалдалап тұрып жаттық.
1945 жылы әкем аман-сау оралды. Бірақ, елді аштық жайлаған сол кездерде құрттай құжынаған ұры-қары, баспашылар жұрттың зықысын шығарып, зорлық-зомбылық, тонау, кісі өлтіру белең алды. Міне, мен өз басым сондай сойқанның үшеуіне куә болдым. Алғашқысында, алдын-ала түсімде аян берген періштелер қорғап, бір өлімнен аман қалдым. Жай-жапсары былай. Сол шақтағы тіршілік-тынысты нақты елестету үшін кеңірек айтайын.
Біз аудан орталығында тұрамыз. Бұл жерден Ташкентке шағын жолаушы пойызы жүреді. Бір күні үйімізге (бұрын Жабытай ауылы деп аталатын) Каганович колхозының бастығы «тұлпардай кекілі бар, қамыс құлақ» айғырға мініп келді де, атты біздің үйде қалдырып, өзі бір шаруам бар, екі күннен кейін келемін деп пойызбен Ташкентке кетті. Кешкілік жұмыстан келіп, атты көрген әкемнің өңі қашып, ары-бері адымдап, қатты мазасызданды. «Әттеген-ай, енді мұны қарақшылар түнге қарай көктей басып келіп, алып кетеді. Ал, біз өмірбақи құнын төлейтін боламыз. Егер тірі қалсақ. Жоқ, балам, қазір атқа мін де, Каганович колхозының қорасына апар. Сонда тұрса, ат иесіне де, бізге де жақсы, онда қарулы күзетшілер бар, қауіпсіз болады. Тұр, кәне, кідірме», – деп бір-ақ кесті. Әкенің сөзі заң, жал-құйрығы төгілген, арқыраған айғырға міндім де, он шақырым жердегі колхозға бет алдым. Екі аралықтағы жол бойында ел жоқ, сыбай-салтаң жүру қауіпті. Сондықтан, базардан қайтқан жаяу-жалпылы, бірлі-жарым есек мінген адамдарға ілесіп, асықпай келе жаттым. Адамдар қарасы бірқауым.
Шоралысыйға жеткенде алда келе жатқан адамдар аяқ астынан бүйі тигендей дүрлікті де кетті. Енді байқадым, сайдағы қамыс арасынан қапылыста шыға келіп, базаршыларды тонауға кіріскен қарақшылар үш-төрт бозбаланы жығып салды да, қалғандарын ұрып-соға бастады.
Айқай-шу, жылап-сықтау. Менің жаныма жетіп келген, үстінде ала шапаны бар, басына қазандай сәлде ораған жаяу қарақшының бірі жүгенді ұстай алып: «Үкажан! Аттан түс!» – деді жұмсақ үнмен.
Қарақшының бетіне қараған бойда төбе шашым тік тұрып, тұла бойым дірілдеп қоя берді. Менің алдымда кәдімгі күнде көріп жүретін өзіміздің учаскелік милиционер тұрған-ды. Тек ол бұл жолы баспашылар кейпінде. Шымқай қара бетінде оймыш-оймыш шешек дағы бар, отыздар шамасында. Қателесуім мүмкін емес.
Қас пен көздің арасында нартәуекелге қалай барғанымды қайдам, қарақшының жүген ұстаған қолынан қамшымен бір салдым да, атқа қамшы басып, сытылып шыға бердім. Жүйрік ат жазық даламен құстай ұшты. Құламау үшін ердің басынан қос қолыммен мықтап ұстап, тебіне түсемін. Соңымнан атылған мылтық оғы құлақ тұсымнан бір-екі рет ысқырып өткені болмаса, бәлендей ештеңе болған жоқ. Сәт санап ұзай бердім. Енді мені ешқандай оқ қуып жете алмастай еді.
Әйтсе де, олар мені қолға түсіру үшін тырысып бақты. Бірақ, дегендеріне жете алмады. Колхозға таяғанда егістік алқаптардан ешкім көрінбеді. Сондықтан, кеңсе алдына жете бере айқай салдым: «Шоралысайда тонап жатыр. Аттан! Аттан!» – деп.
Атты колхоз бастығының туған інісіне тапсырдым. Ол мені талдың көлеңкесіне салған жұмсақ көрпешеге отырғызып, бір кесе салқын көк шай берді. Бұл екі арада тез жиналған қарулы ересектер трактордың тіркемесіне отыра сала, Шоралысайға қарай жөңкілді, соңдарынан аттарына міне сала мылтық асынған жас жігіттер аттанды.
Көп ұзамай жаныма осы ауылда тұратын Мақан нағашым, Мертай, Дүйсенбек ақсақалдар келіп: «Құлжан ұрпағы! Батырдың аруағы сақтаған ғой!» деп қауқылдасып жатты. Кейіннен әкем, ол шынында да солай деді. Түсіме жебеуші періште кіргенін айтқанымда: «Әне, көрдің бе, Аллаға тәубе!» деп одан сайын арқаланды. Өзім де әлі күнге солай ойлаймын, аруаққа сенемін. Өмірлік тәжірибелері мол ақсақалдар (сауатсыз болса да) дұрыс пайымдайды: аруақ – ата-бабалар рухы. Оны ардақтау, ұмытпау керек.
Мақан нағашым мені үйіне алып барып, асты-үстіме түсіп мәпеледі. Көрші-қолаңдар жиналып, неше түрлі сұрақтар беріп жатты. Кешке Шоралысайға кеткен адамдардың дерегін білдік. Көмекке аттанғандар жеткенде, қарақшыларды ашынған колхозшылардың өздері-ақ екеуін өлтіріп, үшеуін өлімші етіп қуып жіберіпті. Өлген екеудің бірі – менің атымды тартып алмақ болған милиционер екен. Қара құсқа тиген соққыдан мерт болыпты.
Ертеңіне үйге бардым. Әкем бірнеше күн бойы ешқайда жібермеді, тысқа шығармады, болған жай туралы ешкімге тісіңнен шығарма, егер өлген милиционер баспашылардың жансызы болса, онда бұл жерде басқа да сондай біреулер жүруі мүмкін деді. Базарлауға келіп, біздің қораға есегін қалдыратын Мақан ағама да соны айтты…
Әйтсе де, баспашылардың әрекеті бәсеңсу орнына, одан әрі өршіген үстіне өрши берді. 1946 жылы май мерекесінен кейін біз тұратын Жаңа жолдың (әрі аудан орталығы) көшелерінде пайда болған төрт бірдей Кеңес Одағының Батыры әртүрлі кәсіпорын, мекеме, мектептерде кездесулерге қатысып, соғыста жасаған «ерліктері» хақында айтып жүрді. Олардың бірімен мен көзбе-көз ұшырасып, неше қилы сұрақтар жаудырып, қайда барса соңынан қалмай ілестім де жүрдім. Бірде қант зауытының жазғы кинотеатрында өткен кезекті кездесуден кейін әлгі «батыр» мені оңаша жерге шақырып алып «бұдан былай маған жолама, егер тағы бір рет көрсем, жаныңды жаһаннамға жіберемін» деп құлағымды бұрап-бұрап жіберді. Жаным шыға шыңғырып, азар құтылдым.
Бірнеше күннен кейін қалада әлдебір қаскүнемдер соғыстан қайтып келе жатқан төрт батырды өлтіріп, барша құжаттары мен киім-кешегін тонап алыпты деген лақап тарады (әрине, әрқайсысы әр жерде тонаған болуы да мүмкін). Соның ізінше бізге келген «батырлар» да қараларын батырды. Жарты жылдан кейін ұсталып, ату жазасына кесілген олар туралы мәліметті газеттен оқыдық. «Сауап болыпты, – десті қалың қауым. – Қан жібермейді? Өздеріне сол керек, иттерге ит өлімі лайық».
Ол шақта Кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен жер ауып келгендердің лаңы да аз емес-ті. Амал қанша, бәріне көнді, төзді, сабыр сақтады. Шыдамның да шегі бар дегендей, халықтың ештеңеге қарамай бұрқ еткелі тұрған ашу-ызасына тосқауыл қойған іспетті болған мына бір оқиғаны да айта кеткенді жөн санаймын.
Мен әр жексенбі сайын базарда сататын мөп-мөлдір әрі тастай суық бұлақ суынан түсетін азын-аулақ қаржыға оқулық, түсті қалам, дәптер, сиясауыт секілді керек-жарақтар алатынмын. Әлгі бір баспашы атымды тартып ала жаздаған оқиғадан кейін бір ай шамасы базарға бармай кеткен болатынмын. Жағдай біршама түзелді-ау дегенде базарға қайта шықтым. Бұл жолы суды әкем жасап берген шағын орындықта, таза жерде отырып сатамын. Шешем шелектің сыртын ақ дәкемен орап қойған. Шілденің ыстығында су шақ келмейді. Екі көмекшім кезек-кезек таситын салқын су әп-сәтте сарқылады.
Сол бір қарғыс атқыр күні суды үлкен базардың сабан базар деп аталатын бөлігінде сатып тұрдым. Мұнда келетіндер негізінен Қызылқұмды мекендейтін дала қазақтары. Шетінен мәрт, жомарт, әкелген айран, сүт, май, сүзбе, қатықтарын саудаласпай, болмашы ақшаға бере салады. Жұрт оларды «қаңлылар» деп те атайды.
Әне, сол сабан базарға – мен айтқалы отырған – қайғылы оқиға болатын күні таңертеңмен ат арбаға бау-бау жоңышқа, құрт, май, сүзбе, қатық тиеген қартаң адам келді. Жанында он алты-он жеті жастағы ұлы бар. Қасы-көзі қиылған, сымбатты да келбетті, мұрты енді-енді тебіндей бастаған, дембелше келген жасөспірім. Киімі сәнді. Ашық дауысы қоңыраудай сылдырайды. Әке мен баланың саудасы бірден қызып сала берді. Екі езуі екі құлағына жеткен қартаң адам жоңышқадан түскен ақшаны қалтасына салуға әрең үлгереді. Құрт сатып тұрған баласы да риза, көңілді.
Осы мезгілде Ниязбаш қыстағында тұратын бір топ бұзақы жастар баса-көктеп базарға кіріп келді де, әдеттегідей, сатушыларға жағалай тиісіп, бірінің бас киімін лақтырып, бірінің тауарын шашып, теуіп, ақшасын тартып алып, қыз-келіншектерге өктемсіп, ойларына келгенін істей бастады. Әзірге ешкімнен беті қайтып көрмеген содырлар бұған дейін де көптігін малданып, барынша еркінсіп алған-ды.
Олар кенет жасөспірім қазақтың жанына барып, жартылай сатылған бір дорба құртты әй-шәй жоқ ала жөнелді. Бұған шыдамаған жас жігіт соңдарынан барып, дорбаны қайтаруды талап етті. Сол-ақ екен, қоршап алған қорқаулар оны алып ұрып жерге жатқызды да, біреуі өткір пышақпен кеңірдектен орып жіберді. Қан бұрқырай атылды. Қыр-қыр еткен жасөспірім жігіт әп-сәтте жан тапсырды. Алғашында ешкім ештеңе байқай да алған жоқ. Жігіттің әкесі де, мен де не болғанын білмедік. Артынан белгілі болды. Ойбайын салған қартаң қазақ ботадай боздап қоя берді. Қанішерлер тұс-тұсқа бытырап ғайып болды. Қартаң қазақ пен айналадағы әйелдердің зарлаған үні осы күнге дейін құлағымнан кетпейді.
Бастапқыда ес-түсінен айырылғандай болған қартаң қазақ есін тез жинап, баласының мәйітін арбаға салды да, қанішерлерді қарғап-сілеп, базардан шығып жүре берді. Онымен бірге басқа дала қазақтары да аттанды. Бұдан кейін базарда береке болған жоқ. Жұрт тез тарап кетті. Мен де үйге қайттым. Аулада осы оқиға жайлы құлағдар болған қазағы, орысы, татар, өзбегі аралас біраз адам отыр екен. Олар менен сұрады: «Төбелес болды ма?» – деп. «Болған жоқ. Қазақ жігіт дорбаны беріңдер деп қол созып еді, аналар қоршап алды да, жығып салып бауыздап тастады», – дедім. «Қазақтардан ешкім болыспады ма? «Ешкім болысқан жоқ. Тіпті, жігіттің әкесі де орнынан тұра алмай, дел-сал боп отырып қалды». «Бұзақылардың біреу-міреуі ұсталды ма?». «Ұсталған жоқ». «Бұзақылар қанша адам?». «Білмеймін, оннан аспаса, кем емес».
Олар маған басқадай сұрақ берген жоқ. Шекелерін қолымен сүйеген ақсақалдар ақырын ғана қозғалақтап қойып, үнсіз отыр.
Бұл оқиғадан күллі қала ішін тартып, бұрын-соңды байқалмаған ауыр тыныштық орнады. Бұрынғыдай бір-бірімен ұрсу, керісу, жанжалдасу да жоқ. Балалар көшеде ойнамайды, базарға бармайды. Қала үстінде ажал көлеңкесі қалқып жүргендей.
Бұған дейін біздің үймен аралас-құралас өзбек көршілеріміздің бірі – Усман-аканың бала-шағасы ертелі-кеш бұрынғыдай келе бермейді. Келмек түгіл, үйлерінен аттап шықпайды. Анда-санда Усман-аканың әйелі түн жамылып келіп, анаммен әлдене жөнінде сыбырлап сөйлеседі де, кетіп қалады.
Шамамен, арада екі айдай уақыт өткенде қалада аса қатал, мейлінше жосықсыз, тағы бір жантүршігерлік қайғылы оқиға орын алды. Оған дейін базарда алба-жұлба киініп, үсті-басына темір-терсектен жасалған неше түрлі арзан сылдырмақ таққан әлдебір бақсы қазақ пайда болған-ды. Басында сақал-мұртсыз сарғыш өңін қалқалап тұратын құмыра-қалпақ. Қолында қайыр-садақа салатын темір тостақ. Күніне әлденеше рет ақырып-өкіріп, қилы-қилы дыбыс шығарып, аласұра билейді, селкілдейді, қалтылдайды, дірілдейді. Қалағандарға алдағы тағдырын болжап, біреулерді емдеген болады. Онан соң ара-тұра тал көлеңкесіндегі шаңы шыққан қара жерде өткен-кеткен адамдарға тесіле қарап жатып дамылдайды, тынығады. Онан соң тағы «жынданады». Қайыр сұрайды.
Базарда біраз күн болған соң, бақсы ауыл-ауылды аралап, онда да қайыршылық жасайды. Заттай алуға есегім жоқ деп, тек ақша сұрайды. Бірнеше күн қатарынан Ниязбаш қышлағында да болып, шайханада түнеп жүреді. Өңешін жырта дарылдап айтатын өсиет, көріпкелдік сөздермен халықтың көңілін аулайды. Сөйтіп жүріп, кенет ғайып болады. Аты-жөні кім, қайдан келіп, қайда кеткенін ешкім білмейді. Осы жайлы айтқанымда әкем мырс етті де, теріс айналып кетті.
Бір күні түн ортасына таман жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқанда Ниязбаш қышлағына жүз қаралы атты адам келіп кіреді. Аттардың тұяғына киіз қапталғандықтан, тырс еткен дыбыс білінбейді де, естілмейді де. Бірнеше топқа бөлінген аттылар алдын-ала белгіленген үйлерге үн-түнсіз кіріп барып, аулада құрылған масахана ішінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан кемпір-шал, еркек-әйел, бесіктегі сәбилерге дейін түгел қырып салады. Қырып салады да, келген іздерімен жымдарын білдірмей, қышлақтан шығып кетеді. Ешкім ештеңе сезбейді, иттер де үрмейді. Қаннен-қаперсіз ауыл адамдары бұл жайды ертеңіне бір-ақ біледі. Сол түні алдын-ала ен-таңба салынып, баласы қанды оқиғаға қатысқан 16 отбасы түгел опат болады. Осылай деп Әли бабамыздың қызы Дариға әпкеме үйленген, тергеуші боп істейтін Әуелбек жездем айтты.
Осы оқиғадан кейін ел іші өз-өзінен тынышталып, ұры-қарылар жоғалып, әркім өз жөнімен, аяғын аңдап басып жүретін болды. Зорлық-зомбылық, сотқарлық, бұзақылық күрт тыйылды.
Жазып алған
Зәкір АСАБАЕВ.
АЛМАТЫ.